Абайды сабатқан Оразбай кім?
Кеңестік заманда кемеңгер Абайды танудың біржақты болуының бір белгісі – ақынды өз ортасынан, айналасынан бөліп алып, жеке-дара зерттеуге ұмтылдық. Абайды қоршаған ортасы, әдеби айналасы туралы сөзге тиым салынды. Басқасын былай қойғанда әке Құнанбай мен Абай арасына сына қағылды.
1923 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Абай» атты мақаласында ақын өлеңдерінің ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оны заманымен қабыстыра талдау жүргізген татар зерттеушісі Абдрахман Сағдидың «Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне, сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек толқындарын шығарады», – деген пікірінің (Абай, 1993, №6, 6-б) құндылығына мән беріп, ақынның ортасы туралы енді-енді ежіктеп, ой тастай бастағанымыз жасырын емес. А.Сағдидың мақаласы Абайды тануда өз қатарластарынан даралана білді. Автор «Абайдың өлеңдерінің табиғатын һәм ішкі рухын ашық тексеру үшін демесін беретін» сегіз негізгі мәселені атағанда, соның ішінде, ақын айналасына қатысты «… 6. Абайдың қазақ арасындағы ел ақындарымен қатысы болды ма, болған күнде олардың шығарған өлеңдеріне еліктеді ме? Еліктеген болса, олар қандай ақындар еді? Қандай типтегі кісілер еді? 7. Абай қазақ арасындағы дайым қатынас жасаған ел адамдары, пікірлес замандастары кімдер болған? Олар қандай табиғаттағы адамдар еді? Бұлардың Абайға қандай әсерлері болды? 8. Абайдың үй-жамағатымен, тұрмыс жүзінде әйелдерімен қандай байланысы бар еді?» – деген сауалдары (сонда, 11-б) сонау ХХ ғасырдың басында қойылуымен құнды. Зерттеушінің құнды пікірлеріне назар аударып отыруымыздың себебі – бүгінгі таңда Абай ортасын сөз еткенде тек оның маңындағы ақын мен әнші, өнерлі топ қана емес, Абайға зәредей қатысы бар кез-келген жұмыр басты пендені назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
Пушкин және оның айналасы
Бұл арада орыс әдебиетінің үлгі қылар тұстары жетерлік. Басқасын айтпағанда, әрдайым Абаймен тең аталатын орыс ақыны А.Пушкин мұрасының зерттелуіне, яғни, пушкинтану ғылымының дәл осы тұсына көз жүгіртейік. Пушкиннің айналасы турасында сөз сонау 1912-1913 жылдардан-ақ басталған. Сол жылы шыққан Н. Гастфрейндтің Пушкиннің ақындық ортасы туралы еңбегі сөздің басы ғана-тын (қараңыз: Гастфрейнд Н. Товарищи Пушкина по имп. Царскосельскому лицею. Материалы для словаря лицеистов 1-го курса 1811-1817 гг. СПб., 1912-1913, т І-ІІІ). Пушкинге қатысты жайттарды тану деңгейінің тереңге кеткені соншалық, ақынға қатысы бар әр адамға қысқаша деректер берілген сөздік мақала (словарная статья) жинақтары жарық көре бастады (қараңыз: Измайлов Н. Пушкин. Письма последних лет. –М, 1969). Кейінгі жинақтың бірі — Л.А.Черейскийдің «Пушкин и его окружение» деген еңбегі ( – Ленинград: Наука, 1989). Автор бұл тақырыпқа қатысты мәліметтердің жиналуы 1930 жылдардан басталғанын айтады. 1975 жылы Пушкинге қатысты 2500 кісі аты тіркелсе, кейінгі еңбекке тағы 200 адамның есімі қосылғандығы белгілі болып отыр. Автор өзі былай деп жазады: «Окружение Пушкина органически входят в его биографию и творчество, и наше понимание его наследия во многим зависит от того, насколько мы знаем среду, в который он жил и работал. Изучение ее всегда шло параллельно осмыслению творчества поэта и продалжается по сей день. Поэтому неоднократно делались попытки привести в систему многочисленные, но разнозненные сведения об окружении Пушкина». Бұл пікірдегі (сонда, 3-б) Пушкиннің ортасы тақырыбы төңірегінде ізденулер – абайтану үшін, соның ішінде Абай ортасы деген мәселелерде үлгі болатын құбылыс. Бұл тізімнің ішінде Пушкинге тікелей қатысты тұлғалардан бастап, хат арқылы хабарласқан, ақын туралы пікір айтқан, Пушкинге қызмет еткен, тіпті ақынмен бірер рет кездескен әрбір адамға энциклопедиялық үлгіде анықтама берілген.
Біз сөз еткелі отырған Оразбайды ел, анығында кейінгі ұрпақ Әуезовтің эпопеясынан біледі: «… – Асқан екен Құнанбай баласы. Тіпті бұндай қорлықты Құнанбай да көрсеткен жоқ. Тегі, біздің өзіміз бұларды бұзып болған екенбіз. Құдайын ұмытқан екен мына Құнанбайлар. Тап осы жолы тұяқ серіппесек, бәрімізді де атаның әруағы атсын! Ит болайық, енді қыбырламасақ! – деп Оразбай жалғыз көзін жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып сөйледі» (Абай жолы. Т.1.-Алматы, 1990). Оразбай Абаймен алысып өтті. Көркем шығарма бұл тақырыпта өмір шындығынан алыс кетпеген. Ал енді дәл осы Оразбайды, «ақынға қамшы үйіріп, сағын сындырған оңбағанды, әңгіме қылудың қажеті қанша?» – деген қиқар сұрақтың қылтияры анық.
Оразбайдың бізге керегі бар
Иә, Оразбайды Абайға қатысты, тіпті керек десеңіз, Абай үшін сөз етудің керегі бар. Оразбай бай – Абайдың қатпарлы қайғысының бір парасы ғана дегенімізбен, ақынның қағысқан жауын тани түссек, оның дәл сол уақыттағы тартқан азабын, жүрекке тұнған өкпе-зарының бір мысқалын болса да ұққандай болар едік. Абаймен өмір бойы жауласып өткен Оразбай және ақынға қастық қылып, қамшы жұмсаған топ туралы аз сөйлегенімізбен, ақын жарасын жазбасымыз анық. Алайда Абай өмірі туралы айтқанда, Оразбайлардың жауластығын айналып өте алмасымыз хақ.
Осы арада салыстырмалы түрде тағы да орыс әдебиетінің ірі тұлғасы А.Пушкиннің өміріне қатысты деректерге көз жүгіртейік. Пушкинді атқан Жорж Дантес барон ретінде орыс тарихында қалған жоқ. Көп шенеуніктің бірінің атын тарихқа таңбалаған оның Пушкинмен дуэлі болғанына ешкім дау айтпайды. Әйтпесе, әуелден қызығы тарқаған Пушкиннің некелі жарына Дантес тек себеп қана дерсің (қызу қанды ақынды бірнеше дуэльден періштесі қаққанын қаперіңізге алыңыз). Олай дейтініміз, күллі орыс жұрты аузына қараған Пушкиннің жалынды поэзиясы сауықшыл Наталья Гончарованы жылыта алмаған сыңайлы. Ақынның досы С.Д.Кисилевтің Пушкиннің жарын сезімнен ада сұлулар (бездушная красавица) қатарына жатқызуы тегін емес. Енді қарапайым салыстыруларға барсақ, Дантеске қатысты ХХ ғасырдың басынан бері біршама еңбектер шығып үлгерген (қараңыз: Щеголев П.Е. Дуэль и смерть Пушкина: Исследование и материалы. М:, Л, Гос. Изд-во, 1928., Ахматова А.А. Гибель Пушкина. // В кн. Ахматова А.А. О Пушкине: Ст. И заметки. Л., 1977). Оған Дантестің өмірі туралы деректер жинаған, қызынан туған жиен-немересі Луи Метман мен зерттеуші С.А.Панчулидзевтердің өмірбаяндық мәліметтер жинақтарын қосыңыз. Ал Абай өміріне қастық ойлағандар туралы там-тұм ғана әңгіме бар. «Абайға қамшы ала жүгіргендердің аты өшсін» деген ниетпен ақын өмірінің осы бір жарақатты тұсын сылап-сипап, жауырды жаба тоқып жүре бергенімізбен, кейінгі ұрпақтың дәл осы оқиғаны білуге деген құлшынысын ауыздықтау мүмкін бе? «Абай ортасы» дегенде оның жақсысымен қатар жаманы, үлкенімен қатар кіші тұлғалары да барын ұмытпаған жөн.
Мәселен, Оразбай кім? Оның қолшоқпары болған Бейсембі, Әбен, Нұрғазылар ше? Абайды қамшыдан арашалайтын Уәйіс Сопыұлы туралы не білеміз? Уәйіс Сопыұлын ақынның шәкірті Уәйіс Шондыбайұлымен шатастырып алатынымыз да осы деректердің аздығынан шығар. Анығында Уәйіс Сопыұлының руы – Жөкең (Жамантобықты), өмірі бес уақыт намазын қаза жібермеген жүрегі таза жан. Басқа мәлімет жоқ. Ақынға қамшы жұмсағанда алдымен жетіп Абайдың үстіне құлай кеткен осы – Уәйіс. Бұл туралы Абай Сенатқа жазған хатында өзіне қамшы жұмсалғаны жайында баяндай келіп: «Сол кезде Уәйіс Соқин (дұрысы Сопин. – Б.Е) дейтін қазақ өзінің денесімен менің үстімді жауып, әрі қарай сабауына жол бермеді, соның арқасында ғана мен әрмен қарайғы соққыдан құтылдым», – дейді (Сенатқа хат. // Абай, 1993, № 6. 62-б). Қарап отырсақ, ақынның өміріне тікелей қатысы бар осындай адамдардың кейбіріне ғана мықтағанда бір мақала арналды, әйтпесе ол да жоқ. Осы арада айта кетуіміз керек, алдымызда Абайдың 175 жылдық тойы. Ақынның бұрынғы шыққан жинақтарын айтылған ескертпелерді ескермей сол күйінде қайта бастырып шығарудан әрі аса алмай жатамыз. Біздің ойымызша ақынның 150 жылдығында шыққан «Абай» энциклопедиясын қайта толықтырып шығарудың уақыты келгендей. Алаш әдебиеттануының білгірі, ғалым Рымғали Нұрғалиұлы бас редакторлық еткен энциклопедия – қажырлы еңбектің жемісі, абайтану үшін үлкен олжа, әйтсе де абайтану ғылымы соңғы жылдары қаншама деректермен толықты. Соның ішінде Абайға қатысы бар әрбір адамның энциклопедиядан орын алғаны дұрыс… Тағы да салыстырсақ, әсілі, арғы заты голландық Геккерн деген кезбенің асыранды баласы болған, қарапайым шенеунік Дантестің атағы қалың кітапқа жүк боларлықтай ма? Пушкиннің тағдыр-талайын бәз қалпында көрсетіп, ішкі трагедиялық хал-ахуалын, мұң-шерін тарқата тану үшін де Дантес өміріне ежіктей үңілген жоқ па, орыс зерттеушілері?.. Әйтпесе, біреудің ақ некесін арамдаған безбүйректің қасында Оразбай байдың әуселесі он түйеге жүк боларлықтай. Кеңестік идеология Оразбайды надан, топас, қараңғы етіп көрсетсе, «сол түкке тұрмайтын наданыңыз Абайдай данамен қалай алысқан?» деген сұрақ төңірегінде неге ойланбасқа?
Анығында Оразбай Аққұлыұлы – Тобықтының ішінде аз ғана ру Есболаттан шығып, өзінің алысты болжар алғырлығының, сөзге ұста шешендігінің арқасында алдына мыңдап жылқы біткен бай, бір руды шырқ үйірген ел ағасы бола алды. «Бай» деген сөз – титул, атақ. Қазақ әуелде ішкі дүниесі мен сыртқы ауқаты үйлескен адамды «бай» деген. Кеңестік жүйе «бай» сөзінің мағынасын бір жақты етіп жіберді. Сол біржақтылықтан әлі құтыла алмай келеміз. Құтылмауымыздың куәсі сол – рухы мен болмысы кедей «байлар» ортамызда одыраңдап толып жүр…
Жасында ұрлық қылып, Құнанбай алдына шақырып, ұрлығын қойғызып, бата бергеннен кейін, Оразбайдың дүниесі дөңгеленген екен, – деген де сөз бар ел арасында. Қалай десеңіз де, ол – қазақ түгілі орыс батпаған Абаймен алысып, оны мұқалтуға жараған адам. Ең кереметі, Абай дүниеден өтерден біраз бұрын ақыннан кешірім сұрап, бітіскен де, «Абай өлді» деп сүйінші сұрап жеткен малшысын дүрелеп, «Абай өлді дегенше, Оразбайдың аты өшті десеңші», – деп шын жылаған да осы – Оразбай. Көкбай ақын Оразбаймен жақсы сыйласқан. Тоқтамайтын кезекті ел ішінің дауы кезінде Оразбай қартайып, налып отырғанда Көкбай:
Сенбісің, Қара бүркіт, омыраулы,
Бұл күнде болып тұрсың елмен даулы.
Шұнайдың бұйратындай мына Оразбай
Қалайша жеңем дейді асқар тауды?!
Асқардың жел соғады бүйірінен,
Тіліңнің таптық пайда сүйірінен.
Қарада қасқыр соққан қартаң айғыр
Дөнен қуып шығарған үйіріңнен , –
дегенде, Оразбай:
– Ой, Көкшем-ай, айттың-ақ! Дауасыз кәрілік десе – кәрілікке ем қонбайтынын айтқаны. Ал, меніңше, дауасыз да шындық. Оған тоқтау бар ма?! Әй, Медеу, Көкбайға ат алғыз, – депті.
Алыс Жетісу Жалайыр елінен Абайдың даңқына тәнті болған Жәменке деген беделді кісі келіп, қайтарында ақынның өлеңіндегі қамыс құлақ атты қалапты. Күллі Тобықтыдан таппаған жылқыны Оразбай бай тауып беріп:
– «Ағайын – ащы, мал – тұщы» десем, мен Оразбай боламын ба! Жаттан сағы сынбасын, – депті де, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын бес қос жылқы үйірін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты. Сөйтіп, Абай ауылына аттандырған адамына:
– Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін, – депті. Үш аттың біреуін көріп тұрып Жәменке: «Мынау – нақ сол өлеңде айтылған ат екен», – деп ризалығын білдіріпті» (Жанболатұлы М. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі.Т.1. –Алматы, 2004. 241-б). Осыдан кейін Оразбайды қайтып надан дерсің. Мұны айтқанда біз Абайға қамшы көтерген байды ақтап алайық деп отырғаннан аулақпыз. Қалай десеңіз де, Оразбай – жұмбағы көп, күрделі тұлға. Оразбай бойындағы жақсы мен жаман қасиетті екшеп, пенделігі мен адамдығын таразылағанда барып, оның Абаймен арасы бізге мәлім бола түспек. Сонда ғана Абайдың мың қатпар мұң-наласының бір мысқалын болса да ұға алармыз. Абайды тану тек оның өлеңдерін талдаумен ғана шектелмейтінін осы бір құбылыстар аңғартып жатқандай да.
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,
абайтанушы, ф.ғ.д., профессор
qazaqadebieti.kz