Осы порталдан «Бізге керегі - қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру» деген тақырыпты көзім шалып қалып, оқи жөнелсем Әділбек Қаба бауырымыздың мақаласы екен. Әрине, жазғанының бәрі дұрыс әрі өзі де сол саланы жауаптанған мемлекеттік қызметкер болған соң солай оңды жағынан жазуға тиісті де! Әрі, сенатор Мұрат Бақтиярұлының мақаласынан да үзінді келтіріп, қазақ тілін ғылыми тілге айналдырудың бірден бір тетігі латын әліпбиіне көшу керектігінен дәлел келтіріпті.
Бірақ, өз басым «ана тілімен ауырған» қазақтардың бірі ретінде баяғыдан бері неше түрмен жазып келе жатқан пікірімді айтпай қалуға, үнсіз тастауға дәтім бармады. Ол – «қазақ тілі баяғыдан ғылым тілі» деген пікір.
Онда, сөзді көбейтпей бірден дәлелге көшейін. Ғылымның ең басында Математика, Геометрия ғылымы тұр десек, осы ғылымның тілінде Қазақ тілі судай ағылып жүре береді: алу, қосу, көбейту, бөлу, көбейткіш, бөлінді, қалдық, тақ сан, жұп сан, теңдік, түбір, теңдеу, өрнек, мән, қосынды, көпбұрыш, үшбұрыш, түзу сызық, тікбұрыш, теңбүйірлі, жазықтық, аудан көлемі, теңқұрамды, көлбеу сызық, шеңбер...
Бұған қосып айтсақ, дүниежүзілік деңгейдегі қазақтың математик ғалымы Асқар Жұмаділдаев ашқан жаңалығына «төрткен» деген қазақша жасамсөз кіргізгенін өзінен бір сұхбат алғанымда айтып еді. Бұл «Жоғарғы математиканың тілі болғандықтан, осыны көпшілік оқырманға түсінікті етіп айтып беріңізші!» дегенімде «Бәтеңке киіп алған соң шұлық кие алмайсың» деп, бетіме қарап отырды яғни амалдардың кезектесу заңдылығы секілді біздің біліміміз жете бермейтін қиын сала болса керек. Бұдан айтпағым, Қазақ тілі математикада да ешкімге тізгін бермейді. Алайда, сол саланың халықаралық қолданыстағы жасамсөздерін өзіміздің айтылу ережемізге сай жазуымызға ешкім дау айтпайтыны белгілі жайт. (Бұл барлық тілдерде дәл сондай)
Келесі кезекте ең күрделі ғылымдардың бірі Химияны алайық: Сутегі, оттегі, көміртегі, көмірқышқылы, ерітінді, тотық, асқын тотық, қанық ерітінді, әрекеттесу, қостотық, ауыр металдар, бейметалдар, қышқыл, сілті, негіз, тұздар....деп, кете береді. Бұл салада да бүкіл ұлттар ортақ қолданатын электрон, нейтрон, протон, гелий, урандарды өз әлипбиімізбен жазсақ, өз сөзіміз болып шыға келетіні күмәнсіз әлдеқашан қалыптасқан жағдай.
Технологияның қозғаушы күші саналатын Физикаға келейік: Тартылыс күші, үйкеліс, үдемелі қозғалыс, тұрақты жылдамдық, баяу қозғалыс, ойысу, ұлғаю заңы, бостық, тербеліс, жылу өткізгіш, айнымалы ток, жартылай өткізгіш...
Биология атты жандыларды зертейтін ғылым саласын айтсақ, мысал келтірмесек те болады, ұшан-теңіз салалық атаулар бар екенін қазақшасы судай кез келген қазақ айта алады: Бауырымен жорғалаушылар, сүтқоректілер, қосмекенділер, омыртқасыздар, былқылдақ денелілер, жалғыз жасушалы... Бұлар соңында қалыптасқан қазақи жасамсөздер. Ал, төрт түлік мал өсіріп, сахара даланың бүкіл аң-құсын, жәндігін түстеп танып, мінез-құлқы, қарекетін түгел білетін қазақ сынды дала өркениетін жасаған көшпенділер ұрпағы қолданған бұл саладағы сөз қоры адам таңғаларлық бай, бәлкім бізден басқалар осы саладан атаусөз алуға мәжбүр болады, дер едім.
