Қазақстан бөлінген лақайлар тайпасы қайда?
Бұл ұлыс – түркінің қазаққа өте жақын бір бұтағы
Түркі халықтары әлем өркениетінің дамуына үлкен үлес қосып, жалпыадамилық даму, мәдени және рухани факторлардың дамуын да қамтамасыз етіп келгені тарихтан жақсы белгілі. Түркілер шын мәнінде өз дара тұлғаларын мақтан етіп, олардың аттарын тарихи идеологияда сақтап келумен бірге, олардың қызметін паш ету сезіміне бөленгені де қуанарлық жайт.
Лақайлар өзбек ұлты құрамындағы түркі ұлысы. Олар негізінен қазіргі Тәжікстан Республикасының орталығы мен оңтүстік бөлігінде, яғни Саманиян (бұрынғы Ленин), Кофарнихон (бұрынғы Орджоникидзеабад), Хиссар аудандарында, Хатлон облысындағы Қорғантөбе және Колап аймақтарында қоныстанған. Бұл ұлысқа жататын адамдардың саны Тәжікстанда 500 мыңнан астам, ал шет елдерде 500 мыңға жуық, яғни жалпылай саны бір миллионға таяды. Лақайлардың бірнеше тобы Тәжікстанмен көрші Ауғанстандағы Бағлан, Құндыз, Тахор провинцияларында, Пәкістандағы Карачи қаласында және оның төңірегінде, Сауд Арабиясындағы Мекке, Мәдине мен Жидда қалаларында, Түркиядағы Жайланпанар, Антакия, Ыстанбұл, Шонли Урфа және Зәйтүн Мұрны аймақтарында, Ирандағы Тегеран қаласы мен елдің Шираз, Захидон, Керманшах, Ғазвин, Хурмузхон провинцияларында тұрғылықты өмір сүреді.
Лақайлар түркі ұлыстарының қалыптасуында маңызды рөл атқарған сақтар, одан соң арғындар мен қыпшақтардың ұрпағы болып табылады. Жұртқа белгілі, X-XV ғасырларда бұл үш ру ірі этностық топ болып, түркі халықтарының этногенезінде ерекше рөл атқарған. Олар этноәлеуметтік және тарихи даму барысында лақайлар ретінде ерекшелігін сақтап келді.
Лақай ұлысының қалыптасу жолы да басқа түркі тілдес ұлыстардың қалыптасу үдерістеріне өте ұқсас. Ғылыми әдебиетте олардың тарихы туралы бірнеше пікірлер айтылған. Бұлар: 1. жоғарыда келтірілген аймақтарда қалыптасып дамыған тұрақты этностық топ; 2. лақайлар – бұрынғы Түркі қағанатындағы (VI ғасыр) түркілердің ұрпағы; 3. олар бұл аймақтарға қарлұқтармен (VIII ғасыр) және моңғолдармен (XIII ғасыр) бірге ауып келгендер; 5. лақайлар – Мауароуннаһрға Шайбани хан әскерлерімен бірге келген Дешті қыпшақ өзбектері (XV-XVI ғасырлар).
Осынау үдерістің нәтижесінде XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында Дешті қыпшақ елі, ал жаңа тарихтың соңғы кезеңдерінде басқа түркі халықтарының кейбір топтары да Орталық Азияға ауып келіп, байырғы этнос құрамына табиғи жолмен сіңісіп кеткен. Бұл жағдай XVII-XVIII ғасырларға да тән екендігін қазіргі күннің тарихи фактілері де сипаттап тұр.
