Бүгін ақиық ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл толды. Осыған орай, Jibek Joly телеарнасында арнайы шығарылым ұсынылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Бағдарламаның жүргізушісі Майя Бекбаева ақынның өзі туралы, оның соңғы фотосуреті туралы баяндайды. Саяси қуғын-сүргін салдарынан Мағжан Жұмабаевтың соңғы суреті Владимир Лениннің портретінде сақталған, өйткені ол заманда тіпті тінту кезінде де пролетариат басшысының портретіне ешкім қол тигізбейтін. Jibek joly телеарнасындағы «Наша история» бағдарламасының Мағжан Жұмабаевтың ғұмырына арналған шығарылымы сағат 13:55-те көрсетіледі.
Мағжан Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп Абайдың өлеңдер жинағымен танысып, татар ақын-жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды. 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарған.
1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жариялады. Алғашқысы 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан.
Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған.
1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Мағжан Жұмабаев сөзсіз талантты ақын еді, Брюсов басқарған Мәскеу мәдениет институтында оқыды. Ал Брюсов Мағжанды қазақ Есенині деп атады. Ол алғаш рет қазақ поэзиясына жаңа өлең түрлерін, ақ өлеңді, еркін өлеңді, прозадағы өлеңді енгізді. «Алаш» қозғалысының жетекшілерімен белсенді ынтымақтастықта болды, олардың идеяларын қолдады. Өзі де дала ақсүйектерінің өкілі, ал әкесі белгілі би болған еді. Бұл факторлар идеялық қарсыластардың - билікке келген большевиктердің оны халықтың жауы деп жариялап, атуы үшін жеткілікті болды.
Биыл ақынның мерейтойына арналған жиын ақынның туған жері Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында өтті. Оған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов арнайы барып, Президенттің құттықтау хатын оқып берді. Мереке аясында облыста халықаралық ақындар айтысының финалы, ат спорты мен қазақша күрестен жарыс өтті. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жыл – Мағжан жылы деп жарияланды.
Сондай-ақ, Петропавлда «Мағжан. Жаралы жолбарыс» тарихи телехикаясы түсірілді. Көркем фильм 4 бөлімнен тұрады, әрқайсысы 50 минуттан тұрмақ. Басты рөлді актер Мейірхат Амангелдин сомдаған.