Тырнақтың сынғыш, майысқыш болуы біздің көңіл-күйімізді түсіріп, уайымға салатыны жасырын емес. Бұл мәселені шешуге болады деп жүре бермей, күресу керек. Өйткені қолымыз қанша нәзік, жұмсақ болғанымен, тырнағымыз әрсіз болса ол өз әдемілігін жоғалтады. Сондықтан бүгін тырнақтың сапасын жақсартуға арналған бірнеше кеңесті ұсынамыз.
Тырнақтың сыну себептері:
-Химиялық заттардың әсері. Түрлі косметика, тұрмыста қолданылатын ыдыс-аяқ, киім-кешек жууға арналған қоспалар тырнақты әлсіретеді. Әсіресе, үйде отырған келіншектер тазалық барысында қолын түрлі ерітінділерге, бірде ыстық, бірде суық суға салады.
-Диета ұстау, ағзаға дәрумендердің жетіспеуі. Сымбатымыздың көзтартарлық болғаны жақсы, дегенмен шектен шықпай, зиян келмейтіндей етіп ұстаған жөн. Диеталық тағамдардың құрамында міндетті түрде кальций, магний, кремний, мырыш сынды элементтер болуы керек.
-Сұйықтықтың жетіспеуі. Мұндайда тырнақ құрғап, сарғайып кетеді. Егер осындай жағдай болса, тамақ рационыңызға сұйықтықты көбірек қосыңыз.
-Ұқыпсыз жасалған маникюр. Бұл да тырнақтың әлсіздігіне себеп болады. Маникюр жасауға арналған металл құралдар жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан шыныдан жасалған құралдарды пайдаланыңыз. Мүмкіндік болса, кәсіби тырнақ маманының көмегіне жүгінген жөн.
Сыну, майысу себептерін анықтадық, енді онымен күресу шараларына тоқталсақ:
-Биогель жағу. Оны қазір кез келген косметикалық дүкеннен сатып ала аласыз;
-Тырнағыңыз сынып, киіміңізді іліп, мазаңызды қашырса, сізге А дәрумені мол тағам жеу керек. Және тырнақтарыңызды лимон шырынымен қоректендіріңіз. Бір лимонды бір апта бойы пайдалансаңыз болады. Артынша иісмай жағыңыз;
-Жасанды тырнақ жапсырмауға тырысыңыз. Ол өз тырнағыңыздың тыныстауын тежейді. Жасанды тырнақтан соң оны қайта қалпына келтіру де ұзақ уақытты талап етеді;
-Жиі-жиі йод жағып отырыңыз. Ол тырнақты қатайтуға көмектеседі;
-Лимон шырынын тұзбен араластырыңыз. Осы қоспада тырнақтарыңызды 20 минуттай ұстаңыз. Содан соң жуып тастаңыз. Бұл әдісті аптасына 2 рет жасап отырсаңыз, тырнағыңызды емдейді әрі тазалайды;