Үстіміздегі жылдың 2 қазаны күні Тимур Устемировтің «Караван» публикует редчайшую фотографию молодого Абая» деген «Караван» газетінде жарияланған жас Абайдың «фотосына» қатысты мақала жарық көргеннен кейін, әлеуметтік желіде абайтанудағы тағы бір даулы тақырып қызу талқыға түсті.
Жаңа фотосуреттің қайыра ғылыми айналымға түскеніне қолдау білдіріп, пікірлерін қалдырып жатқан елімізге белгілі ғалымдар да болды. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі: «Бұл – Абайдың суреті емес», - деген Мекемтас Мырзахметов пен Тұрсын Жұртбайдың пікірлеріне келіспейтін қарсы ойлар көптеп айтылып, «міне жас Абай» деп осы «жаңалықты» насихаттаушылар басым болып жатты.
Кейбір зерттеушілеріміз: «Заманында Әлекең мен Мұхаңның арасы онша тәуір болмай, соның кесірі Марғұланның Абайтануда ашқан біралуан жаңалықтарына кедергі жасады, яғни Мұхаң бастаған зертеушілер мойындаған жоқ болатын. Енді заман өзгерді. Демек абайтану бағытындағы кейбір күмәнды, даулы мәселелерге жаңаша, бүгінгі ғылым тұрғысынан келу қажет деп білемін»,-дей келіп, М.О.Әуезовтің бұл фотоны мойындамағанын өзі дәлелдей келе, «Бұл фотоны жариялаған М.О.Әуезовтің өзі болатын. Одан артық қандай дәлел керек»,- деп елді шатастырып та жатты.
Шындығына келсек елді шатастыратындай жағдай емес қой. Абайдың қазіргі таңға жеткен екі фотосымен салыстырып жіберсеңіз Тұрсын Жұртбай айтқандай: «Бұл сурет пен Абайдың түпнұсқадағы кейпіне анықтап қарасақ, екеуі екі бөлек адам болып шығады. «Абайдың мойны қысқа еді, иығымен бірдей еді»,- деп жазады өзінің баласы Тұрағұл. Ал мына суреттегі мойынды қара? Көзінің аясын, мұрнын, маңдайының бітісін қара. Бұл - Абай емес». Әйтсе де қарсы пікір айтушылар «Жас Абайдың» фотосын ақынды кейінгі кездері салынған суретшілердің еңбектерімен салыстырып, ұқсақтықтарға маңыз беріп жатты.
Сәл шегініс жасасақ, бұл даулы тақырып «Караванға» дейін де біршама көтерілген. 1970 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде ұлы ақынның 125 жылдығына орай «Жас Абайдың фотобейнесі» атты Әлкей Марғұланның көлемді мақаласында осы сурет жарияланып және фотоға түсу ерекшеліктері, фотодағы өзге де кісілер туралы мәліметтер берілген. Кейінгі жылдары да «23 жастағы Абайдың суреті», «Абайдың жас кезіндегі суреті мен күйлері» сынды мақалалар жарық көріп, «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты кітаптың мұқабасында осы сурет жарық көрген еді.
Осы тақырыпта жекелеген ізденушілерге белгілі болғанымен, қалың көпшілікке ұғынықты болуы үшін Әлкей Марғұлан негіздеген «Абайдың фотоға түсу» жайына қысқаша өз сөздерімен тоқтала кетейін.
Әлкей Марғұланның айтуы бойынша: «Жас Абайдың фотоға бірінші түсуі 1868 жылы Күнбатыс Сібірді аралауға шыққан ұлы князь Владимирдің Омбыға келуіне байланысты болған. Бұл князь сол кездегі Россияның патшасы Александр ІІ-нің баласы...
Князь Самар қаласынан шығып, Орынбор келеді. Одан Тройскі, Қызылжарды басып Омбыға келіп тоқтайды. Бұл жерде бір жұма болып қазақ халқының ойын-сауығын көреді, сол кездегі қазақ басшыларымен кездеседі».
Әлкей Марғұлан князьдің келуі мен осы кездегі сәттерді фотоға түсіруші - Кесслер дейді. «Кесслердің фотоларының бәрі тамаша. Алайда оның ішіндегі көзге ерекше түсетін жас Абайдың фотосы. Абай Кесслердің «Депутация Киргиз Семипалатинской области» деген фотосында суреттелген. Мұнда барлығы 14 кісі түскен. Оның ішінде Мұса, Шалғымбай, ол екеуінің ортасында военный губернатор Окольничий, Мұсаның оң жағында жас Абай, Шалғымбайдың сол жағында отырғандар сол кездегі Қарқаралы дуанының қазылары Көпбай Есетов пен Малыбай Байғұтты болуы керек. Бұлардың бәрі сыйлы түрде, орындықта отыр. Олардың арқасында тұрғандардың ішінде (солдан оңға қарай) Құсайын Боштаев, түрі Тұрашқа ұқсаған Құнанбайдың үлкен баласы Құдайберді болуға тиіс. Абай мен Құдайберді, Мұса үшеуі сол кездегі сыпайы қоңыр киіммен түссе, өзгелері жарқырап, оқамен жиектелген кең шапандармен түскен. Кейбіреулері (Көпбай Есетов) қылыш асынып түскен. Алдында сыпайы түрде отырған екі жігіттің біреуі Мұсатай Тәттімбетов болса, енді біреуі Жүсіп Алшынбаев болуы керек. Өйткені Абайдан кейін бұл топта ол екеуінен жастауы болуға мүмкін емес.
Абай бұл жылы 24 жаста»,- дейді ғалым. Сонымен қатар мақалада фотодағы Абайдың бет-бейнесіне, киім ерекшеліктеріне, балаларымен ұқсастықтарына т.б көптеген жайларға тоқталады.
Енді бүгінгі көтеріліп отырған мәселенің түп-төркініне, негізгісіне келсек...
Ия, 1970 жылы Әлкей Марғұлан «Жас Абайдың фотобейнесі» атты мақаласында осы фотоны жариялайды. Бірақ сол кездің өзінде де бұл суреттің Абайдікі емес екенін дәлелдейтін мақалалар мен хаттар жазылады. Сол кездегі Абай музейінің ғылыми қызметкері Мұздыбай Бейсенбаев Әлкей ағамызға хат жазып, оған бүкіл қызметкерлері қол қойып жібереді. Амантай Сатаевтың мақаласы мен Мұздыбай Бейсенбаевтың хатына Әлкей Марғұлан еш жерде қарсылық білдірмеген. Соған қарағанда ондағы қарсы пікірлермен келіскен болуы керек.
«Жобалап сөйлеген ғылымға дәлел болмайтыны» анық. Сондықтан да бұл фотодағы жас Абай еместігін және Әлкей Марғұлан жобалап жазғандарының шындыққа сәйкес келмейтінін түрлі бағытта санамалап, сатылап, дәлелдеп көрелік...
Біріншіден егерде сурет 1868 түскен болса, Әлкей Марғұлан айтқандай «Құнанбайдың үлкен баласы Құдайберді» фотоға түсуі мүлде мүмкін емес. Себебі 1866 жылдың сәуір айында Құдайберді қайтыс болады. Сол себепті де Абай ағасы қайтыс болғаннан кейін Күшік Тобықты еліне болыстық қызмет атқарады.
Екіншіден, «жас Абай» деген фотоның кеудесінде медаль, орденге ұқсас нәрсе таққан. Ал 23-24 жасында Абайдың медаль немесе арнайы төсбелгімен марапатталғандығы туралы еш дерек жоқ. «Ал болыстыққа кандидат болып жүрген жас мырзаның жылтырақ түйме мен медаль тағуы - таң қалатын нәрсе емес деп санаймын»,- деп жазыпты әлеуметтік желіде бір ғалым. Абайды еш дәлелсіз жылтыраққа әуес қылдырып қоюдың еш қисыны келмес. Тұрсын Жұртбай ағамыз айтқандай: «Қарғыбау тағып...»,- деп Абай өзі сынайды мұндайды».
Үшіншіден, ең негізгі дәлеліміз төмендегіндей болмақ...
Фотоны түсіруші - Әлкей Марғұланның өз сөзімен айтақ «келістіре түсіруші - Кесслер».
Кесслер деген кім? Осы сұраққа жауап іздеп, мынадай деректер тауып отырмыз. Исаак Ермолаевич Кесслер Омбы қаласында алғашында кітап дүкенінің иесі болған. 1870 жылы фотоателье ашқан. Бұл Омбыда ашылған екінші фото түсіретін мекеме еді. Оған дейін 1855 жылы А.Г.Темкиннің мекемесі ғана жұмыс жасаған дейді тарихшылар. И.Кесслердің кәсіби фотограф ретінде «жұлдызды» сәті 1891 жылы, патшазада Николайдың (кейіннен Николай ІІ патша) Омбыға келуімен байланысты болды. Патшазаданы түсірген фотолары үшін И.Кесслер «Александр ІІІ үлкен медалімен» марапатталды және «Ұлы мәртебелі патшазада Николай Александровичтің жазбаша алғысына» ие болған. Фотограф кейіннен өзі түсірген фотосуреттердің сыртына осы марапаттарды 1891 жылы алғаны жайлы жазумен шығаратын болған. Себебін айтпаса да түсінікті шығар.
Дәлел ретінде мына анықтамалықтарды да ұсынғанды жөн көрдік:
«Кесслер Исаак Ермолаевич - омский фотограф, владелец фотомастерской (с 1870 года) и книжного магазина. Первым из фотографов города перешёл к внепавильонной съёмке. Снимал приезд в Омск цесаревича Николая Александровича в 1891 году».
КЕССЛЕР Исаак Ермолаевич (Кеслер), мещанин Ковенской губернии. Омск, Актюбинской обл., Ильинский форштадт/Тюмень. Владелец фотографии в Омске «Существующая с 1870 г. фотография И.Е.Кесслер, за казённые снимки удостоен Высочайших наград и письменной душевной благодарности Е.И.Величества ныне царствующего Государя Императора Николая Александровича за фотографические портреты и в группе со свитой, мною снятыми в Омске в 1891 г.».
Соңғы дәлелімізді қорытындылай айтсақ 1868 жылы князь Владимир Александровичтің Омбыға келген сапарын И.Кесслер фотоға түсірмеген. Ол өз фотопавильонын 1870 жылы ашқан. Ол кезде фотоға түсіру үшін біршама уақыт қимылсыз отыру қажет болған, себебі кескіннің айқындылығы мен фокусын дәлдеу біраз уақытты қажет ететін. Сол үшін арнайы павильондар ұйымдастырылатын.
Жандос Әубәкір,
Абай музейінің директоры, ф.ғ.к., доцент.
Аbai.kz
Abai.kz