Ермұхан Бекмахановтың сот үкімі
«1952 жылдың 30 тамызында Ермұқанды Новотроицкіге шығарып салдым. Кеткісі келмей, бірдеңе сезгендей, мазасыз күй кешіп еді. Айтқандай-ақ, 5 қыркүйекте оны тұтқындап, Алматыға әкеліпті. Сол күні біздің үйде де тінту жүргізілді. Кешкі сағат 10-да жұмыстан келсем, үйдің есігі ашық тұр. Бір бейтаныс қазақ тінтуге құжат көрсетті. Ермұқанға бірдеңе болғанын сездім. Ас-су беруге рұқсатты табаннан тозып жүріп бір ай дегенде әрең алдым.
Тергеу үш айға созылды. «Тергеу әдістері жайында жиркенішсіз еске түсіре алмаймын, – деп жазды Ермұқан өзі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке. – Тергеудің өн бойында қорқыту мен қоқан-лоққы қатар жүрді. Сол үшін барлық тәсілдерді пайдаланып тырысса да мен жекелеген адал адамдарды қаралай алмадым». Ерекең бұл арада Сәтбаев пен Әуезов жөнінде айтып тұр.
Сот 1952 жылдың 2 желтоқсанында болды. Жоғарғы Соттың ғимараты Гоголь мен 8-ші март көшелерінің бұрышында болатын. Ермұқанды 4 солдат айдап алып келді. Ол маған жақындамақшы болған, мен де ұмтылдым, бірақ бізді айырып жіберді. Соттың үш күнінде көптеген куәлар келіп, кетіп жатты. 4 желтоқсанда үкімді жария еткен кезде менің қатысуыма рұқсат берді. Көз жасы еріксіз сорғалаған Ермұқан маған қарады да отырды. Үкімді естігенде жылап жіберді. Мұндай әділетсіз, қатал үкімге қалай жыламассың! Онда: «…айыпталушы Бекмаханов өзінің тарих ғылымы саласындағы ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып 1942-1951 жылдардың өне бойында өз жұмыстарында тарихи фактілерді өңін айналдырып бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, феодалдық-байлық құрылыс пен оның орыс халқына қарсы күресуші һәм Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылушы кертартпа хандары мен сұлтандарын мадақтаған. Ол өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын негіздеу үшін кертартпа ақындардың, сондай-ақ Кеңес өкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланды. Нақ осы ұлтшылдық идеологияны таныстарының арасында да жүргізді», – деп жазылып, сот тергеуі осыларды анықтағанын және айыпталушы Бекмахановтың мойнына қойылғанын айтады»
Халима БЕКМАХАНОВА.
«Егемен Қазақстанда» жарияланған сұхбатынан үзінді. 15.02.2013.