Татарлар. Татар болғанда, әңгіме қазіргі Қазан татарлары емес, бір кезде дүниені дүбірлеткен, еуропалықтар татарлар деп атаған көшпенді халық туралы болмақ, ал қазіргі қазан татарларының бұл татарларға жанама түрде ғана қатысы бар, (Қазандықтардың шын тарихи атауы бұлғарлар болады).
Мынау картада татарлардың Татария деген ұлы мемлекетінің алып жатқан аумағы. Еуропалықтар көне карталарында бізді солай белгілеген екен.
Татарлар Ордаларға бөлініп өмір сүріпті; Қазақ ордасы, Ноғай, Қырым, Еділ ордасы (Батудың шаңырағы), Астрахан, Сібір, Үргеніш, Самарқан, Қорасан деп Ауғанстанның орта шегіне дейінгі жерді және Қытайдың тұтас батыс бөлігін көшпенді халық иеленіпті. Шыңғыс әулетінен шыққан хан - сұлтандарына бағынған.
Тұрмысы - көшпелі тұрмыс, тамағы - ет, қымыз, сүт, киіз үйін құрып - жиып ұдайы көшіп жүреді екен. Татарлардың ең ауыр қарғысы - "көше алмай жұртта бір орныңда сасып бүксіп қал!" Бұл неміс елшісі Хербертштейннің көргені (16 ғасыр).
Болды, бұлар үшін осыдан артық қарғыс жоқ екен. Бала кезінде дұшпандары Шыңғысханды анасымен бірге жұртында тастап кетеді емес пе...
"бұларда жеті ата санау салты бар" дейді әйгілі Рашид ад Дин (14 ғасыр). "Оны олар шежіре деп атайды, бұл салт олардың құдайсыздығынан ба екен, әйтеуір бұлар балаларына жастайынан өлген бабаларының жеті буын ат есімдерін жаттатады" дейді Рашид ад Дин. Сосын өзі Шыңғыстың жеті атасын тізіп береді.
Литва тарихшысы Михалон Литвин (16 ғасыр) "татарлардың әйелдері, қыздары өте адал болады, бұлар ойнас қылу, жүріс жасау дегенді білмейді, еркектері оларды қабағымен ғана билеп отырады" дейді. Бұны Марко Поло (14 ғасыр) да қоштайды, "бұлар неше әйел алса да әйелдері бұларға ымырасыз бағынып өздерін өте пәк ұстайды" дейді. "Және бұларда қайтыс болған ағаларының, інілерінің әйелдеріне үйленетін әмеңгерлік салты бар".
Плано Карпини (13 ғасыр) айтады "бұл татарларда үлкенді сыйлау, бір - біріне жәрдемдесу, ұрлық қылмау, бабалар әруағына бас ұру сынды қасиеттер бар.
" Жалпы бұлардың ынтымағы тым берік, бұлар негізі бірлігі мықты халық, қайғыда, қуанышта, сырттан қауіп төне қалса ішінара тез біріге кетеді" дейді франсицкандық Карпини. Оны неміс Хербертштейн де растайды; "татарлардың бір - біріне құрметі ерекше, бірақ бұлардың хандары өзара соғысып қалса, олар хандары үшін бір - бірімен аямай соғысады".
1399 жылы болған еуропаның атақты "Ворскла шайқасы" кезінде Алтын Орда ханы Темір Құтлық, қашқан Тоқтамысты қуалап отырып еуропа біріккен әскерінің қоршауына аңдамай түсіп қалғанда, оның артынан оны құтқаруға қалың қолмен Едіге би барады. Сонда Едіге "ханымыз жау қолына түсіп қалды" деп Еділ өзені бойында дабыл қаққанда, сенесіздер ме, (?), сол қалың әскерді ел арасынан екі - ақ күнде жинап алыпты.
Не деген елдік, бірлік, ынтымақ. (!)
Татарлардың жауынгерлігі туралы еуропа, арап, парсы, қытай, русь жылнамаларында сөз көп. Марко Поло "әлемде татарларға жетер жауынгер халық жоқ" дейді.
Хербертштейн "бұлар ат үстінде шыдас қылып үш - төрт күн қатар жүре береді, оған бұлар өте төзімді, жолай жылқының желкесін қиып одан аққан қанды ішіп азық қылады, соны атқа да пайдалы деп біледі" дейді. "Түнде бағытты жұлдызға қарап айырып жол табады, ол шоқжұлдызды бұлар темірқазық деп атайды" дейді.
