Спорттағы ең басты талаптардың бірі ережеге мойынсыну болып саналады. Осы орайда, әлем спортындағы ең қызықты тыйым салулармен танысуға бола ма?
Нұрлыбек Нұрланұлы, Ұзынағаш
Спорттағы қызықты тыйым салуларды таңды таңға ұрып әңгімелесек те, тауысу қиын. Сіздің сұрағыңызға жауап берер болсақ, әлемдік спортта қатаң талаптар өте көп. Мәселен, 2007 жылы Ұлттық хоккей лигасы ойыншылардың дулығасындағы көзді зақымданудан сақтайтын қалқанды күңгірттеп қоюға тыйым салған заң шығарды. Себебі Александр Овечкин үнемі күңгірттелген қалқанмен жүретіндіктен, қақпаның қай бұрышын көздеп тұрғанын байқау қарсыласына қиын соғады екен. Ал «Реал» футбол клубы ойыншыларының денесіне татуировка салуына рұқсат жоқ. Клуб дәрігерлері татуировканың футболшы денсаулығына зияны көп екенін анықтаған соң, басшылық осындай шешім шығарды. Халықаралық теннис федерациясы мен Ұлттық баскетбол қауымдастығы ойыншыларға матч кезінде ұялы телефон, ноутбук, планшет сынды техника құралдарын пайдалануға тыйым салған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерді пайдалануға да болмайды. Бұл заң матч басталардан 45 минут бұрын өз күшіне енеді. Футболдан Африкадағы әлем чемпионатынан соң вувузела аспабын стадионға апарудан қалған жанкүйерлер бар. Ағылшын премьер-лигасының алты клубы вувузеланың даусын естігісі келмейтінін жеткізген соң, жанкүйерде басқа амал қалмады. Сонымен қатар футболшылардың іш киімдеріне діни және саяси жазуларды таңбалауына жол жоқ екені қаперіңізде жүрсін. «Севилья» шабуылшысы Фредерик Кануте жейдесіне «Палестина» атауын төрт тілде жазып шыққан соң туындаған дау-дамай басшылардың осындай шешім қабылдауына әсер етті.
Спортта қандай қызықты тыйымдар бар?
Последние статьи автора