Алаш-арман

Алаш Ордасының ресми жойылғанына – 100 жыл

 

Тұңғыш рет өзінің халықтық атауымен XV ғасырдың ортасынан өте бере елдік туын көтерген Қазақ Ордасы төрт ғасыр дербес өмірден соң самодержавиелік қуатты империяның отарына айналды. Содан 20-шы ғасырдың басындағы тегеуірінді революциялық қозғалыстар нәтижесінде қайта түледі. Тарих қойнауына тасталған Қазақ Ордасы атауы монархия құлатылғаннан соң туған бостандық таңы арайымен, өркениетке лайық саяси күрес туындысы ретінде Алаш Ордасы аталып, қазақтың мемлекеттілігін жаңғыртты. Бірақ ғұмыры қысқа болды. Совет үкіметінің Қазақ жерін басқару жөніндегі революциялық комитеті Алашорданың қызметін ресми тоқтатып, жойылғанын рәсімдегеніне биыл бір ғасыр толады. Осы датаға байланысты Алаштың Ордасы өткен жолға қысқаша шолу жасайық.

 

1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда Орынборда болған Екінші Жалпықазақ съезі тарихи қаулы қабылдады. Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Каспий сырты (Закаспий) облысындағы Маңғыстау үйезі, Ферғана, Самарқан облыстарының, Амудария бөлімінің қазақ үйездері һәм Алтай губерниясындағы іргелес қазақ болыстары (кейін, 1918 жылғы 3 сәуірде Ресей Халкомкеңесіне Алашорда тарапынан нақтыланып хабарланған Алтай губерниясындағы Бийск, Барнауыл, Змеиногор үйездерінің, сондай-ақ Самарқан облысындағы Жизақ үйезінің қазақтары) тегі бір, мәдениеті мен тарихы бір және бір тілді («қаны, тұрмысы, тілі бір») іргелі қазақ халқы тұратын біртұтас аумақ («жері бірыңғай») болғандықтан, ұлттық-территориялық («өз алдына ұлттық, жерлі») автономия құрды.

 

Қазақ облыстарының автономиясына «Алаш» деген ат берді. Алаш автономиясының конституциясын («низамын») бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс бекітеді деп белгіледі. Автономияның үкіметін – «Алашорда» уақытша Халық кеңесін («Ұлт кеңесін») құрып, оны халық милициясын құруға, жақын уақытта Алаш автономиясының Құрылтайшы жиналысын шақыруға, басқа да тиісті шараларды жүзеге асыруға міндеттеді. Төрт ғасыр дербес өмір сүріп, көрші күшті мемлекеттің отарына айналған Қазақ Ордасы заман ыңғайымен өрістеген ұлт-азаттық қозғалыс нәтижесінде шақырылған тарихи құрылтайда Алаш Ордасы боп түледі. Оның үкіметінің – «Алашорда» Халық Кеңесінің тұратын орыны ретінде Семей қаласы таңдап алынды. Хаттамаға құрылтай төрағасы Құлманов, оның орынбасарлары Бөкейханов, Қарашев, Досмұхамедов, Кенесарин, Дулатов, хатшылары Қадырбаев, Күсепқалиев қол қойған.

 

ІІ Жалпықазақ съезінің жұмысы Петроградтағы большевиктердің қарулы төңкерісінен қырық күн өткеннен кейін басталған-ды. Әйгілі Қазан төңкерісін Бүкілресейлік мұсылмандар одағы Атқару комитеті (Исполнительный комитет мусульман, Икомус) төрағасының орынбасары ретінде Петроградта қызмет істеп жүрген шағында Жанша Досмұхамедов көзімен көрген еді. Ол астанадағы түрлі саяси және қоғамдық ұйымдардың төңкерісті қолдамағанына куә болған. Жаңа үкіметпен Мұсылман аткомы атынан алғашқы келіссөздер жүргізуге әрекеттенген. Түркістан өлкесінің генерал-губераторы фон-Кауфман 1869 жылы Самарқаннан Санкт-Петербургке жөнелткен орасан зор Құран Кәрім кітабын – әр бетінің мөлшері 68х53 см, қалың, мықты 353 пергамент параққа 7-ші ғасырда түзілген, ғылымда «Осман жиғызған Құран», «Самарқандық куфа Құран» деп аталатын бастапқы, толық нұсқаны қайтарып алу жайындағы мұсылман қауымының тілегін совет үкіметіне – Халкомкеңеске Мұсатком атынан жеткізген. Содан, тағатсыздана күтіп жүрген қазақ құрылтайы шақырылуына байланысты, алып-ұшып елге оралған болатын.

 

Орынбордағы ІІ Жалпықазақ съезінде Жанша Досмұхамедов өзіндік көзқарас ұстанды. Ол орталықтан бермен лықсыған анархиядан қазақ елін сенімділікпен қорғау үшін шұғыл автономия жариялау қажет деген ұсыныс көтерген-тін. Алайда ұлт-азаттық қозғалыстың танымал серкесі Әлихан Бөкейханов автономияны қазақ ішіндегі басқа жұрттардың пікірін білгеннен кейін, милиция құрып алып барып жариялауды дұрыс деп білді. Екі түрлі көзқарастың ширыққаны сондай, мәселе делегаттардың аттарын атап (поименное) дауыс беруі жолымен шешілетін болды. Автономияны шұғыл жариялауға қарсы жақ тоғыз кісінің даусын артық алып, жеңді. Бірақ жеңілгендер өз көзқарасынан қайтпағандықтан, делегаттар екі жақты да қанағаттандыратын ымыра қарарға тоқтасты. Жалпықазақтық «Алашорда» Ұлт кеңесі бір айдың ішінде Түркістан қазақтарының автономияға қосылу мүмкіндігін анықтауға міндеттенді. Олар Алаш автономиясына қосылған жағдайда, съезд автономияны мүмкіндік туған бетте жария ету құқын Ұлт кеңесіне берді. «Алашорда» Ұлт кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейханов пен «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі, Түркістан автономиясы (мұхтарияты) үкіметінің Сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқаев Сырдария облысы қазақтарының съезінде қаралмақ осы тағдыршештілік мәселеге байланысты түркістандық қайраткерлерге арнайы жеделхат жолдады.

 

1918 жылғы 4–9 қаңтарда Түркістан қаласында өткен съезге Алашорда өкілдері Бақтыгерей Құлманов, Тұрағұл Құнанбаев, Міржақып Дулатов арнайы барып қатысты. Съезд мәселені қызу талқылап, түркістандық қазақ аймағы Алаш автономиясына мұхтарият үкіметі пен Алаш-Орда арасында одақтастық шарт жасалғаннан кейін кіреді деген шешім қабылдады. (Алайда Ташкенттегі советтік билік келесі айда-ақ, 1918 жылғы 19–22 ақпанда Қоқан қаласына қызыләскерлер мен дашнактардың қарулы күшімен сұрапыл шабуыл жасады, қала талқандалды, халық аяусыз қырғынға ұшыратылды. Бар болғаны 64 күн өмір сүрген Түркістан мұхтарияты құлады, автономияның үкіметі қуылды. Алғашқы премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаев бой тасалап, Семейге келді, Алашордада қызмет етті, ал одан кейінгі премьер Мұстафа Шоқаев Ташкенттен пойызбен жаралы солдат кейпінде құпия аттанып, Алаш автономиясының батыс жағына барды, одан алашордашы қайраткерлер қатарында Құрылтайшы жиналыс мүшелері комитеті шақырған жиындарға қатысты, ақыры большевизммен күресін алыс шетелге кетіп жалғастырды).

 

ІІ Жалпықазақтық съезд жұмысын аяқтағаннан кейін іле-шала, Торғай облысының советтік Төтенше соғыс комиссары болып тағайындалған Әліби Жангелдин Орынборға қызыләскермен келе жатты. Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары қызметін доғарды. Сондай-ақ ІІ съездің шешімімен кіндік қала ретінде белгіленген Семейге Қазақ (Алаш) автономиясы «Алашорда» Халық Кеңесінің төрағасы міндетін атқару үшін аттанар алдында, Орынбор қалалық думасының гласныйы (депутаты) ретінде, 1918 жылғы 12 қаңтарда: «Қазақ-қырғыз жалпы сиезі қазақ-қырғыз ұлтының кіндік комитетіне председатель сайлап, Орынбордан кетпек болғаным себепті, Орынбор городской думасының гласныйлығын тастауға тура келеді» деген мәлімдеме жасап, думаның және думадағы мұсылман фракциясының төрағаларына, барлық үзеңгілес депутат жолдастарына оң тілегін білдіріп қоштасты («Қазақ», 1918 ж., № 259). Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы Райымжан Мәрсеков 1918 жылғы 15 қаңтарда облыс комиссарымен және шаруалар кеңесінің төрағасымен бірге қол қойып, жергілікті билік органдарына таяу арада Қазақ өлкесінің автономиясы жарияланатыны жайында жеделхат жолдады. Орынбордағы жалпықазақ съезінің шешімдерін, автономия туралы шынайы ұғымды ешқандай бұрмалауға, арандатуға, қисынсыз өсекке жол бермей, түсіндіру шараларын қолға алуды тапсырды. Алайда ақпан айында қалада кеңес өкіметі орнады да, саяси жағдай өзгеріп кетті. Орынбордан келген Алаш автономиясы үкіметінің мүшелері Семейде билік құрған совет өкіметі органымен тікелей іскерлік қарым-қатынас орната алмады, тиісінше соған байланысты жұмысқа да бірден кірісе алмады. Сонда Алашорданың Петроградтан Мәскеуге көшіп барған Орталық совет үкіметімен – Ресей республикасының Халық Комиссарлары Кеңесімен – келіссөз жүргізуіне қажеттілік туды.

 

1918 жылғы наурызда «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі Жанша (Жаһаншаһ, Жаһанша) Досмұхамедов Алаш Ордасының делегациясын басқарып, Оралдан Мәскеуге аттанды. Делегация сапарға Орал облысы қазақтары съезінің шешімі бойынша шыққан. Құрамында Ұлт кеңесінің тағы бір мүшесі, Орал облыстық земство басқармасының төрағасы Халел Досмұхамедов пен бірнеше мүшесі болды. Олар Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің алдында баяндама жасап, Қазақ автономиясын құрған Екінші Жалпықазақ съезінің құжаттарын тапсырды, заманауи өзгерістерге орай туындаған өзекті талаптарды сол шақта большевиктердің билеуіндегі Семейде іс жүзінде жұмысына кірісе алмай тұрған Орталық Алаш-Орда атынан алға тартты. Қабылдау сәтті өтті. Досмұхамедовтер Предсовнарком Ленинмен және Наркомнац (Ұлт істері жөніндегі халық комиссары) Сталинмен ұтымды келіссөздер жүргізді. Кіші Совнаркомда (Халкомкеңесте) жұмыс істеп, Алаш автономиясы құрылымын кеңестік рельске үйлестіру жобасын жасады.

 

Осы тұста Ленин мен Сталин Семейдегі Алаш автономиясы үкіметінің басшылары Бөкейханов пен Ғаббасовты төте желіге шақырған жеделхат жолдады. Ертеңіне, 1918 жылғы 2 сәуірде, Иосиф Сталин төте желі арқылы Алашорда төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен сөйлесті. Сталиннің Совет үкіметі атынан айтқан түйінді сөзін «Абай» журналы шыққалы жатқан 3-ші нөмірінің мұқабасына «Қуаныш құтты болсын!» деп сүйіншілеткен тақырыппен басып, дүйім жұртқа жария етті. Онда Наркомнац Сталин Предсовнарком Ленин екеуі 1917 жылғы 2 қарашада қол қойған «Ресей халықтары құқтарының декларациясында» жария етілген ұлт саясаты принциптері күшінде екені айта келе, «Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпықазақ сиезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз» деп, осы орайда Алашорданың Совет билігін тануы жөніндегі Халкомкеңестің шарттары мен тілектерін білдірген. Сталиннен естіген осынау маңызды хабардың соңына журналды шығарушылар: «Ақ түйенің қарны жарылды. Өмірі қазақ – қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді, көрдің. ...Алаштың баласы, көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш!» – деген шаттық лепес білдірді. Оған қоса: «...Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков, Мәрсеков атына Мәскеуден тағы телеграм алдық. «Халық комиссарларымен сөйлесіп жатырмыз, Алаштың автономиясына қарсылығы жоқ. Бүгін-ертең Алашорда өкілдерімен Сталин ауызба-ауыз сөйлеседі», – деп. Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, жоғарыдағы өкілдер осы сабаздар екен», – деді.

 

Ал «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 35-ші санында кеңес өкіметінің ұлт мәселесін шешу жоспарлары жайында Сталиннің айтқандары және Халкомкеңестің қазақ съезі шешімдерін қабыл ала отырып, қойған шарттарымен бірге, оған «Алашорда» Ұлт кеңесінің берген жауабы қоса жарияланды. Жауапта: «...Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін, Совет хұкіметі Россиядағы барлық автономиялы халықтардың Кіндік Хұкіметі деуге қаулы қылып», он бір бабқа Алашорда шарттары тұжырымдалды. Арнайы бабта: «Қазақ-қырғыз (сол заманда қазақ-орыс және қазақ-қырғыз терминдері казак пен қазақ ұғымдарына синоним іспетті қолданылған, яғни қазақ-қырғыз – қазақ пен қырғыз дегенді емес, тек қазақ аталымын білдіреді) істері туралы елші Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтерді өкіл еттік. Олар қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр», – деп көрсетілді. «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшелері Ұлт істері бойынша халық комиссары Сталиннің төте желі арқылы айтқан «ІІ Жалпықазақ съезі қаулылары толығымен Совнаркомның автономия туралы декретіне сәйкес» деген мәлімдемесін талқылай келе, Федеративтік Советтік Республиканың орталық билігін танығанын, сөйтіп Алаш ұлттық-территориялық автономиясын тоқтаусыз жариялау қажет екенін хабарлаған жеделхат Халкомкеңеске 1918 жылғы 3 сәуірде салынды.

 

Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Кіші Совнаркомда (сол уақытта Ресей үкіметінің жанындағы тұрақты комиссияны осылай атаған, ол Халкомкеңестің – Үлкен Совнаркомның – қарауына жататын мәселелерді алдын-ала қарау үшін құрылған болатын) кеңес үкіметінің шешуіне қойып отырған ұсыныстарын большевиктік билік талаптарымен ұштастыра пысықтаумен шұғылданып, тиісті құжаттар жобасын біліктілікпен дайындаған еді. Совнарком (Халкомкеңес) қорытылған ұсыныстарды мақұлдап, Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмысын жалғастыра беруіне келісті. 1918 жылдың 1 сәуірінде өткен мәжілісінің № 335 Қаулысы бойынша, Зауральенің (Жайық сыртындағы) земство мекемелері өздерінің әдеттегі міндеттерін бұрынғысынша атқара беретін болды. Сондай-ақ, Халкомкеңес сол өңірдегі қазақ (алаш) ұйымдарын совет рельсіне аударуға қажетті ақшалай қаржы бөліп, делегацияның қолына беріп жіберуге қаулы алды.

 

Алашорда мен Совет үкіметі арасындағы алғашқы тарихи келіссөзді табысты жүргізіп, үлкен саяси жеңіспен Оралға оралып келе жатқан делегацияны Саратов қаласындағы Депутаттар кеңесі (Совдеп) Атқару комитетінің мүшелері тоқтатты. Оларға Орал совдепін құлатып, мүшелерін тұтқынға алған Әскери үкіметтің қамауынан қашып келгендер Досмұхамедов делегациясы үстінен шағым түсірген болатын. Мәскеуге Әскери үкіметтің тапсырмасымен кетті деген жорамалмен. Делегация мүшелері Саратов совдепшілерінің талқысында өздерін мәртебелеріне сай, өте лайықты дәрежеде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дәлелді түрде қорғады. Орталықпен келісімдерін жүзеге асыруға Саратов совдепшілерінің жәрдем бергені дұрыс болмағын дәйектеді. Орал делегациясы туралы мәселе қараған Саратов Аткомының 1918 жылғы 17 сәуірдегі соңғы мәжілісінде Жанша Досмұхамедов тағы да Мәскеуге сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепінің құлатылғаны делегацияға Халкомкеңес қабырғасында ғана мәлім болғаны жөнінде айтып, Саратов совдепімен қалай бірлесіп жұмыс істегенді жөн көретінін әңгімеледі. Орал өңірінің тұрғындарына үндеу жазғанын, оны ұшақпен елге жеткізіп, жұртқа таратуға Саратов совдепінен көмек сұрайтынын айтты. Жанша Досмұхамедовтің ақтар қоластындағы өңірге ұшақпен жеткізіліп, ауылдар мен қалаларға апарып тасталған «Орал облысының Жайық сыртындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды тұлғаларға және барлық азаматтарға» арнаған сондағы үндеуінде: «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесі Ресей Федеративтік Республикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссарлары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты», – делініп, келіссөздердің жақсы нәтижесі ретінде: «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құрылады да, ең қысқа мерзім ішінде қазақ өлкесінің автономиясы жайында декрет жарияланады», – деген хабар және Халкомкеңестің земство жөніндегі қаулысы айтылған-ды.

 

Соларды хабарлай отырып, үндеуде: «Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақтың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауазымды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қозғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге» шақырған және кеңестік биліктің қазақ үшін тиімділігіне назар аударған. «Естеріңізде болсын, қандас қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңізге тұңғыш рет еңбекшілердің Совет өкіметі ресми түрде құлақ асты, Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі билеу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-мәрттігін бағалай біліңіздер!» – деген жүрекжарды сөздермен үндеуін аяқтап, «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұхамедов» деп қол қойған.

 

Алайда совет өкіметімен ынтымақтастық осымен аяқталды. Семейдегі Орталық Алашорданың Сталинмен төте желідегі сұхбатқа байланысты өз шарттарын ұсынған жауабын Халкомкеңес алған, бұл жайында Досмұхамедовтердің 1918 жылғы 5 сәуірде Мәскеуден Семейге, Халел Ғаббасовтың атына жіберген жеделхатында: «Алашорданың ұсынған шарттарына Совет үкіметі жақын арада жауап бермек болды», – делінген-ді. Сондай-ақ келіссөздердің тағы да мынандай шүбәсіз жетістіктерін айтқан: «Совет үкіметінің басында Қазақ Комиссариаты ашылатын болды. Бұл комиссариатқа кіретін адамдарды Алашорда өзі сайлап жібереді» және «Совет өкіметі әр облыстағы Советтерге «қазақтың тұтқынға алынған азаматтарын тегіс босатыңдар» деп әмір қылды». Осы жеделхат мәтінін редакция «Сарыарқа» газетінің 37-ші нөміріне асқан ризашылықпен баса отырып, Совет үкіметі «жуық арада Алашорда автономиясын жария қылар, қазаққа да жарық сәуле, күн туар деген ойымыз мол, иманымыз зор» деп жазған болатын. Бірақ бұл ой ақталмады. Халкомкеңес пен Ұлт істері жөніндегі комиссариат жер-жердегі өкілдері арқылы түрлі әлеуметтік топтар арасындағы ой-пікірге, ұлттық «Алаш» және социалистік «Үш жүз» партияларының ұстанымдарына тез-ақ қаныққан. Нәтижесінде кеңестік үкімет (предсовнарком Ленин мен наркомнац Сталин) таптық мүдде тұрғанда ұлттық «буржуазиялық» құрылымға жол беруге болмайтынын парықтап, Досмұхамедов делегациясы Мәскеуден аттанысымен, онымен жасалған келісімдерді де, Семейге төте желі арқылы айтылған уағданы да бірден ұмыт қалдырды. Ешқайсысына да жауап берместен, жер-жердегі өкілдеріне «буруазиялық автономияны еңбекшілердің мойнынан түсіріп тастау» бағытымен жүруге нұсқау берді.

 

Кеңес үкіметінен осылай беті қайтқан Алашорда қызметін ақтарға сүйеніп жүргізуге көшті. Орал облысы қазақтарының Жымпитыда өткен кезекті съезі 1918 жылғы 18 мамырда Орал облысының Жайық сыртын «Ойыл уәлаяты» деген атпен, бес үйез кіретін ерекше дербес аумаққа бөліп, уақытша үкімет құрды. «Ойыл уәлаяты» мемлекеттік-автономиялық бірлігі Алаш автономиясының құрамында саналды. Үкіметінің төрағалығына Жанша Досмұхамедов сайланды, үкімет уәлаяттың республикалық режимде жұмыс істейтін әкімшілік-аумақтық құрылымын түзіп, қызметін ұйымдастырумен, юнкерлер (офицерлер) даярлайтын мектеп ашып, халық милициясын жасақтаумен шұғылданды. Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетінің 262-ші нөмірінде жарияланған жеделхатында Алашорданың 1918 жылғы 24 маусымда Алаш (Заречная слободка) қаласында іске кіріскені айтылды. Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов, мүшелері Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов қол қойған бірқатар заңдар мен ережелер жарияланды, алдағы міндеттерді қалай орындау керектігі жайында тапсырмалар берілді. Семей, Ақмола облыстарында милиция жасақталып, ақ гвардиямен бірге большевиктермен соғысуға аттанғаны айтылды. Қазақ ұйымдарына «ел қорғаушыларды жинау ісін ...үш жұманың ішінде» аяқтау ұсынылды.

 

Алаш автономиясының облыстары мен үйездерінде Алашорда Кеңестерін құру, земство жұмысын жаңғырту, қазақ соттары мен тергеу комиссияларын тағайындау, Алашорда жанынан Әскери кеңес құру шаруалары жүргізілді. Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметіне 1918 жылғы 10 шілдеде қазақ автономиясын тану және онымен қызметтестік келісімдерге келу жөнінде хат берілді. Арнайы комиссия құрып, бірлесіп атқаратын шаралар кешенін қарастыру көзделді. Осы айда Сібір үкіметіне «Алашорда өз армиясын Бүкілресейлік армияның құрамдас бөлігі» деп есептейтіні хабарланды. Ал 12 тамызда Алашорда Әскери бөлімінің басшысы капитан Хамит Тоқтамысов үкіметке Семейде құрылған бірінші Алаш атты әскері (38 офицер, 750 атты жігіт) оқып-жаттығуға кіріскенін, ал Павлодар, Зайсан, Қарқаралы, Өскеменде жиналған жігіттердің (барлығы – 850) «қаржы, қару, киім-кешек және нұсқаушылар» болмауы себепті бос отырғандарын хабарлады. Сол күні Сібір армиясында берілген бұйрық бойынша «қазақ қарулы күштерін құруға байланысты мәселелерді шешу» Дала корпусы командиріне жүктелді. Бірақ Алашорда төрағасының міндетін атқарушы Мұхамеджан Тынышбаев пен Тоқтамысов 18 тамызда өзара алмасқан хабарға қарағанда, «алыс болыстардан, тіпті басқа үйездерден жігіттер келіп жатыр», бірақ милиция ұстауға қажет «қаржы таусылды. ...шарасыздық ахуал қалыптасып тұр»...

 

Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс мүшелерінің комитеті (Комуч) 1918 жылғы шілдеде Самара қаласында Алашордамен (Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев бастаған өкілдермен) әскери-саяси одақ шартына қол қойды. Алашорда Комучпен бірге Уфа қаласында Уақытша Бүкілресейлік үкімет – Уфа Директориясын құрған 1918 жылғы 8–23 қыркүйектегі Мемлекеттік мәжілістің жұмысына қатысты. Ертеңіне, 24 қыркүйекте (құжаттарда ескі күнтізбемен 11 қыркүйек деп көрсетілген), Мемлекеттік мәжіліске қатысқан Алашорданың үкімет мүшелері (Әлихан Бөкейханов, Уәлитхан Танашев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Ахмет Бірімжанов, Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышбаев) өз отырысын өткізді. Онда Алаш аумағындағы жергілікті басқаруды ұйымдастыру және Алашорданың батыс бөлімшесін құру туралы мәселе қаралды. 11 бабтан тұратын қаулы қабылданды. 5-ші бабта «Соғыс уақытына және қатынас жолдарының нашарлығына байланысты, Алаш автономиясының Бөкей ордасы, Ойыл уәлаяты, Закаспий облысының Маңғыстау үйезі, Торғай облысының Ақтөбе және Қазақ үйездері кіретін батыс бөлігін іс жүзінде басқару үшін Алашорданың батыс бөлімі құрылады» деп тұжырымдалған. Кейбір зерттеушілер бұл қаулымен «Ойыл уәлаяты таратылды» деп жаңсақ пайымдап жүр, керісінше, байқалып тұрғандай, Ойыл уәлаяты – Батыс бөлімнің құрылымындағы әкімшілік аумақтардың бірі. Ал бұрынғы Ойыл уәлаяты үкіметінің құрамы жаңадан қосылған аумақтардың басшы қайраткерлері есебінен ұлғайып, Батыс бөлімшені басқаратын үкіметке айналды. Жаңа құрамға Жанша Досмұхамедов, Бақтыгерей Құлманов, Халел Досмұхамедов, Есен Тұрмұхамедов кірді және ол аумақтағы қазақ емес халықтың өзі сайлайтын тағы екі өкілмен толықтырылатын болды. Осылай төтенше жағдайларда Алашорданың барлық құқтарын пайдалана алатын Батыс Алашорда үкіметі жасақталды.

 

Уфадан Омбыға келген Уақытша Бүкілресейлік үкімет «жақын кезеңге барлық мемлекеттік басқару органдарын біртұтас министрлер кеңесіне бағындыру қажет» деп тауып, 1918 жылғы 4 қарашадағы пәрменімен «Алаш үкіметі – Алашорда өмір сүруін доғарды» деп қаулы етті. Сол пәрменмен «Ерекше ереже негізінде Қазақ ұлыстарының мәдени-тұрмыстық және экономикалық мұқтаждықтарына қатысты барлық мәселелер қарамағында болатын Алашты басқару жөніндегі Бас уәкіл лауазымы» тағайындалды. Осы жәйтке орай Алаш автономиясын қолдамайтын автор «ИКС» деген бүркеншік атпен Семейде шығып тұрған «Свободная речь» газетінде: «Біз сұлтан Бөкейханов Қазақ өлкесін басқару жөніндегі бас уәкіл болып тағайындалады деп естідік», – деп бастап, «мәдениеті жоқ халыққа» автономия беру «құрдымға апаратынын», алашордашылардың «қарулы қылмыскер элементтері автономияға қарсы қазақтарды – большевик деп қатаң жазалап жүргендерін» жазды.

 

«Бөкейханов мырза ешқандай да барша қазақ халқының ерік-жігерін білдіруші емес», – деп түйді. Бөкейхановты «қазақ халқын басқаруға басты уәкілдік берілген адам етіп тағайындау – сұр қасқырға табын тағдырын ұстатқанмен бірдей» деді. Оның «1748 жылы хандық лауазымға таласып, ...билеушіні зұлымдықпен өлтірген Орта Ордадағы танымал сұлтан Барақтың тікелей ұрпағы» екенін еске салып, «Алашорда төрағасы» және «Алашты басқару жөніндегі бас уәкіл» терминдері қазақтар үшін «басқаша тұздықталған баяғы хан лауазымы» боп шығатынын айтты. Дегенмен Әлихан Бөкейхановтың ел ішіндегі де, саяси қайраткерлер арасындағы да беделі өте жоғары еді. Бөкейханов басқарған «Алашорда» Халық Кеңесі өз қызметінде Сібірдегі билікке үміт артты. Адмирал Колчак «Үкімет Жаршысы» газетінің 1918 жылғы 20 қарашадағы нөмірінде жариялаған халыққа арналған үндеуінде: «Бүкілресейлік Уақытша үкімет 1918 жылғы 18 қарашада ыдырап кетті. Министрлер кеңесі билікті толығымен қабыл алды да, маған, орыс флотының адмиралы Александр Колчакқа берді, – деп хабарлап, алдағы жоспарын былай тұжырымдаған-ды: – Азамат соғысының және мемлекеттік тұрмыстың толығымен іріген өте қиын жағдайында осы билік азабын мойныма ала отырып, өзімнің басты мақсатым: халық басқару түрін өзіне кедергісіз сайлап ала алатын болу үшін ...шайқасқа қабілетті армия құру, большевизмді жеңу және заңдылық пен құқықтық тәртіп орнату, сөйтіп ...бостандықтың ұлы идеяларын жүзеге асыру». Мұндай мәлімдеме ниетіне үйлесіп тұрғандықтан, Алашорда Колчак билігімен байланысқа мән беріп қарады. Мақсатты қарым-қатынас жасаудың арқасында Жоғарғы билеуші адмирал Колчактың пәрменімен Ресей үкіметі (Ресей Мемлекетінің үкіметі, Колчак үкіметі) кеңсесінде арнайы комиссия құрылды да, онда қазақ халқының ведомствоаралық жайғастырылуы қаралмақ болды. Мәселемен комиссия 1919 жылғы 11 ақпандағы отырыста алдын-ала танысты. Мәжіліске Алашордадан Әлихан Бөкейханов, Уәлитхан Танашев және Айдархан Тұрлыбаев қатынасқан. Сонда Бөкейханов Алашорданың пайда болуы және алға қойған мақсаттары жайында дәйекті әңгіме қозғап, ел ішіндегі сот, жер-су, армия ұйымдастыру, т.б. мәселелердің бірінші кезекте қаралуын сұрады. «Қазақ халқында сепаратшылдық ой жоқ, ол Ресейден бөлінуді қаламайды.

 

Біз – батысшылдармыз, – деді ол. – ...Біз мұнда бір ғана тілекпен – елдің құрылтайшы яки ұлттық жиналысқа жетуіне қажет тәртіп орнатуға атсалысу мақсатымен келдік». Танашев 1918 жылдың 4 қарашасындағы пәрменді еске алды. Соған сәйкес өздерінің «Қазақ халқының өкілдік органы туралы ереже» және «Алашорда бойынша бас уәкіл туралы ереже» жасайтын комиссиялар ұйымдастырылады деп күткендерін, ал Жоғарғы билеушінің пәрменімен құрылған мына комиссияның алға қойған міндеті қандай екенін білмей тұрғандарын айтты. Өздерінің «Алашты басқару үшін сот қажет, жер мәселесін шешу керек, милиция және басқа жәйттер қаралуға тиіс» екенін айтып отырғандарын, соларды қарастыру осы комиссияның құзырына кіре ме, жоқ па – соны айқындап алған жөн болмағын аян етті. «Бас уәкіл туралы мәселе... біз үкіметте дайындалған ереже бар болар деп ойлаған едік» дей келе, бұл тарапта өздерінің Алашорда бойынша Бас уәкілді – Генерал-губернатор құқтары берілген немесе Индиядағыдай статс-секретарь мәртебесіндегі құқтары бар тұлға болуға тиіс деп ойлайтындарын естіртті. Отырыста төрағалық еткен Ішкі істер министрінің орынбасары көтерілген мәселелерді комиссияда қарау үшін тиісті жер-су, соғыс министрліктерінің көзқарастарын анықтауды, Алашорда үкіметінің сот, жер-су, ұлттық армия ұйымдастыру жайындағы материалдарымен танысу үшін комиссияға мүмкіндік беруді ұсынды...

 

Алашорданың түрлі салада Омбыға елеңдеуі жалғасып жатты. Мәселен, Ұлт кеңесіндегі саяси қызметімен қатар Мұхамеджан Тынышбаев экономика және тұрмыс мәселелерімен шұғылданған еді. 1919 жылғы наурызда Семей земство басқармасы құрылыс-техникалық бөлімінің меңгерушісі ретінде Сібірдегі Омбы, Том, Новониколаевск (Новосібір) қалаларын іссапармен аралап, үйезде салынбақ мектептер мен емханалар құрылысына қажет материалдар алды. Ал 1919 жылғы 16 сәуірде «Жетісу облысы қазақтарының уәкілі, 2-ші Мемлекеттік думаның мүшесі, (Львов пен Керенский үкіметі) Түркістан комитетінің мүшесі, Түркістан автономиясы Министрлер Кеңесінің төрағасы, Алашорда мүшесі, Жетісу және Сырдария облыстарындағы ашыққан қазақтарға көмек көрсету жөніндегі комитеттің төрағасы, қатынас жолдары инженері Мұхамеджан Тынышбаев» деп қол қойып, Алаш (Заречная слободка) қаласынан Жоғарғы билеушіге Жетісу облысы қазақтарының ауыр халі жайында үлкен баяндама жолдап, большевиктерден азат етілген аудандардағы ел-жұртқа көмектесу үшін жеті бабқа тізілген (астық, шаруашылық құрал-жабдықтарын, құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмек, қаржы бөлу және қазақ интеллигенциясын қудалауды тоқтату жөнінде) көмек көрсетуді сұрады.

 

Сол жылғы жазда Жоғарғы билеуші Александр Колчак Омбыдағы ордасында Орал казак әскері мен Жайық сырты қазақтарының өкілдерін қабылдап, өтініштерін тыңдады, көтерген мәселелерін өзінің кеңесінде шұғыл қарайтынын мәлімдеді. Қазақ өкілі Жоғарғы билеуші Колчакқа «Құрметті ақсақал атағын беру туралы» съездің қаулысын табыс етті. 1919 жылғы 7 маусымда Жанша Досмұхамедов Жымпитыдан Александр Колчакқа жолдаған хатында Қазақ өлкесінің большевиктер Орынбор–Ташкент темір жолы бойын алуына байланысты іс жүзінде теңдей екі жартыға – шығыс және батыс бөлікке бөлініп қалғанын, осы екі бөлік арасындағы «байланыс қиындап кеткендіктен, Алашорда Қазақ өлкесін басқару ісін уақытша Шығыс және Батыс бөлімшеге бөліп жүргізуге мәжбүр болғанынә айтты. «Алашорданың Батыс бөлімшесінің салыстырмалы түрде қарағанда Шығыс бөлімшеден интеллигенттік күштері молырақ болғандықтан, тиісінше қол жеткізген табыстары да артығырақ болды», – деп, нақты мысалдар келтірді.

 

Азаматтық басқару саласы бойынша өз аумағында земстволық және қалалық өзін-өзі басқару істерін жолға қоюды аяқтады. Сот жүйесін жасады. Басқарудың полициялық бөлігін де реттеді. Қарулы күшті ұйымдастырып, жасаудағы қиындықтарды жеңу үшін «қазақ тілін, тұрмысы мен әдет-ғұрпын, психологиясын» білетін офицерлер қажет еді, сондықтан Бөлімше әскери мектеп ашты, қазақ прапорщиктерінің алғашқы түлегі даярланып та қойды. Бірінші полк жасақталды, бірақ әскери бөлімдерді ойдағыдай құруға қару-жарық, қаржы жетіспейді. Еш жақтан ешқандай материалдық көмек алмағандықтан, Алашорда өз әскери бөлімдерін тек жергілікті халықтың қаражаты есебінен ұстауда. Алайда салықты одан әрі көбейте беру жұрттың жағдайын ауырлатты, өйткені халық әскери бөлімдердің шығынын көтерумен қатар, «Бөлімшенің одақтасы Орал казак әскеріне жылқы, арбалар, аттың керек-жабдықтары және басқа да қажет заттармен елеулі түрде көмек беріп келеді». Осыларды таратып баяндай келе, Жоғарғы билеушіден мүмкін болғанынша қаржы-қаражат, қару-жарақ және әскери киім бұйымдарын бөліп, жәрдем көрсетуін өтінген еді.

 

Алайда азамат соғысының от-жалыны шиеленістірген саяси жағдай, жер-жерде совет өкіметінің нығая бастауы Алаш автономиясы Үкіметінің жұмысын мүлдем қиындатты. Алаш-Орданың Торғай облыстық бөлімшесінде «совет өкіметіне қарсы күресіп жүрген Ахмет Байтұрсынов және басқалар», Торғай губерниясының Әскери комиссары Токарев Предсовнарком Ленинге (көшірмесі ВЦИК пен Соғыс істері халкоматына) жолдаған жеделхатқа қарағанда, «совет өкіметін мойындауға мәжбүр болды. ...Байтұрсыновты Торғай үйездік совдеп төрағасы Қаралдин ...Жангелдин жолдасқа ертіп кетті». Ахмет Байтұрсынов (ыңғайы, Орталық Алашорданың тапсырмасын алғаннан кейін) совет өкіметімен келіссөз жүргізу үшін Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдинмен бірге Мәскеуге аттанды. Жангелдин Әскер-революциялық кеңеске (РВС), Бүкілресейлік Бас штабқа, Соғыс комиссарлары Бюросына берген баяндамасында «...қантөгіс болдырмау үшін Дулатовтың шайкасы және... жасағы совет өкіметін мойындады... басшыларының бірін, атап айтқанда көрнекті қазақ әдебиетшісі ретінде Байтұрсыновты маған қосып Мәскеуге жіберді.

 

... Байтұрсынов қазір менімен бірге Мәскеуде» деп көрсеткен. Байтұрсыновтың сапары сәтті болды. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) 1919 жылғы 4 сәуірде арнайы қаулы шығарып, алашордашыларды совет өкіметіне қарсы күрескендері үшін жазаланудан азат етті, яғни оларға мемлекеттік билік органы атынан амнистия (болған жәйтті ұмыту, кешіру шарасы) жарияланды. 1919 жылғы 10 шілдеде Ахмет Байтұрсынов Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитеттің (Қазревкомның) құрамына енгізілді. Ревкомда ел мүддесін көздеген бірқатар жұмыс атқара келе, 1920 жылғы 4 сәуірде ол «ғасырлар бойы езгіде болып келген қазақ халқын азат етудің жолдарын көп уақыт бойы іздеуден кейін... таптар мен ұлттарды толық азат етуді өзінің алдына тікелей мақсат етіп қойған және оны ішінара жүзеге асырған интернационалдық Коммунистік партия...

 

...бағдарламасын жүзеге асыруға көмектесу үшін Россия коммунистік большевиктер партиясына өтуге шешім қабылдадым» деп, РК(б)П Орынбор комитетіне өтініш тапсырды. Қазревком 1919 жылғы 15 қыркүйектегі отырысында «ақгвардияшылар жағында әрекет етіп жүрген, басында Досмұхамедов тұрған оралдық алашордашы қазақтарды Совет өкіметі жағына тарту үшін» арнайы қаулы қабылдап, «ревком мүшелері Байтұрсынов пен Тұнғаншин жолдастарға өз аттарынан Досмұхамедовпен келіссөз жүргізуге құқ берді». 27 қазандағы отырыста Ахмет Байтұрсынов «совет өкіметі қазақ халқына автономиялық өзін-өзі басқаруды жалған емес, іс жүзінде бергенін қазақтардың анық көріп, көздері жететіндей әрекеттер» жасау керек екенін айтты. Сол орайда «Қазақ ревкомы барлық қазақтарға, соның ішінде ақтар жағында совет өкіметіне қарсы күресіп жүрген алашордашылардың торғайлық және оралдық топтарына совет өкіметі жағына шыққан жағдайда амнистия жариялауды» ұсынды.

 

31 қазанда Қазревком амнистия жариялау жайынан Түркмайданға өтініш беруге қаулы алды. 1919 жылғы 4 қарашада Түркістан майданының Әскери-революциялық кеңесі (Реввоенсовет, РВС) «Советтік Ресейге қарсы күреске тікелей немесе жанама түрде қатысқан барлық қазақ халқына толық кешірім жариялансын» деген қаулы шығарып, амнистия шарттарын жариялады. Осы шешімдермен қоса Қазревком өкілдерінің белсенді түрде жүргізген келіссөздері көп ұзатпай өз нәтижесін берді. Азамат соғысында Ресей Жоғарғы билеушісінің әскерінен қызылдар басым түсе бастағаны айқындалып келе жатқан, тиісінше оның қазақ қайраткерлерінің өтініштеріне көңіл бөлуге мұршасы келмейтін. Осыны көрген әрі совет өкіметінің амнистиясына арқа сүйеген көптеген азамат кеңестік жүйені мойындап, жаңа өкіметтің мекемелері мен ұйымдарына қызмет атқаруға кіре бастады. Әлихан Бөкейханов өзінің ғылыми-шығармашылық жұмыстарымен шұғылданды. Мұхамеджан Тынышбаев Түркістан Республикасына кетті. Кеңестік билік алдында Жетісудың солтүстігінде тұратын халықтың ауыр жағдайы жөнінде мәселе көтерді. Халел Ғаббасов Семей педагогикалық техникумына оқытушылыққа кірді. Міржақып Дулатов Омбыда аз уақыт Ақмола және Сібір облыстық оқу бөлімдерінде істеп, 1920 жылғы күзде Ташкенттегі «Ақ жол» газетіне қызметке тұрды. Әлімхан Ермеков Том политехникалық университетіндегі оқуын жалғастырды. Райымжан Мәрсеков Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқаруға кірісті...

 

1919 жылғы 10 желтоқсанда Батыс Алашорда совет өкіметі жағына шығу шараларын мұқият ойластырып белгіледі. Ақ казактарға қарсы соғыс қимылын жүргізу жөнінде құпия бұйрық шығарды. Сол бұйрық бойынша тұрақты қазақ әскери бөлімдері 27 желтоқсан күнгі таңғы сағат алты жарымда шабуылға шықты. Үш сағатқа созылған шайқастан кейін Қызылқоға қаласы азат етілді. Елек корпусының күллі штабы корпус командирімен, оның көмекшісімен, штаб бастығымен бірге қамауға алынды. Және 500 жауынгер казак пен офицер тұтқындалды. Табысты шайқастар нәтижесінде екінші күні қала айналасы 25–30 шықырымға дейін тазаланды. Қарсыластар тылындағы жергілікті жасақтар да соғыс әрекеттерін жүргізіп, ақ казактардың ұсақ жасақтарын қарусыздандырды. Осылар жайында Батыс Алашорда Орынбордағы Қазревкомға толық баяндай келе, «совет өкіметінің жауларымен күреске белсенді түрде қатыса отырып, Алашорда өзін советтік Ресейге іс жүзінде қосылдық деп санайды» деп мәлімдеді.

 

«Алашорданың Қазақ Ревкомымен бір мекемеге құйылып-бірігуін Алашорда өзінің совет жағына өтуінің табиғи нәтижесі ретінде біледі» деген тұжырымын аян ете келе, кідіртпей шешімін табуға тиіс мәселелерді тізбеледі. 1920 жылғы 11 қаңтарда Ойыл уәлаятындағы Қызылқоғада Алашорда Батыс бөлімінің совет өкіметінің өкілдері қатысқан отырысы болды. Шығыс майданы 1-ші армиясы Әскери-революциялық кеңесінің (РВС) өкілі Евгений Наумов пен Қазревком өкілі Нысанғали Бегімбетов алашордашыларды Совет өкіметі жағына нақты түрде шығуымен құттықтап, алда тұрған мәселелерді тұжырымдады. Олардың түйген қорытындыларына сәйкес (Алашорда үкіметінің Қазревкомға қосылатыны және Алашорда әскери бөлімдерінің Орал майданы жойылғанша татар қосыны құрамында болатыны, соғыс олжалары есепке алынып, Қызыл армияның мұқтаж бөлімдеріне берілетіні, тағы басқа маңызды мәселелер жөнінде) шешімдер қабылданды. Хаттамаға Алашорда Батыс бөлімінің төрағасы Жанша Досмұхамедов пен Қазақ әскериревкомының өкілі Нысанғали Бегімбетов қол қойды. Алайда өзін жеңімпаз санайтын кеңестік билік бұған көңіл аударған жоқ. Қазревком 1920 жылғы 5 наурызда «Қазақ ұлттық «Алашорда» үкіметінің батыс бөлімін жою туралы» мәселе қарап, алашорда басшыларын «совет билігі Қазақ өлкесінде неғұрлым бекем орныққанға дейін қазақтың еңбекші бұқарасынан оқшаулау» жөнінде қаулы алды. Қазақ халқының совет өкіметіне тілектестікпен қарайтын бөлігі мен орталық аудандардан қоныс аударып көшіп келгендер (переселендер) Алашорданың белсенді қызметкерлеріне «жауығып қарайтындықтан, оларды ревком мүшелігіне де, басқа жауапты жұмыстарға да ұсынудан бас тартатындықтары» жөнінде шешім шығарды. Қазревком Батыс Алашорданың жауапты қызметкерлерін Орынборға шақырды, сосын Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов, Беркінғали Атшыбаев бесеуін Мәскеуге жіберіп, тағдырларын Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің шешуіне қалдырды...

 

Әкімшілік-территориялық құрылымы қалыптасқан, тұрақты армиясы бар, ұзаққа созылған келіссөздерден кейін белгілі бір шарттармен совет жағына шыққан Батыс Алашорданың қызметін тоқтатып, мүлдем таратып жіберу үлкен тарихи оқиға еді. Бұл жәйт 20-шы ғасыр басындағы алғашқы орыс революциясымен бірге ұшқындап, бір мүшел бойы даму үдерісін бастан кешу арқылы ұлт-азаттық қозғалыстың жеңісті белесінде шаңырақ көтерген Алаш Ордасын түгелдей жою ретінде бағаланды. Содан бері жүз жыл өтті. Бірақ Алаш рухы өшкен жоқ. Қозғалыс кеңестік платформада астыртын жалғасты. Азаттық мұраттарына адал азаматтар тап туын көтере жүріп, әрдайым ұлт мүддесі үшін күресті. Алаш идеясы егемендік мұраттарымен де үйлесіп кеткен, ол күні бүгінге дейін жаңа тұрпатты тәуелсіздік күрескерлеріне ел игілігіне қызмет етудің сара жолын көрсетіп келеді.

 

Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста