...ағыл-тегіл жылап ояндым. Сені сооонша сағыныппын ғой, Әбеке. Сен жатып-жатып, оянып кеткен екенсің деймін. Мұндай да құдірет болады екен ғой деп мен де аң-таң, басқалар да аң-таң. Қайта айырылып қалардай айналып келіп құшақтай берем. Тірі екеніңе көзімді жеткізгім келетін сияқты сондағы ойым. «Мархабат, сен маладессің Әмірханның өлмегеніне сеніп, оны күзетіп отырған» деп Мархабатқа алғысымды жаудырып жатырмын. Ішімнен ойлаймын «ал біз өліп қалды деп қаншама адамды көміп тастап жатырмыз... шіркін, қаншасының обалына қалдық екен өстіп» деп. Дастарханға отырып, құран оқытып жатырмыз. Баукеңнің таныстары болу керек, келіншегімен төрге озып, құранды бір жамбастап оқығалы жатқан жігітке әдеттегіше жымия күліп, «отырып оқысаңшы и» деп зілсіз қалжыңдады. Қарсы жақта отырғандардан анық танитыным – Маралтай. Дастарханнан тұрып келсек, Әмірхан қайта жатып қалыпты. Қан қысымы жоғарылап кеткен екен деймін. Қайныапасы Гүлзат жастықты биіктеу етіп жатқызып қойған Әмірханға «орныңнан қозғалма» деп рекомендация беріп жатыр. Мен «сенімен бокс жайлы сөйлесу керек еді» деп айтқым кеп тұрып, тілімді тістей қойдым. Әмірхан келгендеріңе рақмет дегендей, басын изеп мезірет білдірді де, келгендерді көзімен санағандай болды... екі-үш күн болды жүрегім шаншып ауырып жүр еді, соған көрінді ме, кім білсін? Тұра сап әбден жыладым. Әбекем де мені әбден сағынған шығар. Жазбай-ақ қояйын десем, ішіме сыймады, ренжімеңіздер, қатты сөкпеңіздер. Бәлкім, бәрімізден құран дәметіп жатқан болар, кім біледі. Жатқан жерің жайлы, тұрағың жұмақ болсыншы, Әбенім-оу!..
Маусымның 19-ы, 2019ж.
* * *
Менің өмірдегі ең үлкен қателігім – бәріне ӨЛЕҢ деп қарауым еді. Соны сезіп қойғандай, сен «мақаланы да өлең сияқты жазасың» деуші едің маған. Әбеке, жылда сенің туған күнің жақындаған сайын жанымды қоярға жер таппай кетемін. Өзің жақсы білетін адам жайлы бірдеңе жаза алмаудың мұншалықты қиямет боларын кім білген?! Сені жақсы көретінім сондай, өзім бір көруді аңсап барған Қарқаралыда түнеген жалғыз түнде де түсіме сен кірдің. Содан көңіліп алабұртып, таңертең тұра салысымен Құнанбай мешітіне барып құран оқыттық. Бұл сен қайтыс болған жылғы жаздың соңы еді. Одан бері де қаншама су ақты. «Көрмейін десем, көзім бар» демекші, баяғы кішкентай аярлар бұл күнде үлкен айуандарға айналып, әдебиет ауылын обал-сауапты ұқпайтын үлкен базарға айналдырып жіберді. Сыйлық пен атақ дәметіп тұратын тіленшілер қаламгер атанып, қарагер мінген қаламгерлер зорлықшыл биліктің ең адал жандайшабына айналып шыға келді. Сондайлардың арсыз қылығын көрген сайын арсалаңдағандай болмайын деп тынып келем. «Тынған сайын тұныппын ғой» деп Жұмағам айтпақшы, тынған сайын тұнсақ жақсы-ақ әрине. Енді бірер сағаттан кейін сен де Маралтай мен Жарас құрдасың сияқты елуге аяқ басасың. Мен «сен тірі тұрғанда...» дейтін сөзді айтпаймын. Өйткені сен үнемі менің ойымдасың. Мені осы жылдар бойы төтенше көп ойландырған сенің табиғатың расында да тылсымға толы, Өмір мен Өлеңге өле-өлгенше адал қызмет етуден танбай кеткен менің БАҺАДҮРІМ!!!
Мамырдың 18-і, 2019 ж.
* * *
Кітап дегеннен шығады..."Полное затмениені" көріп ап, француздың тентек ақыны Артюр Рембомен "ауырып" жүрген кез еді. Неден шыққаны есімде жоқ, бір күні бесінші қабатта тұратын Әбекем "екеуміз кітап айырбастайықшы" деді. Әңгіменің төркіні мендегі жапонның заманауи новеллалар жинағы турасында болып жатыр. Аты есімде жоқ, есімде қалғаны - ішінде өзіме қатты әсер еткен "Шар рассыпался" деген бір әңгіме бар-тын. Соны Әбекеңмен талқылаймын деп кітапқа реклама жасап жібергенімді қайдан білейін ол кезде. Мен "сіз не бересіз орнына?" дедім. Ол Рембоның өмірбаяны жазылған кітапты ұсынды. Ойбой, ол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын енді! Қысқасы, Әбекең де мәз, мен де мәз, кеттік кітаптарымызды құшақтап екі жаққа. Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып...өрекпіген көңіл басылып, сезім салқын тартып, салмақты ой, салиқалы пікір айтатын кісілер мен кітаптарға шөлдейтін болдық келе-келе. Айтайын дегенім. сондай сәттерде енді сол Әбекеме "қолды" болып кеткен кітабымды сағынатынды шығардым. Дүниедегі ең қымбат кітап сол сияқты болды да қалды. Қызды-қыздымен оны Әбекеме айтқан да шығармын әзілдеп, қанша дегенмен талай әңгімелестік қой қоңсы тұрғанда. Ол жағы маңызды емес енді, маңыздысы - Әмірханның аты естілсе сол құрғыр кітабы еске түседі. Сол жоғалмаса екен деймін. Дүниенің бар кілті дәл сонда тұрғандай елегізи беремін.
Ақпанның 23-і, 2016 ж.
Dauren Berikqazhyuly
Фейсбуктегі парақшасынан