Абай тойы – халқының тойы
Бұл пікіріммен әсте жаңа ой айтып отырмағаным баршаға белгілі болар. Көпшіліктің айтқанын, айтатынын да қайталадым ғана. «Көптің ауызы уәлі», деген қазақтың Ұлы тойы - Абай тойы бола бермек. Ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаев бір әңгімемізде Абайға қатысты сөз ретіне орай: «Абай – әулие талант!» деп еді. Қысқа да нұсқа пікір. Ақтанов Тахауи ағамыздың да бір сөзіне таңданғаным да, тәнті болғаным да есімде. 1990-жылы наурыз мерекесінде Абай ескерткіші жанында кездесіп, сәлемдесіп, құттықтасып тұрғанымызда Тахаң ақынның мүсініне бір минөт шамасы үнсіз қарап, маған бұрылып: «Ғаббас-жан, мен Абайды енді-енді түсіне бастадым» деді. Мен іштей: «Таха-ау, сіз енді-енді түсіне бастасаңыз, түсіну үшін бізге әлі неше жыл керек болар екен?» деп шын таңдандым. Одан кейінде Абекеңнің өлеңдерін, қара сөздерін қайталап оқыған сайын бір жаңа ой-тұжырымын аңғарып, Тахаңа иланып, тәнті болып жүрдім.
Орыс поэзиясы алыптарының шығармаларын түпнұсқасынан, шетелдік классик ақындардың негізгі туындыларын орыс тіліндегі аудармаларынан оқып өстік. Бертінде соларды қайталап оқып, өзімше саралап, ой безбеніме салып, түйіндеп байқасам, Абай Құнанбайұлының ақындық, философтық деңгейі ешқайсысының деңгейінен төмен емес. Кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов айтқандай, Абай – Ұлы ақын, қазақтың Бас ақыны!
Соңғы жылдары «ұлы ақын», «ұлы жазушы» деген арзан қалжалы сөзтіркес марқұм замандастарымыздың ғана емес, көзі тірілеріміздің мүшел тойларында да беталды айтылып жүр. Ол дұрыс емес! Меніңше, бізде мәңгілік Ұлы ақын біреу. Ол – құдай ақыл-ойдың құдіреті етіп жаратқан АБАЙ! Жәкең – Жамбыл атамыз жыр тілімен: «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, ұқсаған өлең-сөздің құдіретіне?!.» демеп пе еді?!. Абайдың ізбасарларын бағалауға: аса ірі, көрнекті, танымал, классик... деген балама сөздеріміз бар емес пе?
...Абай әлеміне әрқашан көз жіберіп, құлақ түріп жүргенімде мені «таңдандырған» басқа жәйттер де ұшырасты. Бірер мысал:
1995-жылдың күзінде Қарағанды қаласына жолым түсіп, сонда тұратын Рамазан Сағымбековке бардым. Журналшылар қауымына белгілі досым облыстық «Орталық Қазақстан» гәзетінің Бас редакторлығынан денсаулығы сыр бере бастауы себепті босап, біраз уақыт емделіп, содан кейін тарихи-әдеби танымдық «Қарқаралы» журналын ашқан-ды. Арқа-жарқа болдық. Бөлмесінде екі жігіт отыр екен. Таныстық. Сірә, әйгілі «Құнанбай мешіті» жайында әңгіме басталған болса керек, жігіттердің бірі: «Абай әкесінің мешітіне бір де рет келмепті, діндарлығы онша болмаған-ау?» деді. Неге шырт ете қалғанымды білмеймін: «Жігітім, «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деп Рамазан жазды ма, мен жаздым ба, соны білесің бе?» дедім. Жігіт екеуімізге аңтарыла қарап алып: «Білмеймін» деді. Рамазан оған қабақ шытып: «Саған «білмейтініңді білтелемей жүр» дегенді қашанғы айта беру керек?» деді...
2012-жылдың жазы болар, Жазушылар одағы ғимаратының екінші қабатындағы алаңшада (фестибюльде) бірнешеуіміз оны-мұныны әңгімелеп отырдық. Герольд Бельгер келіп қосылып: «Иә, жігіттер, не әңгіме?» деп жайғасты. Жігіттердің бірі селқос үнмен: «Бізде кітабымызды шығартуды ойлаудан өзге не әңгіме болсын» дей салды. Гера мырс етіп: «Абай дәл бүгін бізбен бірге болса, ол да кітабын уақытында шығара алмай жүрер еді» деді. Орашолақ оқыс сөзге оқыс ренжіп: «Әй, Гера! Бұл қай сөзің? Абайдың аруағында не шаруаң бар? Басқаны білмеймін, ал тап сенің кітабын шығара алмай жүрген жігіттерге қосыла шағынар жөнің жоқ, жылда екі кітабың шығады, әлде бекер ме?» дедім. Басқалар тына қалды. Гера кібіртіктеп түрегеліп: «Бір жұмыспен келіп едім, барайын» деп күбірлеп кете барды...
Биылғы Жаңа жыл алдында архивімдегі қобыраған көп қағаздарымды ақтарып, керегін ғана қалдыруға кірістім. Арасынан гәзет қиындысындағы мына бір өлең шықты:
МАХАМБЕТТІ БИІК ҚОЯМ
...Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десектағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл - адамдық ұстанымым қалыптасқан талайдан.
Мұхтар ШАХАНОВ.
2012 ж.
Уәйдә-ә-ә?!. Мұхтар ініміз қазақтың басқа мәселелерін реттеп болып, қазақ әдебиетінің тарихи тұлғаларын салыстыруға, кімнің кімнен биік, кімнен аласа болғанын белгілеп беруге кіріскен екен ғой?!. Абайды қай ісі үшін аласартты?
Ақын болмасам да, Абекеңнің аруағы үшін қалам алып, Мұхтардың «ішің білсінін» суыртпақтап, ұзақтау етіп, былайша қағытпа (пародия) жаздым:
МҰХТАРДЫ БИІК ҚОЯМ
А, Құдай-ай, Семей жаққа ырымға хан бермедің,
Хандық таққа отыра алар мықтылар барын білмедің.
Олар Жайықтағы Жәңгір ханнан да,
Баймағамбет сұлтаннан да зор болар еді,
Сонда Абай қолына қылыш алар еді,
Ербол досын Исатай етіп,
Бөжейлерге қиғылық салар еді,
Махамбетше айрылса да басынан…
Ал Махамбет жарықтық,
жауынгер жыршы болса да,
қаһарман ақын болса да,
Көп жағдайды Мұхтар Шахановша ойлай алмады,
Саясатқа ауық-ауық бойлай алмады.
Депутат болып сайрай алмады.
Ашық хаттар жазып қол жинамады,
Жүйкесін қинамады.
Сол үшін мен Махамбетті төмен қоям Мұхтардан!
Адам емес - адамдар,
менің талайғы бұл ұстанымымды ұқпаған!..
Соңғы жылдары біздің әдебиет ауылымызда «бәрінбілгіштер» көбейіп барады. Гәзет-журналдардан оқитыным, интернет желілерінің «перілерінен» еститінім бар, қысқасы, - солар: «Абай орысшыл болды», «Абай өзінен бұрын өткен ойшылдардың айтқандарынан артық ештеңе дей алмады», «Сәкен Сейфуллин билікшіл болды», «Жамбыл Сталиннің жыршысы болды», «Мұхтар Әуезов Мағжан Жұмабаевтың түбіне жетті», «Сәбит Мұқанов арызқой, жағымпаз болды», «Ілияс Есенберлин толыққанды жазушы болған жоқ» ... дегендей кәдімгі сандырақ сөзден өрмек тоқып жүр.
Отырықшы ел Ресейдің өзіндік те, батыс-шығыстық елдерден нәр алумен де жетілдірілген жүйе-салалары болғаны сөзсіз. Абайдың орыс тілі арқылы сол халықтың, алыс жұрттардың мәдениетіне, оның ішінде әдебиетіне хал-қадари қаныққаны да рас. Біз оны Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» оқып білдік. Егер Абекеңнің заманында Лев Гумилев айтқан «Ұлы дала Көне Ресейдің» орнына Англиямен, немесе Франциямен ғасырлар бойы мың шақырымдаған шекаралас көрші болса, ойшыл ақын атамыз солардың тілін білуді, жетістіктерінен үйренуді өсиет етер еді. Өмірдің заңдылығы ғой?
Аталған Тарихи тұлғалардың өмірін, шығармашылық жолдарын зерттеген, зерттеп жүрген байыпты ғалымдарымыздың еңбектерін оқысаң, олардың ешқайсысы анау «бәрінбілгіштер» көйітіп жүргендей көбік сөзді малданбаған.
«Мұхтар Әуезовтің Мағжанның түбіне жеткеніне» келсек, Мұхаңның мына ой түйіні ол өсекті мүлдем жоққа шығарады:
«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан... Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».
Әуезовтанушылар Мұхаңның ешқашан ешкімнің үстінен арыз жазбаған тазалығын сүйіне айтты.
Сәбит Мұқановтың «жағымпаздығы» десек, ол – өсек атаулының ішіндегі ең жиіркеніштісі. Соған қарсы бір мысал:
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1959-жылғы қазанның 23–24-і күндері болған XVІ-пленумында «Теміртаудағы тәртіпсіздіктің» (1958 ж.) себеп-салдары қаралған. Сәбең пленумға әдейілеп қатысып, «бәріне, тіпті, Мәскеуге де толық жетсін» десе керек, әдейілеп орыс тілінде сөйлеп, Қазақстан КП Орталық комитетінің 1-хатшысы Н.Беляевті, республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевты сын тезіне салыпты.
