Өткен сенбі күні Алматы облысы, Райымбек ауданында қазақтың белгілі жазушысы Бердібек Соқпақбаевтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы игі шара аясында ақын Айтақын Әбдіхалық бастаған бірқатар зиялылар Бердібек Соқпақбаевтің атын Қызылшекара ауылына беру туралы мәселе көтеріп, тіпті Нарынқол, Байынқол секілді моңғол-қалмақ кезеңінен қалған атаулардан біржола құтылатын кез келді деп мәлімдеді. «Алаш айнасы» басылымы зиялылардың осы ұсынысына сүйене отырып, жалпы республика аумағындағы моңғол-қалмақ атауларын жіпке тізген еді.
Әңгіме Нарынқолдан басталды. Нарынқол, Байынқол, Сүмбе, Кеген, Шамалған, Қаскелең... Иә, рас бір ғана Жетісу өлкесінде мұндай атауларды тізе берсек, жүздеп кездеседі. Топонимист ғалым Е.М.Поспелов: «Географиялық атаулар мен қоғамдық институттар тікелей саясатпен байланысты дамып отырады. Қоғамдағы үстем тап жұртшылықты өзінің идеологиясы мен саясатына жер-су атаулары арқылы бағындырады», – депті. Бұл нені білдіреді? Демек, бір кезде жоңғарлардың үстемдігіне байланысты қойылған атаулар елімізде әлі үстемдік етіп тұр деген сөз емес пе. Мұның сыртында отаршыл Ресейдің өзі қаншама жеріміздің атауын өзгерткенін есіңізге алыңыз...
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қазір мемлекетіміздің аумағында тікелей моңғол-қалмақ тілінен қалған 217 топонимикалық атаулар бар екен.
Енді солардың біразын атап, мән-мағынасына да тоқтала кетсек...
Қарағанды облысында басынан мұнар мен бұлт арылмайтын «Өкпеті» деген шың бар. (өкпеті – моңғолшадан қазақшаға аударғанда «сиыр жайылатын бет» деген мағынаны береді).
«Нарын» - сөзінің түп-төркіні моңғолдың «нарин» сөзінен шығуы мүмкін. Бұл «жіңішке», «жұқа» мағына береді. Бұл атау республикамыздың біраз жерлерінде кездеседі. Мысалы, Нарынқұм (Атырау-Батыс Қазақстанда), Нарынқол (Алматы облысында), Нарым, Нарынқаба (Шығыс Қазақстанда) деген жер аттары бар. Сондай-ақ, «Моңғолша-қазақша» сөздікте «наран» – «күн», «күнгей» ұғымын беретіні жазылған.
Қалдығайты – өзен атауы. Осы өзен бойында Бұлан атты ауыл бар. Тарихи деректерге сүйенсек, Қалдығайты өзенінің бойында бұландар көп болыпты-мыс. Тіпті өзен атауындағы «қандағай» сөзі моңғол тілінде «бұлан» деген ұғымды білдіреді екен.
Шалқар – аудандағы көл. Моңғол тілінде «цалгиа» – «үлкен толқын», «су сыбдыры», «цалчих» – «жарға соғу», «толқындау» ұғымын береді. Демек, көл атауы шалқы – «ернеуінен асып төгілу» деген ұғымнан да алыс емес деген сөз. Бұл сөздің түбі түркілерге де тән екенін жоққа шығаруға болмайды.
Қарғалы – аудандағы өзен және елді мекен. Қарғалы – Қазақстан, Батыс Моңғолия, Сібір, Солтүстік Еуропада кең таралған атау. Қарғалы – тастар мол үйілген жер. Қарғалы – түркі-моңғол тілдеріне ортақ топоним.
Саралжын – елді мекен. Саралжын атауының шығу тарихы төңірегінде бірнеше пікір бар:
1). «Саралжын» өсімдігінің атына байланысты қалыптасқан. Саралжын – суы тартылған өзен арналарында өсетін жусан тектес шөп.
2). Саралжын – топонимі моңғол тіліндегі «сиралджин» (қурай) сөзінің негізінде қалыптасуы мүмкін.
3). Сар (сары) сөзі моңғол тілінде «сұр» мағынасын беріп, қазақ тіліндегі құла, сұр түстерімен мағыналас келеді. Ал «алжын» – сын есімнің шырай категориясының көне жұрнағы. Сары сөзінің жер-су атауларының құрамында келіп үлкен қызмет атқаратыны белгілі. Сондықтан шөптің түсіне байланысты берілген бұл пікірді де жоққа шығаруға болмайды.
Дересін – Балқаш көлінің солтүстік жағасындағы жер аты. Жері шилі, қалың шөпті болып келеді. Бұл монғолдың дэрс (үн) - «шилі», «шөпті» деген сөзінен алынуы мүмкін. Ғалым Ғ. Қонқашбаев та осы пікірде бола отырып, бұл аймақта Бас - Дересін, Орта - Дересін, Аяқ - Дересін деген жерлер бар екендігін көрсетеді.
Сарышаған – сулы мекен аты, жұмысшы кенті. Көне түрік тілінде және монғол тілдерінде: шаган>сацан>цахан — өсімдік аттары.
Толағай – таудың атауы. Биіктігі – 550,4 м. Осы «толағай» (тологой/толгай/толгой) сөзі моңғол, бурят тілдерінде де кездеседі. Мәселен, Баян-Толгой, Лам-Тологой, Бурят республикасында Чулун-Толгой, Ундэр-Толгой деген тау аттары бар. Монғол тілінде толгой - «бас» мағынасын, ал топоним ретінде «төбе, шоқы» дегенді білдіреді. Ғ. Қонқашбаев тіліміздегі «толағай» сөзін моңғол тілінен енген «шоқы, жеке тұрған биік тау», - деп түсіндірген.
Баятар – Нұра ауданындағы көл. Бұл атау монғолша баян /бай/ + тар - /жіңішке «сай», «ор»/ сөздерінің бірігуі арқылы жасалған болуы мүмкін.
Нұра – Қостанай, Астана, Қарағанды облыстарының жері арқылы өтетін өзен. Бұл атаудың шығу төркіні жайлы пікірлер – әр қилы. Зерттеушілер моңғол тіліндегі «нураа», «нуруу» және «нур» сөздерін бір қатарға қойып, осы сөздердің бәрін «нұра» сөзінен өрбіген немесе өзгерген түрі деп жаңылыс талдайды. Бұл сөздердің моңғол тілдерінде жеке-жеке мағынаға ие, дербес лексема екендігінде мән бере қарастырғанымыз жөн. Монғол тіліндегі норах – «опырылыс», «құлау; бурят тілінде нуралта – «құлау, жылжу»; монғол тілінен эвенк тіліне енген «нура» – «жар» деген мағыналарды береді. Монғол тілінде нуруу - «тау жотасы, тау сілемі», «тізбегі» деген ұғымға да сай секілді.
Арғанаты – Ұлытау ауданында орналасқан тау атауы. Атаудың шығу төркінін талдаған ғалымдар халық этимологиясы: 1) «арғын ата»; 2) «арыған ат» сияқты болжамдарды көрсетеді де, ғылыми этимологиясы бойынша: «монғол тілі негізіндегі арга // аргалын тұлғасына түркі тілінің ты (ту<ту<тау) морфемасының қосылуы нәтижесінде жасалған «арқартау» мағынасындағы атау» ретінде пайымдайды (Қойшыбаев, 1985, 50). Бұл пікір бұдан он жыл бұрын айтылған А. Әбдірахмановтың ой-толғамын қайталау сияқты. Онда: «Атаудың түбірі «арғана» көне алтай заманында «арқар», «тау ешкі» ұғымын білдіріп, кейін моңғол тілінде «арғал», ал түркі тілдеріне «арқар» түріне көшсе керек. Ал «-ты» жұрнағы – осы заттың бар екендігін білдіретін, «Алматы», «Бұғыты», «Ырғайты» тәрізді атауларда сақталған туынды сын есім жасайтын көне жұрнақ», - деген еді (Әбдірахманов, 1975, 64).
Басбайтал – Ұлытау ауданындағы тау. Бұл атаудағы «байтал» сөзінің тіліміздегі жалпы есім «байтал» сөзімен байланысы жоқ сияқты. Өйткені оның байса тұлғасы бурят тілінде «тау» деген мәнді білдірсе, моңғол тіліндегі «байқ, байқа» сөздері «жартас» сөзімен төркіндес екен. Ал сөз соңындағы дауыссыз л монғол тіліндегі көптік жалғаудың көрсеткіші екендігі сөзсіз. Демек, Басбайтал - «жоғарғы жартас, басқы тау» дегенді аңғартса керек.
Мақанжан – Ұлытау ауданында Мақанжан аталатын бастау бар. А.Әбдірахманов Мақаншы топониміне байланысты былай дейді: «Қалмақша «махн» – ет деген сөз. Монғол тілінде де «мах» – ет. Мұнда сөз аяғындағы н дыбысы түсіп қалатынын ескерсек, бұл форма да заңды. Осыған қарағанда Мақанжан атауындағы Мақан сөзі де қалмақ, моңғол тілдеріндегі ет мағынасын беру керек. Оған жан компоненті қосылып антроним (кісі аты) жасалған да, ол ат гидронимге қойылған.
Нарынбайсай – Ұлытау ауданындағы өзен аты. А.Әбдірахмановтың топшылауынша «нарын» сөзі моңғолдың «наран» - «күнді, күнгей» деген сөзінен жасалған. Нарын түріне айналуын оның нарын құмы деген тіркестегі, құм сөзіндегі «ү» дыбысының әсерінен деп түсіндіреді. Ал, Г.К. Қонқашпаев «нарын» сөзі монғолдың нарин -«жіңішке» деген сөзінен алынған деп есептейді.
Нөгербек – Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Нөгербек (Нөкербек) дейтін өзен бар. Түркі және моңғол тілінде «нөкер» деген сөз «жолдас», «дос» деген мағына беретіні белгілі. Оған бек сөзі қосылып, кісі есімі жасалған да, ол өзен атына ауысқан.
Сөз соңы
Ұлтымыздың басынан «сан қилы» тағдыр өтті. Бұл көптеген топонимдердің өзгеріске ұшырауына, ұмыт болуына, басқа атаудың пайда болуына әсер етті. Осыған байланысты бүгінгі күні жер-су атауларын зерттеу, қажетін алып, қажет емесін өзнерту бүгін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Кез-келген аймақтың топонимикалық жүйесінде географиялық атаулардың алар орны ерекше. Мамандардың болжамына қарағанда, республикадағы жер-су аттарының саны «орташа есеппен 1 ш.м. жер бір атауға ие» деп есептегенде, кемінде 2,5 миллионға жуық атау бар көрінеді. Демек, республикамызда мыңдаған ірілі-ұсақты елді-мекеннің, 50 мыңнан астам көл, 85 мыңнан аса өзен атаулары бар деген сөз. Осы орайда «осы мыңдаған атаулар қай ұлттың сойылын соғады деген заңды сұрақ туындайды?
«Алаш айнасының» түйіні
Бір ғана Нарынқолдан бастап, бірнеше моңғол-қалмақ тілінен енген атауларды жіпке тіздік. Біз неге қалмақтан қалған атаудан құтыла алмай келеміз. Біреулер бұл тарихи атау дейтін шығар. Сонда кешегі жоңғарды күйрете жеңгеніміз қайда қалды? Мұның сыртында Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы деп өз аузымызды өзіміз қисайтып жүрміз! Бұл қазақ үшін Тянь-Шань емес – Алатау, Жоңғар Алатауы емес – Қазақ Алатауы болатын кез жеткен жоқ па? Сіз не дейсіз?