Кеше сіздердің газеттеріңізден «марқұм Василий Алексеев ауыр атлетикадан үшсайыс қорытындысы бойынша рекорд жасаған, қазір ауыр атлетикада үшсайыс жоқ, оның орнын қос сайыс басқан, сол себепті Василий Алексеев көтерген 645 келіні ешкім де қайталай алмайды» деген сөздерді оқыдым. Қазіргі қоссайыстың жұлқа және серпе көтеруден тұратынын білемін, ал үшсайыстың құрамында қандай жаттығулар болған?
Айдос Ғабиден, Сарыағаш
Ауыр атлетика 1896 жылы өткен алғашқы Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Осы уақытқа дейін кез келген спорт түрлері секілді, ауыр атлетика да көптеген өзгеріске ұшырап, толықтырылып, жаңартылып отырды. Мәселен, спортшылардың салмақ дәрежелері тұрақталмай, жиі ауысып кететін. Сайысқа түсу бағдарламалары көпке дейін реттелген жоқ. Дүниежүзілік ауыр атлетика федерациясы құрылғанға дейін зілтеміршілер екі қолмен сығымдап және серпе көтеруде сынға түсті. Кейде тіпті жұлқа және серпе көтеруді тек бір қолдың күшімен орындаған мезгілдер де болған. Тарихты парақтасақ, 1920 жылға дейін зілтеміршілер үшсайыспен шұғылданды. Үшсайысқа бір қолмен жұлқа және серпе көтеру, екі қолмен серпе көтеру сындары кірді. 1924 жылдан бастап сайыстар саны беске дейін өсті. Бессайысқа бір қолмен жұлқа және серпе көтеру, сығымдап көтеру, екі қолмен жұлқа және серпе көтеру жататын. 1928-1972 жылдар аралығында тау көтерген толағайлар үшсайысқа қайтадан ығысты. Ал 1973 жылдан бастап бүгінге дейін қоссайыс нәтижесі бойынша чемпиондар анықталады.
Зілтеміршілер үшсайысы қандай болған?
Последние статьи автора