Биыл жазда ШҚО әкімдігінің арнайы шақыруымен хакім Абайдың 170 жылдық мерейтойына барып қайтқан едік. Сол жолы Шығыстағы ең шұрайлы, табиғаты уылжыған туристік мекендерге де жолымыз түскен. Алтайдың бауырын ен жайлаған елдің тыныс-тіршілігімен танысып, бал мен марал шаруашылығын өсіріп отырған мамандар мен кәсіп иелеріне жолығып, тілдесудің де орайы келіп еді. «Баян» шипажайы – 2007 жылдан бері марал өсіріп, осында ағылған жұртқа қызмет көрсетіп келе жатқан өңірге ғана емес, елімізге белгілі туристік фирмалардың бірі. Қазір «Баян» шипажайына елімізден бөлек, шетелден келіп демалатындардың саны жыл санап артып келе жатқанын естідік. Тұмса табиғаттың аясында орналасқан шипажайға келушілер түрлі ем-шаралар қабылдап, дерт-дербезінен айығудың жолын іздейді. «Баян» шипажайының директоры Дариға Исабаева газетіміздің сұрақтарына жауап берген еді.
– Марал шаруашылығын туристік нысанға айналдыруды қашан бастадыңыз?
– Әке-шешемнің бастаған ісін заманға сай кеңейту, туристерді көбірек тарту мақсатында алдыма нақты мақсаттар қойдым. 2009 жылы өзіндік жоспарымды құрып, оны жүзеге асырудың жолдарын іздей бастадым. 2010 жылы Өскемен қаласынан «Шығыс тур» атты туристік компания ашып, шипажайдың жарнамасын қолға алып, белсене кірістім. Демалушылардың саны күн санап артты. Кейде тіпті оларға орын таба алмай қиналатынбыз. Сұранысқа сай Марал шаруашылығы жанынан жаңа ағаш үйлер тұрғыздық.
2013 жылы панты өндіру зауытын іске қостық. Бұрындары панты өндіру ісінде көп қиындықтар болушы еді, енді өзіміздің зауытымыз болғасын, ештеңеден қорықпай, кәсібімізді одан ары дамытудың мүмкіндігі туды. Панты мен шөптен 16 түрлі дәрі-дәрмек өндіреміз. Алтайда мыңнан астам дәрілік шөптер өседі. Оның 26-сы Қызыл кітапқа енген. Біз өз мүмкіндігімізді дұрыс пайдалана алсақ, туристік кластерді дамытуға сұранып-ақ тұр. Әсіресе, эко-туризмді дамытуға барлық шарт-жағдай әзір. Туризм саласы – Шығыс Қазақстанның болашағы деуге болады. Қазір елдің ықыласы артып, күн санап осы саланың жарнамасы да жақсарып келеді. Енді Катонқарағай жолы жасалып, туристердің келуіне қолайлылық туса, әлемнің әр түкпірінен осында ағылатын туристердің саны арта түсеріне сенімдімін.
2015 жылы Өскемен қаласынан пантымен емдеу кешені (СПА) ашылды. Газбен уланған Өскемен тұрғындары үшін бұл кешен таптырмас орын деп білем. Қазір осы жердің өзінде күніне ем алушылар көп. Бұл орталықтың артықшылығы жылдың қай мезгілінде болса да ем-шараны қабылдауларына болады. Осы Жаңа жыл қарсаңында дәл сондай кешенді Астанадан ашуды жоспарлап отырмыз. Бас қаламыздың тұрғындары мен қадірлі меймандары осы кешенге келіп, пантымен емделіп, түрлі ауру-сырқауларынан айығудың жолын іздейтініне сенемін. Өйткені, мұнда келіп емделу қолайлы. Мүйіз монша, бұлау, табиғи өсімдіктерден алынған дәрі-дәрмектер, рецепт бойынша берілетін шипалы емдік шөптер – бәрі даяр. Біз Астанадағы бөлімшемізден кейін өзге де аймақтардан пантымен емдеу кешендерін ашуды ұйғарып отырмыз. Бәрін уақыт көрсетеді.
Ең бастысы, Астана халқы пантымен емделу үшін Катонға бармайды. Көбі жаз айларында сол жерге барамыз дегенімен, уақыттары, шарт-жағдайлары сай келмей жатады. Осында жүріп емделіп, шипасын көрер болса, жазда Катонға барып тынығуды ойласа, нұр үстіне нұр. Біз өз клиенттеріміздің тұрақты ем алуына барлық мүмкіндік жасауды еш уақытта ұмытпаймыз.
– Шипажайға келетіндердің саны артып келеді дейсіз. Оларға нақты қандай қызмет түрлерін ұсынасыздар?
– Қазір мұнда тек емделу үшін емес, демалу үшін келетін халықтың саны көп. Сондықтан, шипажай қызмет түрлерін мүмкіндігінше жылдан-жылға көбейтіп келеді. Қазіргі уақытта панты ваннасында емдеудің жолын жақсы игердік. Панты ваннасына 15 күн бойы түседі. Әр жолы 15 минут отырады. Одан артық отырса, зияны тиюі мүмкін. Себебі, пантының қуаты күшті. Бұдан бөлек фито бөшкеге салу, панты бөшкемен булау, панты ингаляциясы, панты сорпасына орау, панты-бар, фито-бар арқылы емдеу, панты маскасы арқылы бет-әлпетін әрлендіру, аяқ ваннасында буын-буыны ауырған жандарды терлету, желқұзынан айықтыру, панты майы арқылы массаж жасау – бәрі өзіндік қағидасы бар емдеу тәсілдері. Ет пен қымыз, сары май, бал қосылған тағам түрлері, дәрі шөптерден дайындалған табиғи емдік дәрумендердің түр-түрі бар.
– Демалушылардың жас ерекшелігі қандай? Негізінен қандай дерт-дербезінен айыққысы келетіндер келеді?
– 12 жастан бастап демалуға келеді. Егер сырқаты ауыр балалар болса, 5 жастан бастап кейбір ем-шараларды қабылдауына болады. 20-45 жас аралығында бала сүюге зар болған жұптар көп келеді. Пантының күшін, қасиетін білетіндердің дені осында келіп емделіп, сәби сүйіп, бақытты отбасына айналып жатады. Бәрі бір Алланың қолында десек те, біздің қызмет азда болса септесу, көмектесу екенін ұмытпаған абзал. Белсіздік пен бедеулікке тап болып, талай жерді шарласа да, денсаулығы түзелмеген жұптарға жүйелі емдеу жүргіземіз. 70 жасқа дейінгі егде кісілер негізінен буын сырқатымен көп ауырады. Тізелері бүгілмей, буын-буыны қақсайтын кісілер осында келіп емделсе, ауруынан тез айығып кетеді. Пантымен емдеудің тәсілін дұрыс қабылдасаңыз, түрлі аурудың алдын алып, денсаулығыңыз тез оңалады. Ең бастысы, адамның иммунитетін көтеріп, тамақтануы жақсарады. Жүрек, нерв, тері ауруларына берер шипасы мол. Жыныстық аурудың түр-түріне табылмас ем осында.
– Шетелден келетін қонақтар көп пе?
– Өте көп. Олар Алтай маралдарының қадірін бізден гөрі жақсы бағалайды. Мысалы, соңғы 6 жыл бойы Жапониядан үзбей келіп жатқан турис ақсақал бар. Әр келген сайын Алтайды, осындағы қазақтарды, маралды сағындым дейді. Түрлі аурудан айығып, есім кірді деп, бізге алғысын жаудырып кетеді. Германия, Ресей, Швейцария, Израиль, Қытай секілді елдерден жыл сайын келетін тұрақты қарияларымыз бар. Олар өзімен бірге жаңа туристерді де ерте келеді.
Пантымен емдеу ісі ең әуелі Қытайда қолға алыныпты. Біздің дәуірімізге дейін-ақ олар бұғының қасиетін сезіп, арнайы медициналық кітаптарында жазып, дәрі-дәрмек өндірген. Кейін Корея, Жапония, Еуропа елдері бұғының емдік қасиетін жазып, сызып, марал шаруашылығын дамытқа. Бірақ солардың бәрі Алтай маралдарын жоғары бағалайды. Себебі, мұндағы маралдардың қоректенетін шөптері, таудың табиғаты, өсімдіктердің алуан түрлілігі марал еті мен қанының шипалы құнын арттыра түскен. Марал шаруашылығымен айналысатын елдердің көбі мұны мойындайды әрі бізге келіп, маралдарымыздың жайылымына қарап, таңданып қайтады.
Сондай-ақ, шетелдіктер мұндағы тамаша табиғатқа да қызығады. Біз оларға маралды ғана көрсетпейміз, Алтай туралы аңыздарды айтып, Мұзтау, Бүркіттау, Рахман қайнары, Көккөл сарқырамасы, Ақ Берел, Берел қорғаны туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Туристерді сонда саяхаттатуды да естен шығармаймыз.
Айтпақшы, 2016 жылдан бастап «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстарын бастаймыз. Туристік компания арқылы Катонқарағай өңіріне саяхат жобасын қолға алуды ұйғарып отырмыз. Катонқарағайда пантымен емдеу мерзімі – мамыр айынан қыркүйектің ортасына дейін. Қалаларда пантымен емдеу кешені жыл бойы жұмыс атқарады.
Алдағы уақытта экотуризм, медицина, туризм жобаларын әзірлеп, өңірлік және республикалық нақты істерді қолға алсақ деп отырмыз.
– Маралдың бағымына қалай көңіл бөлесіздер?
– Өзіңіз көргендей, арнайы жайылымымыз бар. Қысы-жазы осы жайылымда жүреді. Қыстың суық мезгілдерінде арнайы жем-шөп беріп, аман-есен шығуына жағдай жасаймыз. Уақытылы емдеу шараларын да ұмыт қалдырмаймыз. Марал – өте сезімтал аң. Ол адамның мінез-құлқына, пиғылына қарайды. Сіздің ниетіңіз таза болса, ол да бауыр басып, жатырқамайды. Біздің марал бақташыларымыз әр тұяқтың түр-түсін қадағалап, ауру-сырқауын алдын ала біліп отырады.
– Жаз бойы маралдардың қасында жүресіз. Қыста алыс кеткенде оларды кімге тапсырасыз?
– Әрине, арнайы бақташыларымыз қарайды. Бірақ мен алыс ұзап кетпеймін. Күнделікті телефон арқылы хабарласып, хал-жағдайларын сұрап, біліп отырамын. Кей кездері қатты сағынамын… Бала кезімде маралдардың төлдерін көруге құмар едім. Олардың жәудіреген, бейкүнә жанарына әлі де ғашықпын. Алыстан қарап, өрісте жүргендерін ұзақ бақылап, Аллаға мың тәубе айтамын. Біздің табиғат оларсыз көріксіз, қадірсіз сезіледі. Өрісіміз маралға толып жүрсе екен деп армандаймын. Қазір еліміз бойынша марал саны өсіп келеді. Мемлекет, аймақ арнайы субсидия бөле бастады. Бұл қуантарлық жайт.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Т.ТАҢЖАРЫҚ
dalanews.kz