Ақтамберді жыраудың жетінші ұрпағы Үржарда тұрады

.. Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғайкөз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгіртіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Тандап мінер ме екеміз?!. - дейтін жалынды жырларымен қол бастап, ел тәуелсіздігі үшін жауға қарсы атой салған өз заманының аса ірі қайраткері, суырыпсалма ақыны, жалынды жырауы - Ақтамберді Сарыұлы. Ақтамбердінің өмірі мен шығармашылығы әр түрлі жағдайларға байланысты ұзақ жылдар бойы түбегейлі зерттелмей, ескерусіз калуға айналған асыл мұраларымыздың сапынан орын алып келді. Таяуда біз Ақтамберді батырдың жетінші ұрпағы Жанатбек Ақынтаевпен кездесіп, әңгімелескен едік.

Батыр бабаның сауыты Семейде сақтаулы тұр

Жанатбек Ақынтаевтың жасы - 52-де, Ақтамберді батырдың тікелей жетінші ұрпағы. Оның әкесі Мұхаметқали Ақынтаевтың кіндік қаны Ай ауылында тамып, бүкіл саналы ғұмыры Таскескен ауылында өтті. 1920 жылы ауыл молдасынан хат таниды. 1926-34 жылдары 7 сыныптық білім алып, Талдықорғандағы Қапал педагогикалық техникумын бітіреді де, Жаркент қаласында мұғалімдік қызметін бастайды.1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елге Жеңіспен оралған жан еді. 40 жыл ұстаздық еткен ол кісі 1910 жылы дүниеге келіп, тоқсан жасында дүниеден озды. Батырдың жетінші ұрпағы болып келетін Жанатбек Мұхаметқалиұлының айтуынша, Найман руынан тарайтын Сыбанның Бөрі, Бөлтірік деген ұлдары болыпты. Бөрі жаугершілікте опат болғасын оның жесірін Бөлтірікке әпереді. Одан Сақадам, Сары атты екі ұл туады. Сақадамнан алты ұл дүниеге келеді де, Сарыдан жалғыз Ақтамберді бабамыз екен. Бұл жайында жыраудың өзі бір өлеңінде:
Жағалбай деген ел болар,
Жағалтай деген көл болар.
Жағалтайдың жағасы
Жасыл да байтақ ну болар.
Атадан алтау туғанның
Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар.
Атадан жалғыз туғанның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық, сені қайтейін!.
... Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп,
Жасым жетпей он беске,
Қорғайтын жан адам жоқ.
....Он жетіде кұрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, Құдай, тілекке!
...-деп толғайды.
- 7 жасында жетім қалған ол нағашылары Бердіке батырдың қолында тәрбиеленіпті,-дейді Жанатбек. -Әкелеріміз айтып отырушы еді, Ақтамберді бабамыз екі әйел алған адам көрінеді. Біріншісінен Қабылан, Жолбарыс, Еділ, Бойтан, Жамбай атты бес ұл туса, екіншісінен Арық, Көлен, Бабай, Аян есімді төрт ұл дүниеге келеді. Осылардың барлығының ұрпақтары бүгінде Алматы, Таскескен, Аягөз, Шыңқожа, Ай, Алтыншоқы ауылдарында тұрады. Мәселен, батыр бабамыздың жуырда табылған сауытын жарнамалап жүрген Асқап Жұмәділов атамыз осы Қабыланнан тарайды. Батыр баба сауыты бүгінде Семейдегі өлкетану мұражайында сақтаулы. Бүкіл өмірін ат үстінде елін жаудан қорғаумен өткізген Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы оңтүстікте, Қаратау маңында дүниеге келіп, 1768 жылы Семей өңірінің Шыңғыстау бөктеріндегі Жүрек жота деген жерде қайтыс болады.
...Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Елді-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап!-дейді жыраудың өзі бұл жайлы.

Қажымұқан балуанмен күш сынасқан кім?

Ал Ақтамберді Сарыұлының тікелей ұрпағы Мұхаметқали Ақынтаевтан бүгінде Марат, Жанатбек атты екі ұл, Бәдигүл, Нұргүл, Ләззат, Гүлзира атты төрт қыз қалған. 1944 жылы туған Марат Ақынтаев Таскескен ауылында тұрады да, 1962 жылғы Жанатбек Үржар ауылында. Қабыланнан тараған Қайрат, Бораш Сепбосыновтар да үлкен қызметкерлер. Ал Бойтанның ұрпақтары Қуандық, Ерлан Ожаровтар бабалары жайында шежіре жинақтап жүрген көрінеді.
Көкірек көзі ояу Жанатбек үлкендердің аузынан естігеннің барлығын жадына түйе бергенге ұқсайды. Облыстық «Дидар» газетінде жарияланған Қажымұқан балуанмен күш сынасып, мерейі үстем болған алып күш иесінің Ақтамберді батырдың бір ұрпағы Сәдірұлы Боранқұл екендігіне шүбәсіз сенеді.
- Үлкендер Боранқұл атамыздың сол тұста бір озбыр орыстың танауын сындырғаны жайында жыр қылып айтатын,-дейді ол. - Тағы бірде болдырған атын арқасына салып алып келе жатқан Борекеңе қарсы келе жатқан жолаушылар: «Мынаны арбаға жекпей неге арқалап алғансың?» десе, атамыз жаймен ғана: «Өрге қарай тарта алмайды жамандатқыр» дейтін көрінеді. Сейітжан Тәбәрікұлы ағамыз жазғандай шай ұрлау оқиғасы айна-қатесіз мұнда да қайталанады. Кемеден ұрланған пәленбай пұт шаймен ұсталған Борекеңе орыс көпестері сенбейді. «Жоқ, сенің мұнша ауыр жәшікті көтеруің мүмкін емес. Сыбайластарыңды айт, болмаса көтеріп көрсет» деген кінәлауды естісімен атамыз да: «Жә, егер жанымда ешкім болған жоқ, жалғыз ұрлағанымды дәлелдесем, осы шайды алып кете беруіме бола ма?» деп шарт қояды да, атандай болып жатқан ауыр жәшікті тік көтеріп қорғанның арғы жағына лақтырған екен. «Алланың адамға берген бір бақыты-алаңсыздық» деген екен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Борекең сондай жан болғанға ұқсайды. Ақтамберді батырдың әкесі Сарының ағасы Сақадамның Сәдірі бірде ұлы Боранқұлдың үйіне келсе, есіктен төрге дейін ыбырсып жатқан көрінеді. Сонда балуан ұлы мен салақ келініне ренжіген ол:
- Дегенге Борай қалқам, Борай қалқам,
Екі жақсы қосылыпсың алқам-салқам.
Үй -іші аяқ алып жүрер жер жоқ,
Ыдыс-аяқ сынып жатыр талқан-талқан,-деген екен.
Баба сүйегі Жүрек жотада жатыр
Жалпы, бабамыздың ұрпақтарының көпшілігі ақын, балуан болған. Мәселен, Жамбайдан тарайтын Таскескен ауылындағы Тынысбек Ақтаевтың әкесі Ақтай да жауырыны жер иіскемеген күш иесі болса, оның ағасы Шәріп те балуан, ақын, өз жанынан ән шығаратын өнерпаз жандар болған. Батырдың суретін Үржар ауылының тұрғыны, осы өңірге танымал талант иесі Смаш Ілбісінов майлы бояумен салған. Сурет қазір Таскескен ауылындағы Ақтамберді орта мектебінде тұр (суретте). Ақтамберді жырау бабамыздың сүйегі Абай ауданының Жүрек жота деп аталатын адырына жерленіп, кейін кесене жаңартылған.
Отты жырлары мен алмас қылышын көзі жұмылғанша жанынан тастамаған батыр бабаның соңында бізге жеткен 30-40-тай ғана жырлары бар. Алайда, олардың поэтикалық тұрғыдан аса биік, құнды дүниелер екендігі даусыз. Кезінде ең алғаш болып зерттеп, қалам тербеген талантты жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин болатын. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмәділов те батыр баба рухын биіктетіп, өз шығармасына арқау қылды. Қу дауысты Құттыбай би әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің алдында Аягөз өзенінің жағасына ту тігіп, орта жүздің белді адамдарының басын қосады. Ел басына күн туған осынау сәтте Қаракерей Қабанбай батырға ту ұстатып, ақ семсер қылыш, ақ найза беріп, қалың қолды тапсырады. Қабанбайдың жасы сол тұста мөлшері 25-те болса керек. «Сүйенішің де, ақылшың да Ақтамберді болады», деп тапсырыпты-мыс. Содан бастап, батыр баба өле-өлгенше «Ақтамберді сапбасы» атанған дейді.
Қазақтың ұлы даласына аса зор тауқымет әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретін көзімен көріп, басынан өткерген, сол бір нәубетті жоюға атсалысып, жоңғар шапқыншылығынан отанын қорғауда өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға- ақ сауытты Ақтамберді жыраудың өмірі отаншылдық сезімде өсер ұрпақ үшін өнеге.

Суреттерде: суретші Смаш Ілбісінов салған батыр бейнесі; Жүрек жота адырындағы Ақтамберді кесенесі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста