16 ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақтың бес ханы

XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының саяси тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Ол кезеңдерге: 1458-1470-ші жылдар – хандықтың құрылуы, 1470-ші жылдар мен 1521 жыл аралығы – хандықтың күшеюі мен нығаюы, 1521-1538 жылдар – хандықтың «уақытша әлсіреуі», 1540-1598 жылдар – хандықтың қайта көтерілуі немесе этникалық территорияның қалыптасуының аяқталу дәуірлері жатады. Әрбір кезеңнің басты белгілерін хандықтың сол тұстардағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының қандай болғандығы, жекелеген хандардың жүргізген саясаты, сондай-ақ билік басындағы хандардың жеке тұлғалық қасиеттері арқылы анықтауға болады. Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Қасым, Хақназар, Шығай, Тәуекел хандардың билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының жағдайы осыған дәлел.
Бізде әлі күнге дейін тарихнамамызда XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандарының жеке тарихи тұлғасы толық түрде арнайы зерттелген емес. Кейбір хандардың есімдері хандықтың әр дәуірдегі тарихына қатысты мәселелерде аталып, тарихи тұлға ретіндегі зерттелінуі тарихшылар назарынан тыс қалып келеді. Тіпті кейбір хандардың тарихтағы орны зерттелінбек түгіл, есімдерінің өзі кейбір еңбектерде аталынбайды да. Олар: Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Қожа Ахмет, Тоғым хандар болатын. Аталған бұл бес хан – 1521-1538 жылдары, яғни жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде билік етті.
«Уақытша әлсіреу» кезеңінде билік құрған хандарға қатысты зерттеу жұмыстарының болмауы тікелей жазба деректердің тапшылығына байланысты болып отыр. Ал жазба деректердің сирек болуының бір себебіне XVI ғасырдың 20-30-шы Қазақ хандығының көрші елдермен саяси қарым-қатынасында белсенді жылдары Қазақ хандығының көрші рөл атқара алмауы жатса керек. Өйткені сыртқы саясатта жетекші рөлге ие болмау – тікелей хандықтың ішкі саяси жағдайымен байланысты. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, нығайту көп жағдайда биліктегі ханның жеке басындағы : табады. Бұған Қасым, Хақназар, Тәуке, Абылай және басқа да старындағы қасиеттер мен осы хандар тұсындағы Қазақ нси жағдайының қандай дәрежеде болғандығы дәлел. XVI жылдарындағы Қазақ хандығының «уақытша әлсіреуі» – елдегі тұрақсыздықтың тікелей нәтижесі. Өз елінде толыққанды ін немесе саяси бытыраңқылықты жеңе алмаған билеуші сыртқы цлік керсете алмай, көрші елдердің жазба деректеріне ілінбей һ бұл ойларымыз «уақытша әлсіреу» кезеңіндегі бес ханға, ін жылдарына байланысты туған еді.

Мамаш хан
Мамаш хан – кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады, Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте мардымсыз. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди», Махмуд ибн Уәлидың «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», Хайдар Разидың «Тарих» атты шығармаларында ол туралы өте қысқа мәліметтер кездеседі. Оларда Мамаштың Қасым ханнын ұлы екендігі және оның Қасым ханнан соң билікке келгендігі, сондай-ақ қандай жағдайда өлгендігі туралы айтылады.
Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-60 жылдары дүниеге келген. 1513 жылы моғол ханы, шағатайлық Сайд хан Қасым ханның Ордасына келгенде, оны қарсы алуға Қасым хан өзі бармай, 30-40 сұлтанды жібереді. Олардың ішінде бірнеше сұлтан 50-60 жаста болатын. Солардың бірі – Мамаш хан еді, – деп хабарлайды Мұхаммед Хайдар Дулати.
1513 жыл Мамаш ханның алғаш рет жазба дерек мәліметінде көрінуі еді. Және де оның «хан» деген мәртебелі атпен жазылуына қарағанда ол Жаныш, Таныш хандар секілді Қазақ хандығындағы көп ұлыстардың бірінде иелік етсе керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мамаш хан билікке Қасым хан қайтыс болғаннан соң келеді. Ал Касым ханның қай жылы қайтыс болғандығын шығыс жазба деректері анық көрсетпейді. Мұхаммед Хайдар Дулати мен Хайдар Рази 1518-19 жыл деп жазса, 1564-65 жылы жазылған «Нусахи Жаханара» атты тарихи шығарма авторы Гаффари Қасым ханды 1523-24 жылы өлген деп есептейді. Астрахан хандығында 1520-21 жылдың қыс айларында 3-4 ай тұтқында болған рязандық Занко Зудовтың III Василийге жіберген хабарламасына қарағанда, Қасым хан 1521 жылдың қысында, қаңтар-ақпан айларында қайтыс болған. Біз осы соңғы датаны бірден бір дұрыс деп есептейміз. Өйткені жазба дерек авторларының бәрі де Қазақ хандығына қатысты мәліметтерді алыста жүріп, бірі Иранда, бірі Кашмирде жүріп жинастырған немесе естіген. Ал, 1517-18 жылға таман Қазақ хандығынын шығыстағы шекарасы Еділге дейін созылып, Астрахан хандығымен шектеседі. Қасым хан да өмірінің соңғы жылдарын батыс аймақтарда өткереді. Сол себепті де, Қасым хан секілді тұлғаның өлімі Астрахан хандығына тез жеткен, деп есептейміз.
«Тарихи Рашиди» авторының жазуына сүйенсек, Қасым хан өлгеннен кейін, билік үшін қазақ сұлтандары арасында алауыздықтар басталады да, таққа Қасым ханның ұлы Мамаш хан келеді. Бұл – 1521 жылдың іші болатын.
1511 жылы Қасым ханның билікке келуімен Қазақ хандығында Жәнібек хан ұрпақтарының билігі түпкілікті орнықса, 1521 жылдан кейін, яғни Қасым хан қайтыс болғаннан кейін, тақ үшін Жәнібек ханның немерелері арасында күрес өрбігенін көреміз. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түскен сияқты. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында күрес жүрсе де оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. С.М. Ақынжанов XI-ХШ ғасырдағы қыпшақ қоғамында хандық бидіктегі мұрагерлік дәстүрдіқ әкеден ұлға емес, әкеден ініге не немере ініге қалып отыратындығын жазады. Бұл дәстүр біздің ойымызша, монғолдар жаулап алғанға дейінгі бүкіл Дешті Қыпшаққа ортақ болған. Ал моңғолдардың билігінің орнауымен мұрагерлік дәстүрде моңғолдар енгізген тәртіп үстем болады. «Шыңғыс ханның ясасы бойынша, атасының тірі кезінде әкесі қайтыс болса, мұрагерлік немереге қалуы тиіс», – деп жазады XVI ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Бүдан көріп отырғанымыздай, билік моңғолдық дәстүр бойынша әкеден ұлға мұрагерлік ретінде қалып отырған. Ал Дешті Қыпшақ тайпаларында өзгеше еді.
Қазақ хандығының құрылуы – тек жаңа әулеттің билікке келуі емес, сонымен бірге моңғолдарға дейінгі жергілікті халықтың билікке мұрагерлік жолмен келу дәстүрін қалпына келтіреді, яғни, жергілікті халық дәстүрі моңғолдар енгізген дәстүрді толық жеңіп шығады. 1458 жылы Керей хандыққа отырса, одан кейін оның ұлы Бұрындық таққа отырмады. Таққа немере туысы Жәнібек хан келді. Жәнібек ханнан соң оның ұлы Қасым емес, таққа Бұрындық отырады. Одан сон Қасым хан. Ал Қасым ханнан соң таққа оның бір немере інісі, не туған інісі келуі тиіс болатын. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1521 жылы хандық билікке Қасым ханның туған ұлы Мамаш келеді. Осылайша, мұрагерлік дәстүр алғаш рет бұзылады. Біздің ойымызша, мұрагерлік дәстүрінің бұзылуы сұлтандар арасындағы алауыздықтарды туғызады.
Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрауларға ешбір жазба дерек жауап бермейді. Тек қана Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет береді.
Біздің ойымызша, Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Сол жылдары Қазақ хандығының ең қауіпті қарсыласы Мауреннахрдағы шайбанилар әулеті еді. Егерде Мамаш хан сырттан болған шапқыншылық барысында қайтыс болғанда, онда бұл оқиға міндетті түрде XVI ғасырдағы шайбанилық деректердің бірінде айтылғаң болар еді. Сондықтан да біз Мамаш ханды билік үшін күрестің құрбаны деп есептейміз.
«Тарихи Рашидиде» Мамаш ханды бір шайқаста түншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли «ол бір ұрыста тапталып өлтірілді» деп жазады [1]. Ал Хайдар Разидың мәліметі сәл нақтырақ айтылады. «...бір шайқаста ол қару- жарағының ауырлығынан және көп тапталудан түншығып өлді», – делінеді онда [2]. Мамаш хан 1522 жылы қаза табады.
Осылайша, Қасым ханнан соң билікке келген Мамаш хан Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның «уақытша әлсіреуінің» басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер айтылмайды. Қасым ханның ұлдары ішінде XVI ғасырдың 40-70-ші жылдары Хақназар хан ғана билікке келеді.

Тақыр хан
Тақыр хан – 1522 - 1532 жылдары Қазақ хандығын билеген алтыншы хан. Ол – Жәнібек ханның төртінші ұлы Әдік сұлтанның ұлдарының бірі. Әдік сұлтан 1470-1503-04 жылдары қазақ қоғамында үлкен саяси беделге ие болған тұлға. Қазақ хандығының Сыр бойы үшін жүргізген күресінде, сондай-ақ 1490-шы жылдары қазақ-моғол қатынасында үлкен рөл атқарған. Әдік сұлтан моғол ханы Жүністің (1469-1487) төртінші қызы Сұлтан Нигар-ханымға үйленген. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Әдік сұлтанды Шағым мырзамен (Ноғай мырзасы Мұса бидін үлкен ұлы Б. К.) болған Жылайды төбе деген жердегі ұрыста бір ұлымен қаза тапты. Қабірі Үргеніштегі Бақырған атаның жанында деп жазады. «Тарихи Рашиди» авторы «...Әдік сұлтан ңайтыс болғаннан кейін, Қасым хан өте күшті беделге ие болды – Сұлтан Нигар-ханымды Қасым хан өзіне әйел етті» — деп мәлімдейді.
Дерек мәліметіне жүгінсек, 1522 жылы Мамаш хан өлгеннен кейін Қазақ хандығында билік үшін сұлтандар арасында күрес күшейеді. «Қазақтар деп аталатын Дешті Қыпшақтың сұлтандары бір-бірімен ұзақ соғысты. Ақырында билікке Тақыр хан келді», – деп жазады Хайдар ибн Әли Хусайын Рази [3].
Тақыр ханның билік еткен 10 жылдық кезеңі ішінде Қазақ хандығындағы алауыздықтар тоқтатылмады, кейбір сұлтандардың оған мойынсұнбай, хан билігіне құлақ аспай өз ұлысының адамдарымен одан бөліну жағдайы күшейеді. Басқаша айтсақ, «уақытша әлсіреу» Қазақ хандығында тереңдей түседі.
Тақыр ханның сыртқы саясаттағы жүргізген істері көбінесе нәтижесіз аяқталып отырды. Ал көрші елдердің шапқыншылықтарына тойтарыстар берілмеді. 1522-23 жылы Ташкент билеушісі Сүйініш-Қожа хан Дешті Қыпшаққа жорыққа шығып, жеңіске жетеді. 1525-26 жылдың қысының басында Сүйініш-Қожа ханның ұлы, Ташкент билеушісі келді – Мұхаммед ханнан Түркістан қаласының маңында Тақыр хан тағы да жеңіліс табады.
Сондай-ақ Тақыр хан түсында қазақ-ноғай қатынасы да шиеленісіп кетеді. Бұрынғы бейбіт қатынастар бұзылып, маңғыт мырзаларының тықсыруымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. «Тарихи Рашидиде» Тақыр ханның осы кездердегі жағдайының қандай екендігін көрсететін мынадай мәлімет бар. Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға: «...Сонымен бірге, маңғыттарға байланысты Өзбекстанда («Тарихи Рашидиде» Қазақстанды Өзбекстан деп жазады автор. – Б. К.) сенің істерің оңға баспай түр, оларға қарсы сен әскер шығара алмайсың. Бұрын сенде он лек әскер болса, қазір төрт лек қана қалды. Сенің оларға қарсы тұруға шамаң жетпейді», – деп айтқан екен [4], сонымен бірге Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға моғол хандарымен жақсы қатынас орнатуға күш салатынын айтады.
Көріп отырғанымыздай, XVI ғасырдың 20-шы жылдары ішінде Қазақ хандығы өзімен көрші үш мемлекетпен қарым-қатынастарда тек жеңілістерге ұшырап отырады. Бұл, әрине, ішкі саяси бытыраңқылықтың тікелей көрінісі.
Тарихшы Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша, Тақыр хан түсында Қазақ хандығы үшін ең маңызды болған оқиғаға 1526 жылы бүкіл Жетісуда қазақ билеушілерінің билігінің орнауы жатады. Қасым ханның түсында-ақ Жетісу Қазақ хандығының құрамына енген еді. 1514 жылы моғол хандары Қашқарға кетіп, өз биліктерін орнықтырғаннан кейін, Жетісуға қайта көз сала бастаған еді. Бірнеше рет Сайд ханның ұлы Рашид сұлтан Жетісуға бекінуге талпыныс жасады. 1526 жылы Рашидтің Қашқарияға кетуімен Жетісудағы моғол хандарының билігі жойылады.
Қалмақ тайпаларымен алғаш рет соғысқан қазақ хандарының бірі – осы Тақыр хан болды. Қазақ-қалмақ қатынастарының қаншалықты сипатта болғандығын жазба деректер айтпайды. Тақыр ханның замандасы, Зайн ад-дин Васифи өзінің естелік кітабында бір таудың етегінде, қазақ ханы Тақыр хан қалмақ әскерлеріне тойтарыс беру үшін Жатан қамалын салдырды деп жазады. 1537-38 жылы шағатайлық және шайбанилық билеушілердің бірігіп қазақтарға қарсы жасаған жорығында қазақтар бұл қамалды пайдаланады. Васифи бұл қамалдың биіктігін және мықтылығын тілі жеткенше мақтап, биікке шығарады [5]. Күні бүгінге дейін Жатан қамалының орны анықталған жоқ.
Тақыр хан сыртқы саясатта, әсіресе, моғол хандарымен қарым-қатынаста терең ойластырылмаған саясат жүргізеді. Сұлтан Нигар-ханымның араласуымен жоғары дәрежедегі қазақ-моғол қатынасында түсінісушілік болса да, қырғыз мәселесіне келгенде екі жақ өз пікірлерінде қалады. Жетісуға билігі орнаған Тақыр хан қырғыз тайпаларына да үстемдік жүргізуге тырысады. Жазба деректерде Тақыр ханды қырғыздың да ханы болды деуі осы жылдарға байланысты айтылған. 1529 жылы Сайд хан Андижанға жорыққа аттанғанда үлкен ұлы Рашидті Яркендте қалдырып, Тақыр ханның іс-әрекеттерін қадағалап отыруды тапсырады. Бұл жылдар Тақыр ханның биліктегі соңғы жылдары еді, Қазақ халқының басым бөлігінің қолдауына не бола алмай, ол барлық қадамдарға барады. Сол себепті де оның сыртқы саясатынан жүйесіздік көрініп отырады. Хандықтың ішкі саяси өмірінде де Тақыр хан сұлтандар мен билердің қолдауына не бола алмады. «Тарихи Рашиди» авторының жазуы бойынша, олар Тақыр ханнан бірнеше рет бөлініп кеткен. Оның себебін автор ханның өте қаталдығынан болды және төрт жүз мың адамның бәрі оны тастап кетіп, жалғыз қалдырды деп жазады. Мүхаммед Хайдар Дулати: «Тақыр ханның билігі әлсіреген сайын оның қатандығы мен аяусыздығы өсе түсті. Оның Әбілқасым деген інісі болды. Ханның қатаңдығы содан шығып отыр деген оймен қарамағындағылар Әбілқасымды өлтіріп, өздері жан-жаққа тарап кетті», – деп баяндайды [6].
Өмірінің соңғы кездерін Тақыр хан қырғыз тайпалары арасында өткізеді. Ақырында сонда жүріп, қайтыс болады. Мұхаммед Хайдар Дулати бойынша, Тақыр ханның бір ұлы болған. Ол да әкесімен бірге қырғыздар ішінде болған, басқа ұрпақтары туралы деректер жоқ.
Біз жоғарыда Тақыр хан туралы оның замандасы Мұхаммед Хайдар Дулатидың пікірлерін дерек ретінде келтірдік. Қадырғали Жалайыр болса, ол жөнінде өте қысқа, әрі нұсқа айтады: «Тақыр хан болды. Біраз күн хандық құрды, бірақ патшалық сырын білмеді» [7].
Қазіргі күндегі зерттеушілер ішінде Т. И. Султанов Тақыр ханды былайша бағалайды. «... Ол дипломатиялық, әскери таланттарға ие болмады, ... шексіз қаталдығымен, және әділетсіздігімен ерекше байқалды. Және де сонымен бірге мемлекетті басқаратындай қабілеті болмай, өзінің билігімен жалпылама қарсылыққа душар болды. Өз халқынан қуылады» [8]. Осылайша, Тақыр хан тұсында Қазақ хандығындағы «уақытша әлсіреу» одан әрі тереңдеп, саяси бытыраңқылық қалыптасады.
Тақыр ханнан сон, жазба деректер бойынша Қазақ хандығында бір мезгілде, 1533-1538 жылдары бірнеше хан билік етеді. Қазақстанның батыс бөлігінде ноғайлармен күресте Қожа Ахмет (кей деректерде - Ахмет хан), Жетісуда, моғолдармен күресте - Бұйдаш хан, Мауреннахрдағы шайбанилықтармен күресте - Тоғым хандар есімдері кездеседі. Аталған хандардың тарихи тұлғасын ашып көрсетуге, Қазақ хандығы тарихындағы алатын орнын анықтауға жазба дерек мәліметтері толық мүмкіндіктер бермейді. Соған қарамастан, қолда бар мәліметтерге сүйеніп, аталған хандардың билік еткен жылдарына назар аударып керелік.

Бұйдаш хан
Бұйдаш хан – (Деректерде Бұйлаш хан, Бойлаш хан, Бублаш хан, Бутлаш хан деп ұшырасады.) – Жәнібек х.нның немересі, Әдік султанның ұлы Тақыр ханнын іысі. Тақыр ханнан соң таққа 1532 жылы отырады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегінде Бұйдаш хан 5-6 жылдай билік құрып, 1534 жылдан кейін қайтыс болған. Ал басқа деректерде, атап айтсақ «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» еңбектеріндегі деректерде Бұйдаш хан 20 жылдан аса хан болған.  Т. И. Султанов Шығыс деректерінің мәліметтеріне сүйеніп, Бұйдаш ханды 1559 жылы қаза тапқан деп есептейді.
XVI ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы Қазақ хандығының ішкі саяси өмірі көптеген деректе әртүрлі және қарама-қайшы мәліметтер арқылы беріледі. Оның басты бір себебі, біздің ойымызша, сол жылдары қазақта бірнеше ханның болуынан деп түсінеміз. Егер де жазба дерек мәліметтеріндегі Бұйдаш ханның қатысуымен болған оқиғаларға зер салсақ және болған оқиғалардың географиялық аумағына көңіл аударсақ, онда Бұйдаш ханның Жетісуда ғана билік еткеніне көз жеткіземіз. Мұхаммед Хайдар Дулати Бұйдаш хан билікке келген кезінде 30 мыңдық адамы болды десе, келесі бір дерегінде Бұйдаш хан тұсында 20 мың қазақ қана қалды деп жазады. Біздің есептеуімізше, бұл дерек тек Жетісудағы Бұйдаш ханның билігіне ғана қатысты айтылып отыр.
Бұйдаш ханнын өміріндегі анықталған бір оқиғаға оның 1556 жылы Шығыс Түркістандағы моғол билеушісі Рашид ханның (1533—1560) ұлы Абд ал-Латиф сұлтанның қазақтар мен қырғыздарға жасаған жорығына тойтарыс беруі жатады. Бесінші рет қырғыздарды талан-таражға салып, мол олжамен кейін қайтқан Абд ал-Латифтың соңынан Бұйдаш хан біріккен қазақ-қырғыз әскерімен қуады. Шайқас нәтижесінде моғол сұлтаны қаза тауып, бұл хабар әкесі Рашидке жеткізіледі. Рашид ханнын мол әскері жетіп үлгерді де, Бұйдаш хан шегінуге мәжбүр болады. Қылма-Қажыр деген жерде ұрыс боп, Бұйдаш хан жеңіліске ұшырайды.
Бұйдаш ханға байланысты келесі бір дерек мәліметінде оның 1559 жылы Мауреннахрға жорығы жөнінде баяндалады. Бұл жорыққа 20-дан астам қазақ сұлтандары қатынасады. Сайрам маңында шайбанилық билеушілер әскерімен болған ұрыста қазақ әскерлері шаһды дауылдың бетке қарсы соғуына байланысты жеңіліс табады. Осы ұрыста Бұйдаш хан, қаза тапты делінеді. Бұл мәліметте Қадырғали Жалайыр дерегі одан әрі былайша толықтыра түседі: «Бұйдаш хан Барақұлы Дервиш ханмен соғыста өлді. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды». Бұл арада Барақ деп отырғанымыз – Ташкент аймағының билеушісі болған Сүйініш-Қожа ханның екі ұлының кішісі. Оның шын аты – Наурыз Ахмет. Ол 1533-1556 жылдары Ташкентте билеуші болған. Дервиш сұлтан – Барақтың 8 ұлының үлкені, 1556 жылдан Ташкент билеушісі.
Бұйдаш ханның Дервиш ханмен соғысы Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге иелік ету үшін болған. XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бері басталған күрес 1598 жылға дейін созылады. Бұйдаш хан мен Дервиш хан арасындағы шайқас – сол курестің бір көрінісі ғана.
Деректерде Бұйдаш ханның ұрпақтары жөнінде ештеңе айтылмайды. Қадырғали Жалайырда: «Әдік, сұлтанның ұрпағын бес ұл деп атайды. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда(Бұйдаштың Дервиш ханмен соғысы — Б. К.) шаһид болды», – деп жазады. Соған қарағанда Бұйдаш ханның ұлдары 1559 жылғы шайқаста әкесімен бірге қаза тапқан болуы мүмкін.

Қожа Ахмет хан (Ахмет хан)
Ахмет ханның шығу тегі жөнінде нақты мәліметтер ешбір деректе айтылмайды. Қадырғали Жалайырдын еңбегіндегі «Ораз - Мүхаммед-хан дастаны» атты тарауда негізінен Жәнібек ханның ұлдары мен немерелері туралы айтылып, Ахмет хан да сонда кездесетіндіктен, оны Жәнібектің тоғыз ұлының) бірінен тараған өкіл деп санауға болады. Деректе: «Ахмад-хан. Узбекияда Ахмад хан деп атайды. Ол- дағы біраз уақыт хан болды. Шидақ-бекпен болған ұрыста шаһид болды. Орақ мырза шаһид қылды», — деп баяндалады.
Шамамен, XVI ғасырдың 20-шы жылдардың екінші жартысы мен 30-шы жылдардын бірінші жартысында Ахмет хан Қазақ хандығының батысында билік еткен. 1524 жылы Тақыр хан ноғайлардың тықсыруымен және Сұлтан Нигар-ханымның кеңесімен Моғолстанға қарай бет алғанда, хан билігіне мойынсұнбай, оның қарауындағы көптеген адамдар одан бөлініп кеткен. Солардың бірі – біздің ойымызша, – Ахмет хан. Жазба деректердің мәліметтері Ахмет ханды ноғайлармен күресте болғандығын көрсетеді. 1534 жылы Ноғай Ордасында болтан орыс емшісі Даниил Губиннің Иван Грозныйға жазған хабарламасында, «қазақтар күшті, олар ноғайларға қарсы соғысқа дайындалуда, ал Мұсаның ұлдары Шах-Мамай мен Жүсіп мырзалар Қазақ Ордасынан қорқып, Жем бойында тұр», – делінген.
Сол жылы қазақ-ноғай арасында соғыс болып, қазақтар жеңіледі. Өйткені, 1535 жылы Мұсаның екінші ұлы Сейдақ бектің Грозныйға жазған хатында қазақ ханы Қожа-Махмудтың (Қожа-Ахмет) 15 ұлымен бірге өзінде тұтқында отырғандығын жазады. Сондай-ақ Ахмет ханды Мұсаның немересі Орақ батырдың өлтіргендігін Қадырғали Жалайыр айтып өтеді.

Тоғым хан
Тоғым хан – Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның ұлы. Қадырғали Жалайыр Тоғым ханның ұлдарын тоғыз сары деп атайтын деп жазады. Аталған қазақ тарихшысынан басқа ешбір ортағасырлық автордың еңбектерінде Тоғым хан туралы айтылмайды. «Мәлік ұлы Башибек сұлтанмен, тоғыз сары ұлдарымен (Тоғым ханнын – Б. К.) Жағат уалаяты маңында шаһид болды. Отыз жеті султан мәлім-мәшһүр еді», – деп баяндайды Қадырғали Қасым ұлы. Өкінішке орай, аталған деректе Тоғым ханның 3-7 сұлтанмен бірге қаза болған ұрысының датасы, кіммен ұрысы, жеңімпаздық есімі айтылмайды. Сол себепті де бұл мәлімет әлі күнге дейін зерттеушілер арасында талас тудырып отыр. Олардың пікірінше, Жағат – шағатай сөзінің қысқартылған түрі, жағат – белгілі бір жердің атауы; жағат — сібірдегі көшпелі халықтың аты. Сондай-ақ, Тоғым ханның кіммен шайқасқандығы және оның қашан болғандығы жөнінде де әр түрлі пікірлер бар. Көпшілік ойлар негізінен, шайқасты 1537 жылы қазақ-моғол қатынасында, Тоғым хан мен Рашид хан арасында болған деп болжайды. 1997 жылы шыққан 5 томдық Қазақстан тарихының ІІ томында бұл жөнінде: «... Бұл шайқас, қазақтар жеңіліс тапқан Тоғым ханның ұрыстарының бірі, бірақ ол 1537 жылғы қазақ-моғол қатынасына қатысы жоқ», – деп түсіндіріледі.
Біздің ойымызша, Тоғым хан қаза тапқан Жағат уалаяты – Амударияның төменгі ағысы бойындағы осы аттас қамал және қамал теңірегіндегі өңірлер болуы мүмкін [9]. Мұнда XVI ғасыр басында шайбанилық әулеттің бір тармағының өкілдері билік басына келеді. XVІІ ғасырдағы Әбілғазы хан осы әулеттің көрнекті өкілдерінің бірі. Жалпы, Хорезм билеушілері мен Дешті Қыпшақ билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастардың басты себебіне – Сырдың төменгі ағысы бойына иелік ету жатқаны белгілі.
Мысал ретінде, ХІІІ ғасыр басындағы Мұхаммед Хорезмшах пен Қыпшақ хандары арасындағы қарым-қатынасты, XV ғасырдың 30-шы жылдары Әбілқайыр ханның Хорезмге жорығын айтуымызға болады. XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары да бұл қатынас үзілмеген. Сондай бір күрестің бірінде Тоғым хан Хорезм жақтағы Жағат уалаятында 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапқан дейміз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақ хандығы үшін XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары «уақытша әлсіреу» кезеңі болып саналады. Бұл кезеңнің тағы бір белгісіне – саяси бытыранқылық жатса керек. Өйткені осы тұста Қазақ хандығында бірнеше хан бір мезгілде, бірнеше аймақта билік етеді. Оңтүстік-Шығыс бөлікте – алдымен Тақыр, одан кейін Бұйдаш хандар билікте болып, негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста болса, батыс бөлікте – Ахмет хан ноғай тайпаларымен күрес жүргізеді. Ал оңтүстік бөлікте Тоғым хан билеуші боп, негізінен Мауреннахрдағы және Хорезмдегі шайбанилар әулеттерімен қатынастар жасайды.
«Уақытша әлсіреу» кезеңіндегі саяси бытыраңқылықта бір мезгілде Қазақстанның үш өңірінде үш билеуші билік етеді. Бұл XVІІ ғасырдағы үш жүздің пайда болуына алғышарттар әзірлеген деп білеміз.

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д


kaztar.kaznu.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста