Атлантида туралы ең алғашқы жазба дерек б.д.д 428- 348 жылдары өмір сүрген ежелгі грек философы Платонның «Тимей» және «Критий» атты еңбектерінде кездеседі. Платон өз кезегінде бұл деректі Солон айтып кеткенін айтады. Ал Солон шамамен б.д.д 640- 559 жылдары өмір сүрген. Афинаның көрнекті саяси қайраткері болған. Жас кезінде теңіз саудасымен, саяхаттаумен айналысқан. Солон, Платонның бабасы Доридтің туған ағасы. Солон бұл аңызды Египеттік абыздан естігенін айтқан.
Абыздың айтуынша, сол кезде (Солонның кезінде) Афины қаласының тұрғызылғанына 9000 жыл болған, ал Сайс қаласына 8000 жыл болған. Египет абызының сөзі: «Біздің жазбаларға сай сіздердің мемлекеттеріңіз бастауын атлантикалық теңізден алып, бүкіл Европа мен Азияны басып алуға аттанған саны шексіз әскери күшке тойтарыс берген. Ол кезде теңіз арқылы жүзуге болатын. Сіздің тіліңізде Гераклдің бағаналары (қазіргі Гибралтар бұғазы) деп аталатын шығанақтың алдында арал болған. Бұл арал өзінің өлшемі жағынан Ливия (Африка) мен Азияны (ол кездің түсінігі бойынша Сырдария өзенінен Жерорта теңізіне дейін) бірге қосқанда олардан асып түсетін. Ал ол аралдан басқа аралға өту, ал ол аралдан сол теңізді қамтитын қарама-қарсы құрлыққа (қазіргі Америка құрлығы.-автор) өту, өзінің атына сай, сол кездегі саяхатшыларға оңай еді. Осы аталған бұғаздың бер жағындағы теңіз оған өтетін тар жолы бар шығанақ болып табылады. Ал бұғаздың арғы жағындағы теңіз - теңіз деген атқа сай. Оны қоршап тұрған жерді де нағыз құрлық деп атау әділетті болады.
Атлантида деп аталатын осы аралда басқа да аралдарға және құрлықтың жартысына билігі тараған таңданарлық ұлы патшалардың одағы пайда болды. Сөйтіп олар бұғаздың бергі жағында Ливиядан Египетке дейін, Европадан Тирренияға дейін иеленді. Бұл топтасқан күш-қуат бір соққымен сіздердің және біздің елдерді құлдыққа айналдырмақ болды. Дәл сол кезде, Солон, сіздердің мемлекеттеріңіз бүкіл әлемге өзінің қажыр- қайраты мен күш қуатының тамаша үлгісін көрсетті. Әскери істе басқаларды рухының қажырлылығы мен тәжірибелілігімен асып түсіп, ол алдымен элладалықтарға бас болды, бірақ одақтастарының сатқындығынан өзі жалғыз қалды. Жалғыздықта көптеген қауіптерге кездесті, бірақ сонда да жаулап алушыларды жеңіп, жеңістің олжасын көкке көтерді.
Әлі құлдыққа түспегендерді ол құлдық қауіпінен құтқарды. Гераклдің бағаналарының осы жағын мекендеген біздің барлығымызды сол азат етті.
Бірақ кейінірек көз көрмеген жер сілкіністері мен топан су уақыты келген кезде, бір ғана сұм тәуліктің ішінде сіздердің бүкіл әскери күш қуаттарың жігі ашылған жердің құшағына енді. Сөйтіп, дәл солай Атлантида да тұңғиыққа батып жоқ болды. Осыдан кейін ол жердегі теңіз осы күнге дейін саяздығымен, шөгіп қалған тұнбаның әсерінен пайда болған аралдың кесірінен кеме жүзбейтін теңізге айналды».
(Бұл Платонның қалдырған дерегі).
Платон ілімінің жолын қуушылардың бірі Прокл ( б.д. 412-485 жылдар) Атлантидаға қатысты бір оқиғаны баяндайды. Ол Солоннан 300 жылдай кейін, шамамен б.д.д. 260 жылы Египетте болып, Сайсс қаласындағы Нейт құдайдың ғибадатханасында Атлантиданың тарихы туралы жазылған иероглиф жазулары бар тас бағандарды көрген Крантор дегенді айтады. Крантордың айтуынша бағандағы жазбалар Платонның жазғандарымен сәйкес келген.
Атлантида туралы енді энциклопедияны қарап көрейік. «Атлантида- Платон қалдырған ертедегі грек аңыздарына сәйкес Гибралтар бұғазының батыс жағындағы Атлантикалық теңіздегі өте үлкен арал. Арал бұдан 10- 12 мың жыл бұрын болған. Аңыз бойынша Атлантидада өркениеті өте жоғары дамыған қуатты атланттар тайпалары қоныстаған. Олар Батыста да, Шығыста да соғыстар жүргізген, үлкен қалалар салған. Платонның айтуынша, Атлантида сұмдық жер сілкінісінің кесірінен мұхит түбіне батып кеткен». [17]
Атлантида мен Атланттар туралы деректерді қалдарған грек ғалымдары. Сондықтан, біз гректердің халық аңыздарында бұл туралы не айтылады. Соларды талдап көрейік:
Ежелгі грек аңыздары бойынша адам баласының шежіресі былай баяндалады:
Алдымен жер-ана - Гея жаралды. Гея аспан–әке-Уранды жаратты және оған қосылады. Уран мен Гея өмірге алты титанды (Океан, Кой, Крий, Гиперион, Иапет, Кронос) және алты қыз титанды (Тефида, Феба, Мнемосина, Тейя, Фемида, Рея) өмірге әкелді. Бұлардан басқа жер-ана Гея Ураннан үш киклопты, және үш жүзқолдыларды өмірге әкелді. Бірақ олардың түрлері ұсқынсыз, құбыжық болғандықтан Уран әке ашуланып оларды жер бетіне шығармай, жер астына қамап қояды.
Жер ана Гея мен Уранның алты ұлы мен қыздары өзара тұрмыс құрып, құдайлардың үшінші ұрпаған өмірге әкеледі.
Жер-ана Гея құрсағындағы Уран-әке шығармай қойған балаларының ауырлығынан азап шегіп, ұрпақ көбейтуді тоқтату үшін ең кіші ұлы титан Кроносты үгіттеп, Кронос әкесі Уранды орақпен жаралап тастайды. Осыдан кейін Кронос әкесі Уранның орнына титандар арасында бас құдай болды.
«Әкеңе не істесең алдыңнан сол шығады» деген мақал ертеден қалса керек. Өз кезегінде Кронос өз балалары тағымды тартып алып қояды деп ойлап, әйелі Реядан туған балаларын жұтып қоя береді. Зевс туылғанда Рея күйеуін алдап, Зевстің орнына жаялыққа оралған тасты жұтқызып, Зевсті Крит аралына тығып қояды.
Зевс ер жеткен соң өз бауырларын әкесі Кроностың асқазанынан босатып алады. Бұл үшін ол әкесіне әйелі Метиданың жасаған дәрісін ішкізеді.
Сол дәріні ішкен Кронос өзі жұтып қойған балаларын – Зевстің бауырларын құсып тастайды. Енді Зевс бауырларымен бірігіп әкесі Кроностың тағын тартып алып, құдайлардың екінші ұрпағы титандарды құлатып, құдайлардың жаңа ұрпағын – олимпиялықтарды билікке әкелу үшін титандарға қарсы соғыс ашады.
Титандар Офрий тауынан түсіп соғысқа шықса, Зевс бастаған Кронос пен Реяның балалары Олимп тауынан түсіп соғыс ашады. Грек құдайларының Олимпиялықтар деп аталуы содан шыққан.
Титаномахия (Титандарды құлату) деп аталған соғыс 10 жылға созылды. Ақырында жер-ана Геяның ақылы бойынша Зевс жер-ананың құрсағынан Гея мен Уранның құбыжық ұрпақтарын – жүзқолдылар мен үш киклопты (Бронт – «гром»; стероп – «молная», Арг – «перун») босатады. Енді Зевс оларды босату арқылы табиғаттың дүлей күштеріне ие болады.
Осы жер – ананың құбыжық ұлдарының дүлей күштерінің көмегі арқылы титандарды жеңген Зевс титандарды тартарға (тартар – өлілер мен тірілер патшалықтарының арасындағы кеңістік) жіберіп, оларды жүзқолдыларға күзеттіріп қояды.
Ағайынды үшеуі билікті өзара бөлісіп алады. Зевс - аспанды, Посейдон- теңізді, Айд - өлілер патшалығын билейді.
Осыдан бастап Зевс ең жоғары құдай, құдайлар мен адамдардың әкесі, олимпиялық құдайлар семьясының басшысы болып саналады. [14] [15]
Енді бастапқы тақырыбымызға – Атлантқа қайтып оралайық. Жер-ана Гея мен аспан-әке Уранның алты ұлының бірі – Иапет бесінші бала.
Иапет Океан қызы Асиямен (Азия) қосылып, 4 ұлды өмірге әкеледі. Атланта, Менетия, Прометей және Эпиметия.
Титандар жағында Титаномахия соғысына қатысқан Иапет пен оның ұлдары басқа да титандармен бірге жеңіліс табады. Иапеттің өзі мен екінші ұлы Менетия тартарға тасталады (өлтіріледі).
Ал Эпиметей кем ақыл болады. Ол Зевстің алдауына түсіп қалады. Ол Зевс жіберген зұлым әйел Пандораның арбауына түсіп қалып, соған үйленіп кетеді. (Эпиметей – «ойланбай іс жасайтын», «ақылы кем» деген мағына білдіреді). [15]
Біз үшін Иапеттің екі ұлы Прометей мен Атлант туралы аңыз қызықты мәлімет береді.
1) Прометей – «ақылмен іс жасайтын» немесе «алдын болжайтын» деген мағына білдіреді.
Ол өз ата- анасынан берілген ақылдылығын, қулықпен де астасып кететін батылдығын өз халқының пайдасына жұмсап, негізін өзі қалаған еліне қорған болады.
Грек аңыздары бойынша, құдайлардың мекенінен от ұрлап, оны адамдарға берген Прометей, сол үшін Зевстің бұйрығымен скифтер мекендейтін Кавказ тауына бұғауланып тасталады.
Грек аңыздарында Прометейдің қулығы мен ақылы гректердің бас құдайы Зевстен де асып түседі. Зевстің өзі де Прометейді өз жағына тартып, ерекше ақылын пайдаланғысы келеді.
Грек аңыздарында дүлей, қара күштерді пайдаланған Зевске қарсы, адамдардың пайдасы үшін өзін құрбан еткен ақылды Прометейді «азап шегуші» етіп көрсетеді.
К. Маркс Прометейді «... адамзат тарихында ең ізгіниетті әулие әрі азап шегуші» деп атаған. Эсхилдің «Бұғауланған Прометей» трилогиясында Прометейдің образы адамзат өркениетінің дамуының символы ретінде суреттеледі.[17]
Эсхил шығармаларында Прометей адамзат дамуындағы барлық жетістіктерге мүмкіндік беріп, барлық мәдени құндылықтарға алғашқы жол ашушы ретінде бейнеленеді. Прометей адамдарды үй салуға, метал өңдеуге, жерге дән егуге, суда жүзуге, жазу мен оқуға, есеп- қисап жүргізуге, жұлдыздарды зерттеуге және т.б үйретеді. Адам баласына жасаған жақсылығы үшін жазаланған Эсхилдің Прометейі өзінің қатты азап шеккеніне қарамастан, өзінің ісі дұрыстығын алға тартып, Зевстің өзіне батыл қарсы шығып, алған бетінен қайтпайды.
Прометей әкелген от адамдарға техникалық прогреске жол ашады.[14,15,16]
2) Атлант – грек аңыздары бойынша ғаламат күш иесі. Титаномахия соғысында Зевс бастаған Олимп құдайларынан титандар жеңілгеннен кейін, Атлант қиыр солтүстікте, гесперидтер бағына жақын жерде аспанды иығымен тіреп ұстап тұруға жазаланған.
Грек аңыздары бойынша жердің қиыр шетінде, мұхиттың жағалауында өмір сүретін гесперидтер алтын алма бағының қорғаушылары - бағбандары Атланттың қыздары. Олар «мәңгілік жастық алмасын» күтіп бағушылар. [14]
Осы жерде ежелгі грек аңыздарының бірнешеуін келтіре кетейік.
1) Грек аңыздары бойынша Зевстің ұлы Гераклдың 12 ерлігі баяндалады.
Оның он бірінші тапсырмасы гесперидтер бағынан алтын алма алып келуге тиісті болатын.
Геракл гесперидтер бағына баратын жолды білу үшін көп әрекеттеніп, ақырында бәрін білетін теңіз құдайы Нарейден біліп алады. Грек аңыздары бойынша Геракл алдымен Ливияға (Африкаға) өтіп, онда бірнеше оқиғаны басынан өткеріп, Кавказға өтеді. Скифтер елінде – Кавказда Геракл Зевстің жазалауымен тауға бұғауланып тасталған, азаптанып жатқан Прометейге кездеседі. Ол бұғаулаулы Прометейдің бауырын тесіп жеп жатқан бүркітті садағымен атып өлтіріп, Прометейді бұғаудан босатады.
