Мешін жылы есіктен кірген сайын маймылдың суретін көшіре басып, бір-бірімізді құттықтап жатамыз… Осы мешін деген не? Бір-екі жерден «адамның азғыны» дегенді оқыдым. Іздеп едім мандыған еш дерек таппадым.
Оның үстіне «мүшелге киелі жануарлар енеді» дейді қазекем. Азғын қалай қазақтың күнтізбесіне қосылсын?! Журналист Дәулетхан Жиенқұлов әкесі, шежіре қарт, марқұм Қыдырбай айтқан «мешін деген балық еді, қазіргілер маймыл деп кетті ғой. Жылсанақ алты арам, алты адалдан есептеледі» » деген бір ауыз сөзді жадында сақтап қалыпты. Рас! Қой, жылқы, сиыр, қоян, тауық-адал, тышқан, жылан, ұлу, доңыз, ит, барыс –арам. Оған мешінді қоссақ арам жетеу болады. Адалдықты арамдыққа бастыру қазақы түсінікке жат. Балық десек тепе-теңдік сақталады. Осы бағытта ізденіп едім бірнеше қызық мәліметке жолықтым. Қытай-Моңғол шекарасында Мечин-Ула деген тау бар екен. Ол Қарлы Таг, Баркол –Таг қыраттарымен ұласып жатыр. Таныс сөздер емес пе, Қарлы тау, Баркөл тауы?! Ал Мечин деген атау тау қойнауы толған жылтыр кристалл күнге керемет шағылысатындықтан қойылған болуы керек. Мешін деп моңғолдар Үркерді (шоқжұлдыз) айтады екен. Сонда бұл Мечин –Улуың бізше Ұлы Үркер тауы боп шыға келеді. Ең қызығы сол шоқжұлдыздың суретіне қарасаң пішіні балыққа келеді. (суретке қараңыз) Бұл тек сәйкестік пе? Мешін сөзі бізге моңғолдан келуі мүмкін бе? Мүмкін… Мүмкін дейміз-ау Орхон-Енесай бойындағы, 8-ғасырда қаза тапқан Күлтегін бабамыздың ескерткішінде «қой жылы қайтыс болды… мешін жылы ескерткіш қойдық» деп жазылып тұр ғой. Сондықтан «мешіннің» түпкі егесі кім екені тіл ғалымдары жабыла зерттейтін мәселе. Мүшел санайтын елдер арасында әзірбайжан, өзбек секілді 2-3 халық қана мешінді маймул, маймун жылы деп атайды. Бірінші әзірбайжан бауырларға тоқталсақ. Оларда маймул бар, ұлу жоқ. Ұлуды алып тастап орнына… балықты қойған?! Мүшелдерінің 5 жылы –балық! Ол түркілерге түсініксіз екі мақұлықтың бірі ұлуды ығыстырған. Ұлу атауының неге түсініксіз екеніне кейінірек тоқталамыз. Бастысы әзірбайжан ағайындардың кестесінде балық бар! Өзбектердің маймуны да кірме сөз болуы әбден мүмкін. Өйткені мұсылман халықтарда «маймун» деген бақытқа бөленуші, жетуші (ар.) дегенді білдіреді. Дербентті билеген Маймун әл–Хашим, Маймун әбді-Мәлік, т.б патшалардың есімі бұл сөздің қаншалықты қадірлі екенін байқатады. Мұсылман өзбектер мұны білмеуі мүмкін емес, сондықтан олардың маймуны қазақтың маймылы мен әзірбайжанның маймулы іспетті пайда болған сөз секілді… Мешін мен маймылды бір ұғымға айналдырудың жаңылдыратынын моңғол тектес, РФ құрамындағы қалмақтардан байқауға болады. Олар «Усун мэчин» дегенді су маймылы деп аударып жүр, биыл да жаратылысқа жат мақұлықтың жылын қарсы алды. Басқа халықтардың мейхим, мейчин, мачін, писиндерінің бәрі қазақтың мешініне үндес, мәндес