«Жасыл керуен» дегеніміз не?
Қазір «жасыл белдеу», «жасыл ел», «жасыл керуен» дегенді жиі естиміз. Мұның ішінде «жасыл белдеу» мен «жасыл елдің» не екенінен хабарымыз бар. Ал енді «жасыл керуен» деген не? Осы жайында білсек...
Арман БАЙБОТАЕВ, Алматы
«Жасыл керуен» дегеніміз, бұл – көкөніс өндірушілер мен оны тасымалдаушыларға қатысты атқарылып отырған шара. Бұл шараның мақсаты жұртшылықты дәрумендік өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етуге көмектесу, үлкен жүк көліктерінің қозғалыс қауіпсіздігін және олар тасып бара жатқан өнімдерге ешкімнің тиіспеуін қамтамасыз ету болып табылады. «Жасыл керуен» тәжірибесі Елбасының нұсқауымен былтыр қолға алынған болатын. Бұл игі шара қазірде солтүстік аймақтарда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Аталмыш аймақтың жауапты адамдары бүкіл маусым бойы көкөніс пен жеміс-жидек тиелген жүк көліктерін шекарада күтіп алып, оларды базарларға дейін жеткізіп салуда. Сондай-ақ олар көрші Ресейге де көкөніс пен жеміс әкетіп бара жатқан транзиттік көліктерге де көмектесіп, оларды шекараға дейін жеткізуді қолға алмақ. Мамандар «жасыл керуен» шарасы «арадағы делдалдарға деген бақылауды күшейтуге септігін тигізеді» деседі.