Жақын туыстардың бірге қызмет етуіне жол беріле ме?

Құқық қорғау саласында бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі адамға өзінің ағасының баласын қарамағына жұмысқа алуына бола ма? Мұндай қадамға баруға туысқандық немесе тамыр-таныстық емес, жас маманның біліктілігіне деген қызығушылық себеп болса ше?
Ерболат Аманқұлов, Алматы қаласы
Мемлекеттік қызмет өкілдерінің мәліметінше, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 11-бабына сәйкес, жақын туыстардың мемлекеттік қызметті бірлесе атқаруына тыйым салынады. Баптың 1-тармағы бойынша, мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген лауазымды және өзге де адамдар мен соларға теңестiрiлгендердің өздерiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алынған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметтерге тiкелей бағынышты лауазымдарды атқаруына болмайды.





