Күншілдердің қыздыра түсуімен Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов сияқты қазақ әдебиетінің екі алыбы бір кездегі идеялық қарама-қайшылығын тереңдетіп, жеке бастары да өмір бойы бірін-бірі жаратпай, кейде тіпті жаулық әрекеттерге де барып өткенін әдебиет сүйер қауым жақсы біледі. Сәбең Мұхтардың 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатта ең атақты, беделді жазушы ретінде баяндама жасаған. Сол баяндама оқылып біткенше Мұхаң бірдеңені бүлдіріп қоя ма деп дүйім жұрттың алдында қыпылықтап отырған екен. Оның қорқатыны – бір кезде Алаш орданың белсенді мүшесі болғандығы және сол үшін түрмеге қамалғандығы екені түсінікті. Мұқанов соны айтып, тағы бір тұқыртып тастай ма деп қауіптенеді ғой, баяғы. Бірақ Сәбең сыр бермей, баяндамасын дұрыс жасапты. Алайда, «Социалистік Қазақстан» газетіне басуға берілгенде «Әдебиетіміздің мақтанышы» деген тақырып қоюға үзілді-кесілді қарсы болып: «Мен өмір-бойы Мұхтардың көркемдік талантын мойындағаныммен идеялық позициясына қарсы кісілердің бірімін. Енді оны алпысқа келді екен деп өзімнің позициямнан бас тартып, «әдебиетіміздің мақтанышы дей алмаймын. Сондықтан «Алпыстың асуында» немесе «Жазушы жолы» деген сияқты «нейтральный атау» қойыңдар» деген екен… Ал Сәбеңнің 60 жылдығына орай Ленин ордені берілгенде кемемен круизда жүрген жазушыны Жазушылар одағы құттықтап, телеграмма дайындағанда оған Мұхаң: «туғаныңды көрген жоқпын, өлгеніңде жыламаймын» деген сөз бар. Біз бір-біріміздің жетістігімізге қуанбайтын жандармыз» деп қол қоймапты. Ал 60 жылдық мерейтойын атағанда мүлде қатыспаған да екен. Сонда тойға келген өзбек жазушысы Ғафур Ғұлам Алатаудың ақбас шыңдарына қарап тұрып: «бұл жақтың таулары тауларына қосылғанымен, шалдары шалдарына қосылмайды екен» деген екен күрсініп. Бұл әңгімелерді сол жылдары жақсылармен жанасып жүрген жас журналист Әбілмәжін Жұмабаев марқұмның айтқандарынан жазып алған Көлбай Адырбекұлы «Түркістан» газетіне жариялады. (04.04.2013 жыл).
Екі алыптың араздығы кейінгі, аттары әдебиет әлеміне күшейіп алған тұстарда отқа май құюшылардың кесірінен тіпті өрши түскен. Ал бір кезде… 20-шы жылдардың аяғынан бастап олар да бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста, тіпті шығармашылық байланыста болған. Оған куә – Мұхтар Әуезовтың «Ақан-Зайра» атты «6 суретті, күйлі пьесасы». Шығарманың оқиғасы тұтасымен Сәбеңнің елі Керейде өткен ғажап сұлу, оның үстіне өз заманында терең білім алған Ұмсын есімді бойжеткеннің тағдырына арналған. Ол кісі туралы Сәбеңнің өзі де кейін «Өмір мектебі» кітабында жазған. «Ақан-Зайрадағы» қыз осы Ұмсын екенін барлық оқиғалар, кейіпкерлер мен жер-су аттары дәлелдейді. Ол түгіл Зайра есімі шығарма қолжазбасының бір-ақ жерінде кездесіп, қалған уақыттың бәрінде автор қыздың есімін Ұмсын деп берген екен. Осының бәрі Сәбеңнің Мұхаңа өз елдерінде болған Ұмсын қыздың тағдырын, оның Ақан серімен болған махаббаты туралы әңгімелеп бергенін, ұлы жазушы бұл оқиғаға селқос қарамай осынау шығармасын жазғанын көрсетеді. Бұл туралы жазушының 1982 жылы шыққан 20 томдық шығармалар жинағының 11 томында осы пьеса туралы берілген түсінікте: «Ақан-Зайра» – Сәбит Мұқановпен творчестволық бірлікте дүниеге келген туынды» деп атап көрсетіпті. М.Әуезовтың бұл шығармасының үзіндісі алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1936 жылғы 17 мамырдағы нөміріне жарияланады. Бұл – қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде болған алғашқы онкүндігінің тұсы. Пьесаны жазушының өзі орысшаға да аударған екен. Соған қарағанда оны Мәскеу көрермендеріне ұсынбақ ниеті де болған сияқты. Бірақ осы шығарма жазушының кейін, көзі тірісінде шыққан еңбектерінің бірде-бірінің арасына енгізілмеген. Бұған екі алыптың арасынан, жоғарыда айтқанымыздай, «қара мысықтың» өтіп кеткендігі өз кесірін тигізсе керек. Әйтпесе, Мұхаң жазған дүниенің осалы болушы ма еді? Қырық жасқа келіп, әбден піскен шағы түгіл, 24-інде жазған «Қорғансыздың күнінің» өзі шедевр емес пе?
Қазір бұл пьесаның түпнұсқасы араб әліпбиімен жазылған қолжазба және латын әрпінде мәшинкеге басылған нұсқа түрінде жазушының музей-үйіндегі архивінде жатқан көрінеді… Ал жарыққа толығымен, жоғарыда айтқанымыздай, 1982 жылы шыққан 20 томдығының 11 томына, 5-42 беттерде жарияланды.
Енді бір ауыз сөз Ұмсын сұлу туралы да айта кетелік. Сәбит Мұқановтың жазғаны ғана емес солтүстіктегі талай ақсақалдардың аузынан да Ұмсын сұлу туралы талай естіген едік. Өлкетанушы Қайролла Мұқанов ағамыз барлық деректерді жинап, «Ұмсын сұлу» атты жинақ та шығарды.
Ұмсынның Жұсып деген ауқатты кісінің қызы болғаны және көрген жанды естен тандыратындай көрікті болғаны туралы аңыздар көп. Сұлулығымен қоса ол әнші, оқу білімге өте зерек болған жан екен. Ең қызығы сол – Ұмсын Ресейдегі Троицк медресесін ғана емес, 1902 жылы Мысырдың Ескендрия (Александрия) қаласындағы жоғары дәрежелі әл Азжар әл Мұхаммед бин Вагаф медрессесін де бітіріпті. Ал керек болса… Қазақ баласының Қазан төңкерісіне дейін Меккеге барғанын естіп едік, бірақ ол жақта білім алғанын естімеппіз. Оның үстіне қыз баланың жалғыз барып, білім алғанының мысалы бұдан басқа болған да емес шығар…
Ғабит Мүсірепов те Ұмсын туралы көп біліп, көп естіген екен. Ғабең өмірден өткен соң соңғы жұбайы Ғазиза Бейсенқызы 1987 жылы «Жалын» журналының тілшісіне берген сұхбатында былай дейді: «Жат қолында» романын тәмамдағаннан кейін Ұмсын атты қыз төңірегінде жиі айтатын болды. Шет жағалатып білгенім – Ұмсын Ұлпанның заманында өмір сүрген көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адам. Сол кездің өзінде алыстағы Александрия қаласында оқып білім алған. Елге келген соң біліміне сай орын таба алмаған».
Ғабеңнің «Ой-сезім сәттері» деген атпен жарияланған күнделіктерінен Ұмсын туралы естігендері мен білгендерін жинақтап, ол туралы жазбақ болып, жоспар құрғанын да білдік. Мәселен, күнделіктің бір жерінде: «Ұмсын – Самай руы Жансақал баласы Жұсып қажының қызы. Ағасы Тілеміс – зергер, өрімші, тігінші адам. Жұсып әуелі Абылаймен (Рамазанов) бірге Меккеге барған. Ескендрияда (Александрия) түбі қыпшақ, Бейбарыс нәсілі Астад Махмудимен танысқан. Оның жаңаша орта мектебі бар екен. Ұмсын кейін сонда барып оқып қайтады» делініпті. Тағы бір жерінде Ұмсынның Ескендрияда 5 жыл оқығандығы туралы айтылады. Оқудан келген соң Абылай арқылы мектеп аштырып, Ұмсын оқытушы болады. Бірақ ұзамай ол жабылып қалады. «Еліме пайдалы болармын деп ойлаған Ұмсын енді сол елге, сол заманда беделсіз екенін түсінеді. Оның трагедиясы да осында» деп ой қорытыпты Ғабең…
Бір ауыз сөз Ұмсынның өз тағдыры туралы да айта кетер болсақ, ол барынша бақытсыз жанның бірі болады. Қырдағы қызыл түлкіні қиядан ілетін алғыр қыран секілді Ақан сері сұлуға хат жазып, екеуі білім салғастырғандары рас. Ақанның қызға арнаған өлеңі де бар. Бірақ Ұмсын бойжеткенде сері кәрі шал еді…
Ұмсынның сүйген жігіті Нүрке сері болады. Екеуі сөз байласып жүргенде Торсан байдың есерсоқ ұлы Шери қызығып, күшпен алып қашады. Онда қатын үстіне барғаннан бағы ашылмайды. Ақлима деген бірінші әйелі болыстың қызы көрінеді, ол Торсанға салмақ салып, Шериді Ұмсыннан бас тартқызуын талап етеді. Құдаларынан қорқып, есі шыққан Торсан Ұмсынды кіші баласы Бәкенге қосады. Одан Ұмсын бір қыз туып, ақыры құсадан аурулы болып, ерте көз жұмады…
Міне, қазақтың тұңғыш оқымысты қызының тағдыры осылай болған. Оның тағдыры бір кезде тіпті өмір-бойы жанаспай өткен қазақтың екі алыбының бір кезде тату болғанына да куәлік беріп отыр.
Жақсыбай САМРАТ
Namys.kz