ЖОҚТАУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНДІМ
Қазалы үйге дауыс салып жылап кіру - қазақтың ежелгі салты. Осы күні ұмыт болып барады. Үн-түнсіз кіріп барып, булыға егіліп отырғандармен үнсіз көрісіп, жұбатқан болады.
Баяғыда қазаға көңіл білдіре келгендердің бəрі дауыс сала келетін. Қаза болған адамның жақын туыстары: ер адамдар есік алдында, əйел адамдар үй ішінде кəдімгідей дауыстап, марқұмның қадір-қасиетін, кісілік кейпін бейнелейтін сөздермен термелеп, əндетіп жылайтын. Мұның өзі үлкен өнер. Қайғыдан қан жұтып отырған адамның өлеңдетпек түгіл қандай да бір есті шумақтың басын құрауы оңай шаруа емес. Бұл үлкен сабырлық пен терең парасатты талап ететін ерекше жағдай. Қазақтың əндетіп жылауының мəні де осында жатыр. Қасірет шектім екен деп, басыңды тау мен тасқа ұрып, көкірегің қарс айырыла егілгенмен ешкімді тірілтіп ала алмайсың. Одан да барынша сабыр сақтап, марқұмның бар жақсы қасиеттерін елдің есінде қалатындай етіп, болашақ ұрпағы айта жүретіндей етіп, соңғы сапарға құрметпен шығарып сал деген мағына жатыр қазақтың жылап жоқтауында. Сабырсыздық танытып, екі сөздің басын құрастырып жылай алмағандарға қазақ сын көзбен қараған. Əкесіне, шешесіне, бауырына, байына дұрыстап жылай да алмады ынжық неме деп, сөккен. Мұны қазақ басы қаралы, жаны жаралы адамға қатыгездік таныту деп емес, адамның сын сағатта сындарлы мінез таныта білмеуі деп бағалаған. Жақынын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, дұрыстап жоқтау да айта білмейтін босбелбеу болуды ұят санаған. Сондықтан жоқтау дəстүрін əсіресе, қыз балаға жастайынан үйреткен. Қаралы үйге ерте барып, жоқтау сөздерін құлағына құйған.
Тайғасқа атам (əкемнің ағасы) қайтыс болғанда ұмытпасам 6-7 жастамын. Əйтеуір мектепке бара қоймағанымды анық білем. Есіктің алдында селтеңдеп ойнап жүрген Зурə екеумізді шақырып алып анам:
- Аталарыңнан ажырап қалдық. Енді сендер де бойжеттіңдер. Жылап барасыңдар, - деді.
- Қайтып жылаймыз? - деп, екеуміз де ыршып түстік. Көзіміз бақырайып кеткені есімде. Бұрын-соңды өлікке кім жылап көріпті.
- Қайтіп жылағаны несі? Кəдімгідей "Атама-ау!" деп, дауыс салып барасыңдар!
Жолан жеңешем бар, анам жəне Зурə төртеуміз қаралы үйдің есігінің алдына жақындай бердік. Жеңешем атам-аулап дауыс салған күйі алдыда келеді.
- Жылаңдар!
Артымызда келе жатқан анамның бұйырған даусы шықты. Қалай жылаймыз, көзімізден жас шығар емес. Есікке де жақындап қалдық. Табалдырыққа енді жете бергеніміз сол екен, артымызда келе жатқан анам қатарласа бір-бірімізге қорқақтай жабысып келе жатқан Зурə екеуміздің басымызды оңдырмай соғыстыра салғаны!)) Ал жыламай көр! Екеуміз де бақырып қоя бердік. Оған анамның жылаған даусы қосылды. Қойшы, төңеректі азан-қазан қылып кіріп бардық. Бармақтай екі қыздың боздап келе жатқанын көрген Тойсын апа тоқтасыншы қане! Сай сүйекті сырқыратып, əндетті-ай дейсің! Бір шумағы əлі күнге есімнен кетпейді:
Асқар белім-ау!
Шалқар көлім-ау!
Отырған орның оңырайып бос қалды-ау!
Артыңда ботаң боздап жас қалды-ау!
Ой, небір сөздер кетті дейсің! Мана есікке жеткенше көзден жас шығара алмап едік, ендігі жерде солқылдап қойсақшы кəне!
Айнала төңерек отырғандар басу айтып, жылағандарды сабырға шақырды. Артынша леген мен құмғанын алып бір келін кірді де жылағандардың қолына су құя бастады. Елмен бірге Зурə екеуміз де өксігімізді басып, беті-қолымызды шайдық.
Осыдан кейін қазаға жылап бару қиынға соққан емес. Айналаны басыма көтере бар даусыммен бауырым-айлап тарта берем. Даусым шықты дегенше көзден жас өзі-ақ парлып қоя береді. Іштегі шер тілге іліккенде адам əжептеуір жеңілдеп қалады. Күйік ішке түспейді, сыртқа шығады.
Гүлмәрия Барманбекова
Фейсбуктегі парақшасынан