Енді, Ботаника деген өсімдіктер әлемін зертейтін ғылымы да аттап өтпейік. Биологиядағы айтқанымыздай, сайын даланың қаншама түрлі шөбі мен бәйшешегін, ағашы мен бұтасына жеке-жеке ғажап атау қойып, оның пайдасы мен қолданысын тұрмысына түгел енгізіп, баласынан қариясына дейін оны жатқа білуді әдеттегі жағдай санаған халықтың бұл саладағы сөз қоры да қисапсыз көп.
Бір мысал, этнограф-ғалым Болат Бопайдың «Қазақтың гүл мәдениеті» деген кітабының қолжазбасын редакциялап, газетке таныстыру мақаласын жазарда «Мына кітабыңды Қазақ Ботаникасы деп атасаң дұрыс екен» дегем-ді. Өйткені, онда екі жүзден астам гүлтекті өсімдіктер қазақша аталып, қасиеттері қазақы сөзбен түгел сараланады. Қазақта Қызғалдақ, Сарғалдақ деп аталатын гүл атаулары бар. Соған бір үлкен ақ түсті гүлді Аққалдақ деп атау туралы ұсыныс айтқаным да есімде.
Ал, атауы ең көп, ең күрделі сала Медицинаны атамай кетсек, қазақ тіліне қырын қарайтындар қуыстанып қалуы әбден мүмкін. Мыңдаған жыл бойы халқымыз өз төл медицнасымен өзін өзі емдеп, денсаулығын сақадай сай сақтап келгендіктен бұл салада да біз ешкімнен кенде емеспіз. Әсіресе, ауру атаулары жеткілікті: Сарсүзек, шешек, желшетпе, қаншетпе, қызамық, қызылша, тымау, зертең, қаншетпе, қантышқақ, бүрме, қылтамақ, тішке ауру, қуық тұтығу, ұшыну, запыран, ақтүсу, сыздауық, шиқан, алапес, маңқа, сақина ұстау, сарсу, тұтықпа, талма, серектеу, желбуаз, қызылтүйіршік, ақтүйірішік...
Мұны да айтпай-ақ, Қазақ емдеу өнерінің ірі ғалымдарының бірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қалдырған кітабынан-ақ біздің төл медицина тіліміз қанша бай екені ондаған жылдан бері айтылып, медицина саласында жазылған кітаптарға қолданылуда.
Астрономияны да арнайы айтуымыз керек. Өйткені, қазір бұл сала да жетекші ғылымға айналған. Жетіқарақшы, Темірқазық, Ақбозат пен Көкбозат, Қарақұрт, Үркер, Бикеш, Таразы, Құсжолы, Таң Шолпан, Кіші Шолпан, Есекқырған, Сүмбіле, Үшарқар... көкжүзінде көрінетін бүкіл жұлдызға ат қойған халық баяғыдан астроном халық деуге саяды.
Және Айдың тоғысы арқылы жыл мезгілін мүлтіксіз санау, үркердің батуы мен шығуы арқылы Тоғыс есебін жасап «Амалдар» деп атайтын арнайы күндерде ауарайын алдын ала болжау, күн жүйесіндегі он екі шоқ жұлдызға атау қойып, осыны мүшел жас есебі ету арқылы адамның жасын дәл анықтау... тағы да бұл салада аталмаған төл өнерімізді айтпағанның өзінде осы ғылымды ұрпақтан ұрпаққа жеткізген біздің қазақ тілі емегенде немене!? Олай болса Қазақ Астрономиясы баяғыдан бар, ол салада да атау сөзіміз жеткілікті.
Осымен тоқтасақ та болар еді, бірақ Ахмет Байтұрсынов сынды ғұламаның «Тіл танытқыш» атты лингвистика ғылымы саласында ғаламат құбылыс ретінде қалдырып кеткен жасамсөздерін атамай кету - қазақ тілі туралы айтып отырған бізге айып болар еді. Қазақтың өз төл сөзінен жасамсөз жасаудың бұдан артық үлгісі бола ма?! Мысалы, атау, ілік, барыс, табыс, шығыс, көмектес, жалғау, жұрнақ, түбір, одағай, салалас-сабақтас, сабақтас-құрмалас, бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, септік, үстеме...
Иә, Абылайхан заманында жоғарғы мысалға алған сөздер бар болса да, атау ретінде жоқ еді, олай болса Қазақ тілі осы күнге дейін өз ғылым тілін жасап қойған ұлт демеске шара жоқ.
Өз басым, тіл саласының маманы емес, қарапайым журналист ретінде табанда ойыма түскен қазақша ғылым атауларын мысалға ғана алып отырмын. Егер, қазақ тілі ғылымының қазіргі үлкен ғалымы Рабиға апамыз сөйлер болса немесе осы салаларда оқулық жазатын қазақтың адал ғалымдары сөз айтар болса, «Қазақ тілі – ғылым тілі» дегенді шегелеп беретініне еш күмәнім жоқ.
Айтпақшы, мұның бәрі түк те емес, жаңа заманғы технология тіліне ілесбейміз, дейтіндер болса, мың жыл бойы қылышы мен сауыт, дуылғасын өзі соғып, ғажап баспана саналатын киізүйін өзі жасап, термебау, түскиізін өзі тоқып, өз киімін өзі тігіп... келген халықтың тілінде тағы да соншама технологиялық дайын сөз қоры жетеді: Үскі, егеу, түрпі, бақауыз тістеуік, балықауыз тістеуік, қышқаш, көрік, төс, балға, шекіме, астар, тыс, қауып тігу, жөрмеу, тепшу, сыру, қабу, қаусыру, тиек, ілгі, істік, сүмбуір, сірі, бізкесте, бұрғы, тебен, қандауыр, ұстара, ырғы, кепіл, кергіш, тығын, сүзгі, ілгек, көзеу, сүргі, шот, шаппа, шылғи, жұрын, мұрындық, бастырма...
«Ұшпақ болсаң зымыра» деген сөзді айтқан халық, ұшақтың да қалай ұшатынын баяғыда айтқан ғой.
Енді, неге осынша бай тілді қолданбай «маңырап» отырмыз!? Оған халықтың еш кінәсі жоқ. Бас қалай бұйырса аяқ солай жүретіні айдан анық емес пе! Басқару жүйесінде Қазақ тілінде жалғыз сөз айтуға да жарамай, Конституцияны табанына басып отырған бөтентілділер мен қазақша сөйлегені роботтың сөйлегені секілді қазақ тілін мазақ тіліне айналдыратындар отырса, қазақ тілінің жағдайы осындай «саясаттың ойыны» болмағанда не болады!?
Егер, басқару жүйесінде қазақша судай төгілдіріп, егілдіріп, еміндіріп...сөйлейтіндер отырса, қазақстандықтар бір жылда түгел «айтыс ақынына» айналып кетер еді!
Ондай жағдайда, отандық ғалымдар да қазақ тілін бірер жылда ғылым тіліне айналдыра салу ешқандай да қиын емес. Адам саны қарайлас Түркия, Иран, Оңтүстік Корея сияқты елдер, тіпті адам саны өте аз Моңғолия секілді елдерде бүкіл ғылым саласы өз тілінде. Өйткені, ел басқарушылары басқа тілді білмесе де өз тілін білмейді деген, ондай аномалия ол елдерде жоқ. (Біздегідей басқа тілді біліп, өз тілін білмеуді жоғарғы мәдениет санайтын феномен-аномалия!)
Ал, анау жоғарыдағы отырған қазақша қақпайтындар бір жыл ауылға барып қазақша үйреніп қайтса, ең құрметті шенеуніктерге айналып кетер еді, шіркін! Бұл, менің әншейін қиялым, дегенмен солай болса дегеннен басқа не деу керек...
Абай Мауқараұлы