Тұңғыш қазақ балеті қашан қойылған?
«Қазақ жерінде балет өнері кенже дамыған» деген сөзді жиі естиміз. Тұңғыш қазақ балеті қашан және қай жерде қойылған?
Нұрсұлу САПАРОВА, Өскемен қаласы
Белгілі дереккөздеріне сүйенсек, қазақ даласында Еуропаның классикалық операсы мен балеті ХХ ғасырдың екінші ширегінде қалыптаса бастады. Тұңғыш қазақ балеті 1939 жылы «Қалқаман-Мамыр» дастанының желісімен жасалған. Ол композитор Василий Великанов шығармасы бойынша қойылған. Осы спектакльдің суретшісі, белгілі қылқалам шебері Орал Таңсықбаев болған. Балет өнерінің қарлығашы саналатын бұл қойылым күні бүгінге дейін сахна төрінен түспей келеді. Қазақ жеріндегі тұңғыш опералар Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғыны» еді. Уақыт өте келе, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Абай операсы өмірге келді. Оның артынан қазақ музыкасының маржаны саналатын Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», Құдыс Қожамияровтың «Садыр палуан», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс», Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек» опералары ұлттың бағалы қазынасына айналды.
Қазақ операсының дамуына Жұмат Шанин, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Манарбек Ержанов, Серәлі Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды өнер майталмандарымен қатар жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер айтарлықтай еңбек сіңірді.