ҚР Білім және ғылым министрі
Асхат Аймағамбетовтың назарына!
Әлемнің алпыс шақты елінде болып, Қазақстанын, қазағын насихаттаған және ол елдерде қазақ тарихына байланысты дерек ести қалса, оны тәптіштеп біліп, жазып алып, еліне, халқына асыға жеткізіп жүретін қаламгер Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың туғанына биылғы мамыр айында 90 жыл толады.
Талдықорған облысы Үйгентас ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген Әнуар 1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдады. Журналшы қызметін облыстық "Алматинская правда" газетінен бастап,1955 жылдың наурыз айынан "Литературная газетаның" Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі, кейінірек: "Ленинская смена" газеті редакторының орынбасары; «Правда» гәзетінің Орта Азия мен Қазақстандағы меншікті тілшісі; "Қазақфильм" киностудиясының Бас редакторы; "Қазақ әдебиеті" газетінің Бас редакторы; Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы (1971- 1979 жылдары. Бұл мерзімде КСРО Жазушылар одағы басқармасының да хатшысы болды), одан соң: Автор құқын қорғау жөніндегі Бүкілодақтық ассоцияцияның Қазақ бөлімінің басшысы; Тарихи және мәдени көне ескерткіштерді қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының, Қазақстанның коммерциялық «Таң» теле-радио ассоцияциясының төрағасы болды. Қазақстан Мәдениет қорының төрағасы қызметін атқарды. Республика Жоғарғы Кеңесі депутаттығына төрт мәрте сайланды. Жоғарғы Кеңес президиумына бірнеше рет мүше болды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланды. СОКП-ның XXIV және XXV-құрылтайларының делегаты.
Ә. Әлімжанов КСРО-ның Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс комитеті төрағасының орынбасары; Африка халықтарымен достықтың КСРО Ассоциациясы басқармасының, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Президиумының, Азия және Африка жазушылары ассоцияциясы мен Еуропа мәдениеті қауымдастығының мүшесі, «Қазақстан-Жапония» халықаралық қоғамының президенті болды. Азия және Африка жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V-конференциясын ұйымдастарды. Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуын атап өтудің ұйтқысы болды. 1991 жылдың басында Қазақстан Социалистік партиясының төрағалығына сайланды.
1991 жылғы қазан айының 29-ынан желтоқсанның 26-сына дейін КСРО Жоғарғы кеңесінің Республикалар кеңесін басқарып, 26-желтоқсанда КСРО-ның ыдырауы туралы декларацияға қол қойды.
Әнекең Қазақстан Ленин комсомолы, Қазақ КСР Мемлекеттік, Халықаралық Дж. Неру атындағы, Агустино Нето атындағы силықтардың, Конго республикасы, «Лотос» журналы силықтарының, "Құрмет белгісі", «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Қазақстанның Халық жазушысы атанды.
Хикаяттары: «Сумен және жермен елу мың миль» (1962 ж.); «Күнге бет алған керуен» (бұның журналдағы нұсқасын оқып риза болған Мұхтар Әуезов Әнуарді шақырып алып, талабын қуаттап, хикаятына алғысөз жазып, кітап баспасына жолдайды. 1960-жылы. Кітап 1963-жылы шықты); «Көгілдір таулар» (1964); «Алаулы найза» (1965); «Отрар сиы» (1966); «Таным» (1993).
Романдары: «Махамбеттің жебесі» (1969); «Жаушы» (1969); «Рудаки тағы» (1974); «Ұстаздың оралуы» (1979); «Адам жолы» (1984).
«Жаушы» романы бойынша кинофильм түсірілді.
...Әнекең шет елдерге барғанында бір ғана Қазақстанның емес, Орта Азияның да мәдениет-әдебиет елшісі, жаршысы болғаны анық. Ол қырынан екі мысал.
1.
Дорогой АНУАР! Я прочитал твои прекрасные, теплые слова о туркменской литературе и отзыв о творчестве нашего классика Махтумкули в дни твоего пребывания в Индии. Мы очень благодарны тебе!
Мне говорили, что Вы будучи в Индии увидели многочисленные материалы касающиеся Туркмении, туркменской литературы и Махтумкули.
Очень и очень прошу, если Вы отметили у себя где (в каком городе) и что видели или нашли, дали бы мне знать. Если Вам очень трудно это сделать, то я мог бы послать к Вам специально человека. Потому что эти материалы для нас очень ценны, тем более я сам собираюсь в Индию в середине ноября. Обнимаю!
Берды КЕРБАБАЕВ. Ашхабад. 14. Х. 1970 г.
2.
Председателю Совета республик Верховного Совета СССР тов. АЛИМЖАНОВУ А. Т.
Уважаемый АНУАР ТУРЛЫБЕКОВИЧ!
Мне приятно отметить, что мероприятия, посвященные 850-летию со дня рождения нашего великого земляка, корифея мировой литераторы Низами Гянджэви, прошли в Москве на высоком организационном и духовно-эстетическом уровне. И открытие памятника поэта в столице страны, и торжество в академическом Большом театре оставили неизгладимый след в памяти народа Азербайджана. Мы прекрасно понимаем и высоко ценим Ваш личный вклад в этот большой успех. Спасибо за всё!
Аяз МУТАЛИБОВ, Президент Азербайджанской Республики.
БАКУ. 30 октября 1991 г.
Әнуардің мұрағатындағы мақала, аударма және хаттармен танысу барысында өмірде өте қарапайым болған қаламдас ағаның адами қадір-қасиетін, қаламгерлік күш-қуатын тани түстім. Әсерімді қысқаша айтсам:
біріншіден, Әнекеңнің халықаралық деңгейде танымал болғанын шет елдер зиялыларынан келген жылы лебізді ондаған хатты оқып сүйіндім (рас, кереғарлықсыз өмір болған ба, өзімізден, Ресейден әлдебіреулер Әнекеңе: «Сен ұлтшылсың! 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы үшін басшыларды кінәләдің, жан керек болса, басқа жаққа кет!» деп жауыға, қорқыта хат жіберіпті);
екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Махамбает, Жамбыл, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіп Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев ағаларымызды және бергі құрдас, іні ақын-жазушыларымыздың біразын орыс оқырмандарына кең таныстыра танымды мақалалар жазған;
үшіншіден, Сәкен Сейфуллиннің екі әңгімесін, бір хикаятын және Бейімбет Майлиннің «Шұғасынан» орыс тіліне үзінді аударған;
төртіншіден, Әнекең 1989 жылғы шілдеде Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияда және 1990 жылы Ұлы Британияның Қауымдар палатасында әдетінше жалындап сөйлеп, Семей полигонын жабуды және дүние жүзінде атом-ядролық қару жасауды, сынауды тоқтатуды талап еткен. Әнуар – социалистік елдердің әлемінен Лондонның төрінде сөйлеген жалғыз қайраткер;
бесіншіден, Қазақстанына, қазағына күйе жаққандарға дереу қарсы тұрып, «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» гәзеті бетінде жауап берген. «Молодая гвардия» журналында Н. Кузьмин дегеннің «Соғыстан соғысқа дейін. Түнгі әңгіме» жазбасы жарияланып, онда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтен бастап бірнеше ақын-жазушымызға күйе жағылғанда, намысқа қамшы басып, оған баспасөз бетінде бірінші болып тойтарыс берген;
алтыншыдан, қазақ әдебиетінің жас таланттарын, арқалы ақындарын КСРО-дағы және шет елдердегі қаламдастарына танытуға күш салған (мәселен, Мұқағали Мақатаевтың 55 өлеңі мен 3 дастанын орыс тіліне аудартып, өзі алғысөз жазып, «Зов души» деп атап шығартқан);
жетіншіден, өзіміз атын атаудан жасқанып жүрген жылдары «Зарзаман» жырауларының және беріректегі «ұлтшыл, кертартпа» ақындарымыздың біраз өлеңдерін орысшалатып (құрастыруды Мұхтар Мағауинге тапсырып), Ленинград баспасынан «Поэты Казахстана» деген атпен жинақ етіп шығарудың жолын тапқан;
сегізіншіден, 1967 жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарді Пәкістанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратындағы Суреттер галереясына алып барыпты. Ішкі қабырғаға майлы бояумен салынған көне суреттер арасында қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл - Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», деп жауап қайырыпты. Әнуардің сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті Айынға көшіртіп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке толықтыра айтып отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты! Фарабитануды негіздеген ғалым Машанов Ақжан ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің насихатталуына көп күш жұмсады. «Ұстаздың оралуы» атты роман жазды. Бұл тарихи романы - әрқашанғысынша мұқият зерттеуінің нәтижесі десем, оған дайындық кезеңіндегі мына тұжырымы дәлел:
«Как о гениальном ученом древности говорит о нем в статьях и лекциях крупнейший литератор и историк Алжира Башир Хадж Али.Труды Мухаммеда аль-Фараби и книги о нем до сих пор остаются объектом пристального внимания ученых Каира и Стамбула, Дамаска и Багдада, Тегерана, Самарканда, Душанбе, Герата и Алматы. В библиотеках Лондона, Парижа и Берлина вот уже много веков хранят как бесценное сокровище его трактаты, переведенные на языки народов Европы...».
Айтпақшы, егер жаңылыспасам, 1958 жылы «Дипломмен – селоға!» деген бүкілодақтық үндеу жарияланғанда Әнуар «Литературная газетада» ашық қарсы мақала шығарып: - Қазақ жастарын қашанға дейін мал соңына салып қою керек? Олар техникалық білім алып, өнеркәсіп салаларында қызмет істеуге, инженер болуға құқылы! - деген болатын. Осы орайда дипломат Болатхан Тайжанның «Жазбаларындағы» (1966 ж.) мына бір сыры есіме түсті:
«Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеруді бастарда Кеңес үкіметі, компартиясы, кәсіподағы бірігіп, арнайы қаулы шығарыпты. Онда: Қазақстанның Тың өлкесін игеруге баратындарға он жылға өсімақысыз несие берілсін; егер колхоз-совхоздарда істеп жатқан шаруалар тың өлкесіне баратын болып, ал олар өз колхоз-совхоздарына борышты болса, ол борышы өшірілсін; егер Қазақстанға бара жатқанда шаруалар өздерінің сиырын, шошқасын, тауығын ала кетемін десе, мемлекет есебінен тегін жеткізіліп берілсін, ал малын Қазақстанға апармаймын, қалдырып кетемін десе, арнайы анықтама алсын, Қазақстанға барғанында сол анықтама бойынша Қазақ КСР үкіметі оларға сол мөлшерде сиыр, тауық, шошқа беретін болсын; Тың өлкесіне барғандар ең бірінші кезекте баспанамен, немесе соған қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілсін, делінген. Қазақстанға басқа республикалардан баратындардың бәріне осылайша көптеген жеңілдік жасауды міндеттеген қаулының соңында: «...бұл шарттар мен жеңілдіктер Қазақстанның тұрғындарына қолданылмасын», делініпті.
Қысқасы: тың игеруге баратын сырттағыларға «коммунизм жасалып», іштегілерге, яғни қазақтарға көңіл аударудың керегі жоқ делінген. Сұмдық емес пе?! Қазақты қорлау ғой?!. Сөйтіп қыстығып жүргенімде бір күні Мәскеуде жазушы Әнуар Әлімжановты кездестіре қалып, қаулының қолыма түскен көшірмесін көрсетіп: «Әнеке-ау, Сіз - интернационалистсіз, ал енді көріңіз, міне», дедім.
Әнекең намыстан жаралған қазақ еді ғой! Бүкілодақтық әдебиет институты өткізген кездесуде ширығып сөйлеп, одан кейін гәзетке мақала шығарып, жаңағы қаулының өктемдіктің ең сорақы фактісі болғанын, одан қазақ халқы материалдық та, моральдік те орасан зиян шегерін өткір айтты да, жазды да.
Джавахарлар Неру атындағы халықаралық силықтың лауреаты, әлемге әйгілі публицист - жазушы Әнекең сол жылы Лениндік силыққа ұсынылған-ды. СОКП Орталық комитетіндегі сырлас жолдастарымның бірінен ондағы әпербақан шовинистердің Әнуарға дереу қарсы тұрып, оның аты-жөнін тізімнен сыздыртып тастағанын естіп: «Кесірім тиіп кетті-ау! Айтуға неге ғана асықтым екен?!» деп қатты өкіндім. Содан бірде Әнекеңнің Мәскеуге келгенін естіп, іздеп мейманханаға барып жолығып, өкінішімді білдіріп, кешірім сұрадым. Әнекең өте қарапайым, кішіпейіл адам еді ғой, балаша бейқам күліп: «Бөке-ау, біз силық үшін туған жоқпыз ғой, шындықты айту үшін тудық қой?! Маған анау албасты қаулыны айтқаның жақсы болды, кештеу болса да, талайдың көзін аштық емес пе?!. Ол біздің жеңістеріміздің басы болды, оны жумау обал болады», деп сылқ-сылқ күліп, дастарқан жайды... Шындықтан жаңылмай өмір сүру бақыт екен!».
Әнуар Әлімжановтың еліне, халқына сіңірген осыншама қыруар еңбегі көзі қарақты қазақстандықтарға мәлім екенінде шүбәм жоқ. Алайда қай салада да білмейтіндер болуы мүмкін ғой. Мәселен, әл-Фараби атындағы ұлттық мемлекеттік университетімізді ректоры академик Ғ.Мұтанов мырза.
Университеттің журналистика факультетін тәмәмдаған түлектерінің бірімін, 2-3 жылда бір барып, кітапханасын, аудиторияларын көріп, кездесе қалған көзтаныстарыммен әңгімелесіп, сонау кездегі көп жәйтті көз алдымнан өткізіп, өкініп те қайтамын: бізге дәріс оқыған ұлағатты ағаларымыздың бәрі оралмас сапарға аттанып кеткен...
Ректорат «Өнегелі өмір» деген атпен кітап шығарып келеді. 2014 жылы күзде барғанымда көріп, қайсыбірін шолып шықтым. Бір түсіне алмағаным: «Біздің түлегіміз!» деп мақтаныш етулеріне әбден болатын халықаралық деңгейдегі журналист-публицист, қаламгер, кезінде Ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті әлде мүгедектіктен, әлде ажалдан аман алып қалған Әнуар Әлімжанов жайында кітап шығару былай тұрсын, не факультетте, не кафедрада, не ректоратта ешқашан ештеңе айтылмапты. «Тез түзетуге болатын ағаттық қой, сәті келіп те қалды» деп ой түйіп, 2014 жылы қыркүйектің 20-сы күні Ғ.Мұтановқа хат жазып, алдымыздағы мамырда Әнуардің 85 жылдығы тұрғанын, оны арнап кітап шығарумен атап өтулеріне мүдделі екенімді, қажет болар мақала, фото-суретпен толық қамтамасыз етуге әзір екенімді айттым. Өздеріндегі дәстүрге сай «Әнуар Әлімжанов аудиториясы» болуын қаладым. Араға жыл салып, оған тағыда хат жолдадым. Екі хатым да адаспас, жоғалмас үшін электронды поштасына салынды, бірақ не буға, не суға айналып кетсе керек, хабар-ошар болмады. Ол қалай? Ректор әлде Әнуардің университеттің журфагында оқығанын, жалпы кім болғанын шынымен білмей ме? Өзі білмеген күнде орынбасарларын менің хатыммен таныстыру, пікірлесу қиын емес еді ғой?.. Әлде Әнекеңнің жақсы атағы ішін әлі күйдіріп жүрген біреулер аруақтың үстінен қызыл су жүргізіп қойды ма? Ол да мүмкін. Өйтетін «өнерлілеріміз» жеткілікті.
Сөйтіп, өзін ұшырған ұясы Әнуарға өгей болып тұр. Өзге жоғары оқу орындарын бітірген: агроном, зоотехник, дәрігер, геолог, педагог, мұнайшы, құрылысшы, суретші, т.б. мамандық иелерін әспеттеуші «Өнегелі өмірдің» дізгін-шылбырын ұстаушылар бар құрылықта өшпес ізі жатқан Әнуар Әлімжановтың аруағына тағзым етер емес. Тап мұндай «табандылықты» көрген де, көрмеген де «арманда» дейін. Иә, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», тіпті шығармай қойса да.
Алайда, олардың мына бір хатты «оқи салғандары» зиянды бола қоймас (орыс тіліндегі нұсқасы):
Дорогой Господин АЛИМЖАНОВ!
Это письмо является попыткой рассказать Вам, как мы высоко ценим Ваш визит в наш колледж. Слова являются беднейшим средством выражения чувств моих студентов и моих личных. Нет вопроса, что весь их опыт, который они имеют от жизни в колледже не превышает всего того, что они постигли за то время, что Вы были с нами.
Литература, культура и история казахского народа, о которых вы говорили так красноречиво, показались нам чудесной картиной, воспроизведенной перед нашими глазами. Студенты впоследствии говорили о вашей скромной манере держаться, которая завоевала их сердца.
Мы также очень рады встречи с Вашим переводчиком, Мисс Аурье, которая проделала значительную работу по выражению не только Ваших слов, но и огромных чувств вместе с мыслями, которые были Вами высказаны.
Еще раз, мой друг, примите нашу искреннюю благодарность. Казахский народ всегда будет жить в наших сердцах. Теперь эта страна не будет для нас всего лишь далекой землей на карте. Мы теперь многое знаем о ней.
Желаем Вам благополучного возвращения домой и дальнейшего успеха в вашем труде!
Искренне Ваш: профессор Едвард С.МЕЙХАРД,
Президент Ассоциации Негритянских профессоров Америки.
10. ХІ. 1970 г.
Ғаббас Қабышұлы