Ислам Жеменей – әдебиетші, тарихшы ғалым
1989 жылы қиыншылықтармен Қазақстанда тұңғыш рет Шығыстану факультеті ашылды. Ол кезде мұндай мәселелерді тек Мәскеу ғана шешетін. Бірақ ол бұл іске оң қабақ таныта қоймады. Әйтсе де оның алдында филология факультетінің жанынан 1977 жылы араб тілі бөлімін ұйымдастырғанмын. Содан 7 жылдан кейін (1984) шығыс филологиясы кафедрасы, одан 5 жылдан соң (1989) араб бөлімі негізінде жоғарыда айтылғандай жеке шығыстану факультетін ашуға қол жеткіздім.12 жыл ішінде біраз тәжірибе жинадық. Оқулықтар жаздық. Оқытушылар құрамы да бірте-бірте Ленинград, Ташкент, Душанбе түлектерімен толыға түсті.
Жаңа факультетте араб бөлімінен басқа парсы тілі мен әдебиеті де болғанын жөн санадық. Әйтсе де бұл сала бойынша ұстаздар табу оңай болған жоқ. Бұл ретте мен факультет деканы ретінде қайсы бөлім болмасын, оған сол тіл маманының жетекшілік еткенін жөн көрдім. Сөйтіп жүргенде, бірде Қазақстанға Теһран университетін бітірген, Иран қазағы Ислам Жеменей деген жігіттің келіп кеткенін естідім. Ал кеп іздейін. Бір кісі оның қазір Стамбұлда тұратынын, сонда білім жетілдіріп жүргенін айтты. Ол кез әлі Совет одағының тарамаған шағы. Сол себепті университет атынан Түркиядағы КСРО елшілігіне Ислам Жеменей деген азаматты іздестіріп, тауып, мүмкіндігінше Алматыға келуіне ықпал етуді сұрап хат жолдадым. Келе қалса деп жатақханадан орын да дайындатып қойдым. Ол кезде С.М. Киров атындағы ҚазМу-дың Ректоры профессор Мейірхан Әбілдин еді.
1990 жылдың тамыз айы. Бірде бір жігіт есік қақты. Ол мен көптен күткен Ислам Жеменей екен. Ислам сол жылы Алматыда тұғыш рет респулика көлемінде өтіп жатқан «Айтыс» додасына өзге де шетелдік қазақтармен бірге қонақ болып қатысқан. Ол менің жіберген шақыруымнан да хабардар екенін мәлімдеді. Исламның Иранда парсы тілі, парсы әдебиеті, логика, психологика және ислам философиясынан дәріс бере жүріп ысылған тәжірибелі маман және білікті педагог екенін әңгіме барысында аңғардым. Ол шынында да өз жұмысына адал және білікті жан екенін соңыра дәлелдеп те шықты. Ол кезде Ислам шашына ақ түсе бастағанымен, қырыққа да жете қоймапты. Ініміз жылы жүзді, мейірімді, инабатты жан боп шықты. Біраз әңгімелестік. Иранда туылыпты. Мені қуантқаны оның парсы тілін ана тіліндей білетіндігі. Иранда жүріп, қазақ жастары ана тілін ұмытып кетпесін деген ниетпен сондағы жастарға басшылық етіп, «Қазақ мәдени қоғамын» құрып, Қазақстандағы «Отан қоғамымен» байланыса отырып, төте жазуда шығатын «Біздің Отан» газеті мен қазақша кітаптар, қазақ әндерінің күй таспаларын алып тұрған. Сондай-ақ қазақ тілін үйрету мақсатында «Қазақ әліппесі» атты парсыша-қазақша шағын кітапша да дайындапты. Қазақ ақын-жазушылары, ғалымдарының бірнешеуін танитын да болып шықты. Байқағаным Исламның қазақ зиялыларының әр қайсысымен танысуының өзі бір қызық әңгіме.
Сонымен Ислам елге келіп, парсы тілінен сабақ беруге келісті. Бұл шешім оның өмірінде үлкен өзгерістерге жол ашты. Өйткені ол жылдары азат елдер саналатын мемлекеттер Кеңес Одағына коммунистік режим болғаны үшін оң көзбен қарамайтын. Ислам Стамбұлға бірнеше күнге барып, қайта оралуға уәде берді. Солай болды да. Санаулы күндерден кейін ол Стамбұлға Ташкент әуе жолы арқылы барып, Ташкенттен Шымкент арқылы Алматыға пойызбен келетінін хабарлады. Алматының 2 темір жол вокзалында Исламды қарсы алдық. Сол күні ректордың қабылдауында болып, келісілген шаруа іске асты. Ислам 15-ші жатақхананың жетінші қабатында жабдықталған екі бөлмеге орналасты. Сол күні тарихи отанына келгенін сезсін деген ниетпен, ерулікке шақырып қонақ еттім. Ертеңіне Ислам парсы тілінің өзге мұғалімдерімен танысып, ортақ тіл табысып, өз ісіне құлшына кірісті.
Сөйтіп, 1990 жылдың қыркүйегінің басында Ислам Жеменей ата жұртында жаңа өмірге аяқ басты, қазақтың талай шаңырағына құт қонақ болып, туған халқымен қауышып, жылдар бойы бойына сіңірген елге деген сағынышын қазірге дейін шашулатып келеді. Ең бастысы, оның халқына деген сүйіспеншілігі һәм жан-жақты білімі дәрісханалар аудиториясында қалып қоймай, қазақтың рухани-мәдени кеңістігіне қанат жайды.
Айта кетер бір жайт, Қазақстан 1991 жылдың 17 желтоқсанында тәуелсіздігін жарияламай жатып, Еліміздің тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев сол жылы 28 қыркүйекте кезекті бір ресми сапарын Түркияға арнағанда Ислам Нұрекеңмен Стамбұлда қазақ диаспорасының өзге де өкілдерімен бірге кездескен. Иран мен Ауғаныстан қазақтарының өкілі ретінде сөз сөйлеп, сандаған қазақтың елге оралуына септігі тиген қайраткер екенін байқатты. Сондай-ақ Стамбұлда тұрған жылдары ол түрік еліне жолы түскен қазақ зиялыларына да үнемі бауырмалдық танытып, көмектесіп отырған.
Сөйтіп Ислам парсы тілін шәкірттерге құлшына үйрете бастады, Студенттер дән риза. Бір жақсы жері Исламның мінезі жайдары, кез-келген кісімен тіл табыса біледі. Сондықтан болар шығыстану факультетіне көрші филология факультетінің аға буын әйгілі ұстаздары профессор Зейнолла Қабдолов, Тұрсын Кәкішұлы, Жұмат Тілеп секілді ағалары Исламға қамқор көзбен қарап жүрді. Бір қызығы Исламның қоғамдық өрісі өте ауқымды болды. Танитындарының бәрін тәптіштеп айтпағанның өзінде, елге белгілі Мекемтас Мырзахметұлы сынды т.б. ұстаздармен жақын болуы, оның келешекте ағартушылық пен ғылым жолында тұрақтап қалуына әсері етті. Бірте-бірте Исламның Алматыда достары да көбейе бастады.
Ислам парсы тілінен басқа түрік және шағатай тілдерінен де хабары бар-ды. Сондықтан Иран және Түркия Қазақстанмен мәдени-экономикалық қарым-қатынас жасаған бастапқы жылдары әжептәуір еңбек сіңірді. Оған дәлел –аталмыш жұрттарға қазақтың талай зиялыларының сапар шегуіне мұрындық болып, олардың саяхатын, ал жастардың оқуға баруларын ұйымдастырды. Түрік тілін үйрету курстарын, алғашқы болып, “Білім қоғамын” да ашты. Сөйтіп ол біздің олжамызға айналды. Ұмытпасам 1992 жылы Қазақстан зиялыларынан құралған, құрамында Қалтай Мұхаммеджанов, Фариза Оңғарсынова және басқалар да бар топ құрып Теһранға сапарымызды ұйымдастырды.
Ол бастапқы жылдары парсы тілін үйретуды тек қана аудиторияда шектемей парсы тіліне қатысты көп еңбек жасады. Атап айтар болсақ:
1.Фариза Оңғарсынованың “Ақ Желкен” журналында «парсы тілін үйренейік» айдарымен мақалалар жариялады. Осы тұста Ислам Фариза туралы: «Фариза менің ұстазым, жанашыр апам. Өйткені мені қазақша жазуға жетілдіріп, қалыптасуыма үлкен еңбек сіңірді. Мені жазуға жігерлендірді. Ғажап таланттысың деп мені рухтандыратын», - деп еске алады.
2.Парсыша-қазақша және қазақша-парсыша сөздік. Алматы, “Санат”, 1994,368 бет.
3.Қазақ-Иран мәдени байланыстарының өткені мен болашағы: қазақтардың Иранға ауып баруының 70 жылдығына орай өткізілген халықаралық семинар материалдары. Алматы 2001, 164 бет. (Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми зерттеу институты).
4.Парсыша-қазақша сөздік. Алматы, “Зерде”, 2003, 448 бет.
5.Қазақша-парсыша сөздік. Алматы, “Зерде”, 2007, 224 бет.
6.Қазақша-парсыша тілашар. Алматы, “Зерде”, 2007, 136 бет.
Аталған сөздіктер мен тілашар қазірге дейін парсы тілінің студенттері және Ауғаныстаннан келіп біздің ел қамқорлығымен жоғары оқу орындарында оқып жатқан жастарға оқу құралы ретінде қолданылып келеді. Сонымен бірге Тіл білімі институтының ғалымдары да Исламның сөздіктерін негізгі әдебиет-тіл құралы деп бағалауда.
Сөздік жазу, құрастыру машақат та қиын іс. Ол үшін өз ана тіліңмен қатар екінші тілді де жақсы білуің, әрі үлкен тәжірибең болуы шарт. Сөздік тек қана филологтар ғана емес, сондай-ақ жалпы жұртқа да өте қажет. Өз басым араб тілінің маманы, ұстазы болғандықтан «Араб-орыс тілі сөздігін» күн сайын пайдаланамын. Мен ғана емес, қателеспесем көптеген ұлт өкілдерінің де тіліне, ұлтына қарамастан қажет кезде оған үңілетіні күмәнсіз. Х.К. Барановтың (1892-1980) аталмыш сөздігі алғаш өткен ғасырдың 40-жылдары жарық көрген. Әйтсе де бұл істі ол кісінің бұдан 100 жылдай бұрын қолға алғаны белгілі. Онымен ол өле-өлгенше айналысты. Мұндай тауқыметті жұмыстың ауырлығын көзі қарақты әрбір жан жақсы білсе керек.
Содан бері Х.К. Барановтың сөздігі бірнеше рет толықтырылып басылып отырды. Автор дүниеден өткелі қанша жыл. Дей тұрғанмен аталмыш сөздікті қолына алған, оған мұқтаж әрбір жан араб тілінің осы бір керемет білгірін әрдайым ризашылықпен еске алады. Осы сөздігі арқылы ол бұрынғы Кеңес Одағы, қазіргі ТМД жұрты шығыстануының тарихында қалды. Сол секілді «Парсыша-қазақша сөздікті» дүниеге әкелген Ислам Жеменейге де халқымыз дән риза. Ол болмаса, мұндай сөздік жазу әлі де ұзаққа созылар ма еді, қайтер еді.
