Елеусіз қалған бір ерлік немесе даланы дүр сілкіндірген дүрбелең

ХХ ғасырдың бірінші жартысында жалпы қазақ даласында, оның ішінде Арқа жерінде болып өткен аса ірі қоғамдық-саяси оқиға – 1916 жылғы халық көтерілісі. Осы дүрбелеңді қозғалысты зерттеушілердің біразы оған «ұлттық көтеріліс», «ұлт-азаттық қозғалыс» деген баға берсе, тарихшы М.Қозыбаев «ұлт-азаттық революция» деп атаған екен. Дегенмен, қалай десе де, бұл ұлан даланың төсіндегі Кенесары көтерілісінен кейінгі ұлы дүбір, ұранды ереуіл болғаны шындық. Бұған дейін осы оқиғаға отарлаушы патша өкіметінің көшпелі қазақ еліне жасаған кезекті бір қиянаты деп қана қарап келдік. Солайы солай ғой. Бірақ, оның ар жақтағы себебі мен салдарына көз жүгіртсек, қазақ жеріндегі халық көтерілісінің басталуына алғышарт болған Бірінші дүниежүзілік соғыс екенін байқар едік. Осы жөнінде оқырманға түсінікті болу үшін қысқаша ғана баяндап өтелік.
Атақты Наполеон жорығынан кейін 100 жылға жуық соғыссыз өмір сүрген Еуропа елдері бұл кезеңде барынша нығайып, дамып алған болатын. Қарулы күші қуаттанып, қазынасы молайған ел қашан да басқаның үлесіне көз тігетіні белгілі. Осы себептен Еуропа елдерінің арасында қырғиқабақтық орын алып, сол кездегі ірі империялардың бірі болған Австро-Венгрия өзімен көршілес Германиямен және Италия мемлекетімен қосылып, «Үштік одақ» құрады. Әрине, бұл секілді әлеуетті бірлестік басқа мемлекеттерге қауіп төндірері белгілі. Сондықтан, «Үштік одаққа» қарсы Ресей, Франция, Англия, Сербия, Черногория, Румыния, АҚШ және Греция мемлекеттері қосылып, «Антанта» деп аталатын әскери-саяси блок құрады.
Дәл осындай саяси шиеленіскен кезеңде, 1914 жылы 28 маусым күні Австро-Венгрия тағының мұрагері эрцгерцог Фердинанд Франц Иосифты серб ұлтшылдары атып өлтіріп, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себеп болғанынан хабардармыз. Эрцгерцогтың өлімінен кейін Австро-Венгрия Сербияға қарсы әскери әрекеттер бастайды. Бұл жанжалға Ресей империясы да килігеді. Себебі, Сербия да Антантаның мүшесі екенін жоғарыда айттық. Сөйтіп, сол кездегі 59 мемлекеттің 33-і қатысқан бұл қақтығыс ғаламат қантөгісте ұласып, бірінші дүниежүзілік соғыс деген атау алады. Бұл соғыста Ресей оңбай ұтылады. Миллиондаған адамынан айырылып, экономикасы да күйрей құлдырайды. Ақыры, осы құлдыраудың аяғы 1917 жылғы февраль төңкерісіне ұласып, Ресей империясы біржола жойылып, оның орнына КСРО деген социалистік жаңа мемлекет пайда болғанын тарихтан білеміз.
Бірінші дүниежүзілік соғыста Ресейдің майдан даласындағы шығынын есептемегенде, оның ішкі басқару жүйесінің өзі сол кезде әбден азынып, іріп-шіріп, парақорлық пен қылмыс жайлап алған болатын. Әскерилер мен азаматтық қызметкерлер арасында сатқындық, қазына мүлкін ұрлау барынша етек алады.