Н.Беляевке айтқанынан: “…Я удовлетворен искренним и честным признанием товарища Беляева в том, что главным виновником в этом деле является он. Да, товарищи, именно – он! Так я говорю потому, что все мы помним его помпезные речи на разных собраниях о Казахской Магнитке. Теперь, оказалось, в руководстве Казахской Магниткой товарищ Беляев был богат речами, а делом крайне беден. Стыдно ему за это! Казахская поговорка гласит: “Стыд сильнее смерти”. Товарищу Беляеву теперь надо в самом скором времени смыть со своего лица эту политическую грязь. Иначе ему критика будет куда жестче, чем теперь!..”
Қонаевқа айтқанынан: “…Он любил металлургию тогда, когда был ее рядовым инженером, на Балхаше, например. Он тогда делал много хорошего, но как только был взят оттуда, он изменил своей любимой и стал по отношению к ней равнодушным любовником. Иначе нельзя объяснить того, что сидя в Совете Министров заместителем председателя и руководя отделом промышленности на протяжении десяти лет, он ничего положительного не совершил в этой области. Затем его выдвинули на пост Президента Академии наук Казахской ССР и напрасно: все знают инженера Кунаева, но пока никто не знает ученого Кунаева. Вступив в должность председателя Совета Министров, товарищ Кунаев не поправил своей прежней измены металлургии, иначе он не довел бы до абсурдного состояния Казахскую Магнитку… По всеобщему признанию он является “мешком обещаний”. Я отчасти разделяю эту оценку. Разделяю потому, что у товарища Кунаева часто слова расходятся с делом”.
Егер санасында жағымпаздықтың ине ізіндей белгісі бар болса, алдағы 1960-жылы жасы 60-қа толатын Сәбең бұлайша шамырқанбас еді.
Ондай сынды кешірер басшы мыңнан біреу шығар. Д. Қонаев кешіре алмаған. Ал Сәбең – ондағы айтқандарына дәлел-себепті өзі көрген адам. Шаршы топ алдында жалған сөйлеген жоқ. Сол турашылдығы кейін алдына тосқауыл боларын біле тұра именбеді. «Тосқауыл» деуім: Оқу министрі, Министрлер Кеңесіміздің Төрағасына мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасар болып, одан Жазушылар одағын басқаруға жіберілген партизан-жазушы Әди Шәріповтен кейініректегі бір әңгіме кезінде «Жасы алпысқа толған Сәбеңе Алтын жұлдызды Мәскеу бермептіні» естігенімді айтқанымда Әдекең: - Бекер сөз, бекер! Қонаев бергізбеді. Сәбеңнің бір топ құрдас, іні жазушыларының, министрліктің атынан өтініш айта Қонаевқа мен бардым ғой! Социалистік Еңбек Ері атағына әбден лайық деген ұсынысымызды жазып ала барғанмын. «Көрейік» деп қалған. Кейін Мәскеуге барғанымда білдім: Ленин орденіне ұсынған шешім барыпты. Сәбеңнің анау жылғы Теміртау оқиғасы туралы пленумда айтқан қатал да орынды сынын Қонаев ұмытпаған, - деді. Жасы 50-ге толғанында Ленин орденін алған Сәбеңе, сөйтіп, 60 және 70 жастарында да Ленин ордені берілді. Ал Сәбеңе Алтын Жұлдыз емес, Ақиқат және жағымпаздық емес, Турашылдық қымбат болған.
«Той томалақ» дейміз. Ертең той төрінде араласып, сапырылысып, бәріміз де жүреміз. «Енді он-он бес жылдан кейін Мұқағали Абайдың, Фирдаусидің, Науаидың деңгейіне көтерілетін ақын болатын еді» деген «сәуегей» де, «Абай өзінің алдындағы ғұламалардың философиясын жаңарта алмады» деген «зерттеуші ғалым» да, «Шәкәрімнің ақындығы Абайдан кем емес» деген «танымпаз» да, «Мағжан тынысы тоқтар алдында мәскеулік пәленбаевқа: «Менің қырсоңыма түскен – Мұхтар Әуезов» деп сыбырлап үлгіріпті» деген кәдімгі өсекші де, «Семей полигонынан зардап шеккендерге көмектесеміз» деп миллиардтаған долларды жинап алып («Невада-Семей» Қоры), одан семейліктерге жарты доллар бұйыртпастан өзара бөліске салғандар – бәрі де тайраңдар. Бейпілауыз телпекбайларға қайда, қашан болсын жол ашық, күнде жиын, күнде той...
Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов туып-өскен Семей топырағы – киелі топырақ. Семей өңірі – исі қазақтың рухани бесігі. Тәттісөзді Тәуелсіздік бұйырысымен Семей облысының атын мансұқтау қазақы рухқа қамшы сілтеу болды. Ол қателік түзетілуге тиіс! Семей облысы қалпына келтірілсін! Бұл орынды талапты қазіргі биліктіктің алдына бүкіл қазақ болып қоюымыз қажет!
Ғаббас Қабышұлы
Аbai.kz