Үйдегі киімдердің көбі үтіктен зардап шекті, яғни күйіп не болмаса сарғайып кетті. Сондықтан өздеріңізден үтіктің жақсысын қалай анықтауға болатынын білгім келеді.
Әлима ОСПАНОВА, Қарағанды қаласы
Үтіктің «жүрегі» – табаны. Ол алюминнен, тот баспайтын болаттан жасалады. Алюминий жеңіл, тез қызатын әрі арзан болса да, киімде дақ қалдырады. Сондықтан қымбаттау да болса тот баспайтын әрі ауырлау болат немесе құйма табанды үтік таңдаған дұрыс. Екіншіден, үтіктің қуатына да қараңыз. Үтік қуатты болған сайын, тез қызады әрі ыстықты ұзақ сақтайды. Үтіктің оптималды қуаты – 2000-2500 вольт. Әлбетте, бу шығару функциясына назар салыңыз. Зығыр, джинсы секілді матадан тігілген киімдердің қыртысын бусыз жазу тым қиын. Тіпті тігінен булау режимі де бүгінде сәнді перделер мен сырт киімдерді үтіктеуде аса қажет.
Судың қағы киімге дақ боп жұғары аян. Сондықтан арнайы сүзгіші бар үтік таңдаңыз, сосын су тамшылап тұрмас үшін «тамшы-стоп» функциясы барына жүгініңіз. Ең маңызды деген тағы бір жайт – автоматты түрде сөну режимі. Бұл үтікті өшіруді ұмыт қалдырған жағдайда өте қажет.