Азаттық үшін арпалысқан Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы жазып алынған дауысы 2016 жылдың 20 шілдесі күні әлеуметтік желіге шығарылды. Түркістан жастарына айтылған үндеуде бірлік пен береке болса, түркі дүниесіне сырттан ешқандай күштің әсер ете алмайтындығы баяндалады.
«Алыста жүріп, ел қайғысын ойлап, Еуропаның әр тарабында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер. Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар. Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұқаббат уәзипа болмақ. Мұны ұмытпау керек.
...Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы» бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз. Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің өкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар!», - деп жазылған үндеуде.