келеді. Ешбірі мешінді маймылдың синонимі есебінде қабылдамайды. Шеркеш, абазиндер «мешін деген қызыл қоңыз» деп есептейді. Кәдімгі бала кезімізде «ел қайда, су қайдалап» саусақтан үрлеп ұшыратын, қара ноқаттары бар қызыл қоңыз! Ал, түркінің алтын бесігі болған Алтайдың тұрғындары мен Ресейдің Батыс Сібіріндегі ат төбеліндей төлеуіттер мешіннің шоқжұлдыз екеніне шүбә келтірмейді. Және олар үшін мешін 8-жыл, былтыр өткізіп жіберіп, биыл қойды қарсы алды. Бұл мүшел санағындағы қалыпты жағдай. Халықтардың барлығы санақты тышқаннан бастамайды, мысалы, қалмақтарға бірінші жыл-жылан, ұйғырлардың бір бөлігі үшін –ұлу… Қазіргі моңғолдар маймылды сармагчин дейді екен. Мешіннің мағынасынан осымен байланыстыратындар бар. Бірақ тілімізге жат емес «сар» деген тұтас буынның жойылып кетуі мүмкін еместей. Моңғолдың «маймылын» қабылдасақ жылымыз сармағшын, я, сарымешін аталуы керек еді?! Және мешіннің «арғы атасы» сармагчин болса барлық халықтар ұмытып қалуы мүмкін де емес. Одан көрі алтайлықтар мен төлеуіттердің шоқжұлдызына үндесетін «мэчин» көңілге қонымды. Екінші мысал, антикалық әдебиетте көкке тіреу болған Атлант пен Плейонадан туған 7 –нимфа-қыз жайлы аңыз бар. Плейона — Океан (Мұхит) титанның үш мың қызының бірі. Нимфалар — сылдыраған бұлақтың, сарқыраған өзеннің, самал желдің адами образы. Тағы да алдымыздан суға қатысты ұғым шығады. Сол қыздарды Орион қуалап, өлтірмек болады. Мұхиттың үрім-бұтағы құтқара алмаған қыздарды Зевс әке –шешелерімен бірге жұлдызға айналдырады… Осы тұста өз әкемнен естіген Үркердің сұлу қызы жайлы аңыз еске түсті. «Жеті қарақшы Үшарқарды (Үркер) ұстап алса оның қос жүйрігін тартып алады да,Үркердің сұлу қызын қуып жетеді» дейтін оңашалау үш жұлдызды көрсетіп. Антикалық әдебиетпен салыстырсақ Үшарқар қыздардың соңында кетіп бара жатқан Атлант пен Плейона және сіңілілерінен сәл қалып қойған Алкиона. Әкем «Қарақшылар Үшарқарды ұстаса ақырзаман болады» дейтін. Демек, қуғыншыдан аспанға қашқан қыз (дар) жайлы аңыз қазақта да бар. Үркерді қатты қадірлеген қазақ орта ғасырларда моңғолдан мешін деп қабылдаулары мүмкін бе, оның көзге қанаты жайылған балықтай көрінетін пішініне қарап «балық» деулері мүмкін бе? Оның үстіне қазақтың жайсыздау келетін жылды «тас мешін» дейтіні бар. 19-20 жылдардағы, 32-33 жылдардағы ашаршылықтар осы «тас мешінде» болған… Үшінші мысал «Мүшелге енетіндей балықтың не қасиеті бар?» деген сұраққа жауап берсін. Қазақ Тәңірге сыйынған кезеңді шолып көрелік. Түркі аңызы «Жұмыртқадан Тәңір шыққан, ол жұмыртқаның астыңғы қабығынан Жерді, үстіңгісінен Көкті жаратқан» деп басталады. Бұл аңызбен таныс ағайын Сумер тауын, Сүткөлді де білер… Жердің қақ ортасында тұрған заңғар Сумер–Хан Тәңірі. Түркі түсінігіндегі үш әлем – Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы әлемдерді байланыстыратын, көкпен таласқан басын Тәңір тұрақ еткен алып Бәйтерек дәл осы Сумердің шыңында өседі. Одан әріректе Сүткөл. Ол көл… Кер балықтың мекені! «Жан-ұрықтың барлығы осы Кер балықтың ішінде жаратылады. Ол жан-ұрықтарды Жер-Су иесіне тапсырады. Жер-Су иесі болса жаны барды қолдап, қорғаушы Жайыққа (әруақ) аманат етеді». Ал керек болса! Бағзы түркінің ұғымында барша жаны бардың анасы Балық болғаны ғой… Кер-үлкен, зор, алып деген тек айқындаушы ғана. Осыдан барып Құбылайдың Бежіңді неге Ханбалық деп атағынан да түсінуге болатындай. Ханбалық – сол кезеңде Тәңірдің ұлы Шыңғыс қаған ұрпақтарына аманат еткен алып империяның ордасы, астанасы, күретамыры болған. Жиһангез Марко Поло оны «камбала» деп жазыпты. Ұлтымыз 13 ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда да «балық судағы ең таза жәндік» делінген. Асыл дініміз теңіз суымен дәрет те алуға, оның жан-жануарларын түр-кескініне қарамай азық етуге рұқсат етеді. Балық – адал-өлексе (!), желбезегі Жаратушы бауыздауы саналады… Нұқ пайғамбар заманында мейманасы тасыған бір патшаның «Менің құдіретім шексіз, аспандағы Алла Тағаланы да атып түсіремін» деп көкке қарай жақ тартқанын қарттардан естіп едік. Алла әмірімен періштелер жебеге балықты көлденең тартып, оқ оның оң жағынан кіріп, сол жағынан шығады. Сол жебе тиген жер-желбезек… Алла Тағала пенделігі асқынғанын патшаның ел алдында мәртебесі түспегенін қалаған екен. Ал кәпір жебесіне байланған балық содан беріде адал саналады. Мұндай қазақы аңыздарға Алланың әмірімен Жүніс пайғамбарға алып балық көмекке келетінін де қосса болар… Енді ұлуға аз-кем тоқталсақ. «Ұлу — қасқыр» деген пікір айтылғалы көп болған. Кім білсін? Бірақ, арқасында мүйіз үйшігі бар, денесі жылбысқы жәндіктің қазақ жылсанағына еніп кеткені шынымен қайран қалдырады. Құрт-құмырсқаға жирене қарап, аса елемейтін халықтың мүшелге ұлуды қосқаны, «Ұлудың басына ақ құяды» деген сынды қисынсыз долбарлар айтуы көңілге қонбайды. Жыланның басына ақ құйып шығаратын қазақ емес пе едік? Ұлудың қазақ мүшелімен аса қабыспайтынын ғалымдар да байқаған, содан барып «Бұл қытайдың лу –айдаһар сөзі, кірме» деген долбар айтады. Бұл шатасу болар?! Өйткені қытайлар айдаһар жылын «Чэнь» деп атайды екен. Олар жыл санауында лу дегенді қолданбаса бізге ұлу болып енуі мүмкін емес. Сонда ұлу жылы деп жүргеніміз қасқыр жылы болғаны ма? Жыл санауда революция жасасақ деген ойымыз жоқ, бірақ, осы ұстаным жүрекке жылы. Сондықтан қасқырды қозғамай тұрып қазақтың киесін қадірлеп аң-құс атауын бұрмалап айтатын әдеті барын еске сала кетейін. Мысалы, маңғаз ұғымы. Көз алдыңызға аяғын асықпай басып, кеудені кере жүрген маңғаз адам елестері анық. Ал Өтейбойдақ бабамыз маңғаз деп сиырды айтады. Айбар дегеніміз барыс. Айбарлы адам дегенді «барыстай сұсты» десек еш қателеспейді екенбіз. Тышқан — сумақы?! Көшпенді халық екі жануарға ерекше қарайды: жылан және бөрі. Малды да, адамды да жиі шағатын бауырымен жорғалаушыны ешқашан өз атымен атамай қыбыр, түйме, құрт, түймебас, т.