Тарақанды қалай құртуға болады?
Қайдан келгені белгісіз, үйде тарақан пайда болыпты. Тарақанды құртамыз дегендерді шақырып, залалсыздандырып едім, бірақ бір-екі күнен кейін қайта шықты. Тарақанды қалай құртуға болады?
Тамара ХАСЕНОВА, Алматы облысы
Тарақан – ашық қалған тағамдарды жеп, ауру тарататын (дизентерия, сүзек, туларемия, гельминтер басқа да жұқпалы ішек инфекцияларының қоздырғыштарын), микроорганизмдерді тасымалдайтын кеміргіш жәндік. Ол кез келген үй заттарын кеміреді. Тарақандардың ішегінде тырысқақ рибриондары 75 сағаттан 15 күнге дейін тіршілігін сақтай алады.
Жалпы, үйде зиянды жәндіктерді болдырмаудың жолы – тазалық. Егер олар үйде пайда болған жағдайда бір күнде құтылам деу жаңсақтық. Жәндіктермен күресті бірнеше күн бойына жалғастыруға тура келеді. Мысалы, бір рет пайда болған тарақандар жарты жылда дәрнәсілден (личника) дамып жетіледі.
Зарарсыздандыру:
Үйді залалсыздандыру жұмысын кешкі уақытта жүргізген жөн. Өйткені кешке өңдеуден өткізген соң, таңертең бөлмелерді тазалап жуып, терезелерді ашып, желдетіп алуға ыңғайлы. Химиялық өнімдерді шкафтар мен буфеттің ірге жақтағы қабырғаларына, үстелдердің, сөрелердің төменгі жағына жағу қажет. Едендегі саңылауларға, құбыр жүйелеріне арнайы сұйықтықты құйып, су мен газ құбырларын, пештер мен газ плиткаларын тозаңдандыру керек. Ал таңертең ыстық сумен мұқият жуып алу шарт. Зиянды жәндіктерге қарсы күресте пайдаланып жүрген химиялық өнімдерді ауыстырып қолданған жөн, өйткені иіске жәндіктер үйреніп алады.
Ескерту: Зиянды үй жәндіктерімен күресте кез келген жекеменшік фирмалардың қызметіне жүгінбей, рұқсаты бар арнайы мекемелердің мамандарын шақырған жөн.
Ә.ҚҰРБАНОВ, Қ.ҚЫРДАСЫНОВ ҚР ДСМ МСЭҚК «Алматы қ. Дезинфекция станциясы» РМҚК мекемесінің мамандары