Жалғызбасты ананы қандай жағдайда жұмыстан шығаруы мүмкін?
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкерлерді жеке және ұжымдық келісімшарт жасамай-ақ жұмысқа қабылдауға құқығы бар ма? Екінші сұрағым – 14 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананы қандай жағдайда жұмыстан шығаруы мүмкін?
Жанна, Ақмола облысы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 38-бабының 3-тармағына сәйкес, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбек шарты болмаған немесе тиiстi үлгiде рәсiмделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады делінген. Демек, жұмыскермен еңбек шартын жасамау қолданыстағы заңнама бойынша заңбұзушылық болып танылады. Сондай-ақ кодекстің 282-бабына сәйкес, кез келген тарап ұжымдық шарт жобасын әзiрлеудiң және жасасудың бастамашысы бола алады. Екiншi тараптың ұжымдық шарт жасасу жөнiндегi келiссөздердi бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны 10 күндiк мерзiмде қарап, осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен келiссөздерге кiрiсуге мiндеттi. Демек, жұмыс берушіге жұмыскерлерден ұжымдық шарт жасасу туралы ұсыныс түскен жағдайда жұмыс беруші оны жасасуға міндетті.
Екінші сұрақ бойынша: кодекстің 185-бабына сәйкес, жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейiнгi баланы (он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек-баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзуға, осы кодекстiң 54-бабы 1-тармағының 1), 3), 18) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол берiлмейдi. Яғни, аталған бапқа сәйкес, көрсетілген қызметкерлер санатын қысқартуға ғана тыйым салынады.