б. дейді. Үйде ысқырсаң «Ысқырма, ана бәлекет келеді» деп қариялардың қабағы түйілгенін өз көзіммен де көргем. Қазақтар атын атасаң бәлекет естіп, келіп алады дегенге сенген. Және жылан өлтірсе жетіге бөлгізіп, көмдіреді. Өйтпесе қайта тіріліп, кек алады деп түсінеді. Осы күні мал бағып отырған қазақтың қасқырды атамай, ит-құс, шулан, бөжек деген сынды түрлі теңеумен айтатыны сол бұрынғының сарқыты. Тағы бір жақта «ұлыма» деген кездеседі, қайын ағаларының атын атауға именіп, «маңыраманы ұлыма жеп жатыр» дейтін тапқыр келін жайлы ертегі өзімізде де бар. Шор, хакастар, сахалар, қырғыздар сол ұлыманы «ұлу» деп айтады екен. Және жай айтпай «улуу» деп «ұлып» айтады. Сонда қасқыр жылы деген ұлыма (ұлу) жылы болып шыға келмей ме? Қасқыр – түркінің анасы! «Қасқыр жұртта қалған баланы емізіпті…. Бөрі-ананың құрсағынан тараған Көктүрік …» деген мағынадағы көптеген аңызды мысал етіп алтын уақыттарыңызды ұрламайын. Сондықтан «Қазақ жылсанағында қасқыр да бар» деген ой үстем секілді?! М. Ысқақов жазған: Ұлу сөзі ежелгі түркінің ұлы (данышпан, атақты) және ұлу (ащы дауыс шығаратын) сөздерінің төркінінен шықты деген пікір орынды . «Көк бөрі» («Ұлы ұлу») бейнесі түркі, қазақ дүниетанымына ежелден сіңген. Көк түріктің анасы Көкбөрі болса қазақ анасын ұмытатын халық емес. Жан-ұрықтардың анасы –Балық, айбарлы түркінің анасы- Бөрі дегенімізді мүшелге кіретін аңдармен қабыстырып көрелік:
1) Тышқан -тірі өліні жеңгенде қаптай қыбырлап, жер бетінде тіршілік барын байқатушы, тіршілік басталғанының хабаршысы. Дәлелді алыстан іздемейін дүние жүзіне танымал «День сурка» -«Суыр күні» деген фильм бар. Режиссері — Гарольд Рэмис. АҚШ халқына «үндістерден» мұраға қалған аңызды желіс еткен картинаны көргендер суырға қатысты мерекенің маңызын түсінген болар. Америкалықтар ақпан айының басында суырдың іннен шыққанын аңдиды. Егер суыр іннен басын шығарып, өз көлеңкесін көріп үріксе қыс ұзақ болады. Ол басын қылтитқанда көлеңке жоқ болып, суыр жайбарақат сыртқа шықса 2 аптадан соң жер беті жібіп, көктем күш ала бастайды деп болжанған. Бұл 30 мыңдай жыл бұрын Алтайдан жаңа жерге мойнақ арқылы барған түркі-«үндістердің» тышқанға қарап «өлі-тірі» күресін болжайтын дәстүрі!
2) отбасын ақпен асыраушы, Зеңгі баба түлігі — сиыр,
3) түркі айбары-барыс,
4) аңшы, саятшы азығы- қоян,
5) киелі Көкбөрі,
6) даналық белгісі, 99 қат Қара-Аспанның әміршісі Майтөренің сиясауытын күзеткен — жылан. Номад ұғымындағы жыланның қадір-қасиетін білу үшін ту жылан уымен адам емдейтін Ұлықпан емші жайлы аңыздарды, «Ер Төстік» ертегісін тағы бір оқып шығуға болады.
