Төреші болғыңыз келсе...
Футбол төрешісі болғым келеді. Бірақ жоғары білімім жоқ. Кезінде аудандық деңгейде доп тепкенім болмаса, шебер футболшы емеспін. Бірақ дене бітімім ел футболындағы төрешілерден кем емес. Футбол қағидаларын да жақсы білемін. Сұрайын дегенім, премьер-лига төрешісі бола аламын ба?
Жеңіс Бекмағамбет, Алматы қаласы
Қазақстан футбол федерациясының төрешілер тағайындау туралы ережесінде: «Кез келген 20 жастан асқан адам, аймақтық футбол қауымдастығының сілтемесі бойынша, кәсіби клубтары ойындарында төрелік етуге үміткер бола алады» деп жазылған. Ол үшін спорттық тұлғасы келіскен болу керек, кем дегенде орта білімі болуы қажет. Қалалық және облыстық төрешілер алқасының ұйымдастыруларымен өтетін оқу-әдістемелік семинарларға, жиындарға, басқа да шараларға белсенді қатысуы тиіс. Қалалық және облыстық футбол додаларында кем дегенде екі жыл төреші ретінде қызмет атқарып, бас төреші ретінде ең азы 20, көмекші ретінде ең азы 30 ойында арбитр болуы қажет. Ал бірінші лигада бас төреші болуға үміткер болу үшін кем дегенде екі жыл көмекші болып, осы аралықта ең азы 15 ойында қапталдағы төрешінің қызметін атқару қажет. Егер премьер-лигада бас төреші болуға үміттенсеңіз, алдымен бірінші лигада кем дегенде екі жыл бас төреші болып, осы аралықта ең азы 25 ойында командаларды алаңға бастап шығуыңыз керек. Ал премьер-лига бас төрешісінің көмекшісі болуға үміттенсеңіз, алдымен бірінші лигада кем дегенде екі жыл қапталдағы көмекші болып, осы аралықта 50 ойында лайнсменнің қызметін атқаруыңыз керек.