Жер бетінде қанша нашақор бар?
Соңғы кездері әлемдегі мемлекеттердің барлығы нашақорлықпен күрес мәселесін алғы шепке шығара бастады. Осыған сәйкес есірткі тасымалдары мен оны қолданушылардың азаюы байқала ма?
Тимур КӨЛЖАНОВ, Алматы
Есірткі саудасы мен тасымал жолдарына тосқауыл қойылып жатқанымен, әлемдегі нашақорлық деңгейі бәлендей төмендей қойған жоқ. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі нашаға тым тәуелді адамдардың саны 30 миллионнан артқан. Соңғы кездері есірткінің синтетикалық жолмен жасалатын түріне сұраныс көбейіп барады. Бұған жалпы саны 50 миллиондай адам құмартады екен. Есірткінің әлемге барынша кең тараған түрі марихуана болып есептеледі. Оны әлемде 150 миллионнан астам адам пайдаланады. Ал кокаин мен апиынға 20 миллиондай адамның жаны құмар. Есірткі тұтыну жағынан Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америка, Кариб бассейні аймақтарының адамдары алда тұр. Ал оны өндіруші әрі тасымалдаушы аймақ ретінде Орталық Азия елдері ерекше аталады. Кейбір деректерге сүйенсек, Ауғанстан әлемдегі наша өндірісінің 90 пайызын бір өзі қамтиды. Әйткенмен, Ауғанстандағы есірткі өндірісіне қажетті синтетикалық материалдар осы аймақтан және де Еуропадан жеткізіледі. Наша саудасында әр жылы 300-500 млрд долларға дейін ақша айналады.