7) Қамбар ата түлігі, мінсең көлік, жесең ас -жылқы,
8) Шопан ата түлігі, көшпендінің адал азығы – қой
9) Жан-ұрықтың алтын құрсағы –Балық (Мешін-Үркер)
10) Құс (Тауық тұқымдас саналатын құс көп. Түйетауық, күркетауық, тауыс, т.б. Қазақ соны жалқы түрде атаған. Және де түркі заманында Құс-тотемдер болған)
11) Адамның адал досы, қораңның күзетшісі, жеті қазынаға кіретін –Ит
12) арам мен жиреніш –доңыз…. Бұл ұлттық нанымға да діни ұстанымға да дөп келеді деп ойлаймын. Бабаларымыз өз нәжісіне дейін жалмап қоятын доңызды 12 жылдық мүшелдің барлық жамандығын жиып, өзімен бірге ала кететін ластық символы ретінде енгізуі мүмкін. Нұқ пайғамбардың ласқа толып, бата бастаған кемесін осы талпақтанау тазалады емес пе… Міне, қазақы түсінікке лайық, арам мен адалы тең болды. Қорыта айтқанда мүшелдің ұлттың салт-дәстүр, сенім-нанымымен бірге дамып отырғаны байқалады. Осы жазбаға түрткі болған мешінге оралсақ, алтайлықтар, төлеуіттер, моңғолдар айтатын мешін шоқжұлдызы жайлы аңыз тегін емес. Оның қазақтың Үркері екенін, Үркердің шашыраңқы сәуле шашқан алты және балық құйрығына ұқсас үш жұлдызы көзге алып балықтай көрінетіні, мұның Мұхиттың 7 қызына (суперілері) қатысты көне грек әпсанасымен астарласатыны айтылды… Сол аспандағы алып мақұлық образы түбі түркінің есіне Кер балықты түсіруі мүмкін ғой. Оған Ислам діні әкелген қиссаларды қосыңыз! Содан барып «Әзірбайжан бауырының санағында бар балық қазақтың мүшелінде неге жоқ?» деген сұрақ туындайды! Уикепедияда «Қазақстанның кей өңірлерінде су кенесін мешін деп атайды» деп жазылып тұр. Тамырлас халықтардың біразы «мешін- су құрты» дейді… Мешін деген беймәлім мақұлық туралы аңыз-әпсананың бәрі дерлік судағы тіршілік иесіне алып барады. Осыны електен өткізейік?! Атап өтетін тағы бір мәселе біз мүшелдегі жануарларды қытай жыл санауымен салыстырамыз, шығыс күнтізбесін солардан көшіріп алғанымызға сенімдіміз. Бұл ғылымда да даулы екенін, «қытай империялары түркі күнтізбесін сіңірген!» — деген тағы бір бағыт барын ескермейміз. Қытайлар бір кездері 60 жылдық циклдан есеп жүргізген. Хань кезеңіндегі (б.д.206-220 жылдары) қола шарайналарға салынған мақұлықтардың қазіргі жануарлармен кірікпей қалуына сол себеп. Жыл санауды зерттейтін қытайлық ғалымдардың өздері «Юпитердің 12 жылда Күнді бір мәрте айналып шығатынын ең әуелі көшпенділер білген. Және сол Юпитер жолын жұлдыз есептеу арқылы 30 градустан он екі кезеңге дәл бөліп, әр кезеңді аң-құс атауымен белгілеген» деген ойды жиі айтады. Демек наурызда күн мен түн теңелетінін секундына дейін дәл есептей білген бабаларымыз «Шығыс календарі» аталып жүрген Ұлы жаңалықтың авторы болуы әбден мүмкін! Көшпенділердің аспан әлеміне зерттей білген ғұламалығы жайлы В.Л. Асмопованың «Древний китайский циклический календарь и восточный зодиак» деген еңбегінен де оқуға болады.
Айдаһар-көп құдайдың сарайының қақпасын күзетуші, құдайлар байлығын сақтаушы,т.б. Жолбарыс-Байху- Қытайдың батысын қорғаушы. Маймыл – пұтқа табынушылардың көп құдайының бірі. Қытайлардың өз пірлерін жыл иесі етуі заңдылық делік. Біздікі не жорық? Жат пұттардың орнында Алланың мейіріміне бөленген Кер балық, түркінің рухы Көк бөрі тұрғаны жөн емес пе? Мешіннің маймылдың көлеңкесінде қалуы соңғы бір ғасырда «год объезяныдың» қатты жарнамалануынан болса керек. Сәбет өкіметіне дейін шырша айналып көрмеген қазақты қаптаған маймыл маскасы, мүсін, суреті естен тандырған! Сол әсерден мешін жылы десе көзімізге маймыл елестейді…. Менің ойымша осылай. Сіздер не дейсіздер?
Серік ӘБІКЕН, «Парасат» журналының Бас редакторы.
«Айқын» газеті