"Татарлар жалпы соғысты бастағанда сатыр - гүтір еткізіп лап береді, күшті бастайды, сосын сәлден соң артқа бұрылып қашқандай болады, ал сол кезде қарсыласы бұны қуа жөнеліп бұлардың қармағына түседі де жеңіледі. Бұлардың соғыста тактикасы да техникасы да, руһы да мықты, оны соғыс барысында өздерінің дарынды қолбасшылары жақсы ұйымдастырып беріп отырады. Татарлар расында теңдессіз жауынгер халық" дейді еуропалықтар.
Олардың айбынды хандарының құрлық аралап жүріп соғысатын даңқты жорықтары туралы басқалар да жазды, өздері де сансыз жыр - дастандарына қосты.
Бату ордасында болған Гииом де Рубрукке (13 ғасыр) татарлар "табалдырыққа аяғыңды тигізбе, ол біздіңше жаман ырым" депті.
Ал Бату ордасында қолымен жағын таянып қатты ойланып кеткен Рубрукке, Бату "жағыңды таянба" деп бұйырыпты. "Ақты жерге төкпе, босағаны керме". Бұл олардың ырымдарынан бір көрініс.
"Татарлар әр малдың өз иесі болады деп сеніп оларға киізден құдай жасап алған" дейді Карпини де, Рубрук та....
Біздегі мал иесі - Зеңгі баба, Қамбар аталардың түбі қайдан шыққанын осыдан аңғаруға болады екен.
Жалпы, 1253 жылы Сартақ пен Бату, Мөңке ордасында болған монах Рубрук өз жазбаларында атаған татарлардың тамағы мен сусыны - құрт, айран, көже, саба толы қымыз, бұлардың бәрі тек қазақтың асханасына тән сусын мен өнім.
Кезінде Бату мен Берке, Өзбек, Жәнібек сынды орда хандары мынау алып аймақта жаз - жайлауда аң аулап ордасын алып батыста Кавказ бен Мәскеу арасын, Қазан мен Астрахан арасын мекен қылып көшіп жүреді екен. Ал орыс княздері Мәскеу, Новгород, Владимир сынды өз қалаларында артық жер алып оған үй салу үшін Батудың рұқсатын сұрап оны айлап Сарайда күтіп жатады екен. Себебі, қала мен жер тек ұлы ханның меншігі, оның рұқсатынсыз империяда ештеңе салынбайды. Мәскеу аумағы жалпы, Орда хандарының бір провинциясы ғана бопты, ал Мәскеу қаласы алғаш рет Орда ханы Мөңке Темірдің 1272 жылғы жарлығымен салық жинайтын орталық болып құрылады.
Ал осы империя аумағында татарлардың ру - тайпалары шашырай орналасып көшіп қонып жүре берген екен. Сонау Еділ мен Қара теңіз бойына орналасқан қыпшақ, найман, тама, қоңырат, маңғыт, керей, алшын, жалайыр т. б. анау Ауғанстанда да, қазіргі қазақ жерінде де, өзбекте де, қарақалпақта да сонша ру - тайпа боп басқа хан - сұлтандар қарамағында ел болып көшіп қонып мекендепті. Әлі күнге шейін оның іздерін байқауға болады.
Сөзсіз ұлы тарих, асыл мұра.
Бұл халықтар қазір өкінішке орай бұрыңғы ұлыстық атауларын (қазақ, қарақалпақ, қырым татары, ноғай) ұлт атауы ғып бөлініп кетті және бұл бөлшектер тым ұсақталып бұндай ұлы мұраны көтере алмай ма деп қорқамын.
Ең өкініштісі - осы көшпелі халықтың әбден бір - бірін мойындамайтын алакөз деңгейге шейін түскендігі, өздерін "ноғай, қалпақ" деп шеттетіп төмендетіп отыратындығы, ортақ нәрсе тарих пен фольклорды, салт дәстүрді әркім жеке дара иемденігісі келетіндігі, Өзара алауыздығы, ал өткені мен ұлы тарихы бұл кезде парша - парша боп сыртқа қолды барады.
Алдында айырылғаны аз емес еді, енді міне....
Қазір Орда тарихына қазандық бұлғар татар, тіпті орыс та иелік етпек ойы бар. Ал біздегілер кезінде Мәскеудің рұқсатымен Қазақ ССР іне шақталып жазылған Керей мен Жәнібек деген қалыптан аса алмай отыр.
Олжас Әбіл
Фейсбуктегі парақшасынан