Бүгінгі күнге дейін лақай этнонимінің шығу тегі мен оның мағынасы туралы анық пікірлер жоқ еді. Өзімнің көп жылдық ізденістерімнің нәтижесі болған және лақайлар шежіресінде кездесетін қазақ ұлтына ұқсас этнонимдер тарихымыздың, сонымен қатар этностық қалыптасуымыздың жалпылығын білдіретін факторлар жаңа болжамдар айтуға негіз болды. Мен қазақтарда «Алақай батыр» дастанының бар екенін естіп, оны іздей бастадым. Бұл тақырыпты жырлаған жыраулар өмірден өткен болса да, оның ізбасарлары ел ішінде әлі де болса бар екенінен үміттеніп, бірнеше рет Шымкент, Сайрам, Түркістан қалаларына барып, Өмірзақ Қалбайұлының осы дастанды жырлағанын, дүниеден өткенін, бұл шығарманы жыраудан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қыдырәлі Саттаров жазып алғанын есіттім. Нәтижесінде, профессор Сайдәлі Оразалиевтің көмегімен Қ.Саттаровтың 2006 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақтың ерлік эпостары» шығармасын тауып, «Алақай батыр» дастанымен таныстым. Сөйтіп, бұл ұлыстың қалыптасуы және оның этимологиясына қатысты құнды мәліметтердің барлығына көз жеткіздім. Эпос былай басталады:
«Қыпшақ елінен Алаңқай батыр шыққан екен, бірақ ол ерте өмірден озады. Одан Алақай батыр деген ұл қалады. Бұл кезеңде, яғни XIV-XVI ғасырларда қыпшақтарға қызылбастардың шабуылы мен басқыншылығы күшейген уақыт еді. Қызылбастардың ханы Пазылшахтың адамдары Алақай батырдың әкесінен қалған жылқы үйірін айдап әкетеді. Бұны естіген он екі жасар жеткіншек жалғыз өзі жылқыларды қайтарып алу үшін жолға шығады. Қызылбастар Алақайды ұстап алып, Пазылшахтың алдына апарады. Ханның жарлығы бойынша, оның аяғына кісен салып, қызылбастардың малдарын суару үшін құдықтың басына байлап қояды. Жас жігіт күндіз-түні су тартып, әбден сілесі құриды. Әр күні қызылбастардың балалары келіп, оған тас лақтырып, келемеждеп күліп жүреді.
Пазылшах 12-13 жыл бұрын қыпшақтардан Қырмызы деген қызды ұрлап әкелген екен, оны тоқал етіп алып, одан 11-12 жасар Шәмсінұр деген қыз туады. Ол да бір күні қызылбас балалармен келіп, тұтқынды, яғни Алақай батырды тамашалап, болған оқиғаны анасына айтады. Ал тұтқынның реңі сізге ұқсайды дейді. Анасы бұл қыпшақ, менің әулетімнен болар-ау деп ойлап, жасырынып, құдықтың басына келеді. Сөйтеді де Алақай батырмен сөйлесіп, тек тамақ қана жіберіп тұра аламын, басқа көмек қолымнан келмейді, өзім де қызылбастардың бақылауындамын дейді. Осылайша қызы Шәмсінұрдан лажы барынша тамақ жіберіп отырады. Біраз уақыт өтеді. Өстіп жүріп, Алақай батыр мен Шәмсінұр бір-біріне ғашық боп қалады. Бұл кезде Пазылшахтың Гузал деген жас тоқалы өз күйеуін онша жақтырмай жүретін еді. Ол да сымбатты Алақай батырды жақсы көріп қалады. Пазылшах Қырымға соғысқа кеткен кезде Гузал осы сәтті пайдаланып, патшаның қорасындағы аттарға қарайды деген сылтаумен Алақай батырды өз ауласына ауыстырып, ойын айтады. Алақай батыр да тұтқындықтан құтылуды ойлап, оның шарттарына разы екенін, тек бірнеше күн өзіне келу үшін мүмкіндік беруді сұрайды. Патшаның аттарына қарап, бір ұшқыр тұлпарға көз салып қояды. Патшаның қыпшақ тоқал әйелі Қырмызының отауы да жақын маңда болғандықтан, Алақай батыр олармен жиі-жиі кездесіп, сөйлесіп отырады. Шәмсінұрды алып қашу үшін оның анасынан ақ бата алады.
Бір күні Гузал оған қосылудың кезі келгенін айтады. Ал Алақай батыр ол үшін аяғындағы кісенді шешуді және айналадағы барлық сақшыларды алысырақ жөнелту керек екенін, егер олар көріп қалса, екеуінің де басы кететінін айтады. Сонда таң азанда Гузалдың үйіне келетінін айтады. Кісен шешіліп, қарауылдар айдалған соң, Алақай батыр қараңғы түскенін күтеді де күзет бөлмесіндегі қарумен құралданып, Шәмсінұрды патшаның жүйрік атына мінгізіп алып қашады. Гузал таң атқанша Алақай батырды күтіп, шыдамы таусылған соң, оның жататын жеріне келіп, Алақай батырды таба алмайды. Жүгіріп қораға барса жүйрік аты да, арнайы бөлмедегі қарулар да жоқ. Сонда ғана өзінің алданғанына, батырдың қашып кеткеніне көз жеткізеді де шашын жұлып шыңғырады. Қарауылдар жүгіріп келгенде, түнде қыпшақтар шабуыл жасап, Алақай батырды да, қару-жарақты да, жүйрік атты да алып кетті деп ақтала бастайды.
Қызылбастың әскерлері жиналып, қыпшақтардың артынан қуады. Бірнеше сағаттан кейін жаудың қарасы көрінген соң Алақай батыр Шәмсінұрды аттан түсіріп, өзі олжа етіп алған қылыш және найзалармен қызылбастарға қарсы шауып, бірнеше сағаттық шайқаста жараланса да жеңіп шығып, Шәмсінұрды үйіне әкеледі (мүмкін, қазақтардағы қыз алып қашу дәстүрі лақайлардың атасы – Алақай батырдан басталатын шығар – авт.).
Пазылшах Қырым соғысынан жеңіліп, басы иіліп, еліне қайтып келсе, қыпшақ тұтқынның өз қызын, жүйрік атын және қос қаруын алып қашқанын естиді. Мұндай масқаралыққа шыдай алмай, әскер жинап, тағы да жорыққа аттанады. Бұл хабар қыпшақ еліне жетеді. Алақай батыр қыпшақтардың ханымен кездесіп, бұл соғыстың себебі өзі екенін, сондықтан қанды шайқасқа алдымен өзі шығатынын айтады. Пазылшах бірнеше күн жүріп жетеді. Бұл кезде қыпшақтың сарбаздары мен батырлары да жиналып, дайын тұрады. Алақай батыр майданға шығып, Пазылшахқа енді өзінің қайынатасы екенін, қызы оның қолында отырғанын, туысқандық байланыс орнату керектігін айтып, жаудың бүкіл әскерін үйіне қонаққа шақырады. Пазылшах бұл ұсынысты қабылдамайды. Соғысатынын айтып, ортаға өз батырын шақырады. Қыпшақтардан Алақай ортаға шығып, жаудың батырын жеңеді. Нәтижеде екі арада қантөгіс шайқас басталады да, қызылбастар қыпшақтардан жеңіле бастайды. Қыпшақтар соғысты тоқтатып, тағы да туысқан болғандарын ескертіп қонаққа шақырады. Жеңілген Пазылшах ұсынысты қабылдаудан басқа шарасы қалмайды. Алақайдың үйіне келіп қызымен көріседі. Бірнеше күндік сый-сияпаттан кейін Алақайдың басшылығында қыпшақ батырлары да Пазылшахты қорғап, қызылбастардың еліне барады. Ол жерде де үлкен дастарқан жайылып, сияпат болып, екі ел тыныштықта өмір сүруге кіріседі.
XVII-XVIII ғасырлардан бастап лақайлар Жиделi Байсын, яғни Оңтүстік Бұхара маңын мекендеді. Қазақ елінде бұл кезеңде жоңғарлар мен қалмақтардың басқыншылығына қарсы елді біріктірген Қараменде би деген әулие болған. Қазіргі Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласынан 20 шақырым жерде лақайлар тұратын үлкен Қараменде, Алматы ауылдарының екі жарым ғасырдан бері бар екені лақайлардың қазақтармен этногенетикалық жақындығын айқындай түседі.
1920 жылдың қыркүйегінде Бұхара әмірлігі құлатылды. Енді қазіргі Тәжікстан аумағының бір бөлігі шығыс Бұхара округі деп аталып, оның құрамында Душанбе, Қорғантөбе, Кулаб және Ғарм облыстары құрылды. Сонымен қатар, Душанбе облысының құрамындағы ауылдар Лақай, Жаңабазар, Ғазымәлік, Ябан, Хисар және Файызабат аудандары құрамына біріктірілді. 1924 жылы Кеңес өкіметінің әкімшілік-аумақтық шекаралау саясаты нәтижесінде Өзбекстанның құрамында Тәжікстан автономиялы республикасы құрылған соң, 1927 жылы бұрын өмірге келген аудандар одан сайын кеңейтіліп, қазіргі Рудаки, Ябан, Қорасан, Варзоб аудандарын біріктіретін лақай-тәжік ауданы құрылған болатын. Сол ауданда Қараменде ауылдық кеңесі белгіленеді де, ол құрамына Кавки, Жермешіт, Қызылқыстақ, Қорқұдық, Пахрабат, Борбұлақ, Хораз, Қышылы, Күрдексай, Мырзағұлабат, Түйешіабат, Ешме, Шар-шар, Тасбұлақ, Кішімерген, Оразбай, Ақбас, Күнтуабат, Өзденабат, Ақсарыабат, Қараменде және Алматы сынды ондаған ауылдарды қамтыды. 1959 жылы орталықтандыру оңтүстік Тәжікстан, яғни Вахш аңғарына көшірілді. Қараменде ауылдық кеңесінің тұрғындары азайған соң, оны басқа ауылдармен қосып, Даханакиік ауылдық кеңесі деп атай бастады», делінген 2007 жылы Душанбеде жарық көрген Қ.Ахмедовтің еңбегінде. Сөйтіп, Қараменде деген ат ресми шеңберлерде өшіріліп, тек халықтың тарихи жадында ғана қалды. Қараменде бидің қабірі Қазақстанның Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 1992 жылы қайта қалпына келтіріліп, 2012 жылдың қыркүйегінде Балқаш қаласында үлкен ескерткіштің орнатылғаны осы тарихи тұлғаның халқымыздың этноәлеуметтік және мәдени дамуындағы орнын көрсетеді. Қазіргі Тәжікстанда жасайтын лақай елінің мақсаты – Қараменде ауылында Ақтоғайдағы атамыздың қабірінен топырақ ала барып, әулиенің қасиетті қабірін тіктеп, оған ескерткіш орнату. Бұл ондағы елдің рухани кемелденуінде өте маңызды болып тұр.
Сонымен, лақайлардың қазақтармен туыстық, тарихи байланыстарын дәлелдей түсетін жағдай осы Қараменде би. Қараменде деген ауыл қазір Фахрабад деп өзгергенімен, лақайларда бүгінге дейін бар. Демек, бұл ауыл тұрғындары Қараменде бидің ұрпақтары болып, өз аталарының құрметі үшін жерді сол кісінің атымен атаған.
Екі халықты жақындата түсетін тағы бір жағдай: лақайдың үлкен руы Есенқожа деп аталады. Шымкент маңындағы Сайрамда Есенқожа, яғни Қазы Байзабидің кесенесі бар. Оның төменгі бөлігінде Көктас деген ауыл жатыр. Лақайлардың Есенқожа руы орналасқан Душанбе қаласынан 10 шақырым қашықтықта Көктас ауылы болған. Қазір Саманиян деп аталады. Бұдан тыс Сайрамдағы Көктастан 20 шақырым қашықтықта Сұлтанрабат ауылы бар екен. Душанбедегі Көктастан да дәл осындай қашықтықта Сұлтанабад ауылы қоныс тепкен. Біздіңше, бұлар кездейсоқ жағдай емес. Ол бір кездердегі осы халықтарға қатысты өткен тарихи оқиғалардың дәлелі болуы мүмкін.
XVIII-XIX ғасырларда аймақтағы лақайлардың абырой-беделі артып, ірі жайлаулар соларға қарасты болады. Олардың асыл тұқымды жылқылары мен ғиссарлық қойлары тарихи даму барысында Мауароуннаһр өңірінің мал шаруашылығында жетекші орынға шыққан.
Бүгінгі күндері таулы ауылдарда әйелдер еркектермен қатар атқа мінеді. Бұл құбылыс, әрине, лақайлардың Қамбар ата түлігіне деген қызығушылығын байқатады. Лақайларда жылқы шаруашылығы дамыған. Жетпісінші жылдарға дейін қымыз өндірісі болды. Екі халық бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құдандалы сыйластықта өмір сүрді.
Төңкеріске дейін лақайлар түркі құрамдас бөліктерінің бірі ретінде Бұхара әмірлігінің өмірінде белгілі бір орын алып, өзіндік мәртебеге жеткен. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Көкпар тартуда даңқы шығып, лақай деп аталатын асыл тұқымды жылқыларды өсіріп, тәуелсіз де еркін өмір сүрген.
XX ғасырдың 20-30-жылдарында лақайлар да ұлт-азаттық қозғалысқа ел қорғанышы ретінде қатынасқан. Сондықтан да бұрынғы кеңес заманында, басқа этностық топтар сияқты, лақайлар да қуғын-сүргін саясатының басты нысанына айналған.
Лақайлардың 1921-1931 жылдардағы большевиктерге қарсы көтерілісіне басшылық жасаған – Мұхаммед Ыбырайымбек. «Ол алғашқыда өз айналасына төрт мыңға жуық адам жинаған болса, 1921 жылғы желтоқсан айына таман оған бағынышты әскерлердің саны он мыңға жетті». «Ыбырайымбек қысқа уақытта 10 000-нан астам әскер жинап, Колап, Балжуан, Қаратегін, Дарбаз, Хиссар облыстарын қызыл әскерлерден босатты» деген деректер бар. 1984 жылы Ташкентте жарық көрген «Басмачество: социально-политическая сущность» деген кітапта.
Жалпы алғанда, 1926 жылдың жазғы шағына дейін Ыбырайымбек Байсын, Денау, Хиссар, Қорғантөбе, Даңғара, Қызылмазар, Жарыпкөл, Колап, Балжуан аймақтарында соғыстар жүргізіп, ірі жеңістерге қол жеткізеді. Бірақ большевиктердің сан жағынан да, соғыс техникасы жағынан да басым болғандығынан 1926 жылы жазда Ауғанстанға ауып кетеді. 1929 жылдың көктемінде билік басына Омонулланың орнына Бачаи Сақо келген соң, Ыбырайымбек Ауғанстанның солтүстік бөлігіне көшіп, әуелі Бачаи Сақоның билігін нығайту үшін күреске кіріседі. Ал кейінірек солтүстіктегі түрікмендердің пірі – ишан Халифамен бірлесіп, түркілердің өкімет билігін орнатуға атсалысады. Осы уақытқа таман ауғандар билігі Нәдір шахтың қолына өткен еді. Нәдір шах Ұлыбританиядан жәрдем алғанда, Ыбырайымбектің әскерлері Әмударияның Тәжікстанмен шектес тұсына шегіне бастайды. Нәтижесінде, 1931 жылдың көктемінде ол кеңес жерлеріне өтіп, большевиктерге тұтқынға беріледі. Соңыра оны Душанбеден Ташкентке алып келіп, бір жыл бойы тергеуге салған соң, 1932 жылғы тамыз айында Өзбекстан астанасында атып өлтіреді.
Лақайлардың өзгеше бір әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері бар. Олардың қыздарының қолынан шыққан тігін макрамесі, жүк шарығыш, айна-қалталар және соларға ұқсас басқа да ұлттық мәдениет үлгілері тек қана Орталық Азия, ТМД елдерінде ғана емес, тіпті Батыс Еуропадағы этнографиялық мұражайлардың көркіне көрік қосып отыр. Әсіресе, лақайлардың тігін жапқыштары мен кестелі тақиялары ұлттық мәдениеттің өзгеше бір үлгілері болып көзге түседі. Лақайлардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, бұл халықтың қайталанбас ауыз әдебиеті мен диалектісі тұрақты ғылыми зерттеуді керек етеді.
Нәсіреддин НАЗАРОВ,
саяси ғылымдар докторы, Ташкенттегі Камалиддин
Беҳзад атындағы сурет және дизайн институтының профессоры
"Егемен Қазақстан" газеті