«Жас Отан» қашан құрылды?
Елдегі бас партияның жастар қанаты қашаннан бастап құрылды? Қандай жобаларды іске асырды?
Абзал, Талғар
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты 2008 жылғы 14 мамырда Астана қаласында «Жас Отан» ЖҚ I съезінде қоғамдық бірлестік тұлғасында құрылған. Ұйымның облыстық, Астана және Алматы қалалық филиалдары, сондай-ақ қалалық және аудандық деңгейде бөлімдері бар. «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесіне Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жастар көшбасшылары, жас спортшылар мен мәдениет қайраткерлері кіреді.
2008 жылдың 17 қаңтарында Президент Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің отырысында көктемде «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанатының съезін өткізу туралы ұсыныс берді. 2008 жылдың 14 мамырында Мемлекет басшысы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанатының» I съезі өтті. Осы кезге дейін «Жас Отан» ЖҚ «Жастар – Отанға!», «Жастар кадрлық резерві», «Еркін пікір» мобильді пікірталас алаңы, «Дипломмен – ауылға!», «Қазақша сөйлесейік!» республикалық қоғамдық акциясы сияқты арнайы жобаларды жүзеге асырды.