Жүкті әйелдің жұмыс уақытын қысқарту қарастырылған ба?
Мен туберкулезге қарсы диспансерде медбике болып жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта жүктіліктің бесінші айындамын. Күніне – 7 сағат 20 минуттан, аптасына бес күн жұмыс істеймін. Осы орайда менің білгім келгені, заңда жүктілікке байланысты жеңіл жұмысқа ауыстырып, жұмыс уақытын қысқарту қарастырылған ба? Жалпы, жүкті әйелдерге қандай жеңілдіктер берілуі тиіс?
Жұлдызай, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарапшы маманның мәліметіне қарағанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 189-бабына сәйкес жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың (асырап алушының) біреуінің, сондай-ақ отбасының ауру мүшесіне медициналық қорытындыға сәйкес күтім жасайтын қызметкердің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін береді.
Кодекстің 191-бабына сәйкес жұмыс берушi медициналық қорытынды негiзiнде жүктi әйелдi орташа жалақысын сақтай отырып, зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын басқа жұмысқа ауыстыруға мiндеттi.
Жүктi әйелге қолайсыз өндiрiстiк факторлар әсерiн болдырмайтын басқа жұмыс берiлгенге дейiн, әйел осының салдарынан өткiзiп алған барлық жұмыс күндерi үшiн жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылуға тиiс.