Осы соғыстың барысында экономикасы дағдарысқа түсіп, әбден есеңгіреген Ресей енді өз басына түскен ауыртпалықтың салмағын бұратана халықтарға салмақ болып шешеді. Олардың бірі – көшпелі қазақ жұрты еді. Бұл кезде қазақ даласының да жай-күйі оңып тұрған жоқ болатын. Үздіксіз салынған салықтан жадап-жүдеген ел соғыс басталғасын тағы да ұшы-қиыры жоқ алым-салықтың астында қалады. Ресейдің өз ішін жайлаған парақорлық пен зорлық-зомбылық орыс шенеуніктерімен бірге сахара далаға да жетеді. Қара халықтың жай-күйі нашар­лап, күн көрісі тіпті қиындай түседі. Ел ішіне қымбатшылық кіреді. 1914-15 жылдары басқа малды есептемегенде, соғыстың қажеті үшін деп қазақтардан 260 мың бас жылқы алынған екен. Одан басқа ұшан-теңіз ауыл шаруашылығы өнімдері, мыңдаған бас мал, киіз үйлер, мал азығы, тері-терсек, ат жабуы үшін деп киіз, текемет, алашалар, басқадай қажетті-қажетсіз дүние-мүліктер зорлықпен алынады. Әрбір шаңыраққа салынатын соғыс салығы белгіленеді. Бұл секілді есепсіз салыққа шыдай алмаған халық ақыр соңында төлеуден бас тартады. Шынын айтқанда, бас тартқан емес, төлеуге шамалары келмейді.
Ресейдегі экономикалық дағдарыс қазақ даласындағы көшпелі ауылдарға ғана емес, өнеркәсіптерге де зиянын тигізгенін байқаймыз. Осының салдарынан 1914-15 жылдары Екібастұз көмір кеншінің, Орынбор-Ташкент темір жолының, Спасск мыс қорыту зауытының жұмысшылары ереуіл ұйымдастырған. Өстіп жүргенде, ақ патшаның атақты «июнь жарлығы» шығады. Бұған себеп болған, соғыстың барлық бағыттарында миллиондаған адамдарынан айырылған Ресейдің әскери министрлігі «әскери қызмет өтеуге осы уақытқа дейін босатылған халықтардың кейбір бөлігін қарастыру» жайлы үкіметке ұсыныс жасайды. Сөйтіп, патша үкіметі «бұратана халықтардан әскер алмаймыз» деген бұрынғы уәдесінен тайып, олардан қара жұмысқа солдат алу туралы заңды бекітеді. Бұл туралы кейбір құжаттарда 19 бен 43 жастың арасы десе, енді бір құжаттарда 19 бен 35 жастың немесе 19 бен 31 жастың арасы деп көрсетеді. Міне, сөйтіп жоғарыда «1916 жылғы қазақ даласындағы көтеріліске Бірінші дүниежүзілік соғыс себеп болды» дегеніміз осыдан.

Даланы дүр сілкіндірген дүрбелең
Әрине, айранын ұрттап, қойын құрттап бейбіт жатқан елге бұл хабар көктен жай түскендей әсер етеді. Ғұмыры топырағын баспаған Ресей жері мен жүзін көрмеген ақ патшаның пәрмені үшін жат жерге барып кім өлгісі келеді? Сөйтіп, солдат болудан бас тартқан қазақ жігіттері қолдарына еріксіз қару алып, атқа мінеді. Осылай қазақ даласының әр аймағында бастау алған халықтың наразылығы ақыры келіп жаппай көтеріліске ұласады. Бір өкініштісі, сонау кеңес уақытынан бері жалпы «16-ыншы жыл оқиғасы» жайлы әңгіме қозғалғанда (оқулық беттерінде де), тек Торғай өңіріндегі Амангелді Иманов басқарған көтеріліс пен Жетісу жеріндегі Бекболат Әшікеев басшылық еткен көтерілістер ғана айтылады. Ал, Қазақстанның басқа өңірлерінде болған баскөтерулер жайлы жергілікті халық болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Айталық, сол жылы шілде айында Сырдария облысына қарайтын бүкіл қазақ, өзбек аймақтары көтеріледі. Әулиеата уезінің халқы да қозғалысқа түседі. Сол жазда Орал облысындағы қазақтар және Астархань губерниясына қараған Бөкей ордасының жұрты, Темір, Гурьев уездерінің жігіттері де атқа мінеді. Семей облысындағы Зайсан, Өскемен, Қарқаралы өңірінің азаматтары да бас көтереді. Бұл дүбірден сол кездегі Ақмола облысындағы ең үлкен аймақтың бірі болған Ақмола уезі де сырт қалмағанын білеміз. Қазіргі Астархан, Макин аудандарының (Ақсирақ елі) қазақтары аттандап ат мініп, айналаға: «Біз атығай, керей елі патшаға солдат бермеуге бекіндік. Біріміз қалғанша соғысамыз. Соғысқа барып өлгенше, туған жерімізде өлеміз.Сіздер де осылай етіңіздер!» – деген үндеу жазып таратады.
Ақмола уезінің аумағындағы Қарсақбай, Спасск, Атбасар кенішінің жұмысшылары да белсеніп шығады бұл күреске. Қарақойын-Қашырлы елінің көтерілісшілерін Шабатов Мәмбетбай деген адам басқарса, Атбасар елінің жігіттеріне Мырзақожаның Жақыбы деген адам басшы болып атқа қонады. Қорғалжын елінің ереуілшілерінің алдында Рақымжан Мадин деген ержүрек жігіт жүрген екен. Міне, сөйтіп сол бір дүрбелеңнің дүбірі қазақ даласын тегіс оятады.

Ереймен көтерілісі
Осындай қозғалыстардың бірі – Ерейментауда болған халық көтерілісі еді. Кезінде бұл оқиға жайлы Ереймен жерінің өз тумалары, журналистер – Ғалымжан Мұқатов пен Қазыбек Сүлейменов азды-көпті жазып кеткен болатын. Және бұл екі қаламгер де көтеріліске тікелей қатысқан адамдардың әңгімелерінің негізінде ақпарат жинаған көрінеді. Сондықтан, ол жазбаларды еш алып-қоспасы жоқ, деректі дүние деп танығанымыз жөн. Естелік жазушылардың айтуынша, халықтың наразылығы бас кезінде ел ішінен әскерге мініс атын жинаймыз деген жарлықтан соң басталған екен. Бұның соңы қарулы көтеріліске ұласады. Осы жерде атап айтып кететін бір нәрсе: егер қазақтарды солдаттыққа (қара жұмысқа) алу әділдікпен жүріп, белгілі тәртіп және мемлекеттік бақылау болса, ешқандай көтеріліс те болмас еді деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасау жергілікті болыс басшыларына тапсырылады. Және жарлықтың тәртібі бойынша, қара жұмысқа болыстардың өздері, олардың жігіттері (қызметшілері), дін иелері, «құрметті азаматтар» деген лауазымға ие болған қазақтар алынбайтын болады. Оның үстіне, қолында малы бар дәулетті адамдар болыстарға астыртын пара беріп, балалары мен туыстарының жас мөлшерін өзгертіп, әскерден алып қалады. Олардың орнына жас­тары жетпеген немесе жастары асып кеткен кедей-кепшіктер жазылып кете барады. Ең бірінші ел ішінде үлкен наразылық туғызған осы жағдай. Ал, егер бай-болыстардың балалары мен туыстары елмен бірдей тізімге жазылса, жай қазақ қыңқ демей жүре берер еді. Сөйтіп, әділетсіздік пен парақорлық ақыры жай жүрген қара қазақты еріксіз атқа мінгізеді.
Марқұм Қазыбек Сүлейменов өзінің естелігінде: «..Оның үстіне болыс өз бетімен спеске (тізім – С.Б) жасап, Әлдеуін жағының жігіттерін алып қалып, Шағалақ жағының жігіттерін үйезге тапсырған. Байдың балаларын алып қалып, ылғи кедейлердің балаларын тапсырған деген сөз елге тарады. Шағалақ жағының жігіттері спескіні тартып алып, отқа жақпақ болды» – деп жазады. Бір айта кететін жайт, сол кездегі Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары бұл көтеріліске қарсы болады. «Қару-жарағы сай патша әскері сендерге алдырмайды, текке қырыласыңдар» – деген бұлардың ескертуі ашуға мінген елге бәрібір тосқауыл бола алмайды. Дүбірі қызып, көтеріліп алған қазақты тоқтату би-болыстардың да қолынан келмейді. Осы көтерілістің алдында ел ішіне мал санағын жүргізуге шығып, жағдайды көзімен көрген Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында: «…Қанжығалының Ащылыкөл басындағы бірінші болысының ауылына қайта келдік. Әбден еліріп атқа мініп алған ел. Гу-гу сөз. Топ-топ жиналыс. Жұрттың сөзі «солдатқа қазақты алу» әңгімесі, қазақтың оған «бармауға тиісті» екендігі. Көңілдеріне қиғаш сөз айтқанды дұшпан деп біледі. Жұрт әбден көтерілген. …Топ-топ, кеу-кеулеген қазақ. Көзіне орыс көрінсе, жүндей түтпек. Бәрі қолдарына түкіреді» – деп суреттейді. Сөйтіп, ақырып атқа қонған Ереймен елінің қазақтары өлсек те солдатқа бармаймыз деген бір шешімге келіпті. Ел ішіндегі бұрындары елеусіз жүрген, бірақ, жүрегінің оты бар азаматтар атқа мініп, халыққа ұйытқы болады. Жаппай көтерілген ел сол кездегі ата дәстүрімен орталарынан хан сайлап, бас сардар тағайындайды. Бөгенбай заманындағы қаһармандарының бірі Атан батырдың шөбересі Сәтбай қажы Абақұлын орталарынан ақ киізге салып хан көтереді. Нияздың Шағыр атасынан шыққан белгілі балуан Бала Сыздық Бейсенұлын бас сардар етіп тағайындайды. Арнайы топтар құрылып, олардың басшылары бекітіледі. Сатай Сәдуақасұлы, Жантай Байғанаұлы деген елге сыйлы кісілер ханның кеңесшілері болып тағайындалады. Ел ішіндегі қолының икемі бар ұста-теміршілер көтерілісшілерге қылыш-найза соғуды қолға алды. Шамалары келгенше әскер ойынын үйрене бастайды.
Көтерілісшілер сол кездегі Ерейментау жеріндегі аса абыройлы, «елдің пірі» саналған діндар Тоқан хазірет Домаұлынан барып кеңес сұрап, батасын алған деседі. Хазірет оларға: «Шамаларың келгенше сөзбұйдаға беріңдер» – деген ақыл айтса керек. Осыған қарап, хазірет келесі жылы Ресейде үлкен саяси төңкеріс болып, қоғам өзгеретінін білді ме екен дейсің. Осыдан кейін ел ішінде: «Тоқан хазірет ақбоз атпен көтерілісшілердің алдында өзі жүреді екен» – деген сөз тарайды. Дегенмен, сол 1916 жылдың қазан айында хазірет о дүниелік болып кетеді. Сонымен, халық көтерілгесін, оған би-болыстардың шамасы келмесі белгілі. Ақмоладағы дуаннан, тіпті, сонау ішкі Ресейден жазалаушы әскер шығады. Енді, бүгінгі күнге жеткен жазба деректерге сүйеніп, Ерейментаудағы халық көтерілісінің жай-жапсары туралы айтсақ, алғашқы шайқас Кеңасу деген жерде өтіпті. Бұл асу қазіргі Жарық аулынан шығыс бетке қарай орналасқан. Осы жерде біраз атыс болып, винтовка, пулеметпен қаруланған патша солдаттары алдырмайды. Қазақтар жағынан да шығын бола қоймаса керек. Дегенмен, бас көтерушілер патша әскерінің жан-жағынан өрт салып, шегінуге мәжбүр етеді. Осыдан кейін екінші рет жау солдаттарымен тау ішінде тағы да кездесіп, атыс барысында екі жақтан да біраз адамдар шығын болады. Бұдан соң, Жуанадыр тауында болған шайқаста қазақтар жағы солдаттарды шегіндіріп, олар Шәкей ауылына барып тығылып, сол жердегі орыс кулактарын қосып алып, келесі күні тағы да шайқасқа шығады. Патша әскерінің бұл жолы да әрекеті іске аспай, Тайбай поселкосына барып тығылыпты.
Ең қиыны, жазалаушы әскер шегінген сайын жолындағы ауылдарды өртеп, тонап, қолына түскендерді жазығы бар-жоғына қарамай өлтіре берген. Осыдан кейін көте­рілісшілердің ішінде бей-берекеттік туып, кейбіреулері жазалаушылардың қолында қалған ауылдарын ойлап қайғырып, отбасын, туыс-туғандарын құтқармақ болып кетеді. Көтерілісшілердің қалғаны қазіргі Арғынбай қыстауының маңындағы Бабаң шаты (Бидің шаты) деген жерге жиналса керек. Мұздай қаруланған патша әскері енді қару-жарақ тиеген арбаларын ертіп, қазіргі аудан орталығының үстімен, Құсмұрын тауын жағалап барып, қазақтармен қайтадан килігеді. Осы жолы көтерілісшілер жағынан шығын көп болыпты деседі жазбаларда. Және бұл кезде қыстың түсіп, нағыз қаһарына мінген кезі болса керек. Көтерілген қазақтар енді шегініп, қазіргі Ерейментау қаласынан күншығысқа қарай 30-40 шықырым жерде тұрған Төре жалына барып бекінеді. Осы Төре жалында болған соңғы айқаста қаруы сай патша әскерлері басымдық көрсетіп, төрт айға созылған қантөгіс ақыры көтерілісшілердің берілуімен аяқталады.
Жазалаушы әскер екі болысқа қарайтын ауылдарды өз еркінше талап, тонап, қырғынға ұшыратады. Осы оқиғаны көзімен көрген шежіреші Өмірбек Тұқпиұлы деген адам өзінің жазбаларында бұл оқиға жайлы: «Төре жалының сыртынды Тұқпи, Әйтей Қарағашы деген екі үлкен ауылда 60-70 үйлі халық тұратын. Осы халықтан бір жан қалмай қашып кеткен. Бұлардың малдары, мүліктері ағашқа, қалың шілікке тығылған болатын. Патша солдаттары осы ауылдардың барлық үй-қораларын түк қалдырмай өртеп жіберді. Тығылған мал, мүліктерді тауып алып, артып, айдап алып кетті. … Көп жан қырғынға ұшырады, Әлібек, Бейсекей, Бәймен, Тұрғынбай, Өсіп, Ахмет, Бекіш, Тоққұлы секілді көп адам (17 кісі) оққа ұшты» – деп әңгімелейді.
Бізге жеткен деректерде Қоржынкөл, Ереймен, Сілеті секілді үш болыс елден кей деректерде 3 мың, ал, кей жазбаларда 5 мыңға дейін адам атқа мінген дейді. Бұларға қоныстас Павлодар уезінің біраз адамдары қосылғанға ұқсайды. Көтеріліс аяқталған соң, оған басшы болған, қатысқан жүздеген адам қыс ішінде жаяу-жалпы Ақмолаға дуанға айдалады деген естелік айтыпты сол дүрбелеңге қатысқандар. Сөйтіп, Ерейментауда болған халық көтерілісі осылай үлкен қантөгіспен аяқталса да, Ресей басқыншыларына дала қазағының айтқанға көніп, айдауға жүре беретін құлақкесті құл емес, шамырқанса шалт қимылдайтын, өз намысы үшін жанын қия білетін ел екенін танытты. Бірақ, Алаш зиялылары ескерткендей, бұл дүрбелең таргедиялық жағдайда аяқталады. Оған бірінші себеп, мұздай қаруланған патша әскеріне сойыл, шоқпармен қарсы тұру оңай емес. Екіншіден, көтеріліс стихиялы түрде жүрген. Яғни, алдына қойған нақты мақсат, нысанасы болмаған. Және Ерейменді жайлаған елдің бәрі бірдей жұмылып атқа мінген жоқ. Үш болыс елді басқарып отырғандардың туыс-туған, құда-жекжаттары, пікірлестері бұл қозғалыстан тыс болған. Үшіншіден көтерілістің рухани демеушісі Сәтбай қа­жы алғашқы айқастардың бірінде қолға түсіп қалып, Ақмолаға айдалады (Молдажан Жадайұлының дерегі). Төртіншіден, қыстың көзі қырауда далада түнеп, ас-сусыз ат үстінде жүріп соғысу оңай емес екені белгілі. Және тау-тас кезіп, ұрыс салып жүрген адам ауылда қалған бала-шаға, ағайын-туыстың жағдайын ойлайтыны өз алдына. Міне, осы факторлардың барлығы халық қозғалысына кері әсер еткені белгілі.
Көтерілісшілер қаруын тастағасын, патша солдаттары Ереймен елінің болысы Усамбайдың Мұқанының ағаш үйіне барып тоқтап, сол жерде Ереймен елінен 500 адам қара жұмысқа алынады деген қағаз жасайды.

Өлсе де басқа дүние, өлең өлмес
Қуанышын да, қайғысын да өлең сөзбен өрнектейтін қазақ үшін «16-ыншы жыл оқиғасы» талай өлең-жырға өзек болған. Әсіресе, осы көтерілістің бел ортасында болып, оның барлық трагедиясын көзбен өткерген Молдажан Жадайұлы, Сәбит Сәтбайұлы, Төлеш Бейсекейұлы сынды ақындар тебірене толғап, сол заманның қасіретті суреттерін көз алдыңызға қайтадан алып келгендей әсерге бөлейді. Осылардың ішіндегі бірегей тұлға – Молдажан ақын. Ел ішінде ақын, зергер ұста, мерген атанған адам. Аталмыш көтерілісте мергендер тобын басқарған. Көтеріліс басылғасын, қуғынға ұшырап, елден кетіп, Зайсан уезі, Көкпекті болысындағы Тарбағатай тауының Дулатқора деген жеріндегі бұрынғы досы Қадырбек Түйкенұлы деген кісіге барып паналайды. Сол жақта жүргенде февраль төңкерісі келіп, патша тақтан құлап, осыдан соң ғана Молдажан да елге оралған екен.
Молдажанның Тарбағатай жеріне кетерде Ерейменнің биігі Күншалғанның басында тұрып, ел-жермен қоштасып айтқан ұзақ өлеңінен бір үзінді:
«Ақдің мен Жуанадыр іші қорлы,
Кеше күн біздің қолдың жатқан орны.
Шолғыншы солдат шығып Ақмоладан,
Басында Жуанадыр атыс болды.
Тау басын бекініске бұрын алып,
Біздің жақ келсең-кел деп тосып тұрды.
Артымен сасқан үйрек сүңгір деген,
Сасқаннан пулеметін ойға құрды.
Бізде жоқ оған жетер ұзын мылтық,
Сонда жұрт домалатып таспен ұрды.
Қиратып пулеметін жігерлі жас,
Солдаттар сасқанынан қашпақ болды.
Қалың қол таудан түсіп, ат қойғанда,
Тоқта деп басшы адамдар ақыл берді.
Шабауға жарамайды оқ аузына,
Кісі өліп, халық беті қайтар деді.
Қойныңнан барам шығып, қош-аман бол,
Күн бар ма, мен көргенше енді сені!
Жері еркін көрінбеді біздің жақтың,
Жолы сол тауға кірген көп солдаттың.
Атыста ақыр болған Қоржынкөлде,
Төрт-бесін өз қолыммен домалаттым.
Ұлыған күшік иттей тыста сарнап,
Па, шіркін, ұшуын-ай бастан бақтың.
Бар болсаң, қайрат-жігер, қолда мені,
Орны жоқ тыста отырып жыламақтың.
Қош, панам, енді аман бол, Ерейментау,
Алысқа тастап сені, сапар тарттым!» – деп тебіренеді.
Қазір ҚР Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында Молдажан ақынның «Ереймен тауына», «Өмір өзгерістері», «1916 жыл оқиғасы», «Тұр­мыс тоқпағы» атты ұзақ өлеңдері мен «Қанжығалы Қарт Бөгенбай батырдың бір жорығы», «Сабалақ» және «Кесік бас» атты дастандары сақтаулы. Ерейментаудағы халық көтерілісі жайлы осы өңірдің тағы бір жүйрігі, суырып салма ақын Сәтбайдың Сәбиті:
«…Елімнің бай дәулеті, батыры қайда,
Көп құрбан мұз боп қатып жатыр сайда.
Қыстаулар қарақұрым күл боп жанып,
Аспанда күн, төбеде тұтылды ай да.
Ұлық пен болыс бүгін жендетіміз,
Тізімдеп бунт басы деп тапты пайда.
Конвоймен әкетті ғой боздақтарды,
Құтылар бұл қорлықтан бар ма қайла?!» – деп сол кездің қасіретті суретін сөзбен салады. Осы дүрбелеңде жүзбасы болған, өзі суырып салма ақын, өзі жыршы Төлеш Бейскейұлы. Төлеш ақынның тағы бір еңбегі – Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанын Қыпшақ Жаманқұл ақыннан үйреніп, кейінгіге жеткізіп кеткен. Осы Төлештің көтеріліс алдында халықты жігерлендіріп айтқаны:
«Мыңбасы-Бала Сыздық палуаным,
Қорлатпай батыр баба әруағын,
Жантайдай найза түйреп, садақ атып,
Дұшпанды жайратады шашып қанын.
Жетіру – зергерге де, ерге де бай,
Не қажет қару-сауыт бәрі де сай,
Қандықол атқан оғы мүлт кетпейтін,
Мергендер – Жанайдар мен Молдажандай.
Ер сынар егер заман туса тағы,
Оқтаулы берен мылтық қолымдағы.
Құралайды көзге атқам жас күнімде,
Құртамын жау шоғырын өзім-дағы.
Шапсам мен «Бөгенбайлап» буырқанып,
Кім кетпес жау қамалын бұзып, жарып,
Қыранды бүргелі тұр өңшең сарбаз,
Түбінде жеңуі хақ біздің халық!» – деп тасқындата төккен екен.
Қара халықты қанға бөктіріп, зар еңіреткен осы бір зобалаңның өткеніне міне, биыл тура бір ғасыр толып отыр. Қазақ жұрты үшін ащысы мен тұщысы бірдей болған ХХ ғасырдағы қасіретті оқиғалардың бірі – осы «16-ыншы жыл оқиғасы». Кезінде ел намысы үшін тұлпар мініп, ту алған сол бір қайсар бабаларымыздың жазықсыз төгілген қанының өтеуіндей Қазақстан бүгін тәуелсіз ел атанып отыр. Алыста қалған аласапыранды күндердің тілсіз куәсі болған Ерейменнің таулары да шері мен шеменін ішке бүгіп, үнсіз мұнартады.

Сайлау Байбосын,
жазушы
«Ақиқат» 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста