Стриптиз Олимпиада бағдарламасына ене ме?
Дүңгіршектен шетелдік бір баспасөздің тақырыбын оқып қалдым. Онда «Стриптиз биі Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін» деп жазылған. Осы жайлы толығырақ білсем деп едім.
Лаура Досқожанова, Алматы қаласы
Нақтырақ айтсақ, стриптиз биі емес, стриптизден бөлініп шыққан сырықпен билеу биін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізгісі келетіндер бар. Ал сырықпен билеудің элементтері стриптизге ұқсастау. Мұнда да биші сырықта жеңіл киіммен билейді. Бірақ билегенде киімін шешіп, делебеңді қоздырмайды. Тек сырықта акробатикалық өнерлерін, бишілік шеберліктерін көрсетеді. Тіпті бүгінде дүниежүзілік сырықпен билеу федерациясы бар. Оған әзірге әлемнің 25 елі мүше. Жыл сайын әлем чемпионаты ұйымдастырылып тұрады. Осыған байланысты аталмыш федерацияның президенті Аня Пржеплаксо өздері спортқа жатқызған сырықпен билеуді Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізгісі келетінін де жасырмады. Осы мақсатта Пржепласко Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Роггемен де кездескен көрінеді.
– Сырықпен билегенде ауыр атлетика, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, би өнерлерін бір арнаға тоғыстырасыз. Сондықтан спорттың осы түрі 2016 жылғы Рио де Жанейро Олимпиадасының бағдарламасына енеді деп үміттенемін, – депті шетелдік ақпарат құралдарына берген сұхбатында Аня Пржепласко.