Үнемделген қаржыдан сыйақы беру қалай жүзеге асырылады?
2012 жылдың желтоқсан айына дейін мектепте күзетші болып жұмыс істедім. «Егер мекемеде ақша үнемделсе, жыл соңында сыйақы береміз» деген болатын. Бірақ сыйақыны маған бермей, менің орныма келіп, бір ай жұмыс істеген күзетшіге беріпті. Осы дұрыс па? Негізі, сыйақы кімге тиесілі болуы керек?
Жанғали БЕРДІҒАЛИЕВ, Ақтөбе облысы
«Азаматтық қызметшiлерге, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлерiне, қазыналық кәсiпорындардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеу жүйесi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1400 қаулысына сәйкес, ұйымдардың басшыларына:
1) мемлекеттiк басқару органымен келiсiм бойынша азаматтық қызметшiлер (бiлiктi жұмысшыларды қоспағанда) лауазымдарының санаттар бойынша тiзiлiмiнде көрсетiлген лауазымдар атауларына олардың қызметiнiң ерекшелiгiн сипаттайтын арнаулы қосымша атауларды қолдану, сондай-ақ функционалдық мiндеттерiне қарай өзге де лауазымдар атауларын теңестiру;
2) кредиторлық берешек болмаған кезде қаржыландыру жоспары бойынша тиiстi мемлекеттiк мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен немесе кредиторлық берешегi болмаған кезде мемлекеттiк басқару органы қазыналық кәсiпорын үшiн бекiткен смета бойынша салалық келiсiмде, ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушiнiң актiсiнде белгiленген тәртiппен қызметкерлердiң лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгiлеу, сыйлықақы беру және материалдық көмек көрсету құқығы берiледі.
Демек, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін сыйақыландыру негіздері мен жағдайларын олардың басшылары дербес шешеді.