Бозбала Бейсен

 Ол қандай еді? Өз тұстастарынан несімен ерекшеленді? Нені көздеді, не нәрсеге құштар болды? Біз оның бала кезін білмеуіміз мүмкін. Жігіттік шағы жұртқа мәлім. Айтқымыз келгені – бала мұрты тебіндеген кезі еді.

Бозбала Бейсен дедік пе... Боздап қаламыз деп кім ойлаған? Алланың жазуы солай. Құнсыз берді, сұраусыз алды. Көнуімізге тура келеді. Бәріміз де сабырға келеміз. Өйткені Жаратушы талабы сондай. Ақырғы рет сөйлескенім еске түсе береді. Соңғы көргенімде өзі де мәңгіге бет алғанын ептеп сездірді. Айтпақшы, Гүлмира келіннен қоңырау түскен екен. Естімеппіз. Хабарлама қалдырды. «Ініңіз іздеп жатыр. Сағындым дейді». Сағынған ініден айналасың ғой. Дереу жиналдық та, іздеп бардық. Көргенде көңіл көншіді. Көз жанары жақсы екен. Күліп қарсы алды. Мұңның ізі де жоқ. Емделу кезінде дем беру дұрыс. Сөз арасында әлі-ақ оңалып кететінін айтып, сендіруге тырыстық. Ақылды ғой, басын изеп күлді. Күлді де, күрсінді. Күрсінгенін жасырды бізден. Артынша арқаланып, сөйлеп кетті.

– Аға, бәрі бір Алланың қолында. «Жазмыштан озмыш жоқ». Оны жақсы білемін. Ұлы Жаратушының өз қалауы. Еркі жүзеге асады. Біздікі оның кез келген шешіміне бойұсыну.

– Оның дұрыс, айналайын! Бәрін түсінетін азаматсың ғой. Мұқалма! Күрес! Соңына дейін! Өзгелерді өмір сүруге үгіттеп келдің. Жұртыңның құламауын тіледің. Еліңнің еңсе тіктегенін қаладың. Майда-шүйде ауру сендей нар жігітке бұйым болып па?! Алла қаласа, аттай жарап, тұрып кетесің, інім менің!

– Оған сөз бар ма?! Сізді сағындым, аға! Сосын, іздедім. Келініңізге айттым, «ағаны шақыр» деп.

– Жер түбінен жетіп келуге дайынмын ғой, сен үшін.

– І-шай дескен жоқпыз ғой, иә, аға?

– Сен менің туған інімсің.

– Білем ғой... Жеңгем қалай? Есіңізде ме? Баяғы шақтар ше? Комиссия...

Бейсен күлді. Күліп еді, жүзі жадырап сала берді. Жазылып кеткен секілді. «Осы беті оңалып, тұрып кетсе» дедік. Күліп жатқан адамның бәрімізді күңірентіп кетуге құқы жоқ қой. Өзі де ұмтылды. Жүріп кетуге оқталды. Қарсы алдында отырмыз. Теңселіп кетсе ұстап қалуды ойлап. Өмірі қамшы салдырмаған, демеуді керек етпеген інім қазір де өзі қимылдайтынын қапысыз ұғып тұрдым.

Сол жолы ұзақ сөйлестік. Дәрігер екі келді. Көп мазаламауымызды қалағаны болар. Оған да мән берген жоқпыз. Баяғы шақтан бүгінгі кезге шолу жасап, өмірді әңгіме еттік. Көңілді отырды. Болашақты да бірге кездік. Дәл сол сәтте оның оңалып кететініне оңай сендік. Өйткені өзгелердің омалып қалмауына өзі себеп болып еді ғой. Сөзімен жігерлендіріп, қиыннан жол тауып беріп, талайлардың аурудан айығып кетуіне күш салған.

Бейсенжанның мына отырысында да мін жоқ. Жанары тік, көзі өткір. Ауыр дерт еңсесін баса алмаған. Қайта қанатын қомдап, енді ұшуға бет алған қыран келбетінде. Жұмсап жіберсем, талай тауды қопарып келетіндей. Сыр да шертілді. Әзіл де айтылды. Пікірталас та болып кетті-ау деймін. Бұл біздің, анығында, қош айтысуымыз еді. Көзден жас аға күлсек те, көкіректе бір мұң қалықтады.

Соңғы көруім екен. Кетер-кеткенше хат жазып, амандық біліп тұрдық. Үзілер шағына дейін үмітіміз үзілген жоқ. Көрпесін лақтырып тастап, қоғам өміріне қайта араласып кететіндей болып тұрды. Диагнозы мәлім, бет алысы белгілі болса да, көңілге титтей де күмән түспеді. Неге? Себебі тереңде болатын. Оны әбден тануымыз! Танитындар біледі. Жігерлі жан. Еді ғой деуге тіл бұрылмайды. Қалам да. Бейсенжан ешқашан жасымаған! Қиындықтан қорықпайтын, еңсеріп кететін.

Балалық шағын білмейміз. Білеміз, өзі айтқан дәрежеде. Әкені аға деп таныды. Әжені шеше деп білді. Ол адалдығына титтей де қылау түспеді. Сол соңғы барғанда сырын айтты. «Апамды кіші ағама тапсырдым, қайта оралсам, қолыма аламын ғой». Тапсырдым дегенде, денем селк ете қалды. Сезім деген де тым жүйрік кейде. Бала кезінен талай сыр шерткен. Бозбала кезін жатқа соғамыз. Өйткені қатар өстік. Біріміз – аға, екіншіміз – іні. Біз ағалық шеңберден аспадық. Ол інім болып, тынысыма айналды. Бозбала шағында күні-түні бірге едік. Бірге ас ішіп, бірге қонып, бірге жұмыс істедік. Бірге тұрдық десе де болатын шығар.

Алғаш көргенім есімде. «Спорт» газетінде едік. Бас редактор әрі ұстаз телефон соқты. Бөлімге, бөлмеге. Шақырды, кабинетіне. Бардық. Барсақ, алдында бір бала отыр. Мән бердік, бермедік. Ұстаз әрі бас редактор қолыма дәптер ұстатты. «Мынау жігіт «тау қопарамын» дейді. Бәрін біліп тұр. Көрші, мә, жазғандарын». Нес-ағам әзілдеп сөйлегенді дұрыс көреді. Кейде шын сөзінің өзін қалжыңға балап алатын кезіміз көп. Баланы ертіп, бөлмеге келдік. Атын айтты, айтпады, анық есте жоқ. Дәптерін қалдырды. Тағы бірде соғатынын білдік. Ол кетті, біз қалдық. Дәптері қолымызда. Оқыдық, жазуы маржандай екен. Ұқыппен жазылған. Паспорт столы деген болушы еді ғой. Төлқұжатты қолмен толтыратын заманда. Сол бөлімге осындай каллиграфиямен алушы еді. Мына бозбала барса ше, бірден қабылданады.

Екі-үш күнде қайта соқты. Бастыққа барды. Бұйрық шықты. Бейсен, енді Бейсенжанмен бірге кешкен күндер басталды. Бейсенжан атандырған – Сайын аға Тұрсынов. Біз ол кісінің ұғымында Аманжан едік. Ортамызға Бейсенжан қосылды. Ұжым құрамы шағын болғанымен, шетінен ерекше жандар еді. Ол – Сайын аға, ол – Дендер аға, ол – Жүсіп аға. Туған інім әндетіп жүретін: «Сайын аға, Нес-аға!»

Дендер аға, Жүс-аға!»

Толық ақпарат беріп тұр. Қосымша сөздің керегі шамалы. Анатолий ағамыз тағы бар. Пятибратов. Ағалардың бәрі де бір-бір тұлға. Оларды ешкім қайталай алмайды. Бәріміз Қазақ атадан қосыламыз, бір атаның балаларымыз. Әркімнің өз орны сайланып қойған. Рет-ретімен тұра қалады. Сайын аға тұрып, ешкім төрге озбайды. Әңгімелері қандай! Шуақ төгіліп тұрады. Анатолий аға Анапада. Бейсенжан қайтқалы күн құрғатпай хабарласады. Қазақстанда жүргенде жақсы араласты. «Бұл қалай болды, Аманжан?» – дейді Толя ағам. Не айта аласың, өзіңнің де өзегің өртеніп тұрса.

Бейсенжан жұмысқа белсеніп кірісті. Тау қопаратындай бар екен. Ізденіс үстінде. Құймақұлақ екен. Сосын, не нәрсені де бітеу жұта салмай, талдауға машықтанған. Кез келген ақылды естіп бола бере қорытып алады. Нәтиже шығарады. Сол кезде жап-жас қой. Қасымызға ерттік. Ақсақалымыз Сайын аға, бірақ ол кісімен түрлі тақырыпта әңгіме айта береміз. Бойы ұзын, кезінде бокспен шұғылданған. Жігіттің сұлтаны болғаны көрініп тұр. Қалам жинайды. Бәкі жинайды. Бәкі, пышақты қайрауы ғажап! Өткірдің жүзін сол кісіден көресіз. Оның өзі бір пәлсапа. Қалам, пышақтарының көрмесін өткізеді, әрбіреуінің өз тарихы бар.