Өскелең де жасампаз қазақ еліне дәл осындай «Хинди-Қазақ», «Ауған-Қазақ», «Түрік-Қазақ», «Урду-Қазақ», «Малай-Қазақ» секілді т.б. сөздіктер қажет-ақ. Оларды жазу үшін де Ислам секілді білікті де білгір азамат өте керек.
Ғалым інімізбен оның көпшіл және қайраткерлік, отаншылдық, ұлтын сүйетін мінезі бізді күн, жыл өткен сайын жақындастыра түсті. Сол себепті онымен күні бүгінге дейін әріптестік шекарадан өтіп, қарым-қатынасымыз жалғасын тауып келеді. Ол сұраушылардың өтінішімен ҚазМУ-ден ауысса да шығыстану факультетіндегі шәкірттерінен қол үзген жоқ. 1992 жылы Иранға арнайы барып ҚазМУ мен Теһран университеттері арасында ынтымақтастық жайлы шарт жасастық. Сол себепті де ол студенттеріміздің сол елде біліктілік арттыруына да көмек көрсетті.
Ислам қажет деген, шақырған жерге жатсынбай қызмет етуге әрдайым дайын жан. Сол себепті 1996 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А. Йасауи атындағы университетке аттанды. Ол кезде университет ректоры академик Мұрат Жұрынұлы болатын. Ислам сол ортаға бейімделіп, дәрісін бере жүріп, жастармен жақын араласып, шәкірттер тәрбиелеп, ғылыми орталықта профессор Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен ғылыми еңбектер жазды. “Хафиз және қазақ әдебиеті” атты кандидаттық дисертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл сопылық әдебиет жайында жазылған еңбек-тін. Ол Исламның ізбасарларына да жол ашты. Одан соң ҚазМУ-дің шығыстану факультеті парсы тілі бөлімінің түлектері Ғалия Қамбарбекова «Қазақ әдебиетіне Хафиз шығармаларының әсері» және Болатбек Батырхан “Шаһнама және қазақ әдебиеті” атты дисертациялары Теһран университетінде қорғалды. Сондай-ақ “Абай және Иран әдебиеті” сынды жұмыстар да дүниеге келді. Ислам “Хафиз – Шәкәрім рухани үндестігі” атты зерттеуін жариялады.
1.Хафиз және қазақ әдебиеті (оқу құралы). Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, Алматы 2000, 122 бет.
2.Хафиз–Шәкәрім рухани үндестігі. Алматы “Даналық мәйегі”, 2008, 148 бет.
3.Түркі халықтары әдебиетінің тарихы. Түркістан, ХҚТУ баспаханасы, 2005, 226 бет. Оқу құралы (М.Мырзахметұлы, М.Акар, И.Жеменей, Ә.Дәулетхан, Д.Қыдырәлі).
4.Түркі халықтары әдебиетінің тарихы. Түркістан, ХҚТУ баспаханасы, 2005, 250 бет. Хрестоматия (М.Мырзахметұлы, М.Акар, И.Жеменей, Ә.Дәулетхан, Д.Қыдырәлі).
1996-2000 жылдар аралығында Түркістанда Ислам осылай елеулі еңбектерімен көзге түсті. Кейін Тараз университеті бірнеше жоғары оқу орындары негізінде бірігіп үлкен оқу орнына айналып, оған Мұхаммед Хайдар Дулатидың аты берілген соң, онда М.Х. Дулатидың өмірі мен шығармашылығын зерттейтін ғылыми-зерттеу орталық құрылды. Оған М.Мырзахметұлы мен И.Жеменей жетекшілік етті. Оның өркендей дамуына оқу орнына ректор болып келген Уәлихан Бышімбаев қол ұшын беруге аянған жоқ.
Ислам Жеменейдің 2000-2007 жылдары Тараз қаласындағы сіңірген еңбегі ерен. Жоғарыда аталған парсыша-қазақша сөздіктермен бірге көптеген зерттеу жұмыстарына осы өзі сүйген көне шаһар Таразда ден қойды. Өйткені ол: «Тараз- тұрғындарымен рухым қайнасқан сүйікті қалам. Онда жақсы достар таптым және ол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтың маған ілтипатпен қарайтынын байқадым» деп еске алады. Таразда ол “Тарих-и-Рашидидің” парсы тілінен аудармасын жасауды және зерттеуді қолға алды. Ислам Жеменейдің: “Тарих-и-Рашиди” аса терең таным мен білімділікті талап ететін туынды. Оның тереңіне сүңги білу үшін қасиетті Құран, ислам тарихы, ислам философиясы, ортағасырлық түркі тарихы мен әдебиеті, парсы тарихы мен әдебиеті, парсы һәм түркі мен араб тілі, ортағасырлық араб графикасы, шығыс психологиясының шығыстық құндылықтарынан хабардар болуы керек»,- деген тұжырымы өте орынды айтылған. Ислам жан-жақты біліктігімен “Тарих-и-Рашидиді” ана тілімізге аударып, зерттеп отандық шығыстану іліміне айтарлықтай жол салып, зерделеуге күні бүгінге дейінелеулі үлес қосып келеді.
Исламның ағартушылық, ғылыми зерттеушілік жолы, оның осындай күрделі шығармаға келгендігіне негіз. Ол жылдар бойы Иранда парсы тілі, парсы әдебиеті, логика, психологика және ислам философиясынан дәріс берумен қатар, өзі де әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, өзбек және қазіргі түріктілдерін үйренді. Кейін жоғарыда айтылғандай Түркияда ортағасырлық осман және шағатай мәтіндерінің сол кезеңдегі графикасы және тіл ерекшелігімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Түркі тарихын, тілін үйренуге құлшына кірісуі оның алдын-ала дайындығы деуге болады.
Ислам атамекеніне саналы түрде дайындықпен келді. Елге оралған соң қазақ дүниесімен танысуда зиялылармен көп әңгімелесті.Түрлі тарихи-әдеби кітаптар мен басылым беттерінде жарық көрген жазбаларды оқып отырды. Жазуда, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге де бейімділігін байқатты. Өзі де мәнді дүниелер жаза бастады. Бірте-бірте Исламның қаламы төселді. Ислам мақалалар жазу, аударма және зерттеу жұмыстарына бел шеше кірісті. Бұған қазақ-парсы тілдерінде жарияланған мақалалары куә. Оның әр жылдары “Иран тарихы”, “Тарих-и-Рашиди”, “Көркем сөз өнері” атты аудармасы жарық көрді. Сонымен қатар 2007 жылы «Мұхаммед Хайдар Дулат – әдебиетші» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, оны Алматыдағы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сәтті қорғап шықты. Ғылыми кеңесшілері профессорлар Әбсаттар Дербісәлі, Мекемтас Мырзахметұлы. Сондай-ақ ол Тараз қаласының 2000 жылдық мерей тойына да атсалысты. Тараз туралы көптеген парсы тіліндегі әдебиеттерді тәржімалап, зерттеп жария етті. Сонымен қатар мен Қашғария мен Берлиннен тапқан М.Х. Дулатидың «Жаһан наме» атты поэмасының қолжазбасын аударып жүргенімде парсы тілі бойынша көмектесті.
Ислам Жеменейдің диссертациясы 2007 жылы «Мұхаммед Хайдар Дулат (1499-155). Тарихшы – қаламгер (монография)» деген атпен жеке кітап болып шықты. Онда халқымыздың ХV ғасырға дейінгі рухани, әдеби-мәдени дүниетанымы М.Х. Дулати арқылы зерттелген. Онда еліміздің көрнекті тарихшы-қаламгері М.Х. Дулатидың өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат берілумен қатар, Саккаки, Лүтфи, Абай сынды қаламгерлердің өмір жолы мен еңбектері жайлы да деректер келтірілген. Сондай-ақ бұл жинақтың құндылығы ежелгі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің классикалық үлгісімен оқырман кеңінен таныстырылуында. Зерттеуші өз еңбегінде әлемге, оның ішінде қазақтарға ертеден әйгілі ирандық «Шаһнаме» дастанын халқымыздың тарихына, әдебиетіне қатысты жаңа қырынан тереңірек жеткізуге тырысқан. Ислам Жеменейдің докторлық диссертациясының оппоненті профессор Бауыржан Омарұлының: «Ислам Жеменейдің диссертациясы алты тараудан тұрады, алтауы да қазақ әдебиеті үшін жаңалық», - деуі шындық. Осыған орай бұл монографияны жоғары оқу орындарының білімгерлеріне, аспиранттар мен магистранттарға оқу құралы ретінде ұсынуға болады. Осы тұста оның 2002-2009 жылдар аралығында жарық көрген аударма мен зерттеу еңбектерін де атап кеткеннің артықтығы жоқ:
1. Деректану (Қазақ тарихы мен мәдениеті парсы, қытай, моңғол, түрік, мажар тілдеріндегі кейбір деректер бойынша), Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми зерттеу институты, И.Жеменей, Ә.Дәулетхан, Д.Қатран. Алматы 2002, 172 бет.
2. Доктор Риза Шабани. Иран тарихы. Парсы тілінен аударған И.Жеменей, Алматы “Зерде” баспасы, 2002, 288 бет.
3. М.Мырзахметұлы, И.Жеменей, А.Әбдіуәлі. Көне Тараз, Алматы. “Санат”, 2002, 216 бет.
4. Тараз-парсы ақындарының жыр шумақтарында, Алматы, “Зерде”, 2002, 32 бет.
5. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и-Рашиди. Парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Жалпы редакция басқарған және алғысөзін жазған Әбсаттар Дербісәлі. Алматы 2003.
6. Тарих-и-Рашиди еңбегінің әдеби әлемі. Алматы, “Арыс” баспасы, 2009, 176 бет.
7. “Тарих-и-Рашиди” еңбегінің тарихи әлемі. Алматы, “Арыс” баспасы, 2009, 200 бет. (И.Жеменей, А.Әбдіуәлі)
8. Мырза Хайдар Дулат(1499-1551) тарихшы-қаламгер (монография). Алматы, “Зерде” баспасы, 2007, 360 бет. Бірінші және екінші басылым.
9. Қос өзен (қанаттас түркі-парсы ақындары):оқу құралы. Павлодар «Brand Print» баспасы, 2010, 276 бет.
10. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. Парсы тіліндегі қолжазба нұқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Үшінші басылым, Алматы 2015, 698 бет.
Ислам ешқашан шенге де, дүниеге де қызыққан емес. Біреуді жек көре де алмайды. Мен Исламды Алматыға шақырып, алғаш көргеннен бүгінге дейін онымен рухани ара-қатынасымыз үзілген емес. Ол “Тарих-и-Рашидиге” тереңдей үңіліп, зерделеуде аяқтан шалатындарға қайран. Соған қарамастан ол науқандық мүмкіндіктерге ризалықпен қарап, қолынан келгенін жасап келеді.
2013-2015 жылдары ТАРМУ-дың Дулатитану орталығында біраз еңбектер шығарды. Атап айқанда:
1. “Тарих-и-Рашиди” (парсы тіліндегі текстологиясы-өзбекстан, тәжікстан қолжазбары және Теһран басылымы бойынша). Тараз “Сенім” баспасы, 2014, 600+32 бет қосымша. (И.Жеменей).
2. “Тарих-и-Рашиди” энциклопедиялық туынды,Тараз, Тараз университеті, 2014, 124 бет. (И.Жеменей, А.Жеменей)
Исламның Алпамыс Жеменеймен бірігіп жазған «Тарих-и Рашиди - энциклопедиялық туынды» атты еңбегі көп қырлы болғандықтаноны энциклопедиялық туынды ретінде қарастырған. Қолжазба шығарманың үш саласын қамтиды: тіл, әдебиет, тарих. Осы әр тақырып бойынша нақты мысалдар түпнұсқадағы түркі һәм парсы тіліндегі мәтіннен мысалға алынып, қазақ тілінде түсініктеме беріліп отырған. Сөйтіп ол оқырмандарды «Тарих-и Рашидидің» соңғы аудармалары мен зерттеулерінен хабардар етеді.
Кітаптың тіл бөлімінде – Мырза Хайдар қолданған қазақ сөздері шығарманың түпнұсқасына сәйкес нақтыланып деректер келтіріледі. Әдебиет бөлімінде – түркі өлеңдері қазақ тіліндегі тәржімасымен берілген. Тарих бөлімінде – Әмір Темір, Бабыр мен оның ұрпақтары және Иран мемлекетінде Сәфауи әулеттері құрған патшалықтың шайбанилермен ұзақ жылдар соғысқаны туралы мәліметтерге ие бола аласыз.
Зерттеуді М.Х, Дулатидың өмірі мен шығармасы, тарихи кейіпкерлер, қазақ тілі мен әдебиеті жайлы мағлұмат алғысы келетін тарихшы, әдебиетші, тіл зерттеушілер үшін оқу құралы және көпшілік оқырман үшін құнды зерттеу деуге болады.
2015 жыл. Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толды. «Тарих-и-Рашидиде» хандық туралы аса құнды жазба деректер бар. Сол себепті бұл еңбек жаңаша таныммен тағы да бір науқанға ілініп, қысқа уақытта жарыққа шықты. Бұл ретте Ислам Жеменей күн, түн демей Тараз университетінде жарық көрген “Тарих-и-Рашидидің” парсы тіліндегі текстологиясын негізге ала отырып, қазақ тіліндегі 2003 жылғы аудармасына жаңа леппен, жаңа таныммен үңілді. Осы ретте «Тарих-и-Рашидидің» соңғы тәржімасының бірнеше артықшылығын айтпай өтуге болмас. Біріншіден онда шығарманың «екі дәптерінің» кіріспесі толық аударылғандығы. Кітаптың «екі дәптердегі» кіріспесі исламдық таныммен астаса, философиялық танымға негіздеген. Ал қазақ тілінің ондай исламдық философиясына бейімділігінің жеткіліксіздігіне қарамастан, Ислам аса бір сүйіспеншілікпен аталған кіріспелерді мәресіне жеткізе білген. Кіріспелердің өзге тілдердегі аудармаларында жоқ екенін ескерсек, бұл істе Исламның шығарманы қаншалықты терең игергенін байқау қиын емес. Өйткені, екі кіріспенің мәтіні терең тарихи-философиялық иірімдерге толы екенін көзі қарақты оқушы байқай алады.
Екіншіден ол көне түркі және парсы тілдерінен қазақ тіліне енген, әрі күні бүгінге дейін қолданыста келе жатқан сөздерді аудармаға сол қалпында енгізген. Мәселен: “Тарих-и-Рашидидің” ағылшын тіліндегі аудармасында: «қоналқа» және «сауын» сынды екі сөз түсініксіз делініп, аудармадан алынып тасталуына байланысты Теһран текстологиясын жасаған доктор А.Ғаффарифардтың да аталған сөздерді алып тастадық», - дегенінің дұрыс еместігін Ислам “Қазақ тілінің сөздігінде” жазылған түсініктемесіне сүйене отырып дәлелдеп берген.
Сондай-ақ ол «қор, шылау, жүлде, елші, ел, ұлыс, ұрық, талқан, ағаш, тоқмақ (тоқпақ), томаға» сынды ескі түркі сөздерін қазақ тілінде қолданылып келе жатқандығын анықтап берген. Сондай-ақ, парсыдан қазақ тіліне кірігіп қазақы кейіпке енген сөздерді де нақтылаған. Мәселен,«пешин», «құптан», «намаздигар» сияқты намаз уақытын көрсететін мезгілдер парсыдан қазаққа енген. Олар қазірге дейін қолданыста.
«Тарих-и Рашидидің» жаңа аудармасында ол қазіргі Алматы облысындағы Шелек және Шарынды бұрынғы аудармадағыдай орыс транскрипциясы бойынша емес, қазақша таңбалары негізінде жазу керектігін айтады. Жаңа аудармада осындай көптеген мысалдармен Ислам адым алға басқан сайын шығарманың жаңа қырын ұсына алатын білікті маман екендігін көрсеткен.
Ислам Жеменей М.Х.Дулатидың шығармашылығынан басқа, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерін зерттеуге де мол өзіндік қосып келеді. Мысалы, ол ортағасырлық парасат иесі Шейх Ахмет Таразидың (XIV-XV ғасырлар) қолжазбасын тауып, оны қазақ тіліне аударып, зерттеді. Бұл елімізге белгісіз жаңа дүние.
Ислам Жеменейдің бұл «өте тамаша дүние бола тұра, күрделі де терең шығарма... Бұл кітап әдебиет пен мәдениетке аса мән беріп, оларды қолдап қорғап жүретін Әмір Темір әулеттері билік құрған, ғылыми рухы биік ортада, заманда жазылған. Әсіресе, астроном, тарих пен әдебиеттің білгірі – Мырза Ұлықбек Мұхаммед Тарағай (1394-1449) өмір сүрген заманмен тұспа-тұс келгені, шығармашылықтың бағы іспетті болған. Сол үшін Шейх Тарази өз шығармасын Мырза Ұлықбекке арнап, ол туралы жүрекжарды лебізін де білдіре кеткен» -дейді.
Шейх Ахмет Таразидың өзі бұл кітапты қашан, қалай және қандай мақсатта жазғанын: «Алайда бірде-бір еңбектің өлеңнің барлық жанрлары бір-бірімен ұштастырылып, біртұтас қарастырылмаған. Сондықтан осыған пейілім ауып, асқан құмарлық әуестікпен көңілімнің пердесін ашып, қолыма қалам алып, қара сөз бен өлеңге ниет білдіргендерге оның жалпы заңдылықтары, түрлері жайында хабардар етпекпін. Кімде-кім сөз өнерін қаласа және шешендік қабілеті болса, осы еңбектен пайда көрмек. Бұл пікір маған теория іспетті, не нағыз теория сияқты көрінеді. Ұзақ уақыт осылай ойлана жүріп күн өткіздім. Ең соңында Расул (с.ғ.с.) һижретінен 840 (сегіз жүз қырық) жыл өткенде (1436-1437) осы ғылымды бастадым. Парсы мен түркі сөздерін қосып, рисале (трактат) құрастыруды аяқтадым. Оның атын «Фонун әл-балаға» атадым. Кейбіреулер оның атын «Латайф-е Тарази» десті. Шабыт иелері мен көңіл білдірген жандардың бұл мөлдір дүр мен гауһар қазынадан нәр ала отырып, кемшіліктерін түзетуге ниет қойса, «жырлаушы авторға қайыр болғай» деген дұғасын оқып еске алғай дегім келеді» деп түсіндірген.
«Шейх Ахмет Тарази шығармасының қолжазба көлемі 139 парақтан (278 беттен) тұрады. Аталған еңбектің жалғыз қолжазба нұсқасы Ұлыбритания патшалығының Оксфорд қаласының Бодлян кітапханасында сақталған» деп жазады Ислам Жеменей.
Мұндай шығарма және оның авторы Шейх Ахмет Тарази жайлы мағлұмат бұрын-соңды қазақ әдебиеті тарихында аталған да, кездескен де емес.
Шейх Ахмет ибн Құдайдад Таразидің «Фонун әл-балағасын» белгілі әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Қазақ жерінде, Тараз қаласында дүниеге келді. Шейх Таразиден көп кейін Науаи мен Бабырдың түрки өлең өлшемі туралы жазылған зерттеу еңбектері жазылып табылғанын білеміз. Осы зерттеу еңбектерінен кейін солардан ілесе шыққан атақты ақын, тарихшы М.Х. Дулаттың «Жаһан наме» дастаны да тікелей түрки өлең өлшемінің түрімен жазылуы көп нәрсенің сырын танып білуге бастайды» дейді.
Ислам қазақ тіліне тәржімалаған бұл дүние терең зерттеуді қажет етеді. Десек те оның парсы тілі мен әдебиеті, шағатай тілі, араб тілі мен әдебиетін жақсы да терең білетін Исламның назарына ілігіп, қазақ оқушысына жетуі үлкен оқиға. Іздеушілерге жарық көрген кітап туралы толық мәлімет бергенді жөн көрдім:
1. Шейх Ахмет Құдайдад Тарази. Көркем сөз өнері. Ортағасырлық түркі тілінен аударған: И.Жеменей және кіріспе жазғандар: М.Мырзахметұлы,И.Жеменей, “Таңбалы” баспасы, 2013, 440 бет.
2. Түрік халықтарының әдебиет тарихы, оқу құралы. Алматы, «Таңбалы» баспасы, 2014, 200 бет.
Шейх Ахмет Құдайдад дегеннен шығады - оны Мұхаммед Хайдар Дулатидың арғы аталарының бірі болуы мүмкін деп жорамалдауға болатын секілді. «Тарих-и Рашидиде» Әмір Хұдайдад жайлы бірнеше беттік деректер келтірілген. Бірде ол сол кездегі билік иесі Уайс ханға Меккеге қажылыққа барғысы келетінін айтқанда хан қарсы болады. Шейхтың жасы ол кезде 97-ге келіп тақап қалған екен. Хан соны себеп етсе керек. Шейх Хұдайдад бұл жайлы Ұлықбекке (1394-1449) хабар жібертеді. Ұлықбек ханға қарсы аттанып Шу бойына жеткенде, екі ортада қан төгілмесін деп Шейх Хұдайдад Ұлықбек пен оның әскерін тоқтатады. Соңыра Ұлықбекке ілесіп өзі де Самарқанға кетеді. Соңыра әрі қарай Меккеге аттанады. Одан кейін Мадинаға сапар шегеді. Сонда дүние салады. Атақты тарихшы бабасының Мадинадағы «Жаннату-л бақия» зиратында Осман халифаның аяқ жағына жерленгенін айтқан. Сауд Арабиясында дипломатиялық қызметте жүргенімде осы зиратқа бардым. Ол туралы кезінде «Егемен Қазақстандағы» мақаламда жазғанмын.
Мұхаммед Хайдардың ата-бабаларының бәрі ел билеген, талай хандарды таққа отырғызған кемеңгерлер, ел сыйлаған ойшылдар болғанын ескерсек, «Фонун әл-балағаның» авторы Шейх Ахмет Құдайдадты Мырза Хайдардың бабасы деуге әбден болады деп ойлаймын. Әмірдің ел билеу кезін Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидиде» «һижраның 765 (1363-1364) жылынан бұрынырақ еді, Меккеге ол һижраның 850 жылына (1446-1447) дейін барған», - дейді.
