Суретке әдемі түсудің құпиясы неде?
Мен өз суретіме ешқашан сүйсініп қараған емеспін. Керісінше, өзімді фотодан көргім келмейді. Суреттегі сұлулықтың сыры неде? Оны меңгеру мүмкін бе?
Мөлдір, Астана қаласы
Біз, қазақ көбіне «бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» деген сөзді алға тартуға дайынбыз. Алайда суретке әдемі түсуді де қалаған адам үйренуіне болады екен. Ол үшін ең бірінші фотоға түсерде қаққан қазықтай қақиып қалмай, керісінше неғұрлым күлімсіреп, әдемі көңіл күйде болған жөн. Ал екіншіден, қыз балалар суретке түсерде өзінің бет-жүзіне, макияжына бір қарап алғаны жөн. Осы тұста тағы бір құпия – жылтыр (перламутр) түсті тень көзді жайнатып көрсетеді екен.
«Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, әркімге өз кемшілігі белгілі. Айталық, егер тістеріңіз онша әдемі болмаса, суретке барынша ыржия қараудың жөні жоқ.
Тағы бір маңызды нәрсе, ол – суретке түсер орта, яғни фон. Кейде тойда, арақ-шарап толған үстелде, немесе өзі ыржия күліп тұрса да, арғы жағында жағымсыз бір нәрселер тұрған фотоны көреміз. Ол бізге жағымсыз әсер қалдырады. Сондай-ақ өте бір ашуланып тұрған, көңіл күйіңіз төмен жағдайда да соны жасырғансып суретке түспей-ақ қойған жөн. Себебі көз – көңілдің айнасы, ол барлығын айтып қояды.
Мэрилин Монро өзінің адамдардың есінде қалай қалатынына өте қатты мән берген. Сол себепті өз фотосуреттерін іріктеп, сәтсіз түскендерін жойып отыруды әдетке айналдырса керек. Нәтижесінде, біздің есімізде әйгілі актриса тек қана өте сұлу, нәзік, үнемі күлімсіреген қалыпта сақталған.