Жетісу жерінде жеті өзен ғана болғандықтан, ол жер солай аталып кеткен деседі, сол рас па?
Болат МАМЫРХАНҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Бұған қатысты ғылыми еңбектерде де әрқилы жорамалдар келтіріледі. Сондықтан да тарихи деректемелер мен зерттеулерде Жетісу атын құрайтын жеті өзен туралы түрлі пікірлер бар. Зерттеуші А.Гейнс бұлардың қатарына Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, ғалым А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерін және оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. В.Бартольдтың айтуынша, алғашқыда жергілікті халық Жетісу деп Іледен солтүстікке қарай созылған аймақты жалпылама атаған, оған Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері енген. Ал ХІХ ғасырда Жетісу Іленің оңтүстігіне қарай созылған таулы аймақ деген ұғым қалыптасып, оған Тянь-Шаньның солтүстік-батыс және орталық аудандары да қосылатын болған. Тарихи әдебиеттерде Жетісу ұғымына Шу алқабы мен Нарын өзендерінің жоғарғы ағысын қамтитын атырап та кірген. Археологтер, тарихшылар мен географ мамандар Жетісуды солтүстік-шығыс Жетісу (солтүстікте Балқаштан Кетпен және оңтүстікте Іле Алатауы жоталарына дейін, солтүстік-шығыста Алакөлден оңтүстік-батыста Шу-Іле су айрығына дейінгі жерлер) және оңтүстік-батыс Жетісу (Шу және Талас алқабы) деп екіге бөледі.
Кейбір оқулықтарда Жетісудың жеті өзеніне мыналар жатқызылады: Лепсі, Ақсу, Көксу, Сарқан, Қаратал, Іле, Шу. Жалпы, Жетісу жерінде жеті өзен бар деп түсіну қате. Бұл атаудың, негізінен, «жеті» деген қасиетті санмен байланысы бар екенін ескеру қажет.
Жетісуда жеті-ақ өзен бар ма?
Последние статьи автора