Табақ тартудың да жөні бар
Біз жаңадан отбасын құрдық. Өзіміз қалада өскенбіз. Сондықтан да кейбір қазақы салт-дәстүрлерді терең біле бермейміз. Қонақтарға тартылатын табақ түрлері туралы айтып берсеңіздер.
Луиза БАТЫРБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы
Қазақ ғұрпында еттен табақ тартқанда, оның ерекше құрмет дәрежесін көрсететін мынадай аты бар:
1. Бас табақ. 2. Сый табақ. 3. Орта табақ. 4. Аяқ табақ. 5. Күйеу табақ. 6. Келін табақ. 7. Қыздар табағы. 8. Құдағилар табағы. 9. Жерік асының табағы. Бас табаққа бастың, жамбастың салынуы шарт. Басты мал арнайы сойылған қонақтың ең жасы үлкені ұстайды немесе оның ұсынуы бойынша басқа бір беделді кісі ұстайды. Сый табаққа да бас, жамбас салынады. Ол сыйлы қонақтың алдына қойылады. Орта табаққа асықты жілік, кейде жамбас та салынып әкелінеді. Аяқ табаққа еттің басқа мүшелері салынып (бастан, жамбастан, асықты жіліктен басқа мүшелерінен жасалып), ауыл адамдарына тартылады. Күйеу табаққа бір сан жілік пен төс салынады. Келін табаққа (беташар табағы) ұлтабар және жүрек салынады. Қыздар табағы жүрек, бүйрек, жағы мен тіл салынып, жасалады. Құдағилар табағына жамбас немесе асықты жілік пен сүбе салынып әкелінеді. Жерік асының табағына, жасы үлкен әйел болса – жамбас, жас әйел болса, асықты жілік, төс, ұлтабар салынады.