Осыдан кейін Геракл Рифей (қазіргі Орал) тауларынан асып өтіп гиперборейлер еліне келеді. Осы жерде ол Зевстің бұйрығы бойынша аспанды иығымен тіреп тұрған Атлантқа келеді. Прометейдің ақылы бойынша, Геракл Атланттың орнына аспанды көтеріп, Атлантты босатады да оны гесперидтер бағына алтын алма алып келуге жұмсайды. Атлант өз қыздары – гесперидтер бағының күтушілерінен үш «мәңгілік жастың алмасын» - алтын алма алып келіп Гераклге береді. [14]
2) Аполлон мен Артемида – ежелгі грек аңыздарына сәйкес тегі гипербореялық егіз құдайлар. Олардың аналары босанар кезде шексіз мұхитта жүзіп жүретін Астерия атты аралда болады. Кейін осы арал Жерорта теңізінің ортасында тұрақтап Делос деп аталады. Ал көлеңкесінде егіз құдайлар дүниеге әкелген Пальма ағашы мен сол жер кейін қасиетті жерге айналады.
Арал – кеме Астерия
Аңыз бойынша алдымен дүниеге келген қыз Артемида анасына Аполлонды босанған кезде көмектеседі. Аполлон да ерте ержетіп, бала кезінің өзінде Дельфияның айналасына қырғын салған айдахарды өлтіреді. Аполлон Дельфіде храм салдырып, Дельфі көріпкелдерінің (Оракулінің) негізін қалайды.
Аполлон мен Артемида гректерге дейінгі Кішіазиялық халықтардың ең құрметті құдайлары. Кейіннен гректер де оларды грек құдайларының қатарына қабылдайды.
Аполлон мен Артемиданың аттары грек сөздігімен түсіндіріле алмайды. Сондықтан оларды қасиетіне қарай түсіндіреді.
Аполлон - оқ атушы, қиратушы, көріпкел, болжағыш, космос пен адамзаттың үйлес әрекетін (гармонияны) қадағалаушы деп түсіндіреді.
Аполлонның образы аспан, жер, жерасты әлемін байланыстырады.
Троян соғысы кезінде Аполлон оқ атушы мен Артемида трояндықтарға көмектеседі. Ол гректердің бас батыры Гераклмен де күреседі. Дельфінің үшаяғын тартып алмақ болған Гераклдің бетін қайтарады.
Артемиданың сүйіктісі керинайлық алтын мүйізді киікті өлтіргені үшін Геракл Аполлон мен Артемиданың алдында кешірім сұрауға мәжбүр болады.
Аполлон тек қиратушы ғана емес, сонымен қатар оған емшілік қасиет те тән. Ол дәрігер, ол көмек беруші, ауру- сырқаудан қорғаушы.
Аполлон – Феб деген атау оның тазалығын, жалтылдап тұратынын, көріпкелдігін көрсетеді.
Аполлон аққу(Кикн) кейпінде Гераклге шабуыл жасап, оны қашуға мәжбүр етсе, қарға кейпінде адамдарға қайда қала салу керектігін көрсетеді.
Аполлон адамдарға ғылым мен өнерді үйретіп, қала салуға көмектеседі.
Кей мәліметтерде Аполлон – негізін өзі қалап, қала салушы, тайпалардың қорғаушысы және негізін салушы- атасы: Аполлон Троя қаласының негізін қалаған деген де дерек бар.
Аполлон – музыкант, әншілер мен музыканттардың қорған- жебеушісі.
Аполлон Ликейлік деген теңеу– (Ликей- қасқыр) оны қасқырлардан қорғаушы әрі қасқырға жақындығын көрсетеді.
Аполлонға табынудың жоғары болғаны сондай Кіші Азияда, Эгей теңізі аралдарында, Грецияда, тіпті Италия жерінде оның атында көптеген көріпкел храмдары болды.
Ал ең негізгісі Дельфідегі көріпкел (Оракул) храмы болатын. Мұнда Аполлон көріпкелі алдағыға болжам жасайтын. Бұл Дельфі көріпкелдерінің болжамы осы Дельфі болжаушылар ұйымына бүкіл грек саясатына әсер ететін мүмкіндік беретін.
Артемида атауының да грекше мағынасы белгісіз.
