1969 жылдың қысы әдеттегі қыс емес, елді есеңгіретіп, үкімет пен партияны есінен тандырған естен кетпес оқиға болды. Ондай қысты жүз жасаған кәриялар да көрмепті. Аяз күн сайын 30-40 градустан төмен түскен жоқ. Мал біткен далаға шыға алмай қамалып қорада тұрды. ДТ тракторынан басқа көлік жүре алмады. Сөйтіп, қиналып жүргенде қатты жел тұрып, қораларды қар басып, мал қардың астында көміліп қалды. Аршып алуға шама жоқ. Бұл жағдай айлап созылды. Мал жаппай аштан қырыла бастады. Күн жылынар емес, қайта суыта түсуде. Тірі тұрған қойлар бірінің жүнін бірі жеп жатыр. Партия мен үкімет састы, есінен танды. Ешнәрсеге көзі жетпейді. Көзсіз көбелек сияқты мал қоралардың төбесінен самолетпен престелген шөп тастады. Бірақ ол өзінің жинаулы тұрған шөбінен де алысқа түсті. Ақылынан адасқан ел басшылары малды жаппай сойыңдар деген нұсқау берді. Бірақ халық оған дайын емес еді. Күн болса жалап тұр. Көтерем болғандықтан сойылған малды ешбір жер қабылдамайды. Енді бұған кінәлі адамдарды іздеу әңгіме басталды.
Енді елдің бәрі көлеңкесінен қорқып жүргенде күн бірден жылынып, қар аяқ астынан ери бастады. Өзендерде мұз бұзылды. Жер-көкті топан су басты. Елді мекендер судың астында қалды. Кейбір совхоздардың орталығы бүтіндей құлап, ел жан сауғалап, басының ауған жеріне көшіп жатты. Аудан басшылары да өздері қалып үйлерін, бала-шағасын көшіріп жіберді. Республика мен облыс басшылары малды сұрауды қойып, енді адам аман ба? — дегенге көшті. Сөйтіп ел «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап жатқан кезде 10 наурыз күні кешкі сағат 19-да ауданның бірінші хатшысын Д.А.Қонаев телефонға шақырады деген хабар келді Алматыдан. Басқаның бәрін қойып, Т.Тайбеков аппаратты тік тұрғызып ақпар жинады. Димекеңнің не сұрайтынын білу үшін облыс басшыларына да телефон шалды…
Түнгі сағат онда тұтқадан: «Тәліп, мен Қонаевпын», — деген Димекеңнің дауысы естілді. «Мен Тайбеков, тыңдап тұрмын, Димеке, сәлематсыз ба?» — деп жатыр. «Тәліп, ел-жұртың аман ба? Мен байқап тұрмын, сен біртүрлі қобалжып, дегбірсізденіп тұрсың ғой. Өзіңді мықтап ұстап, өзіңе-өзің келші. Рас, жаппай мал қырылып жатқанда республиканың бірінші басшысының қоңырау шалуын халық жақсылыққа жорымайды. Бұл сенің қалыпты жағдайыңды бұзуы мүмкін. Бірақ бұл жолы сенен жұмыс сұрамаймын. Малдың өлімі туралы мәлімет алдымда жатыр. Табиғат деген соқыр, мылқау, өзінен басқаны танымайтын дүлей күші бар, ол дегенін істейді. Табиғаттың бермесін алуымыз керек деп, қайдам, асылық айттық па? Елдің басына келген зауал малмен кетсін деп тілейік. Халық аман болса, малдың орны толар… Жерді-шөпті топансу алып кетті деп естіп жатырмын. Арыстанбаб аман ба? Судың астында қалған жоқ па?» — деп сұрады Димекең. «Арыстанбаб аман, төңірегіндегі еріген қардың суы коллекторға құйылып жатыр», — деді Тайбеков. «Кесененің іргесіне су кетпесін, қабырғасы жарылса немесе құласа екеумізді аруақ ұрады. Жазаның ең үлкені аруақ қой. Аруақ ұрған оңалмайды. Сондықтан бір көзің сонда болсын. Бүгін түнделетіп Турк ВО-дан генерал бастаған саперлар барып, вагонымен Тимур стансасында тұрады. Өзен мен көлдердегі мұз буады-ау деген жерлерді жарғызыңдар. Дұрыстап пайдаланып, менің көмегім керек болса, телефон шал», — деп бір қойды. «Енді сен мені тыңда», — деді Димекең әлден соң, Қазақстанда не көп, әулие көп. Бірақ оның ең үлкені Арыстанбаб екені аян, Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда Түмен баб, ең үлкені бабтардың бабы Арыстанбаб деп халық бекер айтпаса керек. Бұл тек қазақтардың ауқымындағы әңгіме-аңыз емес. Бұл теңеуді Орта Азияда тұратын біраз мұсылман елдерінен естуге болады. Баяғыда Қожа Ахмет Ясауиге кесене тұрғызып жатқанда қабырғасы екі рет қирап қалады. Сонда ең алдымен кесенені Арыстанбабқа тұрғыз деп, түсінде аян береді. Мұхаммед Пайғамбардың ұсынысы бойынша сонау Арабиядан келіп,Түркістанның көшесінде мектептен шығып келе жатқан 9 жасар оқушы балаға пайғамбардың аманатын берген де осы Арыстанбаб емес пе еді.
Арыстанбаб Фараби мен Қорқытты қасына ертіп алып, Қазығұрт тауының бойында ауа райы мен аспан денелерін зерттейді. Осы сапарында табылған Нұх пайғамбар кемесінің сынықтарын Отырарға ала келеді. Оларды өзі өлерінің алдында көзінің қарашығындай сақта, деп, шәкірті Қожа Ахметке тапсырады деген жазба деректер бар. Бабамыз халықтық геолог ретінде Қаратаудың күнгей бетіндегі үңгірлер мен сай-сайлардан тастарды теріп, олардан алтын, күміс, қорғасын, темір, сынып сияқты сирек кездесетін асыл металдарды бөліп ала білген. Үнемі таулы жерлерден шөп жинап, одан дәрі-дәрімек жасап адам емдеген. Дәрілік шөптерді мезгілін тауып ала біл деп үйретті ол. Арыстанбаб туралы елдің аузында аңыз-әңгімелер көп. Біреулер ол ерте замандардағы Хакім Лұқпан тәуіптің ұрпағы десе, енді біреулер оны Мұхаммед пайғамбардан әлдақайда бұрын туғызып, өмір сүргізеді.
Қалай дегенде де «Мен бір жұмбақ адаммын деп» Абай айтқандай, Арыстанбабтың жұмбақ жан екені рас. Өйіткені, оның туған-өскен жерлері мен жылдары белгісіз, ата-анасы туралы да, өскен ортасы, алған білімі туралы да, Отырар мен Түркістанға келуі туралы да нақты деректер жоқ. Бірақ өмірде болғаны рас. Осыдан кейін бабамыздың жұмбақ жан болмағанда несі қалды?! Қалай дегенде үлкен бір әулиелік кереметі бар екенін бүкіл мұсылман халқы мойындайды. Дәл осы жерге келгенде Димекең: «Тәліп, тыңдап тұрсың ба?» — деп сұрап қойды. «Иә, тыңдап тұрмын, Димеке», — деді Тайбеков. Онда сен тыңдай бер. Мен айта берейін. Екеумізді ешкім бөле қоймас, көп сөйледің де демес. Менің әкем діндар адам емес. Дінді оқып, уағыздамайды. Бірақ қатты құрметтейді. Оған тіл тигізбейді, оның көптеген артықшылығын мойындайды. Барлық заманның талаптарына тұп-тура келетін қағидалары көп-ақ деп отырады. Өткен пайғамбарлардың өмірі туралы қиссаларды оқып отырып таңданады, оларға бас иеді. Менің оңтүстік өңірге барып қайтқанымды білсе; «Арыстанбабқа, Әзірет Сұлтанға бардың ба, жолын істедің бе?» — деп сұрап отырады. Аруақты ардақтап, оны басына көтеріп, сол арқылы күн көріп байып отырған елдер бар. Ал біздің мұсылман елінің бірі — Сауд Арабиясы бір адамның туған жері мен өлген жерін ардақтап, табыс көзіне айналдырып отыр. Арыстанбабтың да сондай ертелі-кеш киелі орынға айналмауына кім кепіл? Осы уақытқа дейін еліміздің баяу дамуына аруаққа қырын қарау сияқты біреу байқап, біреу байқамайтын құпия сырының жатуы мүмкін. Аруақты ардақтай білейік ағайын! Басқа елдердің аруағы тірілерге дүние тауып беріп жатыр. Біздің аруақтар құлыптаулы тұр немесе қора-қопсыға айналып кеткен. Аруаққа деген көзқараста айырма, міне, осындай.
Мен өткен қыста Қырымда болып қайттым. Онда Тегерандағы діни қоғам мүшелерімен өткен әңгіменің бас жағында отырғандардың ішінен біреуі орнынан тұрып бізден алдымен, «егер рұқсат болса, бір нәрсені Сізден сұрағымыз бар», — деді. «Сұраңыздар, рұқсат», — дедім мен. «Олай болса, Сіздің раббыңыз кім, дініңіз қандай, пайғамбарыңыз кім, қыблаң қандай, кімнің ұрпағысыз, миллетің кім?» — деді. Мен өзінің ретімен: «Алла Тағала, Ислам, Мұхаммед, Қағба, Муаззамда, Адам ата, Ибраһим», — деп жауап бердім. Олар өз тілдерінде «шын мұсылман, шын мұсылман» деп бір-біріне айтып жатты. Сіздің елде осы Мұхаммед пайғамбарға саһаба әрі ақылгөй болған, әлдеқайда жасы үлкен бір ұлы аруақ жатыр деп естиміз, бір адам басын сұқпайтын көрінеді. Тастанды боп айдалада жатса керек. Осы сөз рас па, одан хабарыңыз бар ма?
— Иә, хабарым бар. Арыстанбаб деген кісі біздің елде жатқаны рас, — дедім. Сонда залда отырған барлық адам орындарынан тұрып, ауыздарын күбірлетіп, беттерін сипап, орындарына қайтып отырды.
— Осыған байланысты менде тағы бір сұрақ бар сізге, — деді екінші бір басына сәлде оранған кісі. «Сұраңыз, құлағым сізде», — дедім мен. «Ол кісі сіздерде қалың елдің ортасында жатыр ма?» «Қалың елдің ортасында емес, шеткерірек, оңаша жатыр дегенімде кейбіреулері бастарын шайқады». «Біз қалың елдің ортасына әкеп қойып, тірілерді тәрбиелейтін ардақты да құрметті аруақ тұлғаға айналдырсақ, бізге сүйегін бересіздер ме?» «Бұрынғы өткен адамдардың барлығы да дәл өлген жерлеріне қойылған деген дерек бар. Қозғамаған дұрыс шығар. Біздің үлкен бір оқымысты ғұлама бауырымыз Шам шаһарының орталық зиратында жатқан Әл-Фарабидің сүйегін сұрағанымызда Сирияның басшылары осындай жауап берген бір кезде. Пайғамбарлар мен сол сияқты әлемге танымал адамдар өлген жерлеріне қойылған деген әңгімені Мұхаммед пайғамбардың өзінің аузынан Әбубәкір Сыдық есіткен екен. Басқалар әруақты осылай құрметтепті. Бұл бізге де сабақ болу керек. Аман болсақ оған да жетерміз», — деді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
— Арыстанбаб неге Отырардың түбіне барып дүние салған? — деп сұрады Димекең Тайбековтен. Біздің хатшы бірден жауап бере алмай кібіртіктеп қалды. Соны сезген Димаш Ахметұлы өз сұрағына өзі жауап берді. Есіңде болсын, біліп қой. Арыстанбабты жөндеп білу сенің міндетің. Арыстанбабтың бұл өңірге келгенімен Қожа Ахмет Ясауидің туғанына мың жылдан асты. Ол кезде Отырар Батыс пен Шығыстың арасында ұлы Жібек жолының үстінде тұрған мәдениеті мен экономикасы шалқыған, суармалы егісі бар, сыңсырған бау-бақшаның ішінде тұрған, жүз мыңдаған халқы бар жасыл қала болған. Дәл қазірдің өзінде зер салып байқаған адамға Отырардың айналасында қазған арық пен салған үйдің табы сайрап жатыр. Арыстанбабтың өлер алдындағы өмірі осы жерде өткен. Бұл кәдімгі біреудің оты өшіп, біреудің оты жанатын үйреншікті дүние ғой. Отырар құлағаннан кейін Түркістан алға шықты. Жалғыз шапқан ат әр уақытта жүйрік болады. Сонымен Арыстанбаб Қожа Ахмет Ясауиге де, Әл-Фарабиге де, Қорқытқа да ұстаз. Ол геолог, металлург, Қыдыр дарыған адам, есепсіз көп жасаған ескі заманның теберік адамы… Тәліп, мен болдым, маған сұрағың бар ма? — деді Димекең.
— Димеке, сұрағым жоқ, мың да бір рақмет. Сізге дені басыңыз сау болсын, өмір жасыңыз ұзақ болсын, табыс тілеймін, — деді Тәліп Тайбеков.
— Оңтүстікке барған сайын жасы да жолы да үлкен, Пайғамбардың көзін көрген деп алдымен Арыстанбабқа, содан кейін Қожа Ахмет Ясауиге кіріп шығушы едім. Артық айтқан жерім болса, істеген қиянатым болса, кешіре гөр деп іштей тілеуші едім. Өзімді рухани жеңілдетіп, әрі жетіліп қалғандай сезім билейтін. Үнемі іштей сиынып жүретін аруақтың амандығын естіген соң көбірек сөйлеп кеттім. Бұл әңгіме менен гөрі саған керек, Тәліп, аман бол, — деп Димекең тұтқаны жауып қойды.
— Түс көргендей аң-таң боп мен қалдым. Бірақ көңілім көтеріліп, бойым сергіп, ой-өрісім едәуір кеңіп биіктеп қалдым, — деп отырушы еді марқұм Тайбеков. «Димекеңмен болған осы әңгімені екеулеп жазайық та, Тәке-ау», — деп Тәліп Тайбековке екі-үш рет ескерттім. «Әбеке, рақмет, еске сап ұмыттырмай жүрсің. Мен ең алдымен мына қолымдағы таяғымды тастайыншы, содан кейін өзім айтам», — деуші еді марқұм.
Заман кейде көзді ашып-жұмғанша өзгереді екен. Сонымен бірге тарихқа деген көзқарас та өзгеріп жатады. Д.А.Қонаевтың басқа елдер сияқты аруақты ардақтауға аман болсақ біз де жетерміз дегені көрегендік болып шықты. Арыстанбабтың аузындағы қара құлып алынып, есігі айқара ашылды. Оған жан кірді. Мұсылман халқы ағылып келе бастады. Қазір ол құмырсқаның илеуіне айналды. Басқаларды айтпағанда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев төрт рет, Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Димерел екі рет келіп зиярат жасады. Қолында билігі бар, айтқаны болатын үлкен лауазымды кісілер келетін ауданға айналды. Мейманды күтіп алу мен шығарып салу сияқты мәртебелі үрдіске ие болдық. Бұдан артық абырой, құдайдың жақсылығы бола ма? Осының бірі біздің төрімізде жатқан киелі Арыстанбаб әулиенің кереметі болса керек. Қазақ артында қалған тұяғы барды тіріге санайды. Арыстанбабтың артында бүкіл мұсылман халқы бар. Олар әулиенің қабіріне келіп, бас иіп, тағзым етуде, зиярат жасауда. Сондықтан ол өлген жоқ, ол тірі. Оған деген құрмет тірілерден артық. Оның әруағы тірілерге қанат бітіріп, жігерін қайрап, желеп-жебеуде. Оның аты өшпейді, қайта уақыт өткен сайын рухы сөнбейтін жұлдыздар сияқты жарқырай түседі.
Әбубәкір Жаппаров, Мәкен Уақтегі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шу ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы
elana.kz