«Атақты Жәңгір хан кезінде қазақ балаларына арнап мектеп салдырған» деген деректі бір жерден естіп қалып едім. Осы жөнінде қысқаша айтып берсеңіздер.
Тарихшылардың пайымдауынша, Жәңгір мектебі – қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп. Жастайынан зиялы қауымның арасында болып, орыс, татар, неміс тілдерін меңгеріп, білім қадірін білген Жәңгір билікке қолы тиген кезден-ақ өз ордасында мектеп ашып, жастарға білім беруді мақсат етеді. 1826 жылы Қазан университетінің ректоры Фукске Жәңгір өз ордасында мектеп ашып, ғылымға қазақ баласының да қолын жеткізуге бастама жасау ниеті бар екенін білдіреді. Фукс ол туралы «өзінің жас кезінде, хандығында бірде-бір үй тұрғызылмаған кезде, оның білімінің пайдасы жөнінде ойлануы қандай ғанибет» деген пікір айтады.
Мектеп ашу жөнінде Жәңгірдің арманы тек 15 жылдан кейін барып іске асты. 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін ашылған тұңғыш мектеп дүниеге келді. Қарағайдан қиып салынған мектеп үйі Ордадағы еңселі үйдің бірі болған. Оқушылардың партасы, мұғалім үстелі мен орындығы, сынып тақтасы ағаштан ойылып жасалған. Жәңгір хан бұл мектепке жылына 1404 сом ақша беріп отырған. 1905 жылы осы екі сыныптық мектеп төрт сыныптық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылған.