Бірде «АЛСЕКО»-ның операторына бір мәселе бойынша телефон шалдым (22.04.15ж.). «Оператор Татьяна», — деп телефон тұтқасын көтерген азаматшаға сұрақ қойып едім, әлгі оператор: «Вы мне на русском говорите!» — деп талап қойды. «Неге?» — деген сұрағыма «Я не понимаю на казахском!» — деп шорт қайырды.
Сосын оператор Татьянаға өзіміздің қазақи басыңқы дауысқа салып: «Сіз екеуіміз Қазақстанның азаматы бола тұра, Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде сөйлеңіз деп талап қойғаныңыз орынсыз», — деп міңгірлеген болдым. Ол сөзін өтірік жөндеген болып, «қазақтілді» оператордың бос еместігіне сілтеп, тұтқаны тастай салды. Қызық.
«Қазақстан — интернационал ел»
Әлі есімде, бірде асханадан шай ішу үшін орысша мәзірді түсінбей, қазақша жазылған мәзірді сұраймын деп, ұрыс естігенім былай тұрсын, таяқ жеп қала жаздағанмын. Түрінен Әзірбайжаннан Қазақстанға күнін көру үшін келгеніне көп болмағаны көрініп тұрған «администратор» жуан қара қатын орысшалап: «Мен мәзірді қай тілде жазатынымды өзім білемін, ал сендейлерге (!) қазақша керек болса, біздің қызметкерлерді шақыр, олар саған қазақшаға аударып, түсіндіріп береді», — деп ұрыссын. Ол аз болса, менің Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екендігін айтқан сөзім арқылы «ұлтараздық жанжал» тудырғаным үшін КТК арнасын шақырып, жаңалықтардан бергізетінін немесе полиция шақырып, үстімнен қылмыстық іс қозғататынын айтты. Егер маған ол қажет болмаса, қазір шығып кетуім керектігін айтып қорқытып, жәбірледі.
Сыртта шылым шегіп тұрған учаскелік бөлімшенің полиция киіміндегі қазақ «жігіттерінің» (құқығымды қорғаушы) көзінше әлгі «Әзірбайжаннан ауған администраторым»:
«Ей, ұлтшылым, біліп қой, Қазақстан — интернационал ел» — деп айғайлады. Оған да айызы қанбай: «Егер сен Қазақстанда тұратын болсаң, нормальный адам болсаң, орысша білуге, сөйлеуге тиіссің!» — деп жекірді. Ал, керек болса!
Иә, сол жағдайдан кейін, бұдан былай «нормальный» адам екендігімді дәлелдеу үшін орысша үйренуге іштей бекініп мен кеттім…
Содан бері қайдан тамақ ішсем де, аш қалудан, ұлтшыл атанып, «ұлтараздық тудырмау» үшін, қорыққанымнан орысша сөйлесетін болдым. Тым болмағанда, сөзімді сөйлейтін бір қазақ табылмайтынына көзім жетіп, сол қазақ үшін жүйкемді тоздырып нем бар деген тоқтамға келдім.
«Общедоступный тіл»
Қазіргі қазақтың қазақша білмегендіктен орысша сөйлейтінін айту қызық емес, керісінше, өз туған тілін біле тұра қазақша сөйлемеуге тырысатынына қайран қаласың. Егер қазақша сөйлей алмағандықтан орысша таза сөйлесе бір сәрі, қазақша біле тұра быдықтаған орысшасымен құлағыңды сарсытады. Олардан неге әуелі Қазақстанның өз мемлекеттік тілінде тілдеспейтінін сұрасаңыз, олар біздің елде Ресейдің мемлекеттік тілі «общедоступный» тіл екендігін көлденең тартып ақталады.
Бұлар енді кешегі қызыл үкіметтің қып-қызыл шекпенінен шыққандардың ұрпағы ғой, ал Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның ертеңі болып есептелетін жаңа буынның дүниетанымы қалай қалыптасуда екен десеңіз, басқасын айтпағанның өзінде, ойын алаңында ойнап жүрген бүлдіршіндерге дейін өзара орысша былдырлайтынын естисіз.
Қайсыбір күні қаладағы орта мектептердің біріне әлдебір шаруамен бас сұққан едім, шуылдаған балалардың кез келгені орысша шүлдір-шүлдір етеді. Бүлдіршіндей сәбилерді алып кетуге келіп тұрған әжелері, апалары, ата-аналары — барлығы да жаппай орысша сөйлейді. Тым болмағанда кейбір әже-аталар немересімен қазақша тілдесетін болар деп құлақ түріп қоямын, жоқ, қазақша сөз естілмейді.
Ал енді дүкен ішіне кірсеңіз, самсаған тауарлар мен жан-жағыңнан мыжырайған, маймиған «қазақи» орысшаларға да тоясыз. Мен де сатушы «Санямен» қоймай-қоймай қазақша сөйлесемін, ол сіңліміз болса, айналадағы «орекеңдерге» жалтақ-жалтақ қарап қойып, «общедоступный» тілмен қоймай-қоймай орысшалап жауап береді дегендей.
«Я не казашка!»
О заманда, бұ заман, қазақтың өз тілінен ғана емес, өз ұлтынан да безгені тіптен ғажап екен. Қайда барсаң да, алдыңнан шығатын қысық көз, тәмпіш танау кәдімгі монголоид типтес қазақтың бүлдіршіндей қыздарының аузынан қазақша бір ауыз сөз ести алмай зар боласыз. Есесіне, бірде қазақша айтуын сұраған өтінішіме кәдімгі қазақтың тәмпіш танау қызы «Я не казашка» деп жауап қайырсын! Жұрт секілді тып-тыныш жүре бермей, өзімнің де естиін дегенім сол шығар деп, тұрған жерімде қақшиып қаттым да қалдым.
Бір фильмде сарай ғұламасының айтқан пікірі есімде қалыпты: «Арабтың асын ішіп, киімін киіп, жерінде өмір сүрген араб емес, кім арабша сөйлеп, арабтың дәстүрін ұстанса, сол араб». Демек, Қазақстандағы 68 пайыз қазақтың қанша пайызы өтірік қазақ болып шығады екен, ә, сонда?
Енді, сөз соңында, «бәрін айт та, бірін айтқа» көшсек, осы қазақтілді қазақтардың өзінің тілдік стилистикасына да назар аударып көрелікші бір сәт. Мысалы, сіз бен бізге үйреншікті күнделікті сәлемдесуден басталық:
— Привет, қалайсың?
— Нормально.
— Настроение қалай?
— Пойдет.
— Не істеп жатырсың?
— Просто, ештеңе.
Осылай басталған әңгіменің соңы да мынадай үйреншікті тіркестермен аяқталады:
— Ладно, пока!
— Давай!
Мінекей, сіз бен біз өмір сүріп отырған қазіргі қазақ қоғамындағы мемлекеттік тілдің күйі де, ол тілдің Конституциялық құқын қорғаймын дегендердің көрері де осы. Ал мен болсам, қайдағы бір «Әзірбайжаннан келген администратор» мен «оператор Татьянаға» ренжіп әлекпін…
…Тағы да айта беруге болушы еді, бірақ «зачем» бір жартасқа айта-қайта барып бір сөзді қайта-қайта айғайлап айта беру? «Ладно».
Ақтұйғын Алтай
«Қазақстан-ZAMAN»