Бұдан шығатын қорытынды Шейх Әмір Құдайдад «Фонун әл-балағаны» Шу бойында немесе Таразда тұрғанда 1436-1437 жылдары, Мекке сапарынан 10 жылдай бұрын туындатқан. Мырза Хайдардың бабасы Әмір Хұдайдад пен шығармасы Лондоннан табылған Тараздық шейх Ахмет Құдайдад Тарази бір кісі сияқты, өмір сүрген кездері де тым жақын. Шейх Ахмет ибн Құдайдад Тарази секілді данадан қалған жазба жәдігерлікті Ұлыбританияның кіндік қаласындағы кітапханадан тауып, ана тілімізге аударып, зерттеген Ислам Жеменейге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ислам тынымсыз еңбек етуге дағдыланған жан. Сол себепті жұмыстың бір науқаны тоқталып қалса, жаңа бір жобаны бастап кетеді. Әлем әдебиетінде өз орнын өте биіктен алған Әбілқасым Фирдаусидың “Шаһнама”дастанын қазақ шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлы 1936 жылы қазақ тіліне аударған жырларының толық тәржімасының жарыққа шығуына да ол атсалысты.
1. Т.Ізтілеуұлы. Шаһнаме (Фирдауси «Шаһнамесінің» желісімен жырланған тарихи дастан). Бірінші кітап: Астана. «Сарыарқа» баспа үйі, 2009,452 бет және 456 бет қолжазба. Текстологиясын және кіріспе тарауларын жазған Ислам Жеменей.
2. Т.Ізтілеуұлы. Шаһнаме (Фирдауси «Шаһнамесінің» желісімен жырланған тарихи дастан). Екінші кітап: Астана. «Сарыарқа» баспа үйі, 2009, 454 бет және 310 бет қолжазба. Жауапты шығарушылар: А.Алматов, И.Жеменей.
3. Т.Ізтілеуұлы. Шаһнаме(Фирдауси «Шаһнамесінің» желісімен жырланған тарихи дастан). Алматы. «Арыс» баспа үйі, 2015, 896 бет. Жауапты шығарушы: И.Жеменей.
Ислам осылай сыртта туып, сыртта өсіп, оқып, ержетсе де өз отанында перзенттік парызын абыроймен атқарып келе жатқан азамат. Ол елге оралғалы шетелдердегі қазақтар диаспорасының тағдырына бейжай қараған емес. Олар туралы көп айтты, көп жазды. Әсіресі Иран мен Ауған қазақтары жайында тереңнен қозғап, олардың көш тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, психологиясы, дүниетанымы жайлы зерттеу мақалалар мен кітаптар жариялады:
1. Иран қазақтары. Алматы, «Зерде» баспасы, 2007, 325 бет.
2. Иран және иран қазақтары. Деректі зерттеу. Алматы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. 2012, 264 бет. Қосымша 16 бет түрлі-түсті суреттер.
Ислам Жеменей үлкен жүректі парасат иесі. Өйткені ол шет елде жүргенде де қазақ мүддесіне беріктігімен ерекшеленген. Оның жастайынан дүниежүзінде қай жерде қанша қазақ бар, солардың бәрін аралап танысып, зерттеймін деген арманы болған. Осы ниетпен Ауғаныстанға барып, сол елдегі қазақтардың тіршілігі, салт-дәстүрімен танысқан. Кейін 1979 жылы Түркиядағы қазақтармен танысу мақсатында Стамбұлға барғанда алғаш танысқан қазақ Әзиз Алтай еді. Ол Исламмен кездесіп, оның мақсатым қазақ бауырлармен танысу дегенін естіген соң, үйіне алып барған. Отбасы мүшелерімен таныстырған соң, саған керек адам менің ағам Халифа Алтай дейді. Ислам Халекеңментанысып, әңгіме құрғанда Халифа ақсақалмүбарак Құранды қазақ тіліне аударып жатқанын айтқан. Ол кезде қолжазбалар жазу машинкасында (Дактолия) басылатын. Ал Халекең қасиетті Құранның қазақша аудамасын төте жазумен дайындап, Қытайдағы қазақтарға жібергісі келетін. Алайда машинкасында бірнеше араб таңбасы жоқ екенін Исламға айтқанда ол: «Ондай әріп таңбалары Ираннан табылады. Мен сізді бір айға шақырайын. Машинкаңызға керекті әріп таңбаларын да аласыз, елмен танысып, демалып та қайтасыз»,- дейді.
Бірақ 1980 жылы Иран-Ирак соғысы басталуына байланысты, төрт жылдай шекара жабылған еді. Содан сәті түсіп, 1985 жылы Халекең Иранның Горган қаласына барып, Исламның үйінде бір ай қонақ болып, Исламның әкесі Ақмұрат қажы ақсақалдың бастауымен басқа ағайындармен де ұшырасады. Ақмұрат қажы Халекеңді Машһад қаласына да қыдыртады. Халекең бір ай қонақ болған соң Исламмен бірге Теһранға барып, керекті әріп таңбаларын алып Түркияға қайтқан. Стамбұлға барған соң қасиетті Құранның қазақша аудармасын төте жазумен басуға кіріседі. Ислам осылайша Халифа ақсақалдың аудармасының жарыққа шығуына сеп болды. Бұл игі шаруаның екінші баспалдағы Ислам үшін тағы бір сынақ болған еді.
1986 жылдың жазында Ислам Стамбұлға тағы барып, университеттің экономика факультетінің магистратурасына түсті. Сосын сәлем беру үшін Қазақ кентке Халекеңе барады. Әңгіме барысында ол Құранның қазақша аудармасы Стамбұлда 1000 дана таралыммен жарық көргенін айта келе, бір томын Исламға ұсынған. Ислам парақтап қараған соң: «Аға! Мәтінде қателіктер бар»,-дейді. Халекең де кейбір әріптердің қате басылғанын айтқан. «Не істеу керек? Оны түзететін балалар арабша білмейді»,- дейді Халекең қынжылып. Ислам біраз ойланып: «Аға, түзетуге болады. Кітаптың қағазы төмен сорт болғандықтан, қате әріптерді алмаспен қырқып, үстін қара қаламмен қайта жазу керек. Ол әрине көп уақыт алады. Бірақ жасап берейін», - дейді. Халифа ақсақал ризалық көңілмен Исламға алғыс айтты. Тек өкініш білдірген ол: «Кітаптың бес данасын бір жолаушыдан Қытайға жіберген едім», - дейді. СоданИслам Халекеңнің баласының үйінде тұрып, кітап нұсқаларының барлығын мұқият тексеріп, қате жерлерін түзетіп шыққан. Халекеңнің көңілі тыныш тапты. Бұндай игі шаруаға дәнекер болған Ислам да риза. Содан Ислам Халифа ақсақалмен рухани аға-інідей жақын болып кетті. Тағдыр оларды Қазақстан тәуелсіз ел болған соң, Алматыда жолықтырды. Исламның тәуелсіздіктен бұрын Қазақстандаболғанын айттым. Сол үшін ол тәуелсіздіктен кейінгі жылдары талай қазақ диаспорасына, тіпті түрік пен Иран азаматтарына жәрдемші, кеңесшілік қызмет көрсетті. Үкімет мүшелері мен жергілікті қазақтар да бұдан қалмай, Исламның игі істерінің шарапатын көрді.
1992 жылы Халифа Алтай отбасымен елге оралған соң, әуелде Алматыдағы “Жетісу” қонақ үйіне тұрды. Ол балапан басымен, тұрымтай тұсымен кез болатын. Халекең бірден пәтер береміз деген уәдеге сеніп келген еді. Бұл кезде Ислам Абай мен Қонаев көшелерінің қилысындағы бір бөлмелі пәтерде жолдасы Айманмен тұратын. Әдебиетші, фольклорист Мардан Байділда Исламға жақын маңда көрші еді. Ол бірде Исламмен кездескенде, ауруына байланысты алқынып тұрып: «Әй інім! Сіздер бір-біріңізді сыйлайсыздар ма? Ана ақсақал ел деп келіп, Жетісу қонақ үйінде әлі күнге дейін елеусіз жатыр. Сіздердің бір шара қолданайын деген ниетіңіз жоқ», - деді. Ислам аң-таң. “Не істеу керек?” Мардан Байділда: “Не істеу дегенің не? Пәтеріңді оншақты күнге ақсақалға бер. Ол кісіге әкім үй беремін деп уәде еткен. Мен оның үй алуы үшін жүгіріп жүрмін. Аман болса, әрі кетсе екі аптада ол іс шешіледі” дейді. Ислам да жымиып “Жарайды аға!” деп Мардан ағасының бетін қайтарған жоқ. Оны естіген Айман келін де қарсы болған жоқ. Сөйтіп, екі аптасы жылға созылып, соңында Халифа ақсақалға үй Самал ауданынан бұйырды. Әр жерді бір паналап жүрген Ислам мен Айман сөйтіп шаңырақтарына әрең дегенде оралды-ау әйтеуір. Ал олардың бұл ерліктері Халифа Алтайдың елге табан тіреп қалуына негізгі де басты фактор болған шығар. Осылай “Ер кезегі үшке дейін” дегендей Ислам Халекеңнің арман жолында үш рет дәнекер болды.
Ислам осылай мейірбан, игі тілекті, кеңпейіл, керек кезде қол ұшын беруге дайын жан екенін тағы бір көрсетті.
Ислам туралы білетіндерімді түйіндей айтар болсам: ол Мырза Хайдар Дулати, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, түркі тарихы мен әдебиеті сондай-ақ Иран тарихы мен әдебиеті һәм тілі жайында еңбектер жазды. Ислам тарихы, ұлт тағдыры, ұлттық құндылықтар, қазақ диаспорасы жайлы да елеулі жазбалары бар. Аталған тақырыптар бойынша жүздеген мақалалары жарияланды. Исламды мен еңбекқорлығымен бірге отаншыл, халқын жақсы көретін ізгі ниетті азамат деп білем.
Өзі жақсыға бір кісілік орын бар демекші, ол достары, әріптестері арасында қашанда сыйлы да абыройлы.
2000 жылы мен дипломатиялық қызметтен дін саласына ауыстым. Ислам ініміз Ислам діні мен өркениетін де жақсы білетіндіктен оны Діни басқармаға қоғамдық негіздегі ақылдастар алқасына кеңесші етіп тарттым. Бұл салада ол игі қызмет атқарды.
Ислам Жеменейдің білімі мен біліктілігін дұрыс пайдалана білсек, оның әлі берері көп. Оны біз парсы тілі мен әдебиеті кадрлерін ғана емес, жалпы шығыстану ғылымы бойынша да жас ғалымдар даярлауға пайдалануға әбден болады.
Ислам елімнен алсам, пайда көрсем деп емес, отаныма берсем, пайдам тисе, жұртыма қиналған кезде көмегім тисе дейтін азамат. Исламның сан салалы білімге қол жеткізгені, заман талабы еді. Қазақ тарихының бір дәуірінде Алаш қайраткерлері, барлық ғылыми саланы барынша дамытуға атсалысты. Біз мақтандық. Ислам да барын салып, жан-жақтылықпен бір кеміміздің орнын толтыруға талпынып келе жатқан абзал жан. Ол ешқашан әдебиетті тарихтан бөле қарамаған. «Тарих әдебиетті тудырады, әдебиет тарихтың жаңғырығы», - деп адам баласының әр бір тарихи дәуірінде оның психологиясы мен таным жиегіне көңіл аударып отырады. Сол себептен Ислам Жеменейді білікті тарихшы және әдебиетші ретінде құрмет тұтамын.
Әбсаттар қажы Дербісәлі
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры,
ҚР Жоғары Мектеп ҒА-ның академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор