Тынық мұхиттағы қоқыс «аралының» көлемі АҚШ жерінен үлкен
Адамзаттың табиғатты пайдалануынан шығатын қалдық, қоқыс көлемі мұхиттарға жиналады дейді. Бұл қалай жиналған?
Ернар, Алматы облысы
Адам баласының тұтынушылық сұранысының еселеп артуы, индустриялық прогресс, табиғатты ашкөздікпен пайдаланудың салдары ауаға ғана емес, Тынық мұхитта көлемі бірнеше млн шаршы шақырымға қоқыс «аралының» түзілуіне алып келгенін ғалымдар дабыл қағып айтуда. Құрлықтан шығарылған қоқыс қалдықтары теңіз ағыстарымен ағып, Тынық мұхиттың ортасында «Үлкен тынық мұхиттық контитентті» құрап отыр. Оның көлемі шамамен 700 мыңнан 15 млн шаршы шақырымға дейін жетеді, яғни бұл Тынық мұхиттың 0,41 пайызынан 8,1 пайызын құрайды деген сөз. Бұл АҚШ-тың немесе Австралия материгінің көлемінен асып түседі. Мұхитқа тасталатын пластикалық токсикалық қалдықтардың кесірінен жылына миллионнан астам құс, 100 мыңдай теңіз сүтқоректілері өлім-жітімге ұшырайды. Адам баласы дер кезінде осы қалдықтарды залалсыздандырмаса, орны толмас апат әкелуі мүмкін.