Ойын &ndash бала үшін өмірлік тәжірибе» деген екен Алаш ағартушысы Мағжан Жұмабаев. Қазақтың ұлттық ойындарының ең алғашқы сатысы һәм халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде әуелі асықты айтамыз.
Асық малдың жіліктерін жалғастырып тұратын шағын сүйек қана емес, ұрпақ тәрбиесінің аса қажетті құралы. Ұлттық ойынның атасы ғана емес, халықтың өткені мен бүгінгісінің көрінісі. Өйткені ертеде қазақ баласы қолына ең алғаш асық ұстаған.
Сөйте тұра, бүгінде осы асылымыз ұлттық мейрамдардаеске түсетін атрибутқа, көрмелерде көрсетілетін жәдігерге айналды. «Балама сақасы мықты қой керек» деп іздейтін қазақ та қалған жоқ.Ең сорақысы, бүгінгі жастар мен жасөспiрiмдер асықты архаизм деп есептейді. Тұтас ұлттың бренді болар дүние неліктен ұмтылып бара жатыр?
Тақыр алаңға көлденеңiнен түзу сызық сызып, байлай тiгiлген кенейдi кезектесiп сақамен атқан қазақ балалары неге көрінбейді?Асық ойынын не себепті жалпыұлттық спорт деңгейіне көтере алмадық? Әлқисса, сонымен, әңгімені әріден бастасақ. Кезінде қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы «Асық &ndash үлкен халықтық тәрбие.
Ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетінің бастауы», - деп баға берген еді. Керек десеңіз, бүгінде этнографтар мен мәдениеттанушылар асық ойының феноменін зерттеу үстінде. Себебі, халық шығармашылығынан туған асық ойынының астарлы мағынасы, ұрпаққа жеткізер ақпараттық күші, коды болған.
Мәселен, этнограф ғалым Бекет Қарашин былай дейді: «Асық ойынының негізінде тылсым символдар мен кодтар, шартты белгілер жатыр. Өткен күннің белгілері бар. Сол белгілерді тауып, жарыққа шығарсақ қана біз өзіміздің түп тегіміздің салт-дәстүрін, дүниетанымын, олар кезінде нені аңсағанын ұғар едік.
Мысалы, Тутанхамон мәйітханасынан табылған асық нені білдіреді? Ал орыс балалары айтатын «бабки» сөзі ше?.. Осы сияқты жұмбақтарды шешсек, біз өзіміздің жоғалтып алған тарихи жадымызды қалпына келтірер едік. Ұлт, халық ретінде негізімізді тереңдете түсер едік"-деп түйіндейді. Бұл аз десеңіз, басқа да тарихи деректерге үңіліп көрейік.
Ертедегi көшпендiлер асық арқылы жаугершiлiк заманда кiмнiң жеңiп немесе кiмнiң жеңiлетiнi туралы бiлiп отырған. Сондай-ақ, жерге байланысты дау-дамай да осы асықтың күшiмен шешiлген.
Тіпті ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы сәуегейлік жасап, алдын-ала болжам да жасаған көрінеді. Бұған халқымыздың ауыз әдебиеті куә. Қазақта «Доп ойнаған &ndash тозар, асық ойнаған &ndash азар, қой бағып құйрық майын жеген &ndash озар» деген мақал бар.
Әрине, заман ағымына қарай бұл мақалды басқаша түсіну һәм түсіндіру керек бүгінгі жасөспірімдерге. Өйткені, бұл сөздің астарында малшының психологиясы көрініс тапқан. Қазақ баласының «қой бағып, құйрық майын жегеннен басқа қолынан түк келмейді» деген ескі заманның кемсіту идеологиясы жатыр.
Мәселен, ала допты қуалап, миллиондаған жанкүйері бар стадионды жинаған Лионель Месси, Дидье Дрогба, Джанлуиджи Буффон, Фернандо Торрес тозды ма екен?! Немесе Еуропа жұртшылығы тамсана мақтайтын, қызыға ойнайтын классикалық керлинг пен гольфтен азды ма екен?
Еуроарнадан аталмыш керлинг пен гольфті тікелей желіде тамашалар болсаңыз, өзіміздің ұлттық «Бiр табан», «Үш табан», «Таған», «Хан талапай», «Алшы» сияқты асық ойындарынанкем болмаса, артық емес екенін аңғарар едіңіз.
Әттең, пиар жағынан ақсаңдап, құндылығымыздыжарнамалай алмай, бұқаралық спорт деңгейіне дейін көтермей жүргеніміз өкінішті. Асық ойынын қазақтың мергендік мектебі деуге толық негіз бар. Мергендікпен қатар, баланың ептілігін, шапшаңдығын, табандылығын және қырағылығын жетілдіреді.
Мамандардың дәлелдеуінше, асық баланың жүйке-жүйесін қалыптастырып, ой-өрісін және көкжиегін кеңейтеді. Мінезін төзімділікке, қозғалысын дәлдікке ептейді. Көздің көру қабілетін арттырады.
Асықты нысанаға алғанда қан тамырларының жұмысы жақсарады. Ал қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады екен.
Сондықтан асық ойынын қайта жаңғыртып, өз деңгейінде насихаттап, ұлттық бренд деңгейіне көтеріп, спорт түрі ретінде дамытудың кезi келдi. Ал енді, асық ойынын көтеріп, жаңа құндылық ретінде бекітіп, дәріптеудіңһәм дамытудың қандай жолы бар?
Біріншіден, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды технология жетістіктері алмастырғаны белгілі. Қазіргі бүлдіршінге асықтан гөрі, компьютер, Sony PlayStation, iPhone, iPod, iPad жақынырақ.
Ендеше, ұлттық ойнының компьютерлік және планшеттік нұсқасын шығарсақ ұтар едік. Виртуалды асық ойыны өскелең ұрпақтың қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарымызға жақындата түсер еді. Жас бала асық ойынының мазмұнын бойына сіңірер ме еді осылайша?! «Заманыңқалайболса, бөркіңдісолайки».
Екіншіден, анимациялық мультфильмдер арқылы насиахаттау. Яғни, аниме арқылы асықтың кең өріс алуына сеп болу. Кезінде «Жетіқоңыр» продюсерлік орталығы түсірген «Асықтың түсі» мультфильмі бүлдіршіндер арасында үлкен қызығушылық туғызған еді.
Әлбетте, жарасымыды жалғасын тапса дейміз аталмыш жоба. Сансыз оқу-әдістемелік құралдардан гөрі, жас суретшілерді тартып, асық ойының түрлеріне қатысты комикстік топтама әзірленсе де артық болмас.
Еліміздің «Асық ату» Федерациясы да бұған үн қосса игі болар еді. Үшіншіден, ұлттық брендіміздіГинестің рекордтар кітабына енгізуге әбден болады.Тізілген асықты алшысынан тұрғызып, еліміздің ең ірі орталық алаңында «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерліктің дастаны, Еліме қарашы!
Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!» деп әлемдегі ең ұзын жазуды «орнатуға» болады. Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты ел екенімізді білсін дүние жүзі. Қазақ «күй шығарып, ән салып, көкпар тартып, қыз қууға» ғана жаралған консерватор халық емес!
Әлемге айдай етіп, тың жаңалық аша алатын, жаңа идеялар мен бастамалардың генераторы бола алатын озат ойлы халық. «Мал баққан, жай жатқан» ел жоқ ХХІ ғасырдың әлем картасында. Олай болса, жаңашыл ұрпақтың асығы алшысынан түссін деп тілейік!
Зәмзәгүл Жанабекқызы парақшасынан
Асық ату архаизм бе?
Последние статьи автора