Сайын аға біздің дұрыс қызға үйленгенімізді қалайды. Ақылды да сол төңіректе көбірек айтады. Біздің жанып тұрған кезіміз. Редакция болып фотоға түсеміз. Кейін бір байқадым. Шамасы, Бейсенжан шығар, реті келеді. Фотосуреттің әрқайсысына маржандай етіп қысқа мәтін жазып қойыпты. Көбі бізге арналған. «Ақын бала биші де бола алады». «Енді кімді мұңайттың екен, аға?!» Осылай кете береді. Тіке айта алмайды, бірақ Сайын ағам бастағанда, қосылып отыратыны ниеті мен күлкісінен байқалады. Ол да жеңгелі болуды армандайды. Бір күні айттық. «Бейсенжан! Міне, телефон. Негізі, жеңгенің дұрыс болуы саған көбірек дұрыс. Қабағын шытпай, шәй берсе де. Негізгі үміткер. Телефон соғып, сөйлес. Қорытынды пікірді жалпы жиналыс кезінде айтасың». Тапсырма алған інім «аз уақыттың ішінде жиын өтетін уақытты белгілесіңіз болады» деді. Төраға белгілі. Баяндамашы дайын. Көп созбай, жабық комиссияның ашық жиналысын бастадық.

Баяндамашы сөз алды. «Қыз кетәрі емес. Шешім – ағамда. Жеңгеліктен үміткердің сөзі анық, даусы ашық екен. Әдеппен сөйлесті. Фотобаян көрікті екенінен мағұлмат береді. Өз басым жақтап дауыс беремін». Сайын ағам сәл ойланып, «Жүкесі не дер екен?» – деді. Жүс-ағам: «Мен не, тойға барсам болды. Қисыны келіп тұр екен. Мақаншыға баратыным анық», – деді. Комиссия шешіміне қарсы шығамыз ба, солай үйлендік. Бейсенжан күйеу жолдас. Бастапқыда шошып кетті. «Аға, мен ұйымдастыру жұмысымен жүгірем ғой, ол қалай болады?» «Ұйымдастыру аясындағы шаруа ол да, Бейсенжан. Мені жақсы білесің, форс-мажорлар алдын алу мақсатында осындай амал таңдалды. Той сценарийіне толық араласасың. Тактикалық тұрғыда табандылық танытуыңа тура келеді. Ағаңның ұстанымдарын білесің. Сол тұрғыда да сенің күйеу жолдас кастөмін киюіңе тура келеді». Мән-жайды білгеннен кейін, інім өзіне жүктелген міндетті толық әрі абыроймен атқарып шықты.

Келесі жылы тұңғышымыз дүниеге келді. 1996 жыл ғой. Жаңа туған сәбиді ауруханада көп ұстайды. Әрі атын қойып, құжатын толтырып, бір-ақ жібереді. Біздің тығырыққа тірелген – сол сәбиге ат қою. Мыңдаған нұсқалар ұсынылды. Хатшы қапысыз жұмыс атқарды. Төраға бекітпейді. Хатшы – Бейсенжан. Төраға – өзіміз. «Ауы келсе, бауы қиыспай» демекші, таңға дейін талқылаймыз. Қисыны келмей қалады. «Ақ жеңешем ашуланып жатыр», – деп бір келді Бейсенжан аурухана жақтан. Шығатын кезі болыпты. Бірақ куәлік толтырылмаған. Ол түнді де көзбен атырдық. Қолайлы ат жоқ. Топтық кезеңнен өтіп, көмбеге таман келген үш-төрт есім бар, әрине. Соңғы түні Шолпан туы суырылып алға шыққандар. Таң ата ма, түс қайта ма, туыстар бар, інілер бар – ауруханаға келдік. Камерамыз бар, түсіру тобы да сайланған. Микрофон Бейсенжанның қолында екен. Бір қарасам, зор ынтамен камераға сөйлеп жатыр. Қазір ойласам, алғашқы стендабы екен. «Бүгін ағам мен ақ жеңешемнің үйінде үлкен той. Дүниеге ұл келді. Бұйыртса, бүгін Ерасыл інімді...» Сол жерден сөзін үзе қойды да, «Аға, сонымен, қай атқа тоқтадық?» – деді. «Бейсенжан, Алла тағала аузыңа салған шығар, Ерасыл болсын онда, сөзіңді бұзбайық», – деп үн қаттық біз. Стендабын жасап, қуана басып, жеңгесі жатқан бөлменің терезесіне қарай кетті. Шетін мәселенің шешілгенін хабарлауға асығып. Осы бір детальдардан көрінбей ме, Бейсенжанның бүкіл болмысы, жүрегінің ақ екені, жақсылыққа жақ екені. Ағаны сыйлаудың үздік үлгісін көрсетуі! Жеңгені құрметтегені! Негізі, өзге де інілер бар, Бейсенжан бастап, жеңгелерімен мафия. Әңгімелері жараса қалады. Жұбайым Назгүл айтады. «Бейсен бірде былай деді: «Ақ жеңешем, қарап отырсам, еркек әлсіз кезде билікті әйел қолға алады. Күйеуі сырттан болса, оның мықтылығын мойындап, қапысыз бағынады. Демек, бәрі еркектің өзіне байланысты екен», – деп. Бейсен көп ізденеді. Аңғарымпаз. Кез келген мәселені жіті зерттейді. Сол қырын ұштаумен келеді».

Бозбала Бейсен үздіксіз ізденетін. Кез келген мәдениетті зерттейтін. Қай сала болса да. Тереңдей берді. Табиғат берген қара күші тағы бар. Шығыс жекпе-жектерінің бірнеше түрін жақсы меңгерді. Каратэні көрді. Киокушинкайға барды. Оны кейін Абай ағамның баласы Сәрсен ініме қалдырды. Сәрсен чемпион атанды. Бейсенжан енді айкидомен шұғылданды. Тек қара күшін шыңдаған жоқ. Ерік-жігерін. Ақыл-ойын! Айтып отырады. «Аға, мынау айкидо не деген өнер? Қара күшті тіпті де қажет етпейді. Ақылға құрылған. Не деген мәдениет! Рухты шынықтыруға арналғандай». Тибет медицинасын зерттеген кезі болды. Біздің үйдің бір баласы секілді дедік қой. Әпкем Нұргүлмен көп әңгімелесетін. Нұргүл де терең білімді. Музыка, философия, тарих, әдебиетті жақсы біледі. Әпкем айтады: «Бейсен жақсы келе жатыр. Өресі қатты өсті. Өзін қайда дайындап жүр? Ақылды шыңдап келеді. Дене күшін де шынықтырды. Денені ғана емес, нәпсіні де шынықтырып келеді. Бірнеше күн ұйықтамауы мүмкін. Бірнеше күн аш отыра беруі де. Ол қайда дайындалып жүр?» Ол сұрақты тіке қоймасақ та, Бейсенжанға айтам. «Інім! Бір бағытқа дендеп еніп кетпе. Тоқтайтын тұсыңды біл. Дер кезінде тежелу де өренің деңгейіне өлшем. Қазақы қалыптан ажырамау керек. Анау ұлыс былай ауқаттанады, мына ұлттың қорегі осындай екен деп, сүттің қадірі мен еттің қуатын ұмытпа». Інім күліп қояды. «Аға, бәрі бақылауда. Күмәніңіз болмасын».

Біз теле салаға кеткенде ол газетте қалды. Бірақ көбіне үйге, арасында жұмысқа келеді. «Құмсағатты» жасауға көмектесіп жүрді. Түбегейлі ауысайын десе, «Спорттағы» ағаларды қимады. Жұмысты еңсеріп тастап, үйде таң қылаң бергенше әңгімелесеміз. Екі күннің бірінде отырыс. Жуан ортасында Бейсенжан жүреді. Жұрттың бәрімен тіл табысады. Түрлі ойын ойлап табады. Оны ерінбей өткізеді. Жақсы еді, бәрі де жақсы болды. Түн ортасынан ауғанда футбол көреміз. Екі бөлмелі үй. Жігіттер қаз-қатар жатамыз. Чемпиондар кубогы жолындағы жарыс. Әйтпесе әлем біріншілігі. Дүрілдеп тұрған жанкүйерлерміз. Дәулет жиенім айтады: «Бұрын Бейсен бәріміз бір үйдің баласындай едік. «Жақсыда жаттық жоқ» деген сол-ау. Туыс секілді. Ортақ әңгіме де көп еді. Елгезек қой. Бірде бәріміз қаз-қатар футбол көрдік. Бірінші матч аяқталды. Ағамыз екіншісін де көреміз деп шешті. Амал жоқ, қараймыз. Қарағанда да, жаныңды жұлып жеп отырып қарауың керек. Әбекең арасында бапкер де болып кетеді. Кез келгенімізді тұрғызып алып, команда тарапынан кеткен тактикалық қателікті немесе қателік, әлде артықшылықты тәптіштеп түсіндіреді. Түсініп алуың шарт. Артынша қайта сұрайды ғой. Бейсеннің құлағы түрік. Біліп тұрады, әйтеуір. Кейде ұйқы қысады. Қалғып кетеміз. Гол соғылғанда көзді ашпастан қарғып тұрамыз. Бейсен сол кезде тіпті комментарий жасап үлгереді. Алғыр ғой».

Алғыр еді. Алар асуы да көп болатын. Амал қанша, амал дәптері оң жағынан берілсін деген тілек қана айтылады енді. Құдіретті Алла тағала бала-шағасына амандық берсін. Туыстарына жақсылық берсін. Жақсы ініме жәннаттан орын бере гөр, құдіретті Алла тағалам!

Амангелді СЕЙІТХАН

www.zhasalash.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста