Үстеме жұмыстардың ұзақтығы қанша болуы керек?
Біздің кәсіпорында 8 сағаттық жұмыс күні белгіленген. Алайда біз 9-10 сағат жұмыс істейміз. Басшылар «бір-екі сағат үшін қосымша ақы төленбейді» дейді. Осы заңды ма?
Сәкен АҚЖІГІТОВ, Кентау қаласы
Сарапшы мамандардың айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы 1-тарау, 19-тармағы бойынша жұмыс беруші жұмыс уақытының, оның ішінде әрбір қызметкер орындайтын үстеме жұмыстардың, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың нақты есебін жүргізуге міндетті деп көрсетілген. Кодекстің 89-бабына сәйкес, үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына 12 сағаттан және жылына 120 сағаттан аспауға тиіс. Еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу қолданылғанда үстеме уақыттағы жұмысқа кемінде бір жарым есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі. Еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде (сдельная оплата) қолданылғанда, үстеме уақыттағы жұмысқа қызметкердің белгіленген тарифтік ақының кемінде 50 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленеді (Кодекстің 127-б.). Жұмыс беруші тарапынан Кодекстің аталған нормалары орындалмаған жағдайда сіз жергілікті Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жазбаша шағымдануыңыз қажет.