Заң қызметкері әрі композитор Исламхан Байгисиевпен сұхбат
Өмірде адамды таң-тамаша қалдыратын тосын құбылыстар да болып тұрады. Мәселен бір-біріне мүлдем кереғар құбылыстар қатарында саналатын физика мен лириканың үндестігін бүгінде екінің бірі, егіздің сыңары біледі. Есімі төрткүл дүниеге танымал физик Альберт Эйнштейн әлем поэзиясының жанкүйер оқырманы ғана емес, жанашыр білгірі де болған екен. Москвадағы Ильичтің музей үйінде Тютчевтің лирикалық жинағы сақтаулы тұр. Тіпті бар ғой, өлең жазатын атомшы ақындарды да білеміз...
Ал юриспруденция мен поэзияның арасында қандай дәнекер бар?! Мұны екінің бірі айта алмаса керек. Дегенмен, бұлардың арасында да байланыс бар болып шықты.
Әсем әуендерін республикалық эфирден талай мәрте естіп, сырттай тәнті болып жүрген композиторларымыздың бірі Ислам Байгисиев юрист болып шықты. Мәссаған, бұған не айтарсың?!
– Исеке, шынымды айтсам Сіздің заң қызметкері екеніңізді жаңа ғана есітіп отырмын. Жарықтық Муза құсы пенде баласының басына қонарда оның анкетасына қарап, жөн-жосығын сұрап жатпайды екен-ау...
– Бәлкім, солай да шығар. Менің білетінім, өнер халықтікі ғой. Қаршадайымнан қазақ ауылында өсіп, халқымыздың қасиетті ән-жырына сусындап өстік. Кіндік қаным тамған жер – Жамбыл облысының Шу өңірі. Бұл өлке әсем ән мен күмбір күйдің аймағы десем асыра айтқандық болмас. Тоғыз жолдың торабы болып, цивилизация керуені республикамыздың басқа облыстарынан гөрі осы атырапқа ентелеп, ертелеу келгенімен мұндағы тұрғылықты ел қазақтың атамзаманғы ұлттық ұлағатын, өркенді өнерін әлі де мықтап ұстап отыр. Мұны мен орынды түрде мақтан етемін.
Менің замандастарым теледидардағы сөз сайысына таңырқай тамсанып, тамашаға кенеліп жатқанда мен ұлттық өнерімізді экзотикаға айналдырып алған қызба қауымға үрке қарағанмын. Неге дейсіз ғой? Көзімді ашып көргенім – той-томалақтағы сөз сайысы. Біздің елде екінің бірі қолына домбыра алып айтысқа түсіп кетеді.
Қазақ сөз қадірін білетін халық қой, шіркін! Суырып салып айтыса кететін араб бәдәуилері мен қазақ, қырғыз халықтарына ғана тән өнер екен. Бұған әлемнің басқа халықтары тамсана да, таңырқай қарайды. Қанымызға сіңген киелі қасиетті арзан экзотикаға қор қылмайықшы, осы!
Құлағымызға жастайымыздан сіңген жыраулық өнер ше? Ақтанберді, Шалкиіз, Асан қайғы, Бұқар жыраулар үшін даланың ұлы философтары ғой! Енді соған Құрманғазының құландай асау күйлері мен Тәттімбеттің сырлы шертпе күйлері қосылғанда қайда сиярыңды білмейсің. Бұл сыйқыр сезімді сөзбен жеткізу қиын.
Менімше, дала перзенті болған соң ән салмай, сұлулыққа тамсанбай тұра алмайсың. Кім білсін, қазақтың әрбір қарадомалақ баласының басында өнер шалығы, өлең шалығы болатыны содан шығар...
– Айтпақшы, алғашқы әніңіз қалай туды?
– Алғаш, Жамбыл облысы Шу ауданының Новотройцкое селосындағы (қазір Төлеби ауылы) сегіз жылдық мектеп-интернатында, кейін, 9-10-кластарды, Қазақ орта мектебінде оқыдым...
Мектеп-интернатта оқып жүрген кезде, жергілікті әуесқой композитор Серік Әденовтың әндеріне ғана емес, әдемі көгілдір түсті баянына да қызығушы едім.
Жоғарғы кластарда әйгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев ағамызға еліктедік...
Тоғызыншы класта оқып жүрген кезде, әндерін айтып жүрген («Жазылбекшілер маршы», «Ақ қанат қарлығаштар», т.б.) композитор Мэлс Өзбековпен кездесу болды. Алғаш «тірі» композиторды көріп, жаңа әндерін тыңдап, кештен жақсы әсер алдым. Сол кештің, сол кездесудің әсері шығар, алғаш рет ән шығару туралы ой келді...
Сол 1967 жылы мектеп сахнасында менің «Аққулар» әнімді кластасым Әли екеуміз орындап, ертеңіне «жұлдыз» болып шыға келдік...
1970 жыл болуы керек, ән «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Тек әннің мен жазған сөзін ақын Сабырхан Асанов қайта жазыпты. Кейінірек «Аққулар» Қазақ радиосынан Нұрғали Нүсіпжанов пен Жұмат Махамбетовтердің орындауында көпке тарады. Бұл жолы ән ақын Төлеш Шаханов жазған текстпен орындалды...
Содан, алғашқы музыкалық сауат жоқтығынан, жеті жылдық бастауыш музыка мектебінің куәлігінсіз Консерватория қабылдамайтын болып, композитор боламын деген арман тек арман болып қала берді.
– Апыр-ай, сонда бар болғны 17 жастағы түбіт мұрт бозбала кезіңіз екен-ау...
– Бұл ән атымды сонша аспандатар деп ойлаппын ба ол кезде?! Дегенмен, кеудемде балаң мақтаныш сезімі ала тайдай асыр салғаны шындық еді. Оны жасыра алмаймын. Бүгінде бұл әнді бірқатар танымал әншілеріміз орындап жүр.
– Иә, «Аққулар» қолтаңбасы қалыптасқан композитордың әні секілді...
– Осы әннің авторы мен едім дегенде күдіктене қарағандар да болды. Ән адамның жүрегінде әлдилеп жүргенде өзінікі де, сыртқа шығып кеткен соң елдің қазынасы ғой. Оның сыншысы да, иесі де ел болмақ.
Өз басым кеудемдегі күмбірлеген әуеннің бәрін әнге айналдырып, жұртқа ұсына бермеймін. Менің ойымша, өнер деген киелі шаңыраққа адам баласы аяқ киімін шешіп, жалаң-аяқ кіруге тиіс. Өзің де ұйқасқанның бәрі өлең емес екенін жақсы білесің ғой, сол сияқты әуеннің бәрі ән бола бермейді. Өнердің түбіне жететін – жасандылық. Осыны есте сақтай бермейтініміз өкінішті-ақ.
Ән менің күнкөрісім емес, махаббатым! Қазір әуесқой композиторлар арасында да халық әнін сүйсіне айтатын дарын иелері баршылық.
Қазір әуенсіз әндер көбейіп кетті, сөздері де сын көтермейді. Ұлттық ән-күйдің дәстүрінен қол үзген жерде шынайы өнер туындысы дүниеге келмейді. Бұған өз басым сенімдімін.
– Жастарымыздың Батыстың даңғаза шуына ессіз табынып, есіре еліктеуіне қарсы қандай қайран бар деп ойлайсыз?
– Өнерде өз өрнегін сақтамаған елдің көсегесі көгермейтінін түсінетін уақыт жетті. Әдебиет пен өнердің ұлттық келбеті мен колориті деген ұғым көктен түскен жоқ. Бұл – халықтың шежіресі.
Біздің бүкіл өнеріміз ұлттық өнерден бастау алуға тиіс деп ойлаймын. Сонау отызыншы жылдары Совет Одағының өнер сүйер қауымын тамсандырған ұлттық операларымыз «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» секілді кесек туындылардың шоқтығын көтеріп, абыройын асырған, халық әуендері.
– Бәсе, Сіздің әндеріңізден дала әуені молдау естілу сырын енді түсінгендеймін...
– Композиторлардың ішінен алабөтен айтатыным – Шәмші Қалдаяқов. Бала кезімізден Шәмші ағамыздың әуендеріне тербеліп, еміреніп өскен ұрпақпыз. Шәмшінің әні – бүкіл бір ұрпақтың өмірбаяны. Оны естігенде өз басым балалық шағыма саяхат жасап қайтқандай соншалықты ғажап бір рухани ләззат аламын.
Сөз реті келгенде көңілімде жүрген бір ойды «Қарағанды жастарының» оқырмандарымен бөлісе кетейінші. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да аты танымал осы аяулы Шәмші ағамыз СССР Композиторлар Одағының мүшесі емес көрінеді. Сонда ол да әуесқой композитор санатында болғаны ма? Айтудың өзі ұят. Қалай болғанда да Шәмші Қалдаяқов ағамыздың шын бағасын бере алмай жүргеніміз ақиқат...
– Өз өнеріңіз жайлы өз пікіріңізді де білгім келіп отырғаны...
– Бұл сауалға жауап бере алмаспын. Азды-көпті өнерімнің бағасын беретін халық қой. Мен не айтамын...
Өзімді танымал композитормын деп ойламаймын. Мен тек әнді сүйемін.Мен тек әнге ғашықпын. Жаныммен, жүрегіммен ғашықпын ән-әуеге. Бар болғаны осы ғана. Әнге деген махаббатым әуендерге бастай береді.
Өлеңді таңдап оқимын, Табынатыным Абай, Мұқағали, Фариза. Поэзия әлемін кезіп, одан рахат алу бақыты екінің бірінің еншісіне жазылмаған. Прозадан көрі поэзияның оқырманының аз болатыны содан шығар, бәлкім...
– Ал жергілікті ақындардан кімнің қолтаңбасы жаныңызға жақынырақ?
– Қарағандылық қаламгерлердің ішінде ақын Оңайгүл Тұржановамен жиі араласып тұрамыз. Оның сөзіне жазылған «Қос жұлдыз» деген әнімді «Адырна» ансамбілінің әншісі Мадина Ералиева айтып жүр. «Жоғалтып алма мені» деген жаңа әнімді әлі ешкімге ұсына қойған жоқпын.
Қарағандылықтар демекші, біздің осы қаламыз республикадағы екінші үлкен қала ғой. Екінші университет те осында. Бірақ, осы қаламызды республикадағы екінші мәдени Орталыққа айналдыра алмай жатқанымыз өкінішті!
Өнер болған соң оның ортасы да болғаны ләзім Қарағандыда сондай орта неге құрмасқа?! Бізде ақындар мен жазушылар да, әншілер мен композиторлар да, суретшілер мен мүсіншілер де баршылық. Басымызды біріктіретін ешкім табылмай тұр-ау, шамасы...
– Исеке, әңгімемізді физиктер мен лириктердің рухани туыстығынан өрбіткен едік. Енді осы тақырыпта, тереңдетіп, ой толғасақ қайтеді? Сізді өнер адамдарына өгей балаша қарау психологиясы толғандырмай ма?
– Әрине! Бір кезде мен қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы драма театры жанынан екі жылдық курсты тәмамдап, сахнада да бағымды сынап көрген адаммын. Мұхаңның «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Кебектің рөлін сахнаға шығардым. Қазір кейбір артист ағайындар менің де солардай артист болмағаныма таңырқай қарайтын секілді. Оған несіне таңғалады? АҚШ-ты басқарған президент Рейган да артист болған адам ғой.
Қоғамымыз қазір әкімшілік-әміршілдік системадан праволық мемлекетке қарай келе жатыр. Өзіміз өнерге жақын жүргендіктен праволық мемлекеттегі өнер мәселесі бізді қатты толғандырады. Орыстың талантты ақыны Борис Слуцкий өзінің бір өлеңінде:
Что-то в физике в почете,
Что-то лирики в загоне, – деп жазғаны бар.
Материалдық дүние мен рухани дүние арасындағы осынау кереғарлықтың жойылар күні бар ма екен?
Ақынның осы өлеңінде бізді ойландыратын жайлар бар.
– Осы арада айтар ойыңызды нақтырақ білдіре кеткеніңіз артық болмас еді...
– Несі бар, айтуға болады. Ақындармен салыстырғанда физиктердің ерекше құрметте екені жасырын емес. Өйткені, олар бүгінгі біз тіршілік етіп отырған қоғам үшін ауадай қажет «игіліктерді» жасайды. Космодром, полигон...
Бірақ, белгілі физиктердің бәрі құрмет иесі болған деуге тағы болмайды. Атақты академик Андрей Сахаровты алайық. «Ел ішінде атом бомбасын жарма, Ауғанстаннан әскерді әкет!» деп айтуы мұң еді, оны да Горький қаласына жер аударып жіберген жоқ па?
– Сөзіңіз аузыңызда, Сахаров физик қана емес, ақын да еді ғой!
– Дұрыс айтасыз, солай екені рас. Менімше физиктер мен лириктер проблемасы шынайы праволық мемлекетте ғана толық шешімін таба алады. Ондай қоғамда Сәкен сынды сұңқар ақынды жазықсыздан жазықсыз итке талатып, Шәкәрім сынды шынарды «халық жауы» деп балағаттай алмайсың.
Жиырмасыншы ғасырдың соңы материялдық дүние мен рухани дүниенің өліарасындай елестейді маған. Қайта құру мен үшін рух революциясы.
Бізге физиктерді ғана құдайдай құрметтеп, лириктерді қуғынға салатын қоғам керек емес. Мағжан тірілді! Шәкәрім еліне қайта оралды. Мен заң қызметкері ретінде де, өнер адамы ретінде де қайта құрудың революциялық күш-қуатына қалтқысыз сенемін.
«Құстың ұшу үшін жаралғаны секілді, адам баласы да бақыт үшін туған» деген қағида сөзде қаншама астарлы да терең мән-мағына жатыр десеңші! Өнерімізбен де, азаматтық тыныс-тіршілігімізбен де туған елге қызмет етіп, соның бір керегіне жарасақ, азамат үшін одан артық мәртебе, одан артық бақыт бар ма екен?
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін мың алғыс! Шабытыңыз кемерінен асып төгіліп, шалқи берсін деген тілек айтамын.
– Өзіңе де рахмет бауырым! Осындай ашық әңгімеден соң жан сарайым жадырап, бір серпіліп қаламын.
...Сол күні мұндай сезімді өзім де бастан кешірдім. Шынында да өнер адамдары үшін мұндай бүкпесіз сырласу керек-ақ. Мәдени ортаны осындайда аңсайсың. Ал композитор Ислам Байгисиев сияқты кеудесі әсем әуенге толы азаматтарымыз осындай ортаны сағына іздейді. Өзім де соның бірімін...
Серік Ақсұңқарұлы,
ақын, ҚР Жазушылар
Одағының мүшесі
«Қарағанды жастары» газеті,
1990 жыл, 16 наурыз