Этнограф мамандар сүндет той жақын ағайынның ішінде атқарылатын шаруа екенін айтады. Бір атаның балалары арасында атап өтсе де болады
Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда сүндет тойды "ұлы той" деп атап өту дәстүрге айналып барады. Отбасылық мейрам болса да, оған жүздеген адамды шақырып, аста-төк той жасайтындар баршылық. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген этнограф мамандар ол "дәстүрдің" қайдан шыққанын және қалай таралып жатқанын айтып берді.
"Не шықса да, оңтүстіктен шығады"
Этнограф Досымбек Қатранның айтуынша, қазақ халқы сүндет тойды дүбірлетіп тойламаған. Ондай салт араб елдерінде болған. Оны тарихи деректер де растап отыр.
"Мысалы, Мысырға барған Бейбарыс сұлтан уәзірлері мен сарбаздарының балаларын бір күнде сүндетке отырғызып, ұлан-асыр той жасаған дейді. Ол XIII ғасырда болған. Бірақ ол бізге тән дүние емес. Әрине, баланың мұсылмандық парызын орындап жатқаны – үлкен қуаныш. Дегенмен, соншалықты дүркіретіп өткізген даңғазалық, мақтаншақтық деп есептеймін. Әйтеуір, не шықса да, оңтүстіктен шығатын болды ғой", - дейді Қатран.
Маманның сөзіне қарағанда, сүндет той – жақын ағайынның ішінде атқарылатын шаруа. Бір атаның балалары арасында атап өтсе де болады. Оны атқа мінгізу салтымен қоса өткізеді.
"Қазақта ең үлкен той ол – үлкен қайраткердің жылын өткізу, яғни "ас" деп аталады. Сол шын мәнінде үлкен той еді. Оны ат шаптырып тұрып өткізеді. Осыны оқыған адам этнографтар қатып қалған қағиданы айта береді деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл – талай ғасырдан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүр. Біз соны ғана айтамыз", - деп атап өтті Қатран.
Қазақ екі салтты үндестіре білген
Сүндет той – бұл әулеттің тойы. Бір әулетте ек-үш баланы бір уақытта сүндетке отырғызып, ағайынның ішінде тойын қатар өткізе береді. Сосын қазақ халқы бұл салтты баланың шаруаға араласатын жасқа келуімен шебер үндестіре білген.
"Біздің салтымызда ол "жарты мүшел" болып саналады. Сондықтан баланың жеті жасында атқа қонып, шаруаға араласқанын қоса атап өтетін. Сүндет той мен атқа мінгізудің қатар жүретіні де сол. Атам қазақ екеуін үндестіре білген ғой. Яғни, 7 жасқа дейін бала ойын баласы, одан кейін үйдің шаруасына араласқан", - дейді Қатран.
Қыз бала да солай, 7 жастан кейін шешесіне қолғабыс жасай бастайды.
"Ал жаңағыдай дабырлатып тойлау қазақта болған жоқ. Енді, үлкен той жасау түріктерде, күрдтерде, кавказдықтарда болған. Ондайда баланы көлікке отырғызып, сүндет тойын дүбірлетіп өткізген", - деп түсіндірді ол.
Этнографтың айтуынша, кез келген әдет 40-50 жылдың ішінде қолданыстан шығуы мүмкін. Ал 100 жылға дейін барып, қолданыстан шықпаса, ол салтқа айналады. Оңтүстік Қазақстандағы "ұлы той" да солай.
"Мысалы, кеңес заманында үйге қонақ келсе, үстелге дүңк етіп, арақ қоятын бір әдет болған. Бүгінде ол қолданыстан шығып бара жатыр. Әдет болып еді, салтқа айналған жоқ", - деп атап көрсетті Қатран.
Көрші елдің ықпалы болуы әбден мүмкін...
Ал этнограф Бибізия Қалшабаеваның пікірінше, оңтүстіктегі "ұлы той" этно-мәдени ықпалдың нәтижесі болуы әбден мүмкін. Себебі 80-жылдарға дейін оңтүстіктің халқы сүндет тойды қазіргідей тойламаған.
"Біз 90-жылдары Ташкентте тұратын қазақтардың тұрмыс-салтын зерттеп барғанбыз. Сол кездің өзінде Өзбекстанда сүндет тойды "ұлы той" деп атап жүрді. Мен үлкен той үйлену тойы емес пе деп сұрасам, олар "Жоқ, ең үлкен той осы – ұлы той" деген, яғни сүндет той. Себебі бұл мұсылмандыққа жасалған маңызды қадам деп айтқан. Сондықтан бүгінде елімізде, әсіресе, оңтүстікте сүндет тойды "ұлы той" деп атап өтуіне көрші өзбек ағайындардың ықпалы болды деп өзім тұжырымдаймын", - дейді профессор.
"Не деген көргенсіздік!": Белгілі этнодизайнер бүгінгі тойдың кемшілігін атады
Ғалымның айтуынша, бүгінде басқа аймақтарда сүндет тойды олай тойламайды. Сондықтан бұл үрдіс көрші елдің этно-мәдени ықпалы екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
"Сосын оңтүстікте сүндет тойда жасалатын негізгі әдет-ғұрыптарға келетін болсақ, онда да өзбек халқының мәдени ықпалы байқалады. Мәселен, баланың нағашы жұрты бір тай алып келеді. Сол тайға баланы отырғызады да, жұрттың алдына шығарады. Сондай-ақ, балаға арнап киім-кешек, көрпеше және тағы басқа заттарды алып келеді. Өзбектер де соны міндетті түрде жасайды. Сондықтан осы дәстүр көршілес елдің ықпалы деген ойдамын", - деп түйіндеді Қалшабаева.