Махамбет Наурызбайды неге атпақшы болды?
Сөз жоқ, Кенесары да, Наурызбай да, Исатай да, Махамбет те – заманының зор тұлғалы батырлары. Бірақ кезінде сол бабаларымыздың басы бірікпей кеткендігінің себептері де өз алдына бір тарих. Енді бірден сұраққа көшсек. Сонымен, Махамбет Кенесарының серігі Наурызбайды неліктен атып өлтірмекші болды? Мұның сыры тереңде жатыр, әрине. Бұл хақында Алаш арысы, ғалым, әдебиет үлгілерін жинаушы Халел Досмұхамедұлы былай дейді:
«Қасымұлы Кенесары қазақты орыстан құтқарам деді де, патша үкіметіне, хандарға қарсы болды. Ел соңына ерді. Хан көтеріп, қара қазаққа хан көзімен қарап, ханның саясатын жүргізе бастап еді, көп қазақ соңынан ермеді, қысылған жерде тастап кетті. Кенесарының Кіші жүзге ешбір әсері болмады. Кенесары заманында Кіші жүз хандардан әбден күдер үзіп болған еді. Кенесарыға Кіші жүз ермеді. Қорқытып бағындырамын деп, Кенесары 1843-інші жылы алтын-жаппасты шапты, Көбекұлы Алтыбай биді өртеді, сол жылы Ойыл бойындағы шектіні шапты. Кіші жүзбен жау болып, ақырында тұра алмай, ауып кетті. 1843-інші жылы шектінің назар деген бөліміне Кенесары мынадай әмір жазған: «Біздің адамдарымыздың сендерде қаны бар. Кінәлеріңді мойындарыңа алыңдар, мені хан деп таныңдар, мендік болыңдар, менің сендерге жақын болғым келеді. Құдайдан қорықпай сендер маған қарсы болдыңдар, әруақты сыйламадыңдар. Кінәлеріңді мойныңа алсаңдар, ішіндегі жақсыларың маған келсін. Мен сендерге қайырымды боламын, келмесеңдер, сендерді отыз жыл күтемін де, сендерді отыз жыл аямай шабамын» деп (Добромыслов. Тургайская обл., стр. 357). Кенесары мен Кіші жүздің арасының қандай болғаны осы хаттан-ақ көрініп тұр», — деп жазады Халел Досмұхамедұлы өзінің «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде.
Мына қызыққа қараңыз. «Кенесары-Наурызбай» дастанын алғаш рет ел аузынан жазып алып, баспада алғаш жариялағандардың бiрi – Алаш ардақтыларының сыйласы болған Жүсiпбек Басығарин болған екен! Яғни Кенесары қолы өртеген Алтыбай Көбековтің немересі!..
Бірақ… Бірағы тағы бар. Ол детальдарға да тоқталмай кетпейік. Ж.Басығарин құрастырған «Кенесары-Наурызбай» жырына редактор болған Х.Досмұхамедұлының: «Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» деген дастанының сөзiн дұрыстап, 1897 жылы Әбубәкiр Диваевқа берген Жүсiпбек Басығарұлы екен», — дейтін сөзі бар. Ал Е.Бекмаханов «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында» (1994 ж.) атты зерттеу кiтабында: «Нысанбай жырларының Жүсiпбек Басығарин редакциялап, 1924 жылы жарияланған нұсқасында жыр текстi одан бетер бұрмаланған», — деп ашып жазатыны бар.
Ол мәтін төмендегідей.
«Өңшең бұзық қанiшер,
Қасына ерген қарашы.
Қашқан-бұсқан жиылып,
Қарашы нөкер ел болды.
Ақылы жетпей қырылып,
Ақырында қор болды», – деген сөздердi Ж.Басығарин өз жанынан қосқан.
Бірақ не десек те, Нысанбай жырын Ж.Басығариннiң әдейi бұрмалауына – атасы Алтыбай Көбеков пен Жанғабыл Төлегеновтердiң ауылдарын Кенесары әскерiнiң шабуы себепкер болған деген де шындыққа сәйкесіп тұр. Атасын тiрiдей отқа жағып, туыстарының зорлыққа ұшырағанын кішкентайынан естiп өскен Жүсiпбектiң Кенесарыны қанiшерге теңеуі осыдан болса керек. Бұл сол кездегі әлеуметтік шиеленісу еді, бір төреден зорлық көріп отырған Кіші жүз халқы, екінші төреге қосылуды көздемеген де болар. Бірақ Кенесары Жәңгірлер сияқты орыс патшалығына арқа сүйеген жоқ қой.
1923 жылы аталмыш дастанды баспаға ұсынған Нәзiр Төреқұловтың басқарма атынан жазған алғысөзінде: «Жүсiпбектiң ұлы атасы Алтыбай бидi Кенесарының қолы өлтiрген. Сонымен Жүсiпбек ақын жолынан қия шығып, Нысанбайдың жырын кiрлеген көрiнедi», — дейтіні содан. Яғни Жүсіп Басығарин – Алтыбайұлы Басығараның ұлы, ал Басығара – Алтыбай Көбековтің ұлы. Бірақ біздің ойымызша, Алаш арысының «Кенесары-Наурызбай» жырына жанынан өз шумақтарын қосса да, оны кітап етуі үлкен ерлік. Басқа біреу болса, мүмкін ол дастанды кітап қылмақ түгілі, отқа өртеттірер еді…
Бір жағынан, қазақты орыс отаршылдығынан құтқаруға атсалысқан Кенесарыны түсінуге болады. Өзге төре-сұлтандар қазақты қисапсыз алым-салықпен еміп отырса, оларға одан артық не керек?! Онысын елемей отырған орыс патшасы және бар. Екі жақты бір-біріне айдап салып қана отырған патша саясатын Кенесары түсінбеді деймізсіз, түсінді, бірақ қайталап айтамыз, ал сол кездегі кейбір қазақ жұртына Кенесарының көзсіз ерлігіне еру, орыс отаршылдығына қарсы көтерілу пайдасыз еді. Кенесары осыған шүйлікті, осы үшін ызаланды емес пе, сол үшін қаһар төкті емес пе?! Мұндай жәйттер басқа батырларда жоқ па екен? Болғанда қандай. Мысалы, тарихшы Әнес Сарай «Исатай-Махамбет тарихы» атты кітабында: «Ол (Исатай – ред.) әсіресе, өзін қолдамай, хан (Жәңгірді – ред.) жақтаған Жайық Беріш ағайындарына шүйлікті.
Көтерілісшілер ханның сөзін жақтаушыларға аянбай тиісті. Олар сол қазан айының ішінде старшын Сүйініш Сапақұлын таяққа жығып, старшын Жұмағазы Боярұлыныың үйір жылқысын айдап алады. Сондай-ақ Беріш старшындары Қаракөбен, Айғаниларға шабуыл жасап, Айғаниді өлімші ғып сабап, оның екі сыбайласын тұтқындап, ат сауырына өңгеріп әкетеді. Міне, тергеушілер ел арасына шыққанда, Исатайлардың әрекеті, ел ішінің жағдайы осындай болатын» (193-бет), — деп жазады.
Көрдіңіз бе, көтерілісшілер қатарына қосылмаған қазақтарға Исатай батырдың қылған жауабын? Мұндай фактілерді тере берсек, көптеп келтіре беруге болар, бірақ ол қажетсіз. Мұндай оқиғалар болып тұрған ол кезде. Ал енді жоғарыдағы ең бірінші сұрағымызға келейік.
«Кенесары Ойылдағы елді шапқанда орыс, қазақ аралас көп әскермен Кенесарыға қарсы Баймағамбет төре шығады. Кенесары қашады, Баймағамбет қуады. Бір жерге келгенде, «Кенесарының жіберген елшісімін, Баймағамбетпен сөйлесемін» деп, әскерге жақын Наурызбай төре келеді. Баймағамбет қорқып өзі шыға алмай, біреуді жібереді. Барған адамға Баймағамбетті боқтап-боқтап, кейін қайтсын, қумасын деп Наурызбай сәлем айтады. Байеке ашуланып, атыңдар дейді. Мергендер атуға ыңғайланады. Дегенмен Наурызбайды қимай кідірістейді. Көптің ішінде Исатайдың жолдасы Махамбет батыр бар екен, о да оқталады. Махамбеттің атса оғы бос кетпейтінін білетін қасындағы жолдастары қолынан ұстай алып, «а… батыр, саған не болды, бұлар орысқа қарсы ғой» дейді. Сонда Махамбет: «Тас бауыр төрені қазаққа болысып, орысқа қарсы болады дегенге кісі нанар ма? Ел бұзар екені бетінен-ақ көрініп тұр ғой, мылтығымның тауын қайтардыңдар. Енді атпаймын» дейді. Махамбеттің осы сөзін біреу Баймағамбетке жеткізеді. Махамбеттің өліміне осы сөзі себеп болыпты-мыс деп айтысады», — деп жазады Х.Досмұхамедұлы (Х.Досмұхамедұлы. Еңбектері. І том. «Жан саулығы», Алматы, «Арыс» баспасы, 2017 жыл, 45-бет).
Енді ел аузындағы әңгімеге тоқталсақ. Бір күні Наурызбай қасына жолдастарын ертіп, көп жасаған дана қарт Абызға өзін сынатпаққа келіпті. Сонда Абыз оған: «Ее, Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің, бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа 20-25-тен аспассың, дүниеден арманда қалма!» — деген екен.
Бір жағынан Махамбеттің сөзінің жаны бар, ер Наурызбай шынымен де бет қаратпас батыр да болған, ашуы бетіне шыққан тентек те болған. Ал жалындап тұрған ондай батыр нағыз дауыл мінезді келеді емес пе. Ал хан-төрелерге бас имеген Махамбет мұндай жерде қалай шыдап тұрмақ? Қалайша басынан сөз асырмақ?
Көкбайға айтқан әңгімесінде Абай да Наруызбай жөнінде мінездеме беруші еді ғой. Сонда Абай Көкбайдың дастанындағы кейіпкер Наурызбайды жақтыртпаған делінеді. Нақтырақ айтсақ, Көкбай естелігінде Абай оған: «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю – жақсы өлеңшінің міндеті», — деп, «Абылай-Кенесары» туындысының жазылуына себепші болғаны тілге тиек етіледі. Енді Көкбайдың мына сөзіне жүгінелік. «Абылай мен Кенесарының жорығын аяқтатып барып, енді Наурызбайға көшіп едім, бұған келгенде: «Енеңді ұрайын, ашулы тентек, Кене ханның бағын да осы алып еді. Енді шайыңды іш!» — деп, Наурызбайдың жайын бұл арада тыңдағысы келмеді», — дейді естелік айтушы Көкбай.
Махамбеттің Наурызбайды атпақшы болуына жоғарыдағы айтылған осындай жәйттер себепші болғаны анық.
Бауыржан Берікұлы
Әдебиет порталы