Оны гректер «аю құдайы», «билеуші», «адам өлтіргіш» деп түсіндіреді. Грек аңыздарында Артемида «аңшылық құдайы». Артемида өте батыл, тез шешім қабылдайтын бірбеткей, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға байланысты тәртіп пен салт дәстүрді сақтауды қатаң қадағалайтын құдай. Тәртіп бұзғандарды садақпен аяусыз жазалайтын.
Артемида тұрмыс құрмаған қыз құдай, ақылмен шешім қабылдауды жақтаушы, амозонкалардың қорғаушысы.
Садақ пен жебе Аполлон мен Артемиданың ерекше белгілері.
Садақ көптеген түркі халықтарының ерекшелік белгісі болып саналады. Майялықтар мен хеттер, көптеген сібір халықтары садақты құрбандық шалу салттары кезінде пайдаланатын болған. Қазір көптеген түркі тектес Еуропа әулеттерінің әулеттік белгісінде садақ пен жебе белгісі жүреді.
Грек аңыздарына сәйкес, Аполлон киклоптарды өлтіргеннен кейін өзінің жебесін гиперборейлер еліне-күннің шығысы мен батысы бірдей қарсы жерде жатқан елге тығып қояды.
Аполлон 19 жылда бір рет жер жұмағы –Гипербореяға аққулар жегілген көлікпен күзде аттанып, келесі жазға қайтып оралатын болған. [14]
Гиперборейліктердің егістің алғашқы терімінен Делос аралына, Аполлонға тарту әкелетіні туралы аңыз Гередотта айтылады.
Гипербореялық әйелдер Арго мен Онида Делосқа сый әкеліп, аса құрметпен қабылданып, осында өмір сүрген.
Олардан кейін гипербореялық қыздар Гипероха мен Лаодика да сый әкеліп, асқан құрметпен қабылданып, осы аралда қалып қояды.
Сый әкелген қыздар қала берген соң, гиперборейліктер жіберетін сыйларын өздерімен көрші елдердің шекарасына жеткізіп, олар бір-біріне өткізіп, ақырында Делосқа дейін жететін болған.
Ал Делоста қалып қойған Гипероха, Лаодиканың мүрделері Артемида мазарының ішінде, ал Арго мен Ониданың мүрделері Артемида храмының артына жерленеді.
ХХ ғасырдың 20 жылдары Француз археологтары гиперборей қыздарының мүрделерін Гередот көрсеткен жерлерден тапқан.
Грек аңыздары Аполлонның балалары деп Киренадан туған ұлы Аристейді, Коронидадан Асклепийді, музалар Талия мен Ураниядан музыканттар Орфей мен Линаны атайды.
Орфей тек адамдарды ғана емес, құдайлар мен табиғатты да ғажайып музыкасымен еліктірген әрі әнші әрі музыкант.
Асклепий грек аңыздары бойынша емшілік құдайы. Асклепийге сәби кезінен данышпан кентавр Хирон емшілік өнерін үйретеді. Асклепидің өлгенді тірілтетін де қасиеті болған дейді грек аңыздары. Асклепийдің ерекше белгісі жылан.
Қазіргі заманғы медицинаның символындағы жылан осыдан шыққан. Асклепидің асқан емші балалары туралы Гомер айтып кеткен дейді грек деректері.[14, 15]
3) Аристей-грек аңыздары бойынша Аполлонның ұлы. Аристейді грек аңыздары гиперборея елінен шыққан дейді.
Гея-жер ана Аристейді ажалсыз ( құдай тектес ) қылса, кентавр мен нимфтер оған түрлі өнер мен ғылымды үйретеді.
Өз кезегінде Аристей адамдарға аңшылық өнерін, емшілікті, болашақты болжауды, мал бағуды және ара өсіріуді үйретеді.
Аристей адамзаттың ең алғашқы мәдени жетістіктерін игеріп, жер ананың даналық қасиеттерін боиына сіңірген данышпандардың бірі. Ол Ливиядағы(Африкада) Кирена қаласының негізін салушы және ұсталық өнерінің негізін қалаушы (изобретатель) деп саналады. [14]
Африкадағы көне Кирена қаласының қалдығы
Ертедегі грек жазушысы Павсаний Дельфі оракулі туралы «бұл көріпкелдер храмын гипебореядан келген адамдар құдайдың құрметіне орнатқан. Сол гипербореядан келгендердің қатарында Олен де болды. Ол құдайдың бірінші пайғамбары және гекзаметрде ең алғашқы болжам айтқан кісі»-дейді.
Аңыздардан шығатын қорытынды.
Енді осы Платон жеткізген Египет абызының мәліметтері мен гректердің халықтық аңыздарын салыстырып көрейікші.
Египет абызының айтуы бойынша, атланттар қазіргі Атлантида мұхитындағы аралдардан Гибралтар бұғазы арқылы Жерорта теңізіне өтіп, осы Жерорта теңізінің жағалауындағы елдерді бағындырған. Атланттар бағындырған елдер: солтүстік Африкадағы Жерорта теңізі жағалауындағы жерлер. Батысында Ливиядан Египетке дейін бағындырған.
Еуропада Испаниядан Этрурияға (қазіргі Италия) дейін бағындырған.
Олардың бастапқы өмір сүрген аралдары бір-біріне жақын орналасып, қарсы жатқан Америка құрлығына өту ол кезде оңай болған. Және аралдар айтарлықтай үлкен болған. Египет абызының айтуынша, Африка мен Азияны қосқанда ол аралдардың көлеміне жетпейтін.
Атланттар сонымен қатар қарсы жатқан құрлықтың (Америка құрлығы) тең жартысын жаулап алған.
Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, ертедегі грек географтарының географиядан білімі өте таяз болғандығы. Гректер тіпті Ескендір Зұлқарнайынның (б.д.д.IVғ) кезінің өзінде, Азияның шығыс шеті Сырдария өзенімен бітеді деп есептеген. Бұл қазіргі біздің түсінігіміз боиынша Алдыңғы Азия мен Кіші Азия ғана. Гректер Сырдария өзенінен шығысқа қарай ешқашан өтіп көрмеген. Сондықтан гректердің атақты тарихшысы Гередот та, атақты географы Страбон да Орталық Азия мен Шығыс Азия туралы жазғанда кейіннен гректеніп кеткен түрік текті ұлы жыраулар Гомер мен Гесиодтың мәліметтеріне сүйенетін. Олар Орталық Азия туралы айтқанда көбінесе Гомерге сілтеме жасап, қиял-ғажайып, адам сенгісіз деректерді қосып жібереді. Гередот осындай бір мәліметті жазып тұрып, «бұған мен өзім де сенбеймін» деуі, оның басқа сүйенер дерегі жоқтығын, шарасыздығын көрсетеді.
Ал Ескендір Зұлқарнайынның жорығы туралы жазған грек ғалымдары, Тәжікстан жеріндегі Памир тауын Кавказ тауларымен шатастырған. Ал Африканы олар Ливия деп атайды және Африка құрлығының тек солтүстік жағалауларын ғана білген. Ал грек халық аңыздарындағы гректердің бас батыры Геракл Гиперборея жеріне баратын жолды білу үшін көп әуреленеді. Ақырында ол Африкаға өтіп, онда бірнеше оқиғаларға кезігіп, одан қайтып Кавказға келіп, Прометейді босатып, Прометейдің жол көрсетуімен Гиперборея еліне жетеді.
Осы жерде бір қызықты нәрсені айта кеткен жөн. Гректер Аполлон мен Артемиданың анасы Лето босанар кезде шетсіз-шексіз мұхитта Астерия атты аралда жүзіп жүрген дейді. Бірақ Аполлон мен Артемиданың дүниеге келген жері Делос аралы. Ал аралдың еш уақытта жүзіп жүрмейтіні айтпаса да түсінікті. Демек, Астерия ешқандай да арал емес, Гиперборея елінен Делос аралына дейін Атлантида мұхитымен жүзіп жете алатын алып мұхит кемесі. Аполлон мен Артемиданың дүниеге келген жері Жерорта теңізіндегі Делос аралы болса да өздерінің тегі гипербореялық деп аталуы сондықтан сияқты.
Ал Аполлонның ата жұрты Гиперборея елімен тығыз байланыста болғаны, оның 19 жыл сайын Гиперборея еліне күзде кетіп, келесі жазда оралуы оның тегін айқын дәлелдеп тұр ғой.
Аполлонның Гиперборея еліне саяхат жасайтын көлігі де қызықты. Ол арбаға ат не болмаса жер бетімен жүретін басқа бір жануарды жекпейді. Ол көлігіне аққуларды жегеді. Ал аққулардың жер бетімен ұзақ жүрмейтіні айтпаса да түсінікті. Аққулар не аспанмен ұшады, не болмаса сумен жүзеді. Ол заманда аспанмен ұшатын аспапты адамзат әлі жасай қойған жоқ сияқты. Сондықтан Аполлон Гиперборея еліне сумен, Атлант мұхиты арқылы жүзіп баратын болған болуы керек. Тек гректер бұл жолды білмегендіктен, Аполлонның Гиперборея еліне баратын көлігін қиялға айналдырып, аққулар жегілген арба деп көрсетсе керек.
Алтайлық түріктерде аққу қасиетті құс деп саналған. Қазір ғалымдар түріктердің өркениеті деп мойындаған, б.д.д. 22-24 мыңжылдықтарға жататын Сібірдің Мальта, Бурет тұрақтарынан табылған бұйымдардың арасында аққу бейнеленген сәндік бұйымдар көп табылған. Сол сияқты Аполлонның аққу (Кикн) кейпіне еніп гректердің бас батыры Гераклді қуатыны грек аңыздарында айтылады.
Ертедегі теңізшілер кеменің тұмсық жағына қандай да бір жануардың мүсінін салып қоятын болған. Бұл біріншіден кемеге сән берсе, екіншіден тотемдік жануардың бейнесі оларды қауып-қатерден қорғайды деп есептеген.
Сол сияқты Аполлон да кемесінің тұмсығына, ұлы теңізшілер – атланттар үшін қасиетті құс – аққудың бейнесін салғызған сияқты. Енді тұмсығында аққу бейнеленген кемені бір бүйірінен қарасаңыз аққу сүйреген арба көз алдыңызға келеді.
Алғашқы атланттардың (солардың ішінде Аполлон да бар) Жерорта теңізі аумағына келген кезі мен гректердің қазіргі Грекия жеріне келген кездерінің арасында мыңдаған жылдар жатыр. Сондықтан гректердің Аполлон мен оның кемесін көруі мүмкін емес. Гректерге Аполлон туралы тек аңыздар ғана жеткен. Гректердің заманында Гипербореяда зілзала болып, египет абызы айтқандай «шөгіп қалған тұнбаның әсерінен кеме жүзбейтін теңізге» айналған. Геродоттың жазуына қарағанда, Делостағы Аполлон храмына гиперборейліктер беріге дейін шығыс жолымен Рифей (Орал) таулары арқылы сый әкеліп тұрған.
Грек аңыздарында Рифей тауының шығыс жағына өтіп, қиыр солтүстікте жатқан Кронос теңізінің жағалауындағы гесперидтердің бағынан алтын алма әкелетін Гераклдің ерлігі туралы айтылады. Соған қарағанда Гиперборея елінің зілзала кесірінен суға кетуі бірден емес, ұзаққа созылған процес болса керек. Осы шығыс жақтағы жолды білген гректер Аполлонның Гиперборея еліне баратын көлігін аққу жегілген арба деп көрсеткен сияқты.
Гректердің теңізде жүзуді игергені беріде ғана. Тіпті б.д.д.ХII ғасырда өмір сүрген грек батыры Одиссейдің (Гомердің атақты «Одиссея» дастанының басты кейіпкері) кішкентай Эгейда теңізінен адасып, қиял ғажайып оқиғаларға тап болатыны тарихтан белгілі ғой.
Египет абызының сөзіне қарағанда, атланттар өте жоғары дамыған, өркениетті ел болған. Пирамидаларды салған сол атланттар. Ал грек халық аңыздары бойынша жоғары дамыған, Атлант пен бұрынғы құдайлар титандар өмір сүрген ел – гиперборейлер елі болатын.
Тіпті гректердің бас құдайы Зевстің өзі адам баласын жоғары өркениетке жеткізген Прометейдің білімін пайдаланбақ болып өз жағына тартады.
Зевс тіпті Атлант пен Прометейдің бауыры Эпиметейді алдап, өз жағына қосып алады да.
Египет абызының айтуынша, Гибралтар бұғазының батысындағы Атлантика мұхитындағы атланттар мекені табиғат апатынан жойылып, су астына кетсе, грек халықтық аңыздарында титандар тұратын атланттар елін, Зевс алдымен жер ананың дүлей күштерін пайдаланып сұмдық өртке орайды да, артынан су тасқынына алдырады. Грек аңыздары бойынша өркөкіректікке салынып, құдайларды силауды ұмытқан атланттар елін осылай аяусыз қырып жояды. Бұл апаттан тек Прометейдің ұлы Девкалион мен әйелі ғана аман қалған дейді.
Тек бір айырмасы, Египет абызының айтуынша атланттар батыстан-Атлант мұхитындағы аралдан Гибралтар бұғазы арқылы келсе, ал гректердің халық аңыздарындағы Атлант елі-Гиперборея Урал тауларынан шығысқа өтіп барып, алыс солтүстікке кетеді. Гиперборейлер елінің қайда екені туралы грек аңыздарында мынандай да дерек бар. Аполлон киклоптарды өлтіргеннен кейін өзінің жебесін гиперборейлер еліне-күннің шығысы мен батысы бірдей қарсы жерде жатқан елге тығып қаяды. Бұл қазіргі батыс Сібірдің солтүстік жағындағы Арктика аймағы. Және бір таңқаларлығы, қазір мұз басып жатқан бұл аймақ - Гиперборейлер елі табиғаты жылы, бау-бақшасы жайқалған жер жұмағы болып суреттеледі.
Геродот жасаған әлемнің картасы.
Аполлон осы Гиперборейлер еліне 19 жылда бір рет күзде кетіп, «қыс» бойы сонда болып, көктемде қайтып оралатын болған.
Грек аңыздары бойынша Зевс Кронос пен оның одақтастары титандарды жеңгеннен кейін, оларды алыс солтүстікке жіберіп бұғаулап тастаған. Ал әкесі Кроностың денесін сонда жерлеген. Басына қасиетті храм салдырған. Бұл қасиетті жердің сопы данышпандары ғылым-білімнің шыңына жеткен.
Бір ғажабы ертедегі үнділердің қасиетті кітабы «Ведада» да, парсылардың зороастра дінінің қасиетті кітабы «Авестада» да тура осындай мәліметтер бар.
Бұл қасиетті кітаптарда да «Тура солтүстікте, Темірқазық жұлдызының астында құдайлар мекені бар. Мұнда қозғалмайтын Темірқазық жұлдызын басқа жұлдыздар айнала қозғалып жүреді. Осы поляр жұлдызының тура астында құдайлар мекен ететін тау бар. Тауды айнала теңіз қоршап жатыр. Осы теңізде ғажайып арал бар. Осы аралда ең бақытты адамдар тұрады. Бұл жерде тұратын адамдар өте сымбатты, өте сұлу, қарулы, қулық дегенді білмейтін адал, әділ әрі өте бақытты, батыл адамдар. Бұл аралда небір ғажайып өсімдіктер мен жан-жануарлар өседі.» делінеді.
Бұл грек халық аңыздарында былай суреттеледі:
«Гиперборейліктер алыс солтүстікте өмір сүретін халық. Осындай тамаша ізгі елге Аполлон аққулар жеккен арбамен жиі барып тұратын. Гиперборейліктер құдайға жақын және құдайлар сүйетін халық. Олар Аполлон сияқты өте дарынды. Гипербореялықтар рахатты өмірін ән салып, би билеп, музыкамен той тойлаумен өткізеді. Аполлонды қатты құрметтейтін бұл халықтың ылғи да көңілді жүріп құдайға құлшылық етуі үйреншікті өмірі. Гиперборейліктер тіпті өлімнің өзін де ризашылықпен қарсы алады. Өмірдің бар қызығын көріп, рахат өмірге әбден тойған соң өздерін теңізге тастайды.» [14]
Үнділік кітапта «Шведатвипа», ал парсылардың «Авестасында» «Эранвез», шумерлерде «Дилмун» аталған бұл ғажайып аралды су тасқыны басып, адамдары қырылып, тек бір жанұя ғана аман қалады.
Мұсылмандардың «Құран Кәрімімен» оқиғалары ұқсас еврейлердің Библиясында да тура осы оқиға баяндалады.
Ал бүкіл әлемдік су тасқыны туралы ең алғаш болып баяндаған Шумерлердің «Гилгамеш туралы аңызы». Түрік текті шумерлердің бұл аңызында бүкіл әлемдік су тасқынынан Утнапиштим есімді адам кеме жасап, барлық жан жануарлардың тұқымын сақтап қалады. Б.д.-ден 3000 жыл бұрын жазылған бұл аңыз кітап қазіргі белгілі кітаптардың ең көнесі.
Түрік тектес шумерлердің бұл кітабы гректер мен еврейлердің, арабтардың, парсылар мен үнділердің аты аталған қасиетті кітаптарынан кем дегенде 2000 жылға «кәрі».
Бұлардың бәрі аңыз десек те, «әрбір аңыздың астарында аз да болса шындық бар» дейді халық даналығы. Ал ғалымдар бұл туралы не дейді?